«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Реформалардың түпкі межесі – ұлт сапасын жақсарту

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Президенттің Ұлттық кеңес аясында берілген тапсырмаларының орындалу барысы пысықталып, Кеңес мүшелерінің қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және өңірлік даму мәселелері жөніндегі ұсыныстары талқыланған жиынға Кеңес мүшелері мен министрлер қатысты.

Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте Тəуелсіздіктің 30 жылдығы – бүкіл халқымыз үшін айрықша мəні бар мерейлі белес, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын жəне бұған айрықша мəн беретінін жеткізді.

– Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет жəне біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, əлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, кез келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, əлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн. Бұл – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы.

– Кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. Болашақ ұстаздар мен дəрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды. Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға жəне жалға беруге тыйым салынды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге жəне емделуге жұмсап жатқанын еске салды. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Ал əлеуметтік жағынан əлсіз топтарды қолдайтын бірқатар шешім қабылданған.

– Биыл алғаш рет көпбалалы, мүгедек баласы бар жəне толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Соның нəтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оған қоса, бір ай бұрын еліміздің 6 аймағында мүгедектік тағайындау бойынша сырттай қызмет көрсету қанатқақты жобасы басталғанын хабарлады. Президенттің айтуынша, бұл отандастарымыздың арасында қажеттілікке ие жəне жаңа жылдан бастап республика бойынша жаңа форматқа көшіріледі.

– Тағы бір ерекше мысал – полиция мен құқықтық-атқару жүйесі ғимараттарында бейнебақылау орнату. Бұл жұмыс 2023 жылдың соңына дейін толық жолға қойылады. Дегенмен осы жылдың аяғына дейін барлық полиция бөлімшесіне бейнебақылау орнатылмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Кеңес мүшелерінің тікелей атсалысуымен елімізді одан əрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт топтамасы жасақталғанын айтты.

– Қазір əйелдер мен жастарға өздерінің əлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндіктер бар. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Инклюзивті қоғам құру барысында ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қамту үшін мен партиялардың сайлау тізімдеріндегі квота санаттарының санын көбейтуді ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент жəне ауылдық округ əкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі қоғамымызды демократияландыру жолындағы үлкен қадам болғанын айтты. Биыл елімізде 800-ден астам ауыл əкімі сайланып, нəтижесінде ауыл əкімдерінің корпусы екі есе жаңарды. Қазақстан Президенті ауыл əкімдерін сайлау институтын жетілдіру қажет екенін айтты.

Сонымен қатар Кеңес мүшелері Александр Данилов, Гүлмира Илеуова, Марат Шибұтовтың ауыл əкімі үміткерлігіне арнаулы орта білімі бар азаматтарға рұқсат беретін норманы бекітуді ұсынғанына тоқталды. Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейдегі сайлаудың бəсін арттырады. Үміткерлерге, əсіресе өзін-өзі ұсынған азаматтар үшін үгіт-насихат уақытын ұзарту мəселесі өзекті болып отырғанын, сайлауалды жұмыстарды қаржыландыруға сараланған тəсіл қажет екенін айтып, аталған бастамаларды зерттеуді жəне нақты ұсыныс беруді Президент Əкімшілігіне тапсырды.

Президент Ұлттық кеңес тек реформалар ұсынып қоймай, оларды жан-жақты талдап, қажет түзетулер енгізуі қажет екенін айтып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының өзекті мəселелерін шешу жолын ұсынды. Атап айтқанда, мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені айтылды.

– Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісімшартқа отырады. Əдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы, үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Білім беру саласын жетілдіруге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығын өте өзекті мəселе ретінде атады. Биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бергенін еске салды.

– Тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті. – Тағы бір мəселе бар. Əр сыныптағы бала саны шектен тыс көп. Негізі, бір сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауы керек. Осы стандарттың сақталуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Мемлекет басшысы тағы бір мəселе ретінде оқу орындарындағы грант бөлуді айтты. Сондай-ақ жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөлінетінін жəне студентті оқыту құнына қатысты ой-пікірін ортаға салды.

– Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есепшотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тəсіл жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бəсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады. Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

– Елімізде балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жəне қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Алайда мемлекеттік əлеуметтік нысандарды жеке адамдар иеленіп жатыр. Əсіресе оқушылар сарайы мен музыка мектептеріне, балабақшаларға көз тігушілер көп. Сондай бір оқиға жуырда Алматыда болды. Бұған мүлдем жол бермеуіміз керек. Үкіметке мемлекеттік əлеуметтік нысандарды жекеменшікке беруге заң жүзінде шектеу қоюды тапсырамын.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде медицина кадрларының тапшы екенін айтты. Бұл салада 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, əсіресе аудандар мен ауылдарда білікті дəрігерлер аз. Сондықтан Президент өңір əкімдері осы мəселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екеніне назар аударды.

– Кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі. Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда. Ал шетелде оқыған өз мамандарымыз Қазақстанда оқуын жалғастырамын десе, алдынан түрлі кедергі шығады. Олар клиникалық тəжірибеден өткісі келсе де, қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың əйгілі медициналық жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Олардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мəліметтер де бар. Бұл дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дəрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет. Сондай-ақ бізде жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтың қыр-сырын білетін білікті маман тапшы. Бұл мəселені Ұлттық кеңестің мүшесі Тəттігүл Талаева көтерген болатын, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрлы технологияны барынша енгізуді тағы бір бастама ретінде атады. Президент қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ екенін, соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі əлі де сақталып отырғанын жеткізді.

– Қарапайым мəселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр. “Электронды үкіметтің” базасына əкімдіктердің жəне Білім жəне ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Сонда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз, азаматтардың уақытын үнемдейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы банктердің кепіл саясатын жетілдіру жəне бағалау қызметін реттеу мəселесіне арнайы тоқталды. Қыркүйек айында Алматыда үйден мəжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мəселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.

– Ешкімнің заңсыз əрекетпен мəселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату жəне тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мəселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті барлық қабылданған шешім бюджетті жоспарлау жəне мемлекет қаражатын жұмсау кезінде мейлінше тиімді болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар халықтың əр-түрлі критерий бойынша жіктелуі тиімді бюджеттік жоспарлау мен жалпы мемлекеттік саясатқа тікелей əсер ететінін, əсіресе жастардың жас ерекшеліктерін анықтайтын бірыңғай шкала əзірлеу мəселесі өзекті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесін одан əрі нығайту жөнінде айтты. Президент биылғы маусым айында адам құқықтары саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған “Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан əрі шаралары туралы” Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

– Бұған дейін менің бастамаммен еліміз Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық фактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қосылды. Таяудағы Жолдауымда Қылмыстық кодекстің нормаларын соның нормаларымен үйлестіріп, заң қабылдауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін жеткізді. Əйел адамдар бала күтімімен ұзақ уақыт отырғанда кəсіби қабілетін төмендетіп алатыны, тіпті жалғызбасты ата-аналарға мұндайда тіпті қиынға соғатынын айтып, оларға ерекше еңбек жағдайы жасалуы керек екенін атап өтті.

– Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан жұмыс істеу жəне қысқартылған жұмыс режімі құқығын заңнамалық деңгейде қарастырған жөн. Дамыған елдерде ірі компаниялар өз кеңселерінде балалар бөлмелерін ашуда. Мұндай тəжірибе бізде де нормаға айналуға тиіс. Ол үшін осы санаттағы қызметкерлердің мүдделерін ескеретін еңбек режімін реттеудің тиімді тетіктерін енгізу қажет. Бұл ретте еңбек процестерінің үздіксіздігін жəне тиісті өнімділікті қамтамасыз ету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде отбасылық жəне күнделікті өмірдегі қылмыстарға қарсы күрес мəселелері жан-жақты зерттеледі. Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге, азаматтардың əл-ауқатын арттыруға жəне “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі қажет екенін атап өтті.

– Халқымыз “Кеңесіп пішкен тон келте болмас” деп бекер айтпаған. Əдетте, мəселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын əрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. “Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек”. Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы, – деді Президент.

Жоғарыда аталғандармен қатар Мемлекет басшысы қандастар мəселесін де назардан тыс қалдырмады.

– Баршаңызға мəлім, қандастарымыздың өз атажұртына оралу мəселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды. Көп ұзамай Елбасы “Алыста жүрген ағайынға ақ тілек” атты Жолдауын жариялап, шеттегі қандастарымызды елге шақырды. Соның нəтижесінде бір жарым миллионнан астам қазақ Отанына оралды. Бүгінде олар егемен елімізді өркендетуге өз үлесін қосуда. Солардың ішінде Ауыт Мұқибек жəне тағы басқа қоғам қайраткерлері ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мəселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Қоғамда жиі айтылып жүрген тағы бір мəселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Бұл тақырыпты Ұлттық кеңес мүшесі, Мəжіліс депутаты Ерлан Саиров көтерген болатын. Соңғы кезде шекара бойындағы елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Мұның өзіндік себептері бар. Бірақ шекара маңын бос қалдыруға болмайды. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мəселе. Оны жүйелі түрде шешу қажет. Қомақты қаражат керек болады. Үкіметке мұны жан-жақты қарастырып, шекаралас аймақтарды дамыту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында тағы бір мəселеге арнайы тоқталды. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүргенін, оның өте маңызды міндет екенін еске салды.

– Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін əрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни сана өзгермесе, бəрі бекер. Шын мəнінде, жаңғыру тəрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тəрбиесіне баса мəн беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңында Тəуелсіздігіміздің бəріміз үшін ең құнды дүние екеніне баса назар аударып, оны даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажеттігін, еліміздің біртұтастығы реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі екенін айтты.

(“Egemen Qazaqstan”,

17 қараша 2021 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp