«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қандастардың атажұртқа оралуы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен көп жылдар бойы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанында жұмыс істеу құрметіне ие болғанымды әлденеше рет айтқанмын. Біздің алғашқы танысуымыз Нұрсұлтан Әбішұлы республикалық партия комитетінің ел экономикасы мен өнеркәсібіне басшылықты жүзеге асыратын хатшысы болып жұмыс істеген кезде болды. Ол мені өзінің көмекшісі болуға дәл сол кезде шақырды. Содан бастап осы кезге дейін, мейлі ол Президент Әкімшілігі, Парламент, министрліктер мен ведомстволар, дипломатиялық қызмет және т.б. жерлерде болсын, менің осынау аса көрнекті адаммен жұмысым тоқтаған емес. Мен оның пікірлес адамы және сенімді серігі болдым. Солай болып қала береді.

Маған Нұрсұлтан Әбішұлының қызметінің әртүрлі кезеңдерінде қандай да бір көзқарастар мен ұстанымдардың қалай қалыптасқанын, шешімдердің қалай қабылданғанын көру және түсіну бақыты бұйырды. Бұл ретте, оның тұлға ретінде қалыптасуы, менің ойымша, теориялық модельдер шеңберіне сыймайды, ол жанды және ерекше тарихи құбылыс дер едім. Мұнда оның жеке басының ерекше қасиеттерінің де, өзгермелі тарихи ахуалдың да және көшбасшылықтың ерекше стилінің де әсері бар.

Көшбасшы болып жаратылған Елбасы сан ғасырлар бойы үзіліп қалған тәуелсіздіктің жаңа мемлекеттілікке және оның міндетті атрибуттарына мұқтаж екенін бастапқыда-ақ түсінді. Сондықтан қазіргі Қазақстан мемлекеттілігін тақыр жерде құруға тура келді деп айту – бұл сәндеп сөйлеу емес, нағыз шындық. Тәуелсіз Қазақстан басқа уақыттан, басқа дәуірден қалған елдің қирандыларында құрылды және мұны аса ауыр, форсмажорлық жағдайларда жасауға тура келді. Сонымен қатар кеңестік ұлттық саясаттың кесірінен Қазақстан ядролық сынақтар жасалатын жер ғана емес, этникалық эксперименттердің өзіндік полигонына айналды. Әлемде тап осындай күрделі этникалық және діни тарихы бар елді табу қиын.

1990 жылдардың басында, яғни Тәуелсіздігімізді алған кезде, Қазақстан халқының саны шамамен 16,5 миллион адам болғаны белгілі. Бірақ титулдық ұлт – қазақтар – ол кезде жалпы санның 40 пайызынан аспайтын. Кеңес Одағының ыдырауы үлкен көші-қон және демографиялық күйзелістерге әкелді. 1991-1999 жылдар аралығында бір жарым миллионнан астам адам немесе бүкіл халықтың 10 пайыздан астамы әртүрлі себептермен елден кетті.

Белгілі бір кезеңде көші-қонның салдарынан халықтың азаюы оның табиғи өсімін жұтып қана қоймай, одан үш есе асып түсті. Халықтың жалпы саны 15 миллиондай-ақ болып қалды. Ресми деректер бойынша, он жыл ішінде орыс халқының саны 6 миллионнан 4 миллионға дейін азайды. Қазақстаннан кеткендердің жалпы ағымында орыстардың үлес салмағы 58 пайыздан астам болды.

Бұл жерде адамдардың өз еріктерімен кеткенін түсіну өте маңызды – ешкім және ешқашан оларға агрессия немесе құрметтемеушілік танытқан емес. Бұрынғы заманда Қазақстан аумағында көптеген кеңестік әскери бөлімдер мен ерекше зерттеу объектілері, сондай-ақ КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген мамандар жұмыс істеген бүкілодақтық маңызы бар кәсіпорындар болды. Әрине, посткеңестік кеңістік үшін қиын уақытта көптеген адамдар өз отанына оралуға шешім қабылдады. Басқа ұлт өкілдері – немістер, украиндер, белорустар, гректер, поляктар және басқалар дәл осындай себептермен кетіп жатты. Айтпақшы, олардың барлығы, әлі күнге дейін қазақтар мен Қазақстанды ыстық ықыласпен еске алады.

Сонымен бірге халықтың едәуір азаюы, демографиялық ахуалдың алаңдаушылық тудыруы, басқа да мән-жайлар ел басшылығынан жағдайды түзету үшін терең ойластырылған, жедел де батыл шаралар қабылдауды талап етті.

Қажетті дайындық жұмыстарын жүргізе отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың қыркүйегінде өткізілген Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайында шетелдерде тұратын отандастарымызға сөз арнап, оларды тарихи Отанына оралуға шақырды. Сол кезде бұл үндеуге жүздеген мың қазақ үн қосып, ата-бабаларының қасиетті жеріне оралған еді. Арнайы бағдарламалардың арқасында алғаш рет 1990 жылдардың соңына қарай көші-қонның теріс сальдосы қысқара бастады. Демографиялық және көші-қон салаларындағы тиімді шаралар елдің даму траекториясын оң жаққа қарай өзгертті.

Қандастарымыздың негізгі бөлігі екі мыңыншы жылдары көшіп келгенін айта кету керек. Дәл осы кезеңде экономикалық мүмкіндіктердің артуына байланысты елде қоныс аудару үшін ең жақсы жағдайлар жасалды: тұрғын үй, жер учаскелерін сатып алуға субсидиялар берілді, жұмысқа орналасу мәселелері шешілді.

Тұтастай алғанда, тәуелсіздік кезеңінде тарихи Отанына бір миллионнан астам отандасымыз оралды. Олардың бейімделуіне жәрдемдесу, сондай-ақ бүкіл әлемдегі қазақтарды тарихи Отанның айналасына топтастыру үшін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша “Отандастар” қоры құрылды. Қор біздің отандастарымыз әрқашан қолдау мен Қазақстанмен тығыз байланысты сезінуі үшін ел ішінде және шетелдерде үлкен жұмыстар жүргізуде.

Нұртай ӘБІҚАЕВ,

“Отандастар” қоры” коммерциялық емес акционерлік қоғамының президенті, мемлекет қайраткері, дипломат.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp