«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУІ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста өрт оқиғалары жиілеп кетті. Өрт сөндіру бөлімдерімен қатар арнайы құрылған бекеттер жұмыс істеуде. Бүгіндері олардың саны 42-ге жетіп отыр. Дегенмен олар да тілсіз жауға тосқауыл бола алмауда. Бұл мәселе өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында қаралды.

Жиында өртке қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Орал Абдрахманов баяндады. Оның сөзінше, өрт оқиғаларының басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында тіркелуде.

– Өткен жылы облыста 589 өрт оқиғасы тіркелсе, биыл олардың саны – 651-ге дейін жетті. Қызыл жалын тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан шығып отыр. Мәселен, барлық фактілердің 471-і жеке тұрғын үй секторына тиесілі. Бұл статистиканы түзету үшін қазіргі уақытта 1700-ден астам баспанаға арнайы дабылқаққыштар орнатылды. Нәтижесі де жоқ емес. Оқыс оқиғалар Мағжан Жұмабаев ауданында – 40, Жамбыл ауданында 60 пайызға төмендеді, – деді Орал Абдрахманов.

Құмар Іргебайұлы осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, өрт жайлы хабар беретін қондырғылардың істен шықпауын мамандар қадағалауы тиіс екенін ескертті. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өкілі бұл құрылғыларды үш айда бір рет тексеретінін жеткізді. Өңір басшысы өрттің алдын алуға арналған құрылғыларды әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, оңтүстіктен және шетелден оралған қандастардың шаңырақтарына орнатуды тапсырды. Өкінішке қарай, дабылқаққыштар орнату жұмысы кейбір аудандарда сылбыр жүргізілуде. Мәселен, Аққайың, Қызылжар және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар көш соңында. Петропавлдағы жеке тұрғын үй секторында да дабылқаққыштар аз. Дегенмен биыл облыс орталығындағы жер үйлерде өрт оқиғалары азайған.

– Облыс орталығындағы жеке тұрғын үй секторында былтыр 190 өрт оқиғасы тіркелді. Биыл олардың саны 158-ге дейін азайды. Бұған негізгі себеп – ескі бірқабатты баспаналардың сүрілуі, яғни азаюы. Бұл жұмыс нәтижесін беріп отырғанын айқын көріп отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс әкімі шалғай орналасқан Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы өртке қарсы атқарылып жатқан шараларды сұрады.

– Біздің ауданда жыл басынан бері 13 өрт оқиғасы тіркелді. Ал былтыр осы уақыт аралығында 9 факті болған. 121 дабылқаққыш қондырғы орнаттық. Келер жылы тағы 351-ін қоямыз. Пеш жағатын жеке тұрғын үй секторында төтенше жағдайлар жиі орын алып жатады. Сондықтан бір қабатты баспаналарды орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу үшін келер жылы жаңа қазандық салу ойда бар, – деген Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Серік Мұхамедиев алдағы жоспарларымен бөлісті.

Құмар Іргебайұлы жылу қазандығын іске қосу үшін аудан басшылығы қажетті қаражатты тауып, мәселені жыл соңына дейін шешуді тапсырды. Шара барысында баспаналарды орталықтандырылған газға қосу жайы да айтылды. Шаһар басшысының сөзінше, осыдан бірнеше жыл бұрын 20 көпқабатты баспана орталықтандырылған газ жүйесінен ажыратылған. Қазір оларды қайта қосу үшін тұрғындармен келіссөздер жүргізілуде.

– Баспаналарды газға қосу үшін 106 млн. теңге қажет. Қаражат табамыз. Өкініштісі, тұрғындардың басым бөлігі орталықтандырылған газға қарсы болып отыр. Сондай-ақ 55 кәсіпкерлік субъектісі әлі күнге дейін газ баллондарын қолданады. Бұған қоса, қаламыздағы 83 жеке үй мен коттедж газгольдерлерге қосылған. Оның тек 35-іне ғана қондырғыларды пайдалануға рұқсат берілген. Қалғандары заң жүзінде тіркелмеген, – деді қала әкімі.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов соңғы кездері өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мәселен, соңғы уақытта төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бөлімдеріне 29 арнайы көлік сатып алыныпты. Оның жетеуі аудандарға жөнелтілген.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp