«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНА БЕЗСЕ БАЛАДАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлияның үйден кеткеніне 3 жыл­дай уақыт болды. Екі көзі төрт болып жолын күткен адамға аз уақыт емес. Әйтеуір бір келер деп жалған үмітпен күн кешіп жүрген Сәлима ананың (аты-жөні өзгертілді) денсаулығы да соңғы кезде сыр бере бастағандай. Жиендерінің ер­теңгі тағдырын ойлап, түні бойы кірпік ілмей шығатын сәттері де аз емес. Қызының қылығын түсіне алмай, ойы сан-саққа жүгірсе де, бауыр еті баласын жамандыққа қиғысы жоқ. Қарға баласын “аппағым” демей ме? Ана үшін баладан көз жазып қалу оңай емес. Айдың-күннің аманында қызының қайда жүргенінен хабарсыз ана Әлияның әр қоңырауын тағатсыз тосады. Бірақ соңғы рет жарты жыл бұрын хабарласқан екен. Жақында келетінін айтып, уәдесін үйіп-төккен. Содан ізім-қайым жоқ.

“Тұрмысқа кеш шығып, Әлияны 30-дан асқан шағымда босандым. Жалғыз болған соң әкесі екеуіміз бетінен қақпай өсірдік. Мектепті тамамдаған соң, ерте тұрмыс құр­ды. Жолдасымен жұбы жараспай, айрылысып кетті. Іштен шыққан сұр жылан, қайтіп далаға тастаймыз. Кейін Әлия тағы тұрмыс құрды. Бұл жолы да некесі баянсыз болды. Үш жиеніміз бар. Кішісі өздігінен жүріп-тұра алмайды. Бала-шағасы бола тұра, бір жігіттің етегінен ұстап тағы кетті”, – дейді налыған ана.

Кейін арнайы келіп, балаларын алып кететінін айтқан екен. Бірақ сол кеткеннен қайтып оралмапты. Бастапқыда Әлия күн сайын хабарласып тұрған. Кейін ара-тұра байланысқа шығатын болыпты. Ұзын құлақтан естуінше қызы қазір Алматыда жүрген көрінеді. Тағы да ажырасып кеткен. Әкесі жаз шыға Алматыға барып, қызын іздемек болған. Полиция қызметкерлері арқылы тауып алғанымен, бірер айда оралатынын айтып, әкесін құр уәдемен шығарып салыпты. Сөзінде тұрмады. Жиендердің алды есейіп қалды, анасының бұл қылығын олар да түсінбей дал. Осының бәрін айтып отырған Сәлима ананың мұң басқан жүзінен уайымның табын аңғару қиын емес.

Өкініштісі, бұл бір ғана отбасының басындағы оқиға емес. Қазір балашағасынан безіп, отбасын тастап кетіп жатқандар аз емес. Нұр-Сұлтан қаласының жанындағы Қосшы ауылының тұрғыны үйге балаларын қамап, өзі ұшты-күйлі жоғалып кеткені жұртты елең еткізген. Әлеуметтік желіні шулатқан бұл жағдай көпшілікті ойландырып тастады. Полицияның араласуымен анасы бірер аптада аман-есен табылды-ау, әйтеуір. Отбасын, бала-шағасын тастап кетуге қазақ әйелдерін не итермелеуі мүмкін? Бастарына не күн туды? Жаугершілік заманда да, тіпті аштық пен сұрапыл соғыс уақытында да аналарымыз балаларынан безінген жоқ еді ғой.

Ана үшін баладан асқан байлық та, бақыт та жоқ. Кешегі Домалақ ана, Бопай ханым, Айша бибі, Қарашаш ана, Бегім ана сынды батырлар мен ақындарды туған, ақылымен ел билеген және айбатымен жау қашырған асылдардың жолын жалғайтындардың азайып кеткені алаңдатады. Біреуді жазғыру ойымызда жоқ. Қоғамда қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Бала-шағасын тастап, отбасынан безінген әйелдердің де айтар сыры, ақтарар мұңы бар шығар. Мұндай жағдайға итермелейтін жағдайлардың бірі – әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болуы екен. – Тұрмыстық қылмыстардың алдын алудағы ісшаралардың бірі – құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтау және олардың жолын кесу. 2021 жылдың 10 айында өңірде тұрмыстық қатынастар саласында 44 қылмыс тіркелді. Жапа шеккендердің тең жартысына жуығы әйел. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін жергілікті полиция қызметкерлері 2391 адамды жауапкершілікке тартты, – дейді облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы Нұрбек Баекин.

Қыз-келіншектердің психика­лық-эмоциялық жағдайына әсер ететін жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, материалдық қиындықтар, басқа да әлеуметтік мәселелерді де жоққа шығаруға болмайды. Әлбетте, отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысына айналған әйелге артылар жүк жеңіл емес. Дегенмен бұл кейбір әйелдердің отбасы мен бала-шағасының алдындағы жауапсыздық танытуын ақтап ала алмайды.

Өңірде жұбайларынан жәбір көрген, қиындыққа тап болған қыз-келіншектерге көмек көрсететін әйелдерді қолдау орталығы бар. Аталмыш орталық 2000-шы жылдардың басында құрылған. Ұйым жетекшісі Алина Орлова жыл басынан бері қиын жағдайға тап болған 80-нен астам әйелге қолдау көрсетілгенін айтты. Қазір жиырма әйел мен бала орталықты уақытша паналауда.

– Әйелдердің табиғатынан бітім-болмысы әлсіз. Көп жағдайда әйелдер эмоциясына ие бола алмай жатады. Отбасындағы қиындықтар қыз-келіншектерді терең күйзеліске түсіруі мүмкін. Кейде жас босанған анада күйзеліс байқалады. Ондай жағдайда отбасының, жолдасының қолдауы маңызды. Десе де өмірде түрлі жағдайлар орын алады. Қандай қиындыққа душар болса да, әйел ішкі күйзеліспен бір өзі арпалыспауы тиіс. Жақындарының, қоғамның қолдауынан, ақыл-кеңесінен қашпауы керек. Психолог мамандардың кеңесіне жүгінсе де артық емес, – дейді тәжірибелі психолог Гүлмира Тілегенқызы.

Өкінішке қарай, біздің қоғамда психологқа қаралуды ұят санайтындар бар. Сондықтан қиындыққа тап болған қыз-келіншектердің бірден маман кеңесіне жүгіне қоюы екіталай. Бұл орайда көпті көрген ана, ардагер ұстаз Қымбат Исманова қазақтың ұлттық психологиясы тұнып тұрған тәлім-тәрбие құралы екенін айтты.

– Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің. Рас, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Сондықтан әрбір ана бала тәрбиесіне ұқыптылықпен қарауы тиіс. Анасы қызына жат жұрттық екенін айтып, келешекте өзінің отбасы болатынын құлағына сіңіруі тиіс. Ұлтқа қызмет ету – ұлы іс. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, әлеуметтік жағдай да әйелдердің психологиясына әсер етіп жатады. Әрине, үкімет тарапынан әйелдерді қолдауға бағытталған шараларды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бала тууға байланысты берілетін жәрдемақы мөлшерін көбейтіп, өзге де қолдау шаралары қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қымбат Есмұқанқызы.

Бала үшін анадан асқан жақын жан жоқ. Қандай жағдай болса да ана баласынан, отбасынан безінбесе екен. Өйткені бала – Алланың ата-анаға берген аманаты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp