Петропавлдағы атауы ерекше “28 ілмек” клубы осыдан үш жыл бұрын құрылыпты. Халықаралық қоғамдық ұйымның филиалы. Клуб мүшелері – қыз-келіншектер күні жетпей туған сәбилерге киім-кешек тоқып, перинаталдық орталыққа тапсырады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің 4-12 пайызы мерзімінен бұрын туады екен. Жақында клубтың үйлестірушісі Әсемгүл Кәкпенованы әңгімеге тартып, қайырымдылық істері туралы сұрап білдік.
– Әсемгүл Ризабекқызы, клубтың атауы ерекше екен. “28 ілмек” деген атау қайдан шықты?
– “28 ілмек” клубы Қазақстанда 2012 жылы құрылды. Негізін қалаушы фотожурналист – Қарлығаш Нұржанова, көпшілік оны Карла Нур атымен біледі. Бірде ол нәрестенің аяғында медбибілер тоқыған көк шұлықты көреді. Оның не үшін қажет екенін білгеннен кейін шала туған нәрестелерге киім-кешек тоқитын клуб құру ойына келеді. Әлеуметтік жобаның атауы нәрестенің аяқ өлшемімен байланысты, 28 ілмекпен нәрестенің шұлығы тоқылады. Қазір бұл клубтың филиалдары Қазақстанның оннан астам қаласында, ТМД-ға мүше он екі елде жұмыс істейді.
– Сіз бұл клубқа қалай келдіңіз?
– Петропавлда клубтың филиалы 2018 жылы ашылды. Үйлестірушісі үлгермейтін болғандықтан бұл іспен менің айналысуымды өтінді. Ал маған қайырымдылық іспен айналысу ұнайды. Өзім де тоқыманы ұнатамын. Сондықтан бірден ұсынысты қабыл алдым. Негізгі жұмысыма кедергі келтірмейді. Веб-студияда жоба-менеджері болып еңбек етемін. Әзірге өз отбасым жоқ, сондықтан маған басқаларға қарағанда қоғамдық жұмыспен айналысу жеңілірек. Бұл да бір жақсы тәжірибе. Бәріне үлгеру үшін уақытымды жоспарлауды үйрендім. Жақындарыма маған сүйікті ісіммен айналысуға мүмкіндік бергендері үшін, үнемі қолдау көрсетіп жүретіндері үшін алғысым шексіз.
– Клубқа кімдер мүше? Күні жетпей туған нәрестелерге ғана көмек көрсетесіздер ме?
– Клубқа мүше қыздарымызды, волонтерлерді біз “перизаттар” деп атаймыз. Олар – декреттік демалыста отырған қыз-келіншектер немесе жұмыс істейтін аналар. Орташа жасы – 30-40-тарда. Көп балалы аналар да, өздері шала боп туған қыздар да бар. Біреулер тек сыммен ғана тоқиды, енді бірі күршекпен жұмыс істегенді ұнатады. Оларға қойылатын белгілі бір талап жоқ. Біздің қатарымызға қосылып, содан кейін тоқуды үйренгендер де бар. Шала туған балаларға арналған киім-кешектерді тоқу бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Перинаталдық орталыққа әдетте бас киім, шұлық-қолғап, комфортер-ойыншық және жамылғы апарамыз. Негізінен салмағы екі килограмға дейінгі балалар шала туған деп есептелінеді.
Әдетте күні жетпей туған сәбилерге қосымша жылу қажет. Өйткені шақалақта тері астындағы май жүктіліктің тек 8-9 айында ғана пайда болады. Жылу жетпеген жағдайда олар энергияны жетілуге емес, денесін жылытуға жұмсайды. Сондықтан шала туған сәбилердің денесін жылы ұстау қажет. Бұдан басқа, міндетті түрде таза жүннен тоқылған киімді қолданған жөн. Мұндай балалардың басы тез тоңады, сондықтан бас киім кигізу қажет. Аяқ-қолдарына қолғап-шұлық қажет. Жүннен тоқылған киім массажер ретінде де қолданылады. Денені тітіркендіреді, қан айналымын жақсартады. Сәбилерде тыныс алу жүйесі дұрыс жетілмеген, сондықтан қатты ұйқыға кетіп, дем алмауы мүмкін. Ал тоқыма бұйымдар денені жыбырлатып, ол үнемі қозғалуға мәжбүр болады.
Ал ойыншықты таза мақта жіптен тоқимыз. Алғашқы сегізаяқ ойыншықты даниялық ана өз баласына тоқыған екен. Сегізаяқтың қармауышын ұстаған шақалақ оны кіндікке ұқсатып, өзін қауіпсіз сезінеді, кувезде жатып, медициналық қондырғының түтіктерін тартқыламайды.
– Жіпті қайдан аласыздар? Тұрақты демеушілеріңіз бар ма?
– Жіпті өзіміз сатып аламыз. Кейде демеушілер сыйлайды. Көбіне бізге жарамайтын, қоспасы бар жіптерді сыйлайды. Ондай жіптен тоқыған бұйымдарымызды аналар үйіне апарып береміз. Ондағы қыздар да көмекке мұқтаж. Облыста күні жетпей туатын сәбилер саны онша көп емес. Былтыр облыста осындай 300-ден астам шақалақ дүниеге келді. Жаңа киім-кешек керек болғанда перинаталдық орталықтан хабарласады. Біз бұйымдарымызды апарып тапсырамыз. Құрылған үш жылдың ішінде 1300-ге жуық киім-кешек тоқыған екенбіз.
– Мұндай қоғамдық жұмыс көп уақытты қажет ете ме?
– Бұл сауалды жиі естимін. Мұндай жұмысқа қанша ақша төленетінін де сұрайтындар бар. Біз тегін жұмыс істейміз. Бұл клуб мүшелерінің ниеті бір. Біріншіден, басқаларға көмек көрсету арқылы жаның рахаттанады. Екіншіден, әр кездесуіміз біз үшін мереке. Көбіне кездесулеріміз дәмханаларда өтеді, өйткені арнайы жиналатын орнымыз жоқ. Жазда таза ауада, саябақта кездесеміз. Тоқудан басқа бір-бірімізді туған күндерімізбен құттықтаймыз. Ортақ чатта түрлі тақырыпты қозғап, пікір алмасамыз. Мәселен, келесі аптада мереке ұйымдастырмақшымыз, бір-бірімізге сыйлық сыйлайтын болып шештік. Өйткені 17 қараша – халықаралық шала туған сәбилер күні. Біздің клубқа кез келген жан мүше бола алады. Жас ерекшелігіне де шектеу жоқ. Тоқи алмаса – үйретеміз. Тек шала туған сәбилерге көмектесемін деген ниеті болса болғаны. Сондықтан да жылулық сыйлағысы келген “перизаттарды” өз қатарымыздан көруге асығамыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.