«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОС БӘЙТЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбек – адамның қарнын тойғызып қана қоймай, қиындықтарды жеңуге, отбасын асырауға әрі қоғамға пайдалы іс істеуге тәрбиелейді. Жастайынан еңбекке араласып, болаттай шыңдалған ата-әжелеріміз қазір сол бейнеттің зейнетін көріп отыр.

Жамбыл ауданының тұрғыны Мұқаметқали Базарбаев – үлгілі әке, көпке танымал азамат. Қара­қамыс ауылының тумасы ауылдық мектепті аяқтаған соң, кіндік қаны тамған жерде механизатор болып жұмыс істеді. Әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. 1969 жылы Гүлнәр Қабдолла­қызымен отау құрып, тоғыз бала тәрбиелеп өсірді, бүгінде ұрпағымен бірге бақытқа кенелуде.

Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған Мұқаметқали Базарбаев 1972 жылы Озерный ауылына көшіп келді. Техниканың қыр-сырын білетін механизатор қандай жұмыс болса да қиынсынбады. Көктем шыға егіске кіріссе, күз бен қыста шөп тиегіш трактордың тізгінінде.

– Қырық екі жыл механизатор болып, зейнетке шықтым. Сіңірген еңбегім үшін әртүрлі марапаттар алдым. Өткен уақытты еске алсам, шаршап-шалдығуды білмейтін дәурен көз алдыма оралады. Күн сайын ағарып атқан таңнан бастап, кеш батқанша тынымсыз жұмыс істейтінбіз. Қазіргідей автоматтандырылған жұмыс болмады. Осының бәрі жасөспірімдер үшін ертегі сияқты көрінер, бірақ біз соны көріп өстік, қайда жұмыс істесем де қатарластарымнан кем болған жоқпын, – дейді Мұқаметқали Базарбаев.

Ақсақалдың айтуынша, шаңырақтың тірегі – ер-азаматқа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Отбасының ұйытқысы – әйел ерінің тапқан табысын ұқсатып, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлсе, шынайы бақыттың кілтін табады. Еңбек еткен адам өмірдің қадірін біледі. Әке жолын жалғаған ұлы Айдар қазір “Атамекен Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор болып жұмыс істейді. Қос қария қазір ұлы мен келінінің қолында тұрады. Ата-енесіне құрмет көрсетіп, қолдарын жылы суға малып отырған ибалы келінге қос бәйтерек дән риза.

– Ата-енеме келіндік қызметімді атқара жүріп, Қарақамыс ауылында сауыншы, сахманшы болдым. Отағасының тапқан табысына қарап отырмай, Озерный ауылында да жұмыс істедім. Үйде де, түзде де шаруаның бәріне үлгеріп, астықты қабылдау қоймасында жұмысшы, кейін Озерный мектебінде зейнетке шыққанша еден жуушы болдым. Балаларыма да еңбектен қашпай, адал табыс табу қажет екенін айтып отырамын, – дейді “Алтын алқа” игері Гүлнәр Қабдоллақызы.

Отбасы мен еліңнің игілігі үшін қызмет етуден асқан бақыт бар ма?! Ауыл құрметіне бөленіп, ұрпағымен бақытты ғұмыр кешіп отырған Мұқаметқали мен Гүлнәр Базарбаевтардың жарасымды сыйластығы көпке үлгі.

Игілік РАХМЕТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp