Солтүстік Қазақстан облысында бүгіннен бастап коронавирусқа қарсы Pfizer компаниясының вакцинасы егіліп жатыр. Әзірге 20 жуық адам ғана екпе алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Pfizer компаниясының вакцинасы бүгін алғаш рет Петропавлдағы екінші және үшінші қалалық емханада арнайы ашылған екпе пункттерінде қойылды. Препарат бірінші кезекте 16-18 жастағы жасөсіпірімдерге және жүкті келіншектер мен бала емізетін әйелдерге егіліп жатыр. Облыс орталығының тұрғыны Алена Стадник қызы Валерияны ертіп әкелген.
«Қызым Валерия «Дарын» мектеп-лицейінің 11 сыныбында оқиды. Сабақтан тыс уақытта балалармен сауда үйлеріне, кинотеатрларға барады. Қоғамдық орындарда жүретіндіктен оның денсаулығына алаңдаймын. Бала кезінен барлық қажетті екпелерді салдырып келеміз. Бұл препарат қауіпті инфекциядан қорғануға сеп болады деп есептеймін», – дейді қала тұрғыны.
Алғашқылардың бірі болып вакцина алуға келгендердің қатарында петропавлдық Нұрайым Қапарова да бар.
«Отбасымның барлық мүшелері коронавирусқа қарсы екпе алды. Сондықтан жүкті әйелдерге де вакцина қойылатындығын естігенде қуандым. Pfizer вакцинасының облысқа келгенін күттім. Қазір мен өзім үшін ғана емес, шаранам үшін де жауаптымын», – дейді Нұрайым Қапарова.
Екі компонентті Pfizer-дің бір ампуласы 6 дозадан тұрады. Вакцинацияның бірінші күні екі емханада 18 адам ғана екпе алды.
Бұған дейін өңірге Pfizer компаниясының 33 мың дана вакцинасы жеткізілгенін айтқан едік. Бұл препаратты СҚО-да 42 705 адамға қою жоспарланған.
https://www.inform.kz/