«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жарақат алу жиіледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Теріскей тұрғындары сарышұнақ аяз бен көктайғақтан көп зардап шегіп жатады. Сай-сүйектен өтетін суық пен жалтыр мұз кімді де болса аямасы анық. Аяқ астынан туындайтын оқыс оқиғадан, әсіресе егде жастағылар сақ­танғаны жөн. Өйткені адамның жасы ұлғайған сайын сүйек кемігі осалдайды, шорт сынып кетуі әбден мүмкін. Оның үстіне сынған сүйектің қайта қалпына келуі де оңай емес.

Қараша басталғалы Мамлют аудандық ауруханасының жарақат бөліміне төтенше жағдайдан зардап шеккен 13 науқас түс­кен. Олардың төртеуі – бала, қалғандары ересек адамдар.

– Қыс түссе жарақаттанатындардың саны еселенеді. Көбі – көшеде келе жатқанда абайсызда тайып жығылғандар. Соң­ғы күндері жарақаттанғандардың саны тіпті артты. Себебі ауа райы кенеттен суытып, қыс аяқ астынан қыспаққа алды. Тұрғын­дардың көбі табиғаттың тосын мінезіне да­йындалып үлгере алған жоқ. Көктайғақта тайып жығылғандардың көбі басынан, қолынан жарақат алғандар, – дейді аудандық аурухана меңгерушісінің орынбасары Ерлан Машанов.

Ерлан Ермекұлы тайып жығылмаудың өзіндік амал-тәсілдері бар екендігін айтады. Көктайғақта келе жатқанда адам тізесін бос ұстағаны дұрыс. Егер де жығылып бара жатса, домалап кетуге тырысу керек екен. Ең бастысы, аяқ киімнің табаны жайлы болғаны абзал. Қазіргі аяқ киімдердің табаны қатты болатындықтан, мұзда тез таяды. Сондықтан аяқ киімнің астына арнайы жапсырғыштарды жапсырып алған артықтық етпейді.

Денесін үсік шалғандардың да тауқыметі өз алдына. Жарақат ауыр болған жағдайда үсіген мүшені кесуге тура келеді. Бұл көбінде қатты аязда спирттік ішімдікке сылқия тою салдарынан болатын көрінеді. Аурухана меңгерушісінің орынбасары Ерлан Ермекұлының қатты аязда далада жұмыс істейтіндердің “шайтан суға” әуестігіне қа­тысты айтар уәжі басқа. Түкірік жерге түспейтін, сақылдаған сары аязда спирттік ішімдік ішкендердің тамырлары тарылады. Қан айналымы баяулайды. Ондай жағдайда адамның қол-аяғы мұздап, денесін үсік шалуы әбден мүмкін. Себебі ол тоңып тұрғанын сезбей қалады.

Ақ түтек боран мен сары шұнақ аязға жонын төсеген солтүстік өңір тұрғындары бұл жайттарды жақсы біледі. Десе де “сақ­тансаң – сақтармын” дегендейін, күтініп, абайлап жүрген артықтық етпейді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp