«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ: ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР УАҚЫТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту – Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев негізін қалаған және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен табысты жалғасып келе жатқан мемлекеттік бағыттың басты басымдықтары. Бұл бағыт “Nur Otan” партиясы қызметінің негізіне айналды.

Тәуелсіздік жылдарындағы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған күнделікті тынымсыз жұмыс біздің басымдығымыз – мықты көшбасшы басқарып отырған партияға сенетін қазақстандықтардың мүдделері жасалып жатқанын үнемі дәлелдеп отырды.

Екі жыл бұрын “Nur Otan” қайта жаңғыртуға кіріскен кезде партия басшылығы отандастарымыздың өмірін қолайлы және қауіпсіз ету міндетін алға қойды. Осы уақыт ішінде біз халықпен жұмыс істеу принциптерін қайта қарадық, қоғамдық қабылдауларды қолға алдық, партия филиалдарының қызметі жобалық басқаруға көшті.

Қайта жаңғырту жарияланғаннан бері өткен жылдардың басты оқиғалары – еліміздегі алғашқы “Nur Otan” праймеризі, Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау, соның арқасында партия қоғамның нық сеніміне ие болды. Партия әйелдерді депутаттыққа тартып, мәслихаттардағы фракциялардың құрамы айтарлықтай жасарды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатындағы партиялық фракция 70 пайызға жаңарды. Біз уәде еткендей, оның құрамындағы әйелдер 30 пайызды, ал 35 жасқа дейінгі жастар 20 пайызды құрады.

Бағдар – оң өзгерістер

Қайта жаңғырту нәтижелерінің бірі – партияның сайлауалды бағдарламасы болды, оны орын дау – бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндет. Ол сайлаушылардың тілектері мен ұсыныстарын ескере отырып әзірленді және ең маңызды мәселелерді қамтыды.

Сайлау алдындағы бағдарламаны орындауға Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында кіріскеніміздің символдық мәні бар, осы маңызды күнге сайлаушылардың жүктеген үмітін ақтау үшін ізгі ниетпен жақындадық. Халықтың нық сенімін, бірінші кезекте, біздің партияның парламенттік сайлауда және ауыл әкімдерін таңдауда айқын жеңіске жеткендігінен көруге болады.

“Nur Otan” нақты істер партиясы ретінде сайлаудан кейінгі алғашқы күннен бастап сайлаушыларға берген уәделерін орындау бойынша белсенді әрі ауқымды жұмысқа кірісті. Мәселен, өңірлік және 14 аумақтық деңгейде жол карталары қабылданды, жоспарлар бекітілді, штабтар құрылды, Қоғамдық кеңестер ұйымдастырылды, оған сарапшылар, депутаттар кірді. Бір сөзбен жол карталарын іске асыру бойынша нақты жұмыс басталды.

“Nur Otan” партиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бес жыл ішінде 7 бағыт бойынша 129 іс-шараны көздейді. Оның ішінде 2021 жылы 117 іс-шара іске асырылуда.

Қуатты экономика және азық-түлік қауіпсіздігі

Сайлауалды бағдарламаның “экономикалық тұрғыдан жайлы өңір” атты бірінші бағыты ең ауқымдысы саналады, ол бойынша биыл 38 іс-шараны іске асыру жоспарланған.

Халық табысының өсуі және жұмыс орындарын құру – басты басымдық. Коронавирустық пандемияға қарамастан облыс экономикасы тұрақты дамуда. Осы кезеңде халықтың табысын сақтап қана қоймай, оларды көбейту мүмкіндігі туды.

Жол картасы индикаторларының алғашқысы – жалақының өсу көрсеткішіне қол жеткізілді. 2021 жылға арналған жоспарда орташа еңбекақыны 161 мың теңгеге жеткізу көзделген еді, алайда 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы орташа айлық номиналды жалақы 181 мың теңгені құрады. 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш тек қана өсетін болады, жоспар бойынша осы мерзімге қарай облыс бойынша орташа еңбекақы шамамен 213 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ өңірде 13 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жоспарға сәйкес осы жылдың соңына дейін тағы 400-ге жуық жұмыс орны ашылады. Жалпы 2025 жылға дейін жыл сайын 13 мыңға дейін жұмыс орны құрылады, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін жыл сайын 779 млрд.-тан 1,2 трлн. теңгеге, 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемін 374 млрд. теңгеден асыру мақсаты қойылды.

Облыстың өнеркәсіп секторы 280 млрд. теңгенің өнімін шығарды, бұл ретте инвестициялық жобаларды іске асыруға баса назар аударылды. Жыл басынан бастап ламинатталған фанера өндіру жөніндегі комбинат іске қосылды, май зауытын кеңейту аяқталды, 2 сүт зауыты жаңғыртылды, сондай-ақ электртехникалық жабдықтар өндіру жөніндегі зауыт және “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі кәсіпорын ашу жобалары іске асырылуда. Кірпіш және қағаз өнімдерін шығаратын зауыттардың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы 2025 жылға дейін өнеркәсіп саласында 10 жаңа кәсіпорын пайда болады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту және диқандарды барынша қолдау үшін 2025 жылға қарай өндірілетін сүтті қайта өңдеуді 47 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайту, ет өңдеу кәсіпорындарының қуатын 42 пайыздан 55 пайызға дейін арттыру, 16 инвестициялық жобаны іске асыру, сондай-ақ сыртқы нарықты кеңейту жоспарлануда. Бұл бағытта жақсы нәтижелер де бар.

Біздің өңір еліміздің сүт өндіру саласында жетекші орынға ие. Мәселен, Қазақстанда соңғы 3 жылда 32 өнеркәсіптік сүт кешені іске қосылды, соның 12-сі немесе әрбір үшіншісі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі.

Бұған тоқмейілсуге болмайды. 2021 жылы облыс бойынша біз тағы 16 кешен салып жатырмыз, жыл соңына дейін 10 сүт фермасы іске қосылады. Сондай-ақ ет өндіру саласын дамытудамыз: ет өндірісін 60 мың тоннадан 100 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 13 мың басқа арналған екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде, өңірдің құс етіне қажеттілігін 100 пайызға жабу мақсатында жылына 6 мың тонна бройлер етін өндіретін 2 құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде.

Өткен жылы біздің облыс 600 мың тоннаға жуық сүт өндірді. Сүттің жартысынан көбі өңдеуге жіберілді. “Маслодел” және “Евразиан Милк” сүт зауыттары өндірісті жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға 16 млрд. теңге бағыттады.

Жылына 370 мың тонна өнім өңдейтін қуаты бар май экстракциялық зауытының құрылысы жүргізілуде. Бұл жобаны “Маслодел” компаниясы іске асыруда, инвестиция сомасы 15 млрд. теңгені құрайды. Нысанда 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.

Бизнеске назар аудару

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты енгізілген карантин кезінде шағын және орта бизнес зардап шегуі мүмкін деген қауіп болды. Алайда қабылданған бірқатар шаралар бұған жол бермеді, оның үстіне шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары да қолға алынды. 2021 жылдың басынан бастап “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде 29 жоба қаржыландырылды, оның ішінде 12 жоба бойынша субсидиялау шарттарына қол қойылды, 9-на кепілдік берілді.

“Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобаларға жыл сайын қолдау көрсетіледі. 2021 жылдың күзіндегі жағдай бойынша мемлекеттік бағдарлама шеңберінде субсидиялау бойынша 457 жоба мақұлданды, кепілдік беру тетігі бойынша 398 жобаға қолдау көрсетілді, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізуге 11 өтінім мақұлданды, гранттық қаржыландыру бойынша 36 грант берілді.

Жайлы өңір

Өңір тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау – біз үшін өте маңызды. Сайлауалды бағдарламаның бұл тармағы бойынша халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, жолдарды жөндеуге және тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінген.

Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – ауызсуға қол жеткізу. Бұл салаға елеулі қаржылық инвестициялар қазірдің өзінде құйылып жатыр. 11,4 млрд. теңге бөлінді, бұл 2020 жылғыдан 2 есеге артық. 49 елді мекенде ауызсудың сапасы жақсарады, онда тұратын 3 мыңнан астам отбасы суды үйге дейін кіргізу мүмкіндігіне ие. Облыста 11 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұратын 18 ауылды қамтитын Преснов топтық су құбырының екінші кезегі іске қосылды. Осы ауқымды жобаның арқасында жыл соңына қарай біз ауыл тұрғындарының 83,5 пайызын сапалы ауызсумен қамтамасыз етеміз. Жалпы 5 жыл ішінде біз 78 елді мекенді қамтимыз және ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді 100 пайызға дейін жеткіземіз.

Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. 2021 жылы 813 километр жол, оның ішінде 44 ауылдық елді мекенде 117 километр кентішілік жолдар жөнделетін болады.

Биыл құрылыс саласына 27 млрд. теңге бағытталды. Бұл өңірдің 12 мыңнан астам тұрғыны үшін 3,5 мың пәтер салуға мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары коммерциялық тұрғын үй құрылысы жанданды, капиталы бар жеке компаниялар көбейіп келеді. “Жас өркен”, “Береке” шағынаудандары мен Уәлиханов көшесінің бойында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Кезекте – “Копай” және “Набережный”. 5 жыл ішінде облыста 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, бұл дегеніміз 21 мыңнан астам пәтер.

Өмір сүрудің жаңа деңгейі – басты басымдық

Солтүстік Қазақстан облысын әлеуметтік салада үлкен өзгерістер күтіп тұр. Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін Петропавлда 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылды, аудандарда 2 фельдшерлік-акушерлік пункт салынды, 480 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасуда. Бұл нысандар жұмыс істеп тұрған медициналық мекемелерге жүктемені айтарлықтай төмендетеді. Сонымен қатар “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында жаңа емханалар ашылады.

Біздің ауруханалардың базасы заманауи МРТ аппараттарымен, компьютерлік томографпен, сандық маммографтармен, сараптамалық кластағы УДЗ, рентген және ангиографтармен толықтырылды.

Соңғы жылдары өңірде медицина кадрларының тапшылығы проблемасы байқалған, салдарынан халық сапалы және жедел көмек ала алмады. Облыс үшін бұл маңызды мәселе біртіндеп шешілуде. Биылғы жылы 103 жас маман келді, 36-сы – бейінді мамандар. Оларға алғаш рет 2,5 млн. теңге көлемінде рекордтық көтермеақы төленеді. Сондай-ақ ауылдық жерлерде 47 медициналық нысанның құрылысы басталады, олар ауылдарда медициналық қызмет көрсету сапасын арттырады.

Бүгінгі күні 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамту көрсеткішіне қол жеткізілді. Облыс бойынша 2021 жылға арналған жол картасында бұл көрсеткіш 80,1 пайызды құрайды. Сондай-ақ облыс орталығындағы сұранысты жабу мақсатында үстіміздегі жылдың соңына дейін жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдарды 600 орынға кеңейту жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 123 орын ашылды, жылдың соңына дейін 477 орын ашу жоспарлануда.

Колледждер де материалдық-техникалық базасын жаңартуда. Биыл 5 ауылдық колледж 1,4 млрд. теңгеге жабдықталды. Жалпы биыл 4 миллиард теңгеге 52 орта оқу орны жаңғыртылды, 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, 18 автобус сатып алынды. Облыс орталығында 1200 оқушыға арналған білім ошағы мен 2 ауыл мектебі салынады. Алдағы жылдары 15 жаңа мектеп салу жоспарлануда.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқу-зертханалық корпусының құрылысы жалғасуда. Бұл жоба талапкерлерді тарту үшін аса маңызды және партияның сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының бірі болып табылады. Оны салуға соңғы жылдары білім алушылар контингентінің өсу динамикасы әсер етті. Оқу корпусы заманауи талаптарға сай болады.

Бұқаралық спорт түрлерін дамыту мақсатында облыста 2 заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, 2 жабық хоккей корты салынды және пайдалануға берілді. Тағы 5 дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін 2 жабық хоккей корты және 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады.

Барлық салалардағы жетістіктер

Партия жастар мен өскелең ұрпақтың қажеттіліктерін назарда ұстайды. Бірінші кезекте оларды жұмысқа орналастыру қажет. Жастар саясаты саласында біз 5300-ден астам жасты жұмыспен қамти алдық, оның ішінде 4500 маманға жұмыс табылды, 400 адам оқытумен қамтылды, бизнеске 400 адам тартылды.

Жас кәсіпкерлерге өз кәсібін ашуға 411 шағын несие берілді. 1200 орындық 2 студенттік жатақхананың құрылысы жүргізілуде.

Партия әрқашан мәдени және рухани құндылықтардың сақталуы мен көбеюін назарға алады, бұған сайлауалды бағдарламаның жеке бағыты арналған. Бүгінде облыста “Рухани жаңғыру” бағдарламасы тиімді жүзеге асырылуда. Мәселен, Петропавл қаласында ашық аспан астындағы “QYZYLJAR art centre” бірегей мәдени орталығы ашылды. Қазір өңірде бірқатар мәдениет нысандарында, соның ішінде “Ботай” қонысы мен “Сырымбет” мекенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Биыл 19 ғасырдағы мешітті қалпына келтіру жұмыстары басталды, онда ислам мәдениеті мұражайы ашылады. Орта ғасырларға тиесілі “Қызыл оба” мазары ескерткішінде археологиялық жұмыстар жалғасуда.

Сайлауалды бағдарламаның арнайы тармағы өңірде өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Ол үшін бірқатар шаралар қабылданды: Петропавл қаласында штаттық саны 43 адамды құрайтын, құқық қорғау бағытындағы 329 қоғамдық құрылымдары бар жедел басқару орталығы жұмыс істейді, “Қауіпсіз қала” акциясы өткізілуде.

Жоспарланған мақсатқа жету

Қазір “Nur Otan” нақты істер партиясы ретінде осы және басқа да көптеген сайлау алдындағы уәделерді орындауға бар күшін салуда. Әр ауданның өзінің жеке сайлауалды бағдарламасы бар екендігі белгілі. Әр мәселе терең зерттеліп, шешу жолдары табылды. Ендігі жұмыс – жоспарланған барлық істі дер кезінде орындау. Ойластырылғанды тиімді атқару үшін біз барлық қажетті ресурстарды іске қостық, жол картасының әрбір көрсеткіші бойынша индикаторларды іске асыруды тұрақты және жүйелі бақылауға алып, қоғамдық кеңестер құрдық.

Сайлау алдындағы уәделерді орындау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында басталды. Көптеген жобаларды, сондай-ақ барлық көзделген іс-шараларды іске асыру жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге және партияның халық алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұл біздің облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, өңірдің өркендеуін қамтамасыз ету үшін партияның алдымызға қойған басты міндеті.

Құмар Ақсақалов,

“Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы,

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp