«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙРАТКЕРГЕ ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түні бойы жауған ақша қарды жақсы ырымға балаған көкше­тау­лықтар мен құр­метті қонақтар Еркін ағаның есімімен аталатын көше бойындағы скверге жиналды. Арнайы шақырылған меймандардың арасынан Қызылор­да, Торғай, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан келген әріптес-шәкірттерін, ұлы Ба­қытжан мен қызы Сәулені, туыстарын кездес­тірдік. Жиналған қауым бір-бірімен бауырларша қауышып, қуаныштарымен бөлісіп жатты. Өйткені көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековке ескерт­кіш ашу сәтін барша қазақ жұрты көптен бері асыға күтті десек артықтығы болмас.

Салтанатты оқиғаға арналған жиынды Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлы Маржық­паев құттықтау сөзбен ашты. Өңір басшысының ағынан жарыла айтқан тебіреністі сөзін тілеуқор қауым зейін қоя тындап, әлсін-әлсін қол шапалақтап, құр­мет білдіріп отырды. Көкшетау қала­сының құрметті аза­маты Бо­лат Жанәділов ел ардақтысы Ер­кін ағасына сүйіспеншілігін бы­лайша білдірді: “Еркіндей асыл жандар – бір ғасырда бір рет туатын үлкен тұлға. Оның еліне, сіңірген ең­бегін зерделеген сайын ұлттық намыс, ұлт­тық рух, ұлтына деген сүйіспеншілігіне қайран қаламыз. “Адалдықтың айғағы, сөз бен істің байламы, ақиқаттың қайнары” деп Кә­кімбек Салықов айтқанындай, ол қандай лауазымды қызмет істесе де халықтан бөлектенген жоқ, халықтан алыстаған жоқ”.

“Еркін Әуелбеков қоры” қоғам­дық қорының төрағасы Оразкен Нұртазин былайша тебіренді: “Қазақстанның үш бірдей облы­сын көрегендікпен басқарып, саясат сахнасында алмас қылыш­тай жарқылдап өткен көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің 90 жасқа толуына орай көкшетаулық ардагерлер мен зиялы қауым ескерткіш орнату жөнінде бастама көтерісімен, біз арнайы қоғамдық қор құрдық. Қызылорда, Торғай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола өңірі мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында тұратын ақжарқын ағайындарға қаржылай көмек көрсеткендері үшін ризашылығымды білдіремін”. “Ер­кін Әуелбеков қоры” өз жұмысын әрі қарай жалғастырып, азаматтың есімін ардақтауға байланысты мәдени-көпшілік және спорттық шараларды үзбей өткізетін болады. Пандемияға байланысты екі жылдай өтпей қалған грек-рим күресінен халықаралық тур­нирді қайта жаңғыртпақ.

Ескерткішті ашу құрметі Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен Еркін ағаның туған інісі Болат Нұржанұлына беріліп, ақ жамылғы баяу сырғып түскен­де, халқы сүйген кемеңгер тұлғаның көпке таныс жар­қын жүзі де жарқ етті. Ескерткіштің жұрт күткендей көзкөрім болып шыққанына, асқаралы аға бейнесі мен болмысының шынайы да мазмұнды айшық тапқанына көпші­ліктің қуанышында шек болмады. Бұл күні түннен бастап жауған ақша қарды көпшілік ұлы даланың өз заманындағы тұғырлы перзентінің еліне деген ақ ниет, адал пейіліне балады.

Бар саналы ғұмырын халық мүддесіне ар­наған асыл тұлғаға орнатылған ескерткіштің биіктігі – 4,5 метр, мүсіншісі – Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Тоқтар Ермеков. Ескерткіш қола мен гра­ниттен жасалған. Алаңды абаттандырумен Көкшетау қаласының коммунал­дық кәсіпорындары айналысты. “Жұмыла көтерген жүк же­ңіл” демекші, сапалы атқарылған жұмыстың нәтижесіне өзіміздің де, көпшіліктің де көңілі толғандай. Жаз шыға ескерткіш маңындағы тұрғын үйлердің жаны абаттандырылып, қосымша гүлзарлар, субұрқақ жасалмақшы екен.

Халқымыздың біртуар перзентіне деген ел сүйіспеншілігіне Еркін Әуелбековтің өмірі мен қыз­метіне арналған ғылыми-практикалық конференция бары­сында айқын көз жеткіздік. Аталған шараны Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудармашы-жазушы Ғосман Төлеғұл жүргізіп отырды. Сыр бойынан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Аңсат Сәдуақас Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын табыс етті.

Ердің еріне тағзымымызды көрсететін тағылымды жиынның шымылдығы рухты өлеңмен ашылуы да заңды еді. Мінбеге өңі­ріміздің талантты ақыны, Қа­зақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан көтеріліп, өз лебізін жырмен өрнектеді. Бұдан кейін Еркін ағаның көзін көрген, қызметтес, сыйлас, сырлас болған жандар бірінен-соң бірі мінбеге шығып, өз естеліктерімен бөлісті.

Ғылыми-практикалық конференцияда Қа­зақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Владислав Косарев сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің азаматтық ажа­ры, кісілік келбеті, адалдықты ту еткен адами абзал қасиеті туралы айтып берді. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір 1985-1989 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитетін басқарып, соңында өшпес бедерлі із қалдырған кемеңгер тұлға туралы орамды ойларын ортаға салды.

Аталған конференцияда әр кездері Еркін ағасымен қызметтес, қанаттас болған шәкірттері, шапағатын көрген інілері де сөз алды. Торғайлық Амангелді Садырбеков, солтүстікқазақстандық Құдайберген Қалиев, көкшетаулық Сағынтай Кенжетаев тағылымды естеліктермен бөлісті. Көкше төріндегі еңселі ескерткішті орнату жөнінде алғашқылардың бірі болып пікір айтқан “Ел бірлігі” қо­ғамдық ұйымының төрағасы Бақыт Смағұлдың, ескерткіштің авторы, таланты мүсінші Тоқтар Ермековтің, отбасымен дәм-тұздары жарасқан Көкшенің дарынды қызы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысованың сөзіне де жиналған жұртшылық шынайы ықы­лас танытты.

Ғылыми-практикалық конференцияға қа­ты­сушылар тарапы­нан мемлекет және қоғам қай­раткері Еркін Әуелбековтің өмірі мен қызметін кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар бағалы ұсыныстар да айтылды. Об­лыс әкімінің ұсынысына орай Еркін Әуелбе­ковтің ескерткіші орнатыл­ған аллеяға оның есімін беру қолға алынбақ. “Еркін Әуелбеков қоры” қоғамдық қорының тұрақты жұмыс істеуі үшін жеке тұлғалар мен кәсіпкерлік нысандар тарапынан қаржылай қолдау көрсету, Көкшетау қаласын­дағы жоғары оқу орындарының бірінде үздік студенттер үшін Еркін Әуелбеков атындағы стипендия тағайындау, атақты жерлесіміздің туған күніне арналған мәдени шараларды ескерткіш жанында өткізіп, қала күніне орай Еркін Әуелбеков атындағы көше мерекесін ұйым­дастыру, Көкшетау қаласының тарихы музейінде Еркін Әуелбековке арналған жеке бө­лім ашу, қала меймандары мен жастар үшін саяхат ұйымдастыру, Еркін Әуелбеков қызмет атқарған өңірлердегі аудандарға, шаруашылықтарға, мәдениет ошақтарына оның есімін беру туралы да ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында конференция­ға қатысу­шыларға көрнекті тұлғаның 90 жылдығына орай шығарылған естелік кітаптар мен медальдар табыс етілді. Осылайша ел мақтанышы, ел ардағы, атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің жарқын бейнесі еңселі ескерткішімен, тартымды да тағылымды жиынымен көпшіліктің жүрегінде тағы бір жарқырап, асқақтай түсті. Осы бір елдік ісіміз алда да ұза­ғынан сүйіндіргей.

Шияп ӘЛИЕВ,

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp