«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР — ӨҢІР ИГІЛІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыста жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға онлайн тур ұйымдастырылды. Негізінен өңір экономикасының тірегі және тұрғындардың әл-ауқатын арттыратын ең маңызды сала ауыл шаруашылығына ерекше басымдық берілген. Өткен 10 айда аталмыш салаға 132 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 140 миллиард теңгені құрамақ. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов тың жобалар облыстың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы баяндады. Қазір 34 ірі жоба іске асырылуда. Соның ішінде 9 мың басқа арналған 16 тауарлы-сүт фермасы, екі бордақылау алаңы, құс фабрикасы, майлы дақылдарды өңдеу цехы бар. Жобаларды жүзеге асыруға облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінді. Аудандарда ауыл шаруашылығының 6 бағыты бойынша 17 жоба қаржыландырылды.

– Соңғы үш жылда облыста 12 заманауи тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Биыл Мағжан Жұмабаев ауданының Полудинское ауылында 1200 басқа арналған кешен тұрғызылды.

Еуропадан (Австрия, Венгрия, Чехия) асыл тұқымды 241 мал әкелінді, – деген Марат Иманбайұлы дәл осындай жобалар Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жүзеге асырылғанын атап өтті. Ал “Әдемі-Астық”, “Петерфельд-Агро”, “Рич Номад Норд”, “Ишимский-Агро” серіктестіктеріндегі тауарлы-сүт фермаларының құрылысы аяқталуға жақын.

Аталмыш жобаларды жүзеге асырудың арқасында облыста сүт өндіру көлемі артпақ. Егер 2017 жылы 546 мың тонна сүт өндірілген болса, үстіміздегі жылдың қорытындысы бойынша 633 мың тонна сүт сауу жоспарлануда. Яғни өсім 16 пайыз немесе 87 мың тоннаны құрамақ. Ал агроқұрылымдардағы өсім 32 пайызға тең.

Етті мал шаруашылығын дамыту үшін 4 мың тонна ірі қара етін өндіретін екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар импортқа тәуелділікті төмендету және өңір тұрғындарын құс етімен толық қамтамасыз ету мақсатында облыста жылына 6 мың тонна құс етін өндіретін екі құс фабрикасының (Аққайың ауданындағы “Северный Бройлер” ЖШС-і және Қызылжар ауданындағы “Жаңа құс” ЖШС-і) құрылысы басталды.

Майлы дақылдарды қайта өңдеу көлемін арттыру үшін Петропавл қаласында “Агро грейн СК” ЖШС-і жылдық қуаты екі мың тоннаны құрайтын майлы дақылдарды өңдеу цехын іске қосуға таяу. Сондай-ақ мұнда жарма өнімдері мен ұнды өлшеп-орау цехы жұмыс істейтін болады.

Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуға да айрықша басымдық берілуде. Бұл бағытта да бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек Тайынша ауданында “Тайынша май” және “BioOperations” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері зауыттарының базасында агроөнеркәсіптік кластер құрылып жатқанын айтты. 2016 жылы қытайлық инвестор республикадағы майлы дақылдарды өңдейтін ірі жобалардың бірі – “Тайынша май” ЖШС-ні іске қосты. Бірінші кезеңде инвестиция көлемі 6,1 млрд. теңгені құрады. Жазда экстракция зауытының құрылысы аяқталды. Ал “BioOperations” ЖШС-нің зауытын іске қосу үш кезеңде жүзеге асырылды. 2017 жылы ұн өндіру цехы ашылса, 2018-2019 жылдары крахмал мен глютен шығару бойынша екі желі іске қосылды. Биыл жобаны іске асырудың үшінші кезеңі – био-этанол өндірісі қолға алынды. Дәурен Жандарбек Тайынша ауданында отандық инвестор “Қазфудпродактс” компаниясы жылына 100 мың тонна дайын өнім өндіретін құрамажем зауытының құрылысын жүргізіп жатқанын, инвестиция 1 млрд. теңгені құрайтынын жеткізді. Бұл 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Облыста құрылыс қарқыны жоғары. Әсіресе облыс орталығында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Құрылыс саласындағы инвестициялық жобалармен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қазіргі таңда облыста көппәтерлі 53 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл тұрғындардың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Облыс орталығындағы “Жас өркен” шағынауданында 1653 пәтерлі 14 несиелік үй салынуда. Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Новоишим ауылында 50 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Облыста жеке инвестициялар есебінен 1367 пәтерлі 23 үйдің құрылысы жүргізілуде.

– “Копай” шағынауданына айрықша тоқталғым келеді. Жалпы ауданы 44,6 гектарды құрайтын 27 көппәтерлі тұрғын үй (18 кешен) және үш әлеуметтік нысан салу жоспарлануда. Шағынауданның жобасы егжей-тегжейлі әзірленді, қазір келісу рәсімдері жүргізілуде. Бірнеше ірі құрылыс компаниясы қызығушылық танытты, – деген Сәтжан Әйтенұлы түріктің YDA компаниясы Чкалов және Уәлиханов көшелерінің қиылысына алты биік үй салу жобасын ұсынғанын айтты. Бірінші қабаттарда коммерциялық нысандар болады. Сондай-ақ жерасты паркингін салу көзделуде. 2017 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Петропавлда 1673 ескі және апатты үйлер бұзылған. Шамамен 4800 адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. Жыл соңына дейін тағы 237 үйді сүру жоспарлануда.

Жиында денсаулық сақтау, білім беру, спорт салалары мен тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу бойынша жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы да айтылды.

– Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға онлайн тур жасау арқылы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен жақынырақ таныстық. Көріп отырғанымыздай, жобалардың бірқатары биыл жүзеге асырылса, қалғандары келесі жылы іске қосылады. Одан бөлек, әлеуетті инвесторлармен де жан-жақты келіссөздер жүргізілуде. Ең бастысы бұл жұмыс тоқтамауы тиіс, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp