«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН БИЗНЕС — ЭКОНОМИКА ТІРЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кәсіпкерлердің қосатын үлесі жайлы айтылды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы уақытта теріскейде бұл салаға бет бұрған азаматтар қатары артып, 2016 жылдан бері 2700 солтүстікқазақстандық өз кәсібін ашқан.

Елімізде жалпы ішкі өнімнің 30,5 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі. Ал біздің облыста барлық тауардың 31,5 пайызын өндіріп отыр. Құмар Іргебайұлының айтуынша, бұл өңірдің экономикасына оң әсер етіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізуде.

– Соңғы 5 жылдың ішінде шағын және орта бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі екі есеге өсті. Егер 2016 жылы жергілікті кәсіпорындар 374 млрд. теңгенің тауарын шығарса, былтыр ол 776 млрд. теңгеге дейін жетті. Нәтижесінде салықтың мөлшері де артып, 60 млрд. теңгені құрады. Биыл қазынаға 67 млрд. теңге түседі деп күтілуде, – деді облыс әкімі.

Бизнестің өрге басуына мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қолдаулар көмегін тигізуде. 2012-2021 жылдар аралығында “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы аясында облысқа 22,8 млрд. теңге бөлініп, 2800 азаматтың өтініші қанағаттандырылған. Бұған қоса, өңірде “Қарапайым заттар экономикасы” және “Еңбек” бағдарламалары ойдағыдай жүзеге асуда.

– Ауыл тұрғындарына “Еңбек” бағдарламасының берері мол. Кәсіпкерлерге жалпы сомасы 2,9 млрд. теңгенің 567 несиесі берілді. Тұрғындар жаңа кәсіп ашып, өндіріс ошақтарын кеңейтті. Сондай-ақ 790 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Қазіргі уақытта бизнеспен айналысып жатқан облыс тұрғындарының 81 пайызы ауылдарда шоғырланған, – дей келе, Құмар Іргебайұлы “Бастау” жобасының маңыздылығын да атап өтті.

“Атамекен” кәсіпкерлер палатасы “Бизнеске арналған үкімет” жобасын жүзеге асыруда. Яғни “бір терезе” қағидаты бойынша сала өкілдеріне заңгерлік және сервистік көмек көрсетілмек. 50-ден астам мемлекеттік қолдау шарасына өтініштер онлайн форматта қабылданады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің төрағасы Олег Ивановтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасында айқындалған.

Кездесуде жас кәсіпкерлерге де сөз берілді. “Эко Молл Сергеевка” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бақыт Рашитов өндіріс ошағының әлеуеті жайлы айтып, көкейінде жүрген сауалын жолдады.

– Өткен жылдан бері сүт өнімдерін шығаруымен айналысып келеміз. Зауытымызды іске қосу үшін 100 млн. теңге көлемінде қаражат жұмсадық. Қажетті қондырғыларды сатып алдық. Алғашында тәулігіне 6, кейін 20 тонна сүт өңдедік. Тауардың үш түрін шығарамыз. Қатты ірімшік өндіру жоспарымыз бар. Бұл жұмысты келер жылы бастауды жөн көріп отырмыз. Облыс әкімдігі жобамызды қолдаса, игі болар еді, – деді кәсіпкер.

Өз кезегінде өңір басшысы өнімнің бұл түрін нарыққа көптеп шығару үшін ел бойынша отыздан астам тауарлы-сүт фермасы салынып жатқанын атап өтті. Оның 16-сы – Солтүстік Қазақстанда. Жергілікті тұрғындар мен көрші өңірлерді қатты ірімшікпен қамту ісін қолдайтынын айтты.

Шара барысында жас кәсіпкерлер облыс әкіміне өз шаруашылықтары жайлы айтып берді. Бірі мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке алғыстарын білдірсе, екіншілері кадр тапшылығы мәселесіне тоқталды. Мәселен, Петропавлдағы “Маtex” шұлық фабрикасына білікті тігіншілер мен техникалық-сервистік көмек көрсететін мамандар жетіспейді. Өңір басшысы бұл мәселенің шешімі табылатынын жеткізді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында кәсіпкерлерге арналған геопортал іске қосылады. Онда облыс аудандары мен қала аумағындағы инфрақұрылым желілері жайлы толыққанды ақпарат беріледі.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp