«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЗДАҚТАР ТОЛЫҚ АҚТАЛУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерімен кездесіп, осы күнге дейін атқарылған жұмыстарымен танысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен былтыр 24 қарашада құрылған.

Облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша өңірлік комиссияның жұмысы үш бағытта – ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру, зерттеу бойынша жүргізіледі. Қазіргі уақытта өңірдің 13 ауданы мен Петропавлда “Қызылжардың шерлі тарихы” ғылыми-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Жұмыс қорытындысы бойынша өңірде қуғын-сүргін кезінде атылғандарды жаппай жерлеген орындардың картасы жасалмақшы.

– Биыл біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз, осы күнге жетер жолда елімізде талай ауыр сынақтар болды. Өткен ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан тарихының беттері қуғын-сүргінге, депортацияға, аштыққа толы. Қазіргі жас ұрпақ үшін тарихты дұрыс түсіндіру және еліміздің болашағын сол арқылы құру маңызды, – деді іс-шараға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Қартова дәстүрлі дін өкілдерін іздеу бойынша жұмыс туралы, республикалық комиссияның мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Людмила Гривенная 1917 жылдан 1930 жылдың ортасына дейінгі ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушыларды іздеу жөнінде хабардар етті. Профессор Зарқын Тайшыбай 1916-1930 жылдары Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған қазақстандық босқындар туралы айтып берді.

Осы уақытқа дейін өңірлік комиссия 11140 сотталған адамды анықтады, оның ішінде 58-бап бойынша 230 адам қудаланса, 105 адам ірі бай ретінде жазаланған. Облыс аумағында байлар мен кулактарды қамауға арналған екі лагерьдің орны табылды. Оның біреуі Тимирязев ауданындағы Байқала деген жерде болса, екіншісі Мағжан Жұмабаев ауданының аумағындағы Александровка елді мекенінде орналасқан.

Сол жылдары облыста 372 халық көтерілісі мен наразылық болған. Көтеріліс барысында атылған 3106 адамның тізімі белгілі, олардың 833-і әлі күнге дейін ақталмаған. Сондай-ақ күштеп жер аударылған немістер, поляктар, латыштар және т.б. қоныс аударушылар арасынан 1274 адамның тізімі жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp