«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰМАУ ТҰРАЛАТПАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аурудың жақсысы болмайды. Бойға жабысқан дерттің қандайы болса да қауіпті. Күн суыта тұмау өршитіні белгілі. Десе де бұған кей адамдар “түшкіреміз де қоямыз, не қылар дейсің” дегендей жеңіл қарайды. Олар бұл вирустың адамнан адамға жылдам жұғатынын, асқынып кетсе өте қауіпті екенін елей бермейді.

Солтүстік Қазақстан облысы­ның санита­рия­лық-эпидемиологиялық бақылау депар­таментінің инфекциялық және паразиттік ау­руларды эпидемиологиялық ба­қы­лау бөлі­мінің бас маманы Сал­танат Бекқожинаның пікірінше, тұмау – адамның жоғарғы тыныс жолына әсер ететін, ауа арқылы та­ралатын инфекциялық ауру тү­рі­не жатады. Тұмаудың пайда бо­лу себебін тек иммундық жүйенің әлсіреуі мен шамадан тыс тоңу­дың әсері десек жеткіліксіз, ол негізінен арнайы тұмау вирусы­ның өршуінен болады.

– Тұмаудың инфекция көзі – нау­қас адам. Жөтелу, түшкіру жә­не тыныс алу кезінде сыр­қат адам­нан басқаларға жұғады. Ауа­дағы жұқпалы вирус біртіндеп ай­наладағы зат­тарға, ыдыс-аяққа жа­бысады. Кейін сол зат­тарды қол­данғанда ауамен адамның ты­ныс алу жүйесіне енеді. Вирустың бұ­лай тара­луы­на жол бермеу үшін қол­ды жиі жуу қажет, қоғам­дық орын­дарда болғанда және қоғам­дық көліктерден түскеннен кейін мұрынға жылы су жүгіртіп, шаю ма­ңызды. Инкубация ке­зеңі­нен кейін ауру белгілері пайда бола бастай­ды. Ең әуелі темпера­тура көтері­ле­ді. Мұндай жағдайда мүкін­­дігін­ше тезірек дәрі­герден ке­ңес алу керек. Себебі олар ауру­­дың асқы­нуына жол бермейді. Әл­сіздік, де­не сырқырауы, мұрын бі­телуі, түш­кіру, тамақ­тың жыбыр­лауы да – ау­рудың алғашқы бел­гілері. Бірнеше күннен кейін тұ­маудан құрғақ жө­тел пайда бо­лып, тамақ ауырады. Бірте-бірте жөтел ылғалданып, қақырық шыға бас­тай­ды, – дейді Салтанат Бек­қожина.

Тұмаудың инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан он күнге дейін со­зылады. Жасырын фазаның ұзақ­тығы вирустың түріне байла­ныс­ты. Инкубация кезеңінде тұмау бел­гісі білінбейді. Тұмаудың ас­қынуына бейжай қа­рауға болмай­ды. Себебі ол тыныс алу жо­лын­дағы жасушаларға әсер ететіндік­тен уа­қыт өте келе бактериялық ауруға ұласып, өк­пе мен құлақтың қабынуына әкелуі әбден мүмкін.

Ақ халатты абзал жандар тұ­мауға қарсы тиімді тәсіл – вакци­налау екенін айтады. Дер кезінде салынған вакцина ағзаның тұ­мауға қарсы қорғаныш қабілетін арттырады. Ау­руды жеңілдетіп, асқынудың алдын алады.

Күнделікті өмірде ағзаның ау­руға қарсы қорғанысын арттыру үшін әркім әртүрлі амал-тәсіл­дерді қолданып жатады. Біздер көбіне ұлттық тағамдарымызға жә­не халық еміне жүгінетініміз рас. “Денсаулықтың ке­пілі – спорт” демекші, дене шынық­тырумен ай­налысу ауруға қарсы күрестің ең ұтымды жолы десек қателеспей­міз. Одан соң дұрыс тамақтану, жай­лы демалыс және витамині мол тағамдарды жеу де маңызды. Сондай-ақ тұмау симптомдары бар адамдардан алыс жүрген, жа­тын бөлмені жүйелі түрде жел­де­тіп тұрған абзал. Таза ауада дема­лу, сұйық­тықты көп ішуді әдетке айналдырып, алко­голь мен темекі тұтынудан тыйылу керек.

Дәрігерлердің айтуынша, тұ­мау­мен ауыр­ған науқас үшін ең дұ­рысы – емханаға жүгір­мей, ма­ман­ды үйге шақырту. Сондай-ақ от­басының басқа мүшелерімен арақашық­тық­ты сақтап, медици­налық бетперде тағуды ұмытпа­ған жөн. Бұл өзіне де, өзгеге де пайдалы.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp