«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Метеорологтар су қоймаларындағы мұз қалыңдығын өлшеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында «Қазгидромет» филиалының мамандары әр он күн сайын су қоймаларындағы мұз қалыңдығын өлшеп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметінше, өңірде мұз қалыңдығын өлшейтін 19 гидробекет бар. Олар Есіл өзені мен оның сағаларында, Петропавл және Сергеев су қоймаларында, Үлкен Тораңғұл көлінде орналасқан. Мамандар әр он күн сайын су қоймаларында ойық жасап, мұздың қалыңдығын өлшейді. Қазіргі уақытта оның орташа көрсеткіші 12 см құрап отыр. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Ковыльное елді мекені маңынан өтетін Ақанбұрлық өзенінде мұз қалыңдығы 17 см жеткен.

«Қазіргі уақытта мұз қауіпсіз қалыңдыққа жетті. Тұщы суда оның қалыңдығы 10 см, ал тұзды суда 15 см болған жағдайда адам үшін қауіпсіз. Десек те, өзен сағаларында, тармақтарында және қатты ағыс бар, қамыс өскен жерлерде, ағаштардың қасында мұз берік болмайды. Сондай-ақ 0 градустан жоғары ауа райы үш күннен артық сақталса, мұз беріктігі 25 %-ға төмендейді», – дейді мамандар.

Метеорологтардың айтуынша, мұз көгілдір болса – берік, ақ болса беріктігі екі есе төмен, сарғылт тартса үстіне шығуға қауіпті. Сондай-ақ, мұз үстіне ойланбастан шыға салудың арты өмірге қауіп тудырмақ. Мұз жарылып, ойыққа түсіп кеткен жағдайда адам одан оңайлықпен шыға алмайды. Өйткені мұз шеті салмаққа шыдас бермей сына бермек. Ал адам мұзды суда 15 минуттан артық бола алмайды екен.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp