«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

800-ге жуық адам Pfizer вакцинасын алды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында Pfizer вакцинасын 800-ге жуық адам қойдырды, басым бөлігі – жасөспірімдер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы емханаларда Pfizer вакцинасын егетін арнайы екпе орындары ашылған. Бұл жерде жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдер вакцина алып жатыр. Мақсат Құдраттоллаев СҚО көпбейінді аурухананың кардиологиялық блогын басқарады. Дәрігер вакцинацияға зайыбын және екі қызын ертіп келді.

«Коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегендіктен вакцинация басталғанда алдыңғы қатарда екпе алдым. Қауіпті инфекцияны үйге әкелмеу үшін, отбасымды қорғау үшін вакцина қойдырдым. Енді жасөспірімдерге, жүкті және емізулі баласы бар әйелдерге вакцинация басталғандықтан екі қызым және зайыбыммен келдім. Өйткені вакцина алғаннан кейін өзің ауырмасаң да, сен инфекцияны тасымалдаушы болуың мүмкін. Сондықтан коронавирустан қорғану үшін осындай шешім қабылдадық. Зайыбым бала емізеді, 1,5 жасар ұлымыз бар. Екі қызым 12 жастан асқан», – дейді дәрігер.

Қыздардың үлкені – Нұргүл 16-да, Әсел – 14 жаста. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-гимназияда білім алып жатыр.

«Ата-анамызбен бірге келдік. Еш ауыртқан жоқ. Жағдайымыз жақсы. Қорқудың қажеті жоқ, өйткені бұл біздің денсаулығымыз үшін керек», – дейді Нұргүл Құдраттоллаева.

СҚО-да Pfizer вакцинасын бүгінге дейін барлығы 798 адам алды. Оның ішінде 571-і жасөспірім, 13-і жүкті әйел және 214-і жас ана.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp