«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ана тілім – Арым дейтін жандар аз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жүз жылдан астам тарихы бар қарт басылым “Soltústіk Qazaqstan” газетінің өткен сандарының бірінде жарық көрген ардагер ұстаз Қымбат Исманованың “Қош келдің, Әліппе!” атты мақаласы мені үлкен ойға жетеледі.

Соңғы жылдары білім беру саласында көп өзгерістер (реформалар) орын алды. Бірақ олардың бәрі бірдей көңілге қонымды деп айта алмаймын. 2-3 жастағы баланың көңіл көкжиегін ана тілінде кеңейтудің орнына оларды үш тілділікке міндеттеу (менің жеке пікірім) дұрыс емес. Бұл жөнінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілден басқа тілдерді бастауыш мектептен кейін оқыса да кеш болмайды деген еді. Бұл өте дұрыс тұжырым және оны көпшілік қауым қолдайды деп ойлаймын.

Дүниежүзі елдерінен даму деңгейі бойынша алдыңғы орында тұрған Жапонияда 7-сыныпқа дейін балалар өз ана тілінде ғана оқытылып, ұлттық салт-дәстүрмен, өз елінің тарихымен, әдебиетімен, мәдениетімен жақын танысады. Басқа пәндер мен шет тілдері 8-сыныптан бастап оқытылады екен. Ана тілді, ата дәстүрімізді сыйлайтын әрбір қазақ, тым болмаса отбасында мемлекеттік тілде сөйлесе – үлкен жетістік. Бір кездері кеңес үкіметінің солақай саясатының салдарынан қазақ мектептері жабылып, тек орыс тілінде оқыту міндеттелді. Құдайға шүкір, ол сынақ та артта қалды.

Ел Тәуелсіздіне – биыл 30 жыл. Алайда құлдық санадан әлі құтыла алмай келеміз. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген ұлылардан қалған өсиетті ұғынатын кез келген сияқты. Қазақтілді мектептер бола тұра, өзіміздің қаракөздер неге орысша оқиды? Осы жайт мені қатты ойландырады. Егер бұл жастардан кеткен қателік болса, ұрпаққа түзу жол көрсетер ата-әжелер қайда қарап отыр?

Бүгінде шетелдерден атажұртқа оралып жатқан қандастарымыздың қазақ тіліне жанашырлығы мен ана тілдің қадыр-қасиетін жоғалтпауы қайран қалдырады. Мейлі олар Түркия, Өзбекстан, Қытай, Иранда тұрса да ана тілімізді ұмытқан жоқ. Оған дәлел болатын мысалдар жетіп артылады. Мәселен, Мамлют ауданындағы Бостандық ауылында 10-сыныпта оқитын Ақжол Садыржан ана тілді жетік меңгерген екен. Ата-анасымен Қытайдан көшіп келген жеткіншектің шығармашылығымен газет арқылы таныс болдым. Тырнақалды өлеңдерімен аудан, өңір жұртшылығына танылып жүрген осындай жастарға біз әрқашан қолдау көрсетуіміз керек. Іргесі сөгілмеген, қаймағы бұзылмаған Бостандықтай қазақ ауылына орныққан осындай отбасылар аз емес. Басқа да қазақ ауылдары сияқты Бостандық ауылының тұрғындары да кеңестік солақай саясаттың зардабын аз шеккен жоқ. Бірақ қандай қиыншылықтарды басынан өткерсе де үлкен тәрбие ошағы болып қала берді. Елден жырақта жүрсе де ауылды сақтап қалуға қолғабыс етіп, тұрғындарына әрқашан қолдау білдіретін азаматтарға мың алғыс.

Бостандық ауылын үлгі ретінде бекерден-бекер айтып отырған жоқпын. Өйткені әрбір азамат өз ауылына жанашырлықпен қарап, атақонысын сақтап қалуға ұмтылса деймін. Ауыл тәрбиесінен алшақтамай, Бостандықтың беделін көтеруге үлес қосқан азаматтар баршылық. Мен білетіндердің ішінде Отан соғысының ардагері, соғыстан кейінгі жылдары еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып, көп жыл лауазымды қызмет атқарған Қилаж Мағазов, министр деңгейіне көтерілген Ғазез Есмұқанов, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Сайлаубек Есімханов, әнші, домбырашы, актер, жиһангез Асылболат Смағұлов, ақындығымен көзге түскен Бейсенбай Есмұқанов, облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Болат Сағындықов, журналист Нұрсайын Шәріп, Еуропа чемпионы Мақсат Нүсіпов, тәлімгері Ерсайын Оспанов пен тағы басқа да азаматтардың есімдерін лайықты түрде атап өткен жөн. Осындай алдыңғы буынның жолын жалғайтын Ақжол Садыржан сынды жастарға үлкен үміт артамыз. Сондықтан өңірімізде қазақ тілінде шығатын жалғыз облыстық басылымның осындай жастардың шығармашылығын қолдауы құптарлық іс. Алайда ұлт мақтанышы Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Сәбит Мұқанов сынды марғасқалардың табанының ізі қалған қарт басылымға да өскелең ұрпақтың құрметі зор болуы тиіс. Жастар газет оқып, ұлттық құндылықтарымызбен сусындаса, нұр үстіне нұр болар еді. Бүгінде “Soltústik Qazaqstan” газетінің таралымы төрт мыңға әзер жетіп тұр. Қазір облыста баспасөзге жазылу науқаны жүруде. Сондықтан аға буын өкілі ретінде жастарға, жалпы оқырмандарға газетке жазылып, қолдау білдіруді құлаққағыс етуді жөн көрдім. Осы науқан кезінде Ақжол Садыржан сыныптастарымен еріктілердің (волонтерлер) ынталы тобын ұйымдастырып, “Soltústik Qazaqstan” газеті, “Мағжан” журналы сияқты басқа да басылымдарға жазылуға үгіт-насихат жүргізсе құба-құп. Жастардың бастамасымен қаймағы бұзылмаған Бостандық ауылындағы әрбір отбасы 2022 жылдың қаңтар айынан бастап “Soltústik Qazaqstan”-ды жаздырып алып оқыса, үлкен мәртебелі іс тындырғандарың болар еді. Мүмкіндік болса, мұндай игі іс-шара Бексейіт ауылы мен облыстың өзге де елді мекендерінде қолдау тапса, қуанар едік.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp