«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРКІН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Асқар Баймұқанов жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады. Ол “NEET” санатындағы, яғни жоғары және арнаулы білім беру ордаларында оқымайтын және тұрақты жұмысы жоқ жастарға айрықша назар аударылып отырғанын атап өтті.

– “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жыл сайын ауылдық жерлерге жұмысқа орналасуды көздеген педагогтар, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер аз емес. Жас мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді, пайыздық үстемеақысы жеңілдетілген несиелер беріледі. Үстіміздегі жылы аталмыш бағдарламаға өңірімізден 551 жас маман қатысты. Ал “Жасыл ел” жобасы бойынша жаз мезгілінде облыстың орман шаруашылығы базасы мен елді мекендерінде 686 адам жұмысқа орналастырылды, – дей келе, Асқар Баймұқанов биыл “Жастар тәжірибесі” жобасына 433 өреннің жіберілгенін, “Алғашқы жұмыс орны” жобасы бойынша – 69, “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы бойынша 9 адам жұмысқа орналастырылғанын атап өтті. Баяндамашы өз сөзінде жастардың бизнеспен айналысуына жәрдемдесу мақсатында 2021 жылы жалпы сомасы 315 млн. теңгені құрайтын 63 несие берілгенін тілге тиек етті.

Жастарды рухани тұрғыдан жетілдірудің бірден-бір жолы – еріктілік болып саналады. Бүгінде өңір жастарының қатарында өз еріктерімен қайырымдылық жұмыстарға атсалысып жүргендер аз емес. Еріктілер төтенше жағдай кезінде дәрігерлер мен полицейлерге көмектесті, карантиндегі азаматтарға азық-түлік жеткізді.

Қазір мониторингтік топтардың қызметіне атсалысуда. Сонымен қатар еріктілер жалғызілікті қарттарға арнайы барып, үй шаруашылығына қолғабыс етуде. Жастардың бұл еңбектері ескерусіз қалған жоқ.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 105 солтүстікқазақстандық жас “Халық алғысы” медалімен марапатталды.

Отырыста “Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” мекемесі жанындағы жастар бастамалары бөлімінің басшысы Анастасия Волкова өңіріміздегі ресурстық орталықтардың жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, облыста 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталықтар қызметінің басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру, жастарға ұйымдастырушылық, ақпараттық-әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету.

2021 жылдың басынан бері аталмыш орталықтар 18 мың адамның қатысуымен 1700-ден астам іс-шара өткізді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы ресурстық орталықтың қолдауымен “Жас тәлімгер” үкіметтік емес ұйымы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету мақсатында “Көмек” әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда.

– Елдің болашағы – жастардың қолында. Біздің елімізде жастар саясатын іске асыру мәселесі бойынша біраз жұмыстар атқарылуда. Жастарды сапалы біліммен, жұмыспен, тұрғын үймен қамту, спортпен шұғылдануға тиісті жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе. Бүгінде біз жаңа мектептер салып, өңірдегі жалғыз жоғары оқу орнын дамытып, АҚШ-тың Аризона университетімен белсенді жұмыс жүргізудеміз, – дей келе, Құмар Іргебайұлы екіжақты іскерлік байланыстың нәтижесінде бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Жергілікті университеттің оқу корпустары мен жатақханалары күрделі жөндеуден өтіп, 1200 орынға арналған тағы екі жатақхана салынатынын атап өтті.

Жыл сайын білім алушы жастарға берілетін гранттар саны да көбеюде. 2017 жылы тегін білім алуға 1998 грант бөлінсе, үстіміздегі оқу жылында олардың саны 4081-ге жеткен. Өңірдегі колледждердің материалдық-техникалық жағдайы да назардан тыс қалған емес. Қазір облыста 9 колледж бар. Бүгінде жастардың сапалы білім алуы үшін колледждер заманауи құралдармен жабдықталуда. Соның негізінде материалдық-техникалық жағдай 36 пайызға жақсарды. Бұл көрсеткішке жоспарлы жұмыстың нәтижесінде қол жеткізілгенін атап өткен өңір басшысы алда әлі де атқарылар шаруа аз емес екенін айтты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp