«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮШ АТАСЫН ТАНЫМАС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Атақты Қажымұқан балуан әлі буыны қатып, бұғанасы бекімеген шағында, яғни онға толар-толмастан қап-қап астықты арқалап алып жүре беретін болған. Кейін алып денелі балуан күресте әлем мықтыларының жауырынын жер иіскетті. Батыр бабаларының ізін қуған алыптар қазір де жоқ емес. Қызылжарлық Жанәлі Тұяқовты сол қатарға жатқызуға болады. 13 жасынан бастап зілтемірді ұршықша иіретін ол халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ауыр салмақта өнер көрсететін ірі денелі зілтеміршімен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Соңғы өткен ел біріншілі­гінде жүлдегер атандың. Бұл – ұзақ жаттығудың жемісі. Ауыр атлетикамен қашаннан бері айналысып келесің?

– Тілегіңізге рақмет! Кішкентай кезімнен бастап спортқа әуестендім. Алғашында футбол ойнадым, кейін жеңіл атлетика­мен шұғылдандым. Кейін ауыр атлетика жайлы естіп, осы спортқа қызығушылығым оянды. Бұрын түрлі жарыстарда еліміздің атақты зілтеміршілеріне жанкүйер болып жүрсем, енді міне, өзім де солардың қатарына қосылып отырмын. Еліміздің аты­нан түрлі жарыстарға қатысып жүрмін.

– Жасың 18-де ғана, соған қарамастан біраз белестерді бағындырып үлгеріпсің. Же­ңісті жолың туралы оқырмандарға айтып берсең.

– Алғашында қалалық және облыстық жарыстарда бағымды сынап көрдім. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым, бірнеше мәрте жастар біріншілігінде жеңімпаз болдым. Кей жылдары жүлдесіз де қалып жүрдім. Бірақ мойымадым, кәсіби түрде спортпен шұғылдана бердім. Пандемия басталғанда да жаттығуларымды тастаған жоқпын. Төккен терім ақталып, алғаш рет дүниежүзілік додаға қатыстым. Онлайн форматта өт­кен Әлем кубогында қола медаль еншіледім.

– Талай жарысты көріп жүрміз ғой, онлайн жарыс дегенді бұрын естімеппін. Ол қалай өтеді?

– Әрине, әдеттегі жарыстарға ештеңе жетпейді ғой. Спортшылар бір жерге жиналса, өзара бәсекелестік болады, ерекше атмосфера қалыптасады. Ал онлайн жарыс жеке жаттығуға көбірек ұқсайды. Алдыңда камера мен зілтемір ғана болады. Бір қолайлы тұсы, қобалжу деген мүлдем болмайды. Тып-тыныш залда бапкерің айтқан тапсырманы орындауға тырысасың.

– Жуырда ересектер арасындағы ел біріншілігінде жүлдегер атандың. Бәсекелестік жоғары болды ма?

– “Күш атасын танымас” дейді ғой қазақ. 18-де болсам да Талдықорған қаласында еліміздің ересек спортшыларымен сынға түстім. 109 килограмнан жоғары салмақта бағымды сынадым. Жұлқа көтеруде 139 килограмм зілтемірді бағындырдым, ал серпе көтеру жаттығуында 180 килограмды еңсердім. Жарыс қорытындысы бойынша еліміздегі таңдаулы спортшылардың бірі Ибрагим Берсановқа ғана есе жіберіп, күміс медальді еншіледім. Мен үшін жаман нәтиже емес. Дегенмен алға қойған мақсат бұдан да зор. Алдымен ересектер арасында чемпион атанғым келеді, ары қарай көре жатармыз.

– Алдағы жоспарларыңды айта кетсең, қандай дүбірлі додалар күтіп тұр?

– Қарашаның 28-і мен желтоқсанның 5-і күндері Өскемен қаласында жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Оған 20 жасқа дейінгі спортшылар қатысады. Мен де бұл додаға дайындалып жатырмын. Осы жолы міндетті түрде жеңімпаз атануға тырысамын.

– Сәттілік тілеймін! Өскеменнен чемпион атанып оралуыңа тілектеспін!

Әңгімелескен

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp