«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәртебелі міндет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жас мемлекеттің Орта Азия мен посткеңестік елдердегі қақтығыстар мен келіспеушіліктерді жою үшін атқарған ара ағайындық қызметі жоғары бағаланды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі – сол бітімгершілік жұмыстың нәтижесі. Бұл – 2018 жылдың еншісіне жазылған жетістік, мәртебелі міндет. Қазақстанның төрағалығы барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматында 30-ға жуық отырыс өткізілді және олардың қорытындылары бойынша қарарлар мен мәлімдемелер қабылданды.

18 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен “Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары” тақырыбындағы жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төрағалық етуінің басты іс-шарасы болды. Отырыс сенімді нығайту шаралары, сондай-ақ превентивті дипломатия құралдарын нығайту әлемдік державалар арасындағы саяси конъюнктура нәтижесінде уақтылы шешілмейтін көптеген маңызды мәселелер бойынша прогреске қол жеткізудің негізі бола алатындығын көрсетті. Отырыс қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Төрағасының мәлімдемесі жанжалдардың алдын алу кешенді стратегиясына айналды. Аталған құжатта превентивті өрістету, алдын алу, татуластырушылық, бітімгершілік, жанжалдан кейінгі бейбітшілікті және есеп беру міндеттілігі шараларын нығайтумен қатар алғаш рет жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесі қамтылды. Қазақстандық делегация бастамашылық еткен іс-шаралардың табысты өткізілуі және олардың нәтижелері бойынша қорытынды құжаттардың қабылдануы еліміздің бітімгерлік әлеуетінің жоғары екенін, қазіргі заманғы әлемнің ең өзекті мәселелерін шешуге қатысты тиімді тәсілдерді ұсына білгенін көрсетті.

2018 жылы Ақтауда Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет қана емес, теңіздің геосаяси және өзге де қолай­лылығына қызы­­ғу­шылықпен қарап, оған қатысты жағдайды қада­ғалауды ұмыт қалдыр­май­тын алыс-жақын елдер­дің назарын аудар­ған Бесінші Каспий сам­миті өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан Прези­денті Ильхам Әлиев, Иран Ислам Рес­публикасы­ның Президенті Хасан Рухани, Ресей Федерациясының Прези­денті Владимир Путин, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатыс­қан айтулы шара өзара татулық, жоғары түсіністік деңгейінде өтті. Ең бас­тысы, Ақтау саммиті бес мемлекет арасын­дағы көп жылдан бергі келіссөздердің нәти­жесі болды. Тарихи құжат Каспий теңізінің құқық­тық мәртебесі туралы кон­венцияға қол қойы­луымен ерекшеленді. Бесінші Каспий саммитінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенция, терроризмге қарсы күрес жүргізу саласындағы ын­ты­мақтастық туралы хаттама, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жүргізу саласын­дағы ынтымақтастық туралы хаттама, Каспий маңы мемлекеттерінің үкі­меттері арасындағы сауда-экономи­калық ынтымақтастық туралы келісім, Каспий маңы мемлекеттерінің үкіметтері арасында көлік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім, теңізде жанжалдың алдын алу туралы келісім, шекара ведомстволарының ын­тымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы хаттама секілді маңызды құжаттарға қол қойылды.

2018 жыл өңірімізде қандай жетістіктермен, жарқын сәттерімен есте қалды десек, алдымен Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойын атап өткен жөн болар. Ең алдымен, Түркi әлемiнде 2018 жыл “Мағжан Жұмабаев жылы” болып жарияланды. Осыған байланысты ақпан айында Халықаралық “ТҮРКСОЙ” ұйымының ұйымдастыруымен түркi әлемiнiң мәдени астанасы аталған Кастамону және Анкара қалаларында мерекелік шаралар бастау алды. Оған поэзия пайғамбарының отанынан зиялы қауым өкілдері мен өнерпаздар арнайы барып, қатысты. Мағжан Жұмабаевты еске алып, шығармаларын түркітілдес елдер арасында кеңінен насихаттауға арналған іс-шара Гази университетінде өтті. Шараға “ТҮРКСОЙ” ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түрік Республикасы Президентінің кеңесшісі Ялчын Топчу, Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның Мəдениет жəне туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман, Кечиорен ауданы муниципалитетінің басшысы Мустафа Ак, Гази университетінің ректоры, профессор Ибрагим Услан, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омероглу және басқа да белгілі тұлғалар, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан конференцияға арнайы барған әдебиетші ғалымдар қатысты.

Маусым айында ұлы ақынның туған жері Сарытомарда 125 жылдығы кеңінен тойланды. Ат шаптырып, балуан күресті, Петропавлда халықаралық конференция өтті.

Жалпы 2018 жыл теріскейде мәдени жаңалықтарға толы болды. Соның бірі – серілердің серісі Сегіз Серінің 200 жылдығы. Атаулы датаға орай республикалық ғылыми конференция мен “Сал-серілердің серкесі” атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс аламанына еліміздің түкпір-түкпірінен от ауызды, орақ тілді он алты ақын қатысты. Қызылжарлық көрермендерді риза қылған ақындардың ішінен бұл жолы бағы жанып, бабы келіскендер топ жарды. Ринат Зайытов бас бәйгені иеленіп, тақымына “Renault Duster” шетел автолкөлігін басты. Бірінші орын қарағандылық Мақсат Ақановқа бұйырса, екінші орынды Жансая Мусина мен Жарқын Жұпархан еншіледі. Болатбек Оразбаев, Әсем Ережеқызы мен Қазірет Бердіхан үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ ақындарға Мағжан Жұмабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Ерік Асқаров атындағы ынталандыру сыйлықтары берілді.

Қожаберген жыраудың 355 жылдығы да Қызылжар тарихында алтын әріппен жазылды десек артық болмас. Қалаға кіреберісте батыр бабаның атқа мінген мүсіні тұғырға орнатылып, ел мен жердің иесі кім екенін айғақтап тұр. Осылайша көзі тірісінде ел үшін аттан түспеген дауылпаз баба бүгінде ұрпағына елдік пен ерліктің үлгісіне айналды.

Осыдан 3 жыл бұрын қызылжарлық ағайын бөркін аспанға атқан сәт орын алды. Жерлесіміз Самал Есләмова Канн фестивалінде “Үздік әйел рөлі” номинациясының жеңімпазы атанды. Самалдың талантын ашқан “Айка” фильмі – баласын перзентханаға тастап кеткен қырғызстандық мигрант қыз туралы драма. Мәскеуде заңсыз жұмыс істеп жүрген қыздың аяғы ауыр болып қалады, дүниеге әкелген сәбиін перзентханада қалдыруды ұйғарады. Бірақ кейін аналық сезімі оянған Айка тастап кеткен ұлын іздей бастайды. Фильм қоғамның өзекті мәселесін дөп көрсеткен.

2018 жылдың теріскей үшін тағы бір басты оқиғасы – 15-інші өңіраралық форум. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Оқушылар сарайында “Қазақстан мен Ресей туризмін дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері” тақырыбындағы форумның пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырысты Елбасы кіріспе сөзбен ашты. Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның бір мыңнан астам өкілі бас қосқан, туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылған форум барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстан мен Ресейдің жемісті қарым-қатынастары біздің халықтарымыздың мүддесі тұр­ғысында сенімді және сабақтаса дамуы үшін берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихы­ның ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де ерекшеленетін көршілес тәуелсіз мемлекеттер болып саналады, – деген Мемлекет басшысы қазіргі заманғы жағдайда туризм жаһандық экономика өсімінің негізгі драйвері екенін атап көрсетті. “Бүгінде туризм әлемдік экономиканың 10 пайызын қамтыды, әрбір оныншы жұмыс орнын құруда. Осы сала тікелей инвестицияның жүздеген миллиард долларын тартуда. Бұл тұрғыда жаһандық экономикалық дағдарыс кезеңінде де туризм даму тетігі болып сақталмақ. Екіжақты туризмді дамыту үшін жүйелік шаралар қабылдау керек. Сонымен бірге екі елдің географиялық жақындығын тиімді пайдаланған дұрыс. Біз туризмді дамытудың бесжылдық бағдарламасын әзірлеуді аяқтауға жақындадық. Қазақстанға туристер ағынын 13 миллионға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Бұл ретте 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылмақ”, – деді Елбасы.

– Ресейдің 76 субъектісі Қазақстанның 14 облысымен қарым-қатынас орнатты. Жыл сайын тікелей өңіраралық қатынастардың қарқыны артып келеді. Қаңтар-қазан аралығында Қазақ станға 50-ден астам ресейлік аймақтық делегация келді. Осы орайда ондаған бизнес-миссиялар, жастар бағдарламалары ұйымдастырылды, яғни ғылым, білім және мәдениет салаларына арналды. Қазақстан мен Ресей арасында тарихи-мәдени құндылықтарды туристерге таныстыратын бағыттарды жетілдіру керек. Форумға қатысушылардың барлығына белсенді бірлескен жұмыс үшін алғысымды айтқым келеді. Келесі жылы өңіраралық форумды өткізу кезегі Ресейге түсіп тұр. Осы орайда сіздерді Омбы қаласына жиналуға шақырамын, – деді өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин.

Пленарлық отырысты қорытындылаған Нұрсұлтан Назарбаев Петропавл қаласындағы форумның жемісті өткенін атап көрсетіп, бұл бағытта алда тұрған бірнеше міндеттерге назар аударды, Үкіметке тиісті тапсырмалар берді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-жоспарына қол қойды. Форум аясында басқа да меморандумдар мен келісімдер жасалды.

Тәуелсіздіктің 27-ші жылында елімізде, соның ішінде Қызылжар өңіріндегі айшықты оқиғалар осылай өрбіді. Облыс орталығын абаттандыру жұмыстары қарқын алып, Оқушылар сарайы, теннис орталығы секілді еңселі ғимараттар пайда болды. Ең бастысы, қала жаңа кейіпке енді. 2018 жыл ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласы да табыстарға толы болды. Мысалға, бұл жылы гектарынан 19 центнерден өнім алынып, теріскейлік диқандар қамбаға 6 миллион тоннаға жуық астық құйды.

Тарих қойнауына енген 2018 жыл осындай айшықты сәттерімен есте қалды. Мәртебелі міндеттерді абыроймен атқарған Қазақ елі үшін табысты болғаны сөзсіз.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp