«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

2012: ТЕРРОРДЫҢ ЫЗҒАРЛЫ ДЕМІ (Арнаулы мақсаттағы қызмет қызметкерлерінің естелігінен)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

XXI ғасырда халықаралық тер­роризм қатерлі деңгейге кө­теріле бастады. Оның салдарын Қазақ­стан да сезінді. Әсі­ресе 2012 жыл осындай оқиғаларға толы болды. Сол жылғы оқиғалар хро­ни­касына қарайтын болсақ, (олардың бәрі те­ракті ретінде танылған жоқ, олар­дың бәріне “А” Арнаулы мақ­саттағы қыз­меті­нің қызметкерлері қатыстырылмады), экстремистік ша­буылдар қазақстандық­тар­дың үрейін ұшырды. Террордың ыз­ғарлы демі барлығын алаңдатты.

Бүгінде ҰҚК-нің “жауынгерлік қанаты” болып табылатын қыз­мет­те тамаша өт­кі­зілген арнайы опе­рациялар жетерлік, онда жа­уынгерлер алға қойылған мін­дет­терді тиімді орын­дауға қабілетті екен­діктерін дәлелдеді.

Солардың бірқатарына толы­ғы­рақ тоқталып өткіміз келеді.

Көбікке көмілген

“Куба”, мені қорға!” – деп “Стамбул” жауынгер жолдасына қысқаша бұйрық берді…

“Стамбулдың” жүрек қалауы­мен келген “А” арнаулы бөлімше­сінің жауын­геріне лайықты қа­сиет­терді бойына сі­ңір­геніне 6 жыл өтіпті. Шекарашылық әскери бі­лі­мі бар қарапайым ауыл бала­сы­ның өз-өзімен айналыспаған бір­де-бір күні жоқ. Жауынгерге сын сағатта өте қажет болатын денесі мен ойлау жүйесін шынық­тырған ол мүлт жібермей атуды үйренді, қа­ру-жарақтың жаңа түрлерін мең­герді. Түз баласының асау мінезін байқаған әріптестері оған “Стам­бул” деген шақыру белгісін берді.

2012 жылғы 21 маусым “Стам­бул” үшін қарапайым күндердің бі­рі болатын, яғни шабуылдау ғи­маратындағы сабақ­та жігіттермен бірге “бөлмені тазалау” тақыры­бын пысықтап жатқанды. Бөлім бас­­тығы “Капралға” кезекші теле­фон со­ғып, “Жауынгерлік дабыл, бәрі жинал­сын!” деген бұйрықты жеткізді, ал “Кап­рал” болса бай­салды даусымен түк бол­маған­дай: “Сабағымыз тағы да үзілді, тез жиналамыз, жігіттер!” – деді. Де­генмен ол біздің барлық саба­ғымыздың емтиханы осы екен­дігін іштей түсінетін…

Басқарма бастығы “Найман­ның” жылдам жүрісіне қарап, акт за­лында отырған біздер оның кө­ңіл күйі салқын екендігін сезіндік, артық-ауыс сөзі жоқ құрғақ пәр­мен берілді: “Жігіттер, шұғыл түр­де Ақтөбеге ұшамыз, жедел жағ­дайды жол-жөнекей айтамын”.

Арада үш сағат өткенде біз Ақ­тө­бе қа­ласына жетіп, жедел қыз­меткерлермен бірге терроршы­лар­ды іздестіре баста­дық. Бірінші кезекте қаладан қашпақшы бол­ған олардың сыбайластарын вок­залда ұстап үлгердік. Осылайша тер­роршылар туралы алғашқы ақпаратқа қол жеткіздік.

Террорға қарсы іс-шараның басы осылай басталды…

Бұл күні жаңбыр құйып тұрды. Арнау­лы қызмет жауынгерінің күн­делікті киім-кешегі 35 кг шама­сында болады. Брон­ды кеудеше “РЭЙД-Л” костюмі су болып, тағы 10 кг-ға ауырлай түсті. Біз “Бүркіт” бө­­лімшесінің жауынгерлерімен бірге тіз­бекке тұрып, әрбір ма­зар­ды жіті қа­рап, зиратты “тазалай” бастадық. “Тазалауы­мызды” аяқ­тап болмай жатып, жаңа пәр­мен келді: “Терроршылар техникалық қызмет көрсету стансасында”, біз авто­бусқа жүгірдік.

Иә, кейбір кезде жедел жағдай аяқ астынан өзгеретіндігі бар, әсі­ре­се қай жерден қауіп-қатер келе­тіндігін сезбей қаласың, әрине, біз­ді сол үшін де маман дейді, бар­лық жағдайға дайын болуы­мыз керек…

Вокзалға келген кезде адам­дар­дың көптігін көрдік: әскерилер, қарапайым адамдар. Полицей­лер­­дің бірі қолымен көрсетіп, со­ңы­мыздан айқайлады: “Олар ана жақта, олар ана жақта!”. Әри­не, бар­лығы үрей үстінде болды, қа­рулы терроршылар туралы жаңа­лық шағын қала үшін төбеден жай түскендей әсер етті.

Алғашқы пәрмен “Аулаға кіру!” бол­ды. Ауладағы техникалық қыз­мет көрсе­ту стансасының маңы­нан байқағаны­мыз, көршілес га­раждарға тығылған адамдар бол­ды, көздеріндегі қорқы­нышты айт­пай білуге болар еді…

Айналаны бағдарлап болмай жатып кенеттен оқ атылып, қор­шап тұрған топ­тағы СОБР-дың бір жауынгерінің құла­ғанын көрдік. Жарықшақ басына қарай ұшып, оң жақ қасының үстіне тиіпті. Бар­лығы бізге қарады, біз жауынгерді құт­қаруға кірістік. Біздің жігіттер техникалық қызмет көрсету стан­сасының терезесі­нен атылып жат­қан оқтың астымен өтіп, жаралы жауынгерді алып шықты, осы­лай­­ша оның өмірін арашалап қалды. Жағ­дайдың қиындығын байқаған соң, тер­рорға қарсы операция өтетін аймақ­тағы барлық адамды эвакуацияладық.

Бұдан кейінгі жұмыс кәсіби жауын­гер­лерге берілді…

Техникалық қызмет көрсету станса­сы­ның ішінде не болып жат­қандығын бі­лу үшін топ командирі “Найман” жа­уын­гер “Түрікменге”: “Техникалық қызмет көр­сету стан­са­­сының терезесіне барын­ша жа­қындап, “Айсболды” лақтыр!” – де­ді. Аталған құрал үй-жайдың ішін бақы­лауға мүмкіндік береді, не­гізі осындай алдыңғы қатарлы тех­нологиялар біздің қызметкер­лер­дің өмірін сақтауға көмек­те­седі.

“Айсбол” қосылған планшеттің мони­торынан “Стамбул” жаруға да­­йындалған оттегі баллондарын құ­шақтаған террор­шыларды көр­ді. Шабуылдап кірудің мүм­кін емес­тігін бәрі түсінді, ондай қи­мыл өзіңді-өзің өлтіргенмен тең еді…

Штабтан оларды қалайда тірі­дей алу керектігі туралы тапсыр­ма берілді, ал арнаулы бөлімше қызметкерлері пікір таластыруды ұнатпайды…

“Брэйнштормды” бастадық, террор­шы­ларды үй-жайдан қалай шығарамыз деп ойлап қоямыз… Осы кезде күңкілдеп сөйлейтін “Тү­рікменнің” пікірі бәрімізге ой сал­ды: “Кәнеки, оларды көбікке шо­мыл­дырайық, сол кезде жанатын ком­понент­тер жарылмайды”. Осы пікірдің не­гі­зінде қимылдай бас­тадық, яғни ша­буылымыз оқулық бойынша өтпейтін болды.

Осы кезде топ командирі өз ұсы­ны­сын білдірді: “Мергендер топ­тың қимы­лын қолдап тұруы үшін стан­саның қа­быр­ғасын БТР-мен қиратыңдар”.

Әскери БТР гүрілдеп соғысқа кіріске­німен, өмірде бәрі басқаша болатын­ды­ғы бар. Бірінші соққы­ны жасағаннан ке­йін-ақ ұрыс машинасының ілінісі жанып, БТР-дың жүргізушісі үрейленіп кетті. Бірақ “А” қызметі жауынгерлерінің “Қо­рықпа, біз сенімен біргеміз” де­ген сөзі оған тез әсер етіп, оның кө­ңілі орнына түскендей болды. Жүр­гізуші өз-өзіне келіп, БТР-ды сөн­діріп, рычагты екі қо­лымен бар күшін сала тартып, артқы жыл­дам­дықты қосып, ұрыс машина­сын оталдырды, біз жасырынатын орынға ойдағыдай жеттік. Жүр­гізуші бұзылған жерін ішінара жөндеп, “әзірге жүруге болады”, – деп мысқылдап қойды.

Мақсатымыз орындалды: 15 тонна­лық машинаның күшімен техникалық стансаның қақпасы майысып, саңылау пайда болды, енді оны толығымен ашу керек еді. Бізге есікті БТР-дың тросына ілу туралы жаңа міндет жүктелді.

“Хаким” қалқаншы “Бизонның” кө­мегі­мен қақпаны ілуге тырысты, осы кез­де техникалық стансаның қараңғы бөл­месінен оқ атылып, “Хаким” жарақат алды. Бірақ соған қарамастан ол тапсырманы орын­дады.

Рупор арқылы қылмыскерлер­мен келіссөз жүргізушілер үнемі жұ­мыс істеп жатты, кейбіреулері­нің ата-аналары да шақырылды.

Осы кезде біз жантүршігерлік көрі­ністің куәсі болдық. Террор­шы­лардың бірінің анасы қаруды тастауын өтініп еді, ал оған жауап қатқан баласы анасына: “Мыстан­сың, кәпірлерге көмекші боп жүр­сің!” – деді. Терроршылармен бол­ған келіссөз нәтиже бермеді.

Операция басталғаннан бергі екі тәу­лік бойы біз экипиров­ка­мыз­ды шеш­кен жоқпыз, мүмкінді­гі­міз­дің шегінде жұмыс істедік. Қал­қан ұстайтын “Бизонның” кигені салмағы 50 кг болатын бронды кеу­деше, қолына ұстап жүретін қалқанның салмағы 25 кг. Осын­дай ыңғайсыздық­тарға қарамас­тан, “А” Арнаулы мақсат­тағы қыз­метінің жауынгерлері үшін жең­бей­тін қиындықтың жоқ екендігін әр­қайсысымыз білетінбіз.

Шабуылға дайындық барысын­да “Иртыш” заряд дайындап, оны жарды, нәтижесінде қабырғада тесік пайда болды. Терроршылар болған үй-жайға 3 тонна өрт сөндіргіш көбік құйылып, одан кейін осыншама су жіберілді.

“Шабуыл! Шабуыл! Шабуыл!” – деген “Найманның” пәрмені есті­ліп, ұрыс ма­шинасының көмегі­мен операцияны бас­тадық. Біздің келе жатқанымызды байқа­ған тер­роршылар “Аллах Акбар!” деп ай­қай­лап, оқ жаудыра бастады. Қар­сылас­тың қарсы шабуылын той­тарғаннан ке­йін біз гараждың іші­не кіре бастадық. Қыл­мыскер­лер­дің бірі босағадағы кір­піш­тің үс­тінде жатты, ал екіншісі бөл­менің ішіне кіріп кетіп, көзден ғайып болды. Тобымыз тағы да жылжи бастағанда қарулы адам қайта­дан шыға келді де, айқай салып, бізді ата бастады. Оны атып тас­тауға тура келді…

Террорға қарсы іс-шараның нәтиже­сін­де екі терроршы қаза та­уып, біреуі ауруханаға жеткізілді.

Астаналық бөлімшенің тер­рор­ға қар­сы алғашқы бір операциясы осылай өтті.

Халқымыз бейбіт аспан астын­да өмір сүруі үшін “А” қызметінің әр­бір қызметкері өзінің өмірін өлімге байлай отырып, Отан күзе­тінде абыроймен тұруға дайын!

Кері қарай санау

“Бағанашыл” деген мен үшін қа­лай болса солай соғылған кот­теджді шағын ауданға айналған жай ғана саяжай массиві емес, көпшілігіміз үшін таң шапағын қарсы алатын соңғы орын болып қалуы мүмкін еді.

2012 жылы тамыз айында еш­кімге ештеңе айтпастан, бізді ке­неттен күзет шарасынан шақыр­тып алды. Президент қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз Мемле­кеттік күзет қызметін тұрақты түрде күшейтуге қатысамыз.

Базаға келген кезде бөлім бас­ты­ғы айқай салды: “Ауыр жағдай­да жұмыс істеуге дайындала­мыз!”.

Ауыр жағдайда жұмыс істеудің не екендігін бәріміз түсінеміз, Бо­ралдайдың жарасы әлі жазыла қой­­маған кез еді, өмірден ерте кет­кен “Таха” мен “Рауль” есімізге түсті.

Жігіттер тұрған жерде шыбын ызыңы естілердей тыныштық ор­нады, амуни­цияның дайындық ды­бысы мен қару-жарақтың сыл­ды­ры ғана естіліп тұрды. Осы отыр­ғандардың барлығы бір-бірін қор­­ғауы керектігін әрбір қызметкер іш­тей түсінді, ал үйлерінде олар­ды бала-шаға­сы, әйелі және туыс­қандары күтіп отыр.

Біздің қатарымызда жас жігіт­тер де көп болды, алғашқы тап­сырмаға шы­ғарда олардың қасы­нан өтіп бара жатқан кезде көзде­рінің оттай жанып, өз күш­теріне сеніп тұрғандығын, есейіп ержет­кен­дігін байқайтынмын.

Басыма бір ой келді: артқа қа­рай қайтуға жолың жабылған сол бір сәтте “қаның қайнайды” деген сөздің не ма­ғы­на беретіндігін түсі­несің, барлық қи­мы­лың рефлек­торлық түрде жүріп жатады, осы уа­қытқа дейін қан төгіп, тер төгіп не үйрендің, соны санаң атқарып жатады.

Операция саяжайда өтті, әрбір үйде ит бар, әдепкіде иттер үріп, ұс­тау тобы­ның жүргендігін білді­ріп қоя ма деп ой­ла­ғанбыз, бірақ әскери пози­циямызды нақ­тылап, бекініп алған соң командирдің дұ­рыс шешім қабылдағандығын тү­сін­дік, яғни шабуыл таңертең ерте, бәрі қа­лың ұйқы құшағында жатқан кезде басталады.

Бұған дейін қаладағы жер үйде жа­­рылыс болып, одан бірнеше адамның мәйіті, құқық қорғау ор­ган­дарының ны­санды киімдері, ав­томобильдің құпия нө­мірлері, әр­түрлі органдардың куәлік­тері та­был­ғандығы хабарланған бола­тын.

Қылмыскерлердің қанды ізі Ба­ға­на­шыл саяжайындағы бір үйге алып келді.

Менің тобыма үйдің тыл жағы­нан кіру міндеті қойылды. Ол жер­ге бел жазбай еңкейіп жүріп, тере­зелердің астынан өткенде қыл­мыс­­керлер шыға келмеуін, тіпті гра­ната лақтырып жібермеуін ба­қылап өттік.

Менің тобымның оң жағынан өздері­нің бар-жоқтарын білдірмей “Арал” тобы өтті, жердің ой-шұң­қырын пайдаланып, объектіге мүм­кіндігінше жақындады, ал объекті дегеніміз мансардасы бар екі қа­батты үй, ол негізгі объек­тімен бір­ге бір учаскеде орна­ласқан.

Радиостанция сөйлеп қоя бер­ді: “Қып­шақ, жауынгерлік жағ­дай­ға!”, “Арал жауынгерлік жағдай­ға!”. Қас-қағым сәтті күткен менің тобымның командирі: “Үл­кен, жауынгерлік жағдайға!” – деді.

Қайтып келер-келмесің белгісіз сәт басталды.

Адреналин қайнап тұрды, өзім­нің бес саусағымдай білетін авто­матты нығыз­дай ұстадым. Осын­дай сәттерде сені ар­қа жағыңнан жауынгер досыңнан басқа ешкім де қорғамайтындығын анық түсі­несің.

Оң жақ құлағыңнан дауыс есті­леді, бұл команданы мен айна-қа­тесіз тани­мын. Уақытты кері санау басталды: “9, 8, 7, 6, 5, 4….ШАБУЫЛ! ШАБУЫЛ! ШАБУЫЛ!”.

Қалқаншы “Мирас” кіріп бар­ғанда тер­роршылар біздің жақ­қа қарай оқты бо­рата жөнелді. “Ше­гінеміз” деген команда берілді. Осы кезде екінші боп келе жат­қан “Бриз” еш қорықпастан тез секіріп ко­мандирді ауыстырып, бораған оқты өзі­не қабылдайды, нәтиже­сінде үш оқ брон­ды кеудешесіне, біреуі каскасына тиді.

Біздің тобымыздың шегінуі үшін “Найман” мен “Расул” брон­ды қалқанда­рын жігіттердің басы­на көтеріп, сол арқылы оларға қауіпсіз дәліз жасады. Террорға қарсы операция режимі ресми түр­де осындай эпизодта енгізілген.

Радиостанция арқылы ақпарат бе­рілді: “Бізге қарсы оқ атылуда”, “Қып­шақ тобы есікті аша алмады”. Осындай абыр­жыған сәтте “Арал­дың” даусы ес­тілді: “Менде жара­лы бар”. Басыңа бір­ден ой келеді: кім жараланды? Қай же­рінен жа­раланды? Қалай жараланды? Тіс­қаққан мерген “Жора” жарала­ныпты. Станция тағы да сөйлеп қоя берді: “Жі­ліншігінен жара­ланған, өмір сүреді”.

“Жораны” құрметтеймін, ол тө­зімді сарбаз. Мұндай жарақатпен оны қор­қыта алмайсың. Ол жа­уын­герлік пози­циясынан кеткен жоқ, дәрігер жарақатын таңып жатыр.

Жақын маңдағы құрылыстар­ды та­залап жүргенде ұйықтап жат­қан жеті жұ­мысшы кездесті, олар қа­уіпсіз аймаққа эвакуацияланды.

Атыс жалғасуда. Оқтың бірі газ құ­бырына тиіп, қалдық газдың ке­сірінен үй жана бастады. Террор­шылар бұған қарамастан оқ жау­дыруда.

Өрт сөндірушілер келді. Біз олар­мен қатар жұмыс істей бас­тадық.

Өрт сөндіру бригадасы үйдегі өрт­ті сөндіре алмады. Оларды да ата бастады, ұстау тобының олар­ды да қорғауына тура келді. Кей­бір сәт­те оларды ауыстыруға мәж­бүр болды.

“Аллах Акбар!” деген дауыстар шыға бастады, “Аллаһтың” сарба­зымыз, өлім­ге дайынбыз деген си­паттағы үндеулер тасталды. Келіс­сөзден бас тартып, қарула­рын тастағысы келмеген террор­шылар тірідей жанып кетті.

Түтінді жарып өтіп, өз тобыма кел­дім. Тосқауылда ұзақ болып шаршаған жігіт­тер қоршаудың тү­бінде үн-түнсіз отыр екен. Олар­дың жүзінен кір аралас тер тамып жатты, кейбіреуі ойлана темекі шегіп отырды.

Жауынгерлердің бірі бронды қал­қа­ны­нан оқтың ізі көрініп тұр­ған “Мирас” пен “Садкоға” қарап басын изеді. Жі­гіттер шынымен-ақ “брон­ды кеудеше­мен” туыл­ғандай еді.

Арада біраз уақыт өткенде опе­рацияның аяқталғандығы туралы пәр­мен берілді.

Көрсеткен батылдығы мен қай­сар­лығы үшін “Бриз” “Айбын” ор­де­німен, ал “Най­ман” мен “Жора” “Жа­уынгерлік ер­лігі үшін” меда­лімен наградталды.

Шахидтер апанында

2012 жылғы 11 қыркүйектің кеші. Хоккейден қалалық бірін­шіліктегі шешу­ші матчтың үшінші кезеңі өтуде. Екі ке­зеңнің қоры­тындысы бойынша біздің команда қарсы­ласты ұтып жатты.

Жеке құрамның жиналуы қа­жет­тігін хабарлаған “А” қызметі ке­зекшісінің қоңырауы турнирдегі жа­қындап қалған жеңіс дәмін бұ­зып кетті. Команда бойынша асы­ғыс-үсі­гіс жолдастарыма ескертіп, шұ­ғыл түрде жұмысқа тарттым.

Кезекші толқып тұрды. Елі­міздің ба­тысынан терроршылар тобы анықта­лыпты.

Атырау облысы, Құлсары кен­тін­дегі тұрғын үйлердің біріне өз­де­рін жаратын терроршылар тоқ­тапты.

База қайнап жатты. Жауын­гер­лер қа­руланып, экипировкасын киі­нуде. Маши­налар келді. Мұнда да, онда да коман­дирлердің бұйрық­тары естіліп жатты.

“Данс” (16 килограмдық кір тасы) пен “Балдырғанды” (күреске ар­нал­ған ма­некен) алып шығып жат­қан жауынгер­лердің тірлігін көрген­дер: “Жаттығуға ба­рамыз ба, не?” – деп күлді. Осы заттар­дың бізге қа­лай қажет болатындығын ол кезде көбі түсінген жоқ.

Түн ортасында көтерілген ұшақ Аты­рауды бетке алды. Жауынгер­лерге борт­та ұйықтауға болатын­дығы айтыл­ғаны­мен, ұйықтаған­дар аз болды. Командир­лер опера­цияны өткізудің нұсқаларын талқы­лап жатты. Терроршыларды бес қа­батты үйдің бір пәтерінен алатын­дығымызды біз нақты білдік.

12 қыркүйек күні таң ата “А” қыз­ме­ті­нің 33 қызметкері Құлсарыға жет­тік. Ақылдаса келе, сол маңай­дағы тұрғын­дарды эвакуациялай бастадық.

Үрейленген тұрғындар жауын­гер­­лер­дің тасасына, бронды қал­қан­дарға, жа­рықшақ тұтқыш жа­мыл­­ғыларға таса­ланып шығып жатты.

Сағат таңғы тоғыз. Келіссөз жүр­гізу­шілер жағдайды бейбіт жолмен шешуге тырысып бағуда. Пәтер­дегілер оларға жауап ретінде “Ал­лах Акбар!” деп қана жауап қатуда. Терроршылар уақытты соза түсу­де.

Біз терезе және балкон арқылы ша­буылдаудың иммитациясын жа­сай бас­та­дық. Осы кезде “Данс” пен “Балдыр­ғанның” пайдасы тиді. Жо­ғарыдағы балконға шыққан жа­уынгерлер осы бұйымдар арқылы төменгі қабаттың те­резелерін шағып түсірді.

Радиостанция арқылы шабуыл­дың басталғандығы туралы қатты естіліп жатқан дауыстар террор­шыларды сендіре түсті. Бандиттер иланып қалды.

Бірінші фанат балконға шығып, ұстау тобын жару ниетімен белін­дегі шаһид белдігін іске қосып жі­бер­ді. Жарылғыш гүрс ете түсті.

“Аллах Акбар!” деп айқайлаған екін­­шісі де балконға жүгіріп шықты. Онда ешкімнің жоқ екендігін көрген шаһид, өрт сөндіргіш машина мен ар­н­аулы бөлімше қызметкерлеріне қа­рай секіруге дайын­далып жатты. Белдігіндегі фитиль тұта­на бас­тады.

Секірейін деп тұрған жерінен оны мергеннің оғы тоқтатты. Бұл көр­ші үйдің шатырында жатқан “Хирургтың” “сәлемі” болатын.

Жансыз дене балконның шарба­ғына ілініп қалды. Артынша жары­лыс болды.

Балконда ілініп тұрған осы сурет бар­лық жаңалық арналарынан көр­сетілді.

Балконды мергеннің бағып отыр­­ған­дығын сезген басқа қыл­мыс­кер­лер пә­тер­дің әр түкпірінен қорғаныс позиция­ларын дайындай бастады. Оған барлық жиһаздар, матрастар мен жамылғылар қолда­нылды.

“Аллах Акбар!” деген дауыстары қат­тырақ, әрі анық шыға бастады. Жау ты­ғырыққа тіреліп тұрды.

Келесі сәтте шаһидтер баспал­дақ алаңқайына шығуға тырысты. Бірінен кейін бірі жүгіріп шығып, арнаулы бө­лімше қызметкерлеріне қарай секіруде.

Шаһидтердің беліндегі шеге мен бұранда араласқан жарылғыш құ­рал­дары жарылып жатты.

Кіреберістің іші қан сасып кетті. Терезе мен есіктер үңірейіп қалған. Тіпті кәдімгі ауа да қайнап сала берді.

Арнаулы бөлімше қызметкер­лері ше­гінбеді. Қарсы оқ атып, қыл­мыскер­лер­дің бірінен кейін бірін сұлата бастады.

Жарылыстардың екпіні келіссөз жүр­гізушілерді есінен адастырды. Оларды қауіпсіз аймаққа алып кетуге тура келді.

Біздің бір қызметкер қолынан жара­ланды.

Бірақ пәтерде әлі де қылмыс­керлер бар еді. Ішке кіргенде екі тер­роршының денесін көрдік, біреуі әлі тірі секілді.

Бөлмеде жарылғыш құрылғы­лардың компоненттері мен қол­данылуға дайын жарылғыштар ша­шылып жатты.

Жаралы терроршы Құлсарының ау­ру­ханасына жеткізілді (одан ке­йін сот­талып, қазіргі уақытта жаза­сын өтеуде).

Кейінірек тергеу тобы іс-шара ба­ры­сында алты бірдей қолдан жа­сал­ған жа­рыл­ғыштың жарыл­ғандығын хабарлай­ды. Радикалды топтың алты мүшесінің бесеуі өзін-өзі жарып жібереді.

Күн кешкіріп келе жатты. Брон­ды кеу­дешелерін шешіп жатқан жауынгерлер­дің шаршаған түрінен ер азамат ретінде атқарған жұмыс­тарына көңілдерінің толып тұрған­дықтарын байқадым. Тамаша жұ­мыс, жігіттер! Үйге қайттық.

(“Отандық арнаулы қызметтің хроникалары.

Адамдар, оқиғалар, фактілер туралы хикаялар” кітабынан).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp