«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҚАЗАҚСТАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап, еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басым міндеттердің біріне айналды. Бұл міндетті жүзеге асыру тек төл Қарулы Күштерімізді құрып, оның күш-қуатын барынша арттырғанда ғана мүмкін болатын. Кеңес Одағы келмеске кеткен соң Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік институттарын мүлде жаңадан құруға тура келді. Бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылып, әсіресе әскери мамандар мәселесі күн тәртібінде өткір тұрды. Офицерлер мен прапорщиктер жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген бөлімшелердің басшысыз қалуы, жауынгерлердің әскерден қашу жағдайлары жиі орын ала бастады. Сол кездегі жағдай Қазақстан аумағында орналасқан әскери бөлімдерге дұрыс және қатаң бақылау орнатуды талап етті. Осы мақсатта 1991 жылдың 21 тамызында еліміздің Қауіпсіздік Кеңесі құрылды.

Қазақстанның мемлекеттік сая­са­тын дә­йекті түрде жүзеге асыра отырып, 1991 жы­лы 25 қазанда Н.Ә.Назарбаев “Қазақ КСР Мем­ле­кеттік қорғаныс комитетін құру ту­­ралы” Жарлыққа қол қойды. Мем­лекеттік қор­ғаныс комитетінің төрағасы болып Ке­ңес Одағының Батыры, генерал-лейтенант (ке­йін армия генералы, “Халық Қаһарма­ны”) Сағадат Нұрмағамбетов та­ғайын­далды.

Осындай аумалы-төкпелі уа­қыт­та 1992 жылдың 17 қаңтарын­да Кремльдегі Съез­дер сарайын­да Бүкілодақтық офицерлер жиыны өтті. Нұрсұлтан Әбішұлын сол жо­лы алғаш рет көрдім. Кеңес Одағы жоқ, ал оның армиясы, ең басты­сы, алапат ядро­лық қару-жараққа ие әлемдегі ең қуатты әс­кер әлі әре­кет етіп жатқан күрделі жағдай қа­лыптасқан еді. Бұл бізді ғана емес, бүкіл әлем қауымдас­тығын алаң­дат­қан мәселе бо­ла­тын. Ге­нера­литет ТМД басшыла­ры­­ның келуін талап еткенде, оған екі-ақ прези­дент – Б.Ельцин мен Н.На­зар­баев қана үн қатты. Сол жиын­да Қазақ­станның Тұңғыш Пре­зи­денті сөз сөйлеп, шиеленіс­кен ах­уал­­дың ше­шімін табуына бір­ден-бір себепші бол­ды. Оған офицер­лер мен гене­ралдар­дың орын­да­ры­нан тұрып, қол соққаны әлі есімде.

Қазақстан басшылығы алғаш­қы кезеңде барынша ұстамды көз­қарасты ұстанып, Достастық ел­де­рінің бірлескен күштерін құру идеясын қолдаған еді. Мұның бас­ты мақ­саты посткеңестік мемле­кеттердің ұжым­дық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо­ла­тын. Біздің еліміздің бұл көзқарасын сол тұс­та әскерилер ғана емес, жалпы жұрт­шы­лық мақұлдап, қуатта­ғанын айта кету керек.

Тәуелсіз республиканың заң­на­ма­сына сәйкес, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мем­ле­кеттер арасын­да­ғы қол жеткізілген келі­сім­дер негізінде Қазақстан Рес­публикасы Президентінің төл Қа­ру­лы Күште­рімізді құру туралы Жарлығы да­йындалып, онда елі­міздің аума­ғын­да орналасқан бұ­рынғы Ке­ңес Армиясы әскери бө­лімдері мен олар­дың қару-жара­ғы, дүние-мүлкі түгел Қа­зақстан Республика­сы­ның құзыретіне бе­рілетіні атап өтілді.

Осынау тарихи Жарлыққа Қа­зақстан Рес­публикасының Прези­денті Н.Ә.Назар­баев 1992 жылы 7 мамырда қол қойды, бүгінде бұл бүкілхалықтық мереке – Отан қорғау­шылар күні.

Қазақстанның әскери құрылы­сын дамы­ту­дағы кезек күттірмес міндеттің бірі және бірегейі нор­ма­тивтік-құқықтық базаны құру және әскерлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыру болатын. Со­нымен қатар офи­цер маман­дар­ды даяр­лау, Қарулы Күш­тер­дің жауын­герлік дайындығын ұйым­­дас­тыру, оны жасақтау ісін жолға қою, әске­ри тәртіпті артты­ру және құқық бұзушы­лықты түп-та­мырымен жою сияқты көптеген мәселені тез арада шешу қажет еді.

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін Қазақ­стан аумағында орналасқан Орта Азия әс­кери округіне қарас­ты ірі құрамалар мен әс­кери бө­лімдер бізге Кеңес Одағынан мұра болып қалды.

Бұл, ең алдымен айтсақ, ұшу ап­паратта­рын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізуге қабілетті ең за­манауи зымырандары бар екі ди­визиядан тұратын стратегиялық мақ­­­сат­тағы күштер тобы еді. Бұ­дан басқа, құ­ра­мында стратегия­лық бомбалаушы ұшақтарының дивизиясы, танк дивизиясы, әуе қорғанысы мен авиация корпусы бар қуатты 40-шы армия тұрды.

Сондай-ақ бізде орталыққа тіке­лей ба­ғы­натын: зымырандар­ды ер­те анықтау ди­ви­зиясы, барлау бө­лім­­шелері, көптеген әс­ке­ри құ­ры­лыс бөлімдері, “Байқоңыр” ға­рыш ай­лағына қызмет көрсететін авиа­ция­­лық полк, әртүрлі сынақ орта­лықтары мен по­лигондар (Сары­шаған, Ембі, Курчатов) жә­не де бас­қа бірқатар әскери бөлімдер болды.

Мұның бәрі жаңадан пайда бол­ған Қа­зақстан армиясының бір бө­лі­гіне айнал­ды. Сонымен қатар қа­ру-жарақты, техниканы, әртүрлі қой­маларды, ең бастысы, әскери ма­мандарды сақтап қалу қажет болды. Қа­ру­лы Күштерімізді құру ел басына төнген эко­но­микалық тауқыметтер мен ауыр қар­жы­лық жағдайында жүзеге асырылғанын ұмыт­пауымыз керек. Басқа рес­пуб­ли­ка­лар­­мен байланыстың үзі­луі­нен, жанар-жа­ғармай мен қо­салқы бөлшектердің тап­шы­лы­ғы­нан әскери техника қозғалыссыз қал­ды. Осы факторлардың бар­лы­ғы жеке құ­рам­ның рухы мен жас қа­зақстандық ар­мия­ның жа­уын­гер­лік әзірлігіне әсер етпей қоймады.

Қай жағынан алып қарасақ та, бұл елі­міздің басындағы қиын ке­зең болатын. Кей­бір сәуегей са­рап­­шылар Қазақстан күрделі әлеу­­меттік-экономикалық және сая­си проб­лемаларға тап болады деп болжам жа­сауға асықты. Шы­нында да, сол кезде бұ­рынғы КСРО елдерінде ұлтаралық си­пат­­тағы қақтығыстардың ошақта­ры пайда бо­ла бастағанды. Бірақ Н.Назарбаевтың бас­тамаларын бірауыздан қолдап, бір мақ­сатқа жұдырықтай жұмылған қазақстан­дықтар елдегі тыныштық пен ұлт­аралық татулықты сақтай білді.

Ұйымдастыру кезеңінің мерзім­де­рі де қатаң белгіленді: үш ай ішін­де КСРО-дан мұ­раға қалған әскери техника мен дүние-мү­лік қа­былданып алынды, әскерлерді ті­ке­­л­ей басқару жүйесі құрылды жә­не ТМД Қорғаныс министр­лік­тері­мен өзара бірле­сіп іс-қимыл жасау жолға қойылды. Қазақ­стан Рес­пуб­­ликасының әскерлерін қар­жы­лық, материалдық-техникалық және ме­ди­ц­иналық тұрғыдан қам­та­масыз ету мәсе­лелері шешіле бастады.

Өзіміздің әскери кадрлардың болмауы және армияны құрудағы қажетті тәжі­рибенің жоқтығы тө­тен­ше шешімдер қа­был­дауға, со­ның ішінде тәжірибелі прапор­щик­тер мен сержанттар есебінен әс­кери қыз­метшілер үшін жеделде­тіл­ген курстар ашуға түрткі болды. Бұрынғы оқу орында­рын заман талабына сай қайта құру және жетілдіру қолға алынды.

Сонымен қатар мемлекеттің қа­лыптасу кезеңіндегі әскери қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету жүйесін қа­лыптастыруға бағытталған бі­рін­ші Әскери доктрина әзірленді. Мем­ле­кет­тің әскери ұйымын тиім­ді да­мыту жол­да­рын іздестіру ке­ле­сі төрт Әскери док­тринада да кө­рініс тапты, олар Қарулы Күштерді да­мы­тудың теориялық және ұйым­дастырушылық негіздерін бел­гіледі, соғыс пен бейбітшілік мә­се­лелеріне және қазіргі заман­ғы қауіп-қатерлерді ескере оты­рып, елі­міздің әскери қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге деген негізгі көзқа­растарды айқындады.

Сондай-ақ 2000 жылғы Әскери доктрина аясында Қарулы Күш­тер­ді жалпы ішкі өнім­нің 1%-нан кем емес көлемде кепілден­діріл­ген бағдарламалық мақсатты қар­жы­лан­дыру қағидасының алғаш рет бекітіл­генін айту керек.

Қарулы Күштердің құрылымы мен құра­мы айқындалып, мемле­кеттің әскери геог­рафиясы ықти­мал қауіптер негізінде қайта қа­рал­ды. Осылайша өздерінің тиісті стра­тегиялық мақсаттары бар үш әскер түрінен – Құрлық әскерле­рінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұ­ратын Қарулы Күштердің құрылы­мы бекі­тіл­ді. Олардың құрамы мемлекетке төнуі мүмкін әскери қауіптерді ескере отырып, оңтай­лан­дырылды және шешуге тиіс мін­деттері нақтыланды.

Германиямен бұрын жасалған халық­ара­лық келісімдерге сәйкес су ығыстыруы 70 тонна болатын төрт шағын патрульдік катер алын­­ды. Кезінде Орал қаласын­да­ғы КСРО-ның қуатты қорғаныс ке­шені құра­мында болған жергі­лікті за­уыт­та төл Әске­ри-теңіз күш­тері­міз үшін арнайы жасалған кеме 1996 жылдың мамыр айын­да суға тү­сі­рілді. Бұдан сәл бұрын дәл осы за­уытта Қор­ғаныс ми­нистрлігінің тап­сырысы бо­йын­ша жүрдек пат­руль­дік катер шыға­рыл­ған болатын.

Қарулы Күштерді құрудың бас­тап­қы кезеңінде Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назар­баев гарнизон­дар­ды үнемі аралап, әскер­лердің тыныс-тіршілігімен танысып, әс­ке­ри қызметшілермен әңгімеле­сіп, өткізіліп жатқан оқу-жаттығу­ларға қатысып отырды.

Қарулы Күштерді құру және же­тілдіру бойынша қабылданған ше­шуші қадамдар туралы сөз бол­ған­да Елбасының ерекше рөлін, оның елімізде ғана емес, одан да тысқары жерлердегі жоғары беде­лін атап өткен жөн. Мысалы, Мем­лекет басшысы­ның тікелей ара­ла­суымен Ресейден әскери тех­ни­ка­ны, жеткізу, оның ішінде С-300 зымырандар кешені, МиГ-29, Су-27, Су-25, “Л-39” сияқты жа­уынгерлік ұшақтарды қайтаруға қа­тысты мәселелер өзінің оң шеші­мін тапты. Біздің мамандарды Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарында тегін оқыту туралы да оңтай­лы уағда­лас­тыққа қол жеткізілді.

Елбасының әскери қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі күш-жігерді бі­ріктіру қажет­тілігіне деген берік се­німі арқасында Ұжым­дық қауіп­сіз­дік шарты (кейіннен Ұжымдық қа­уіп­сіздік шарты ұйымы) шеңбе­рін­де жүзеге асырылған коали­ция­лық әс­кери құрылыстың негізі қаланды.

ТМД мемлекеттері арасында­ғы тиімді шешімдердің бірі 1995 жыл­дың 10 ақпа­нын­дағы Достас­тық­қа қатысушы барлық мем­ле­кет­тердің мүддесін көздейтін Бі­рік­кен Әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешім болатын. Бі­рік­кен Әуе қорғанысы жүйесінің мақсаты ТМД-ға қатысушы мем­лекеттердің әуе шекараларын қорғау, әуе кеңістігін пайдалануды бақылау, аэроға­рыш­тық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескер­ту, ұйымға мүше мем­лекеттердің аса маңызды нысан­дарын әуе ша­буылдарынан қор­ғау болып табылды.

Қазақстан ТМД елдерімен қа­тар НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қы­тай Ха­лық Рес­публикасы, Түркия, Гер­мания және басқа да мемле­кет­термен әскери және әскери-тех­никалық ынтымақтастық орна­та бастады.

Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назар­баев­тың өзі былай дейді: “Біз еш­қа­шан тек ішкі қауіпсіздікті қам­та­масыз етумен шектелген жоқ­пыз және тұрақтылық үшін барын­ша кең ауқымда негіз жасауға ұм­тыл­дық. Елі­міздің сыртқы саяса­ты, Қазақстанның ха­лық­аралық қауіп­сіздік құрылымдарына, ең ал­ды­мен, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға қа­ты­суы дәл осыған бағытталған”.

Қазақстан армиясын реформа­лау бары­сында әскери білім беру мен әскери кадр­ларды даярлау жүйесін жетілдіру, ұлттық әскери-ғылыми базаны құру және дамыту мәселелері басым бағыттар ретін­де қа­растырылды.

Жоғары білікті әскери кадрлар­ды даяр­лаудың үздіксіз, көп дең­гейлі және бірізді оқу процесі бас­шылықтың жоспарына сәй­кес әс­кери білім берудің бірқатар дең­гейі мен кезеңін қамтитын болды. Қа­зақ­стандық әскери қызметші­лер­ді шетелдік әскери оқу орын­дар­да даярлау мәселелері қайта қа­ра­лып, оларды біздің елімізде оқыту мүмкін емес жағдайда, тек өте тап­шы мамандық­тар бойын­ша ғана сыртқа білім алуға жі­беру туралы шешім қабылданды. Бо­са­тыл­ған қаражатты Қазақстан­да­ғы әскери оқу орындарын да­мытуға жұмсау анағұрлым тиім­дірек болды.

Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің 1996 жылғы 1 шілде­де­гі Жарлығымен пост­кеңестік ке­ңіс­тікте теңдесі жоқ кіші ко­ман­дир­лер – кәсіби сержанттарды даярлай­тын бірегей әскери оқу ор­ны – Ка­дет кор­пусы құрылды. Кә­сі­би әс­кер құру бағытын­да жасал­ған осы қадамның уақтылы және өміршең шешім екендігін уақыт дә­лелдеді. Қазір Кадет корпусы­ның түлектері Қарулы Күштердің бар­лық түрлері мен буын­дарында қыз­мет атқара­ды және өздерінің кәсі­би білікті­ліктерін дәлелдеп келеді.

Бұдан бөлек, Құрлық әскер­ле­рі­­нің әс­кери институты, Әуе қор­ға­нысы күштерінің әскери инсти­ту­ты, Радиоэлектроника және бай­ла­ныс әскери-инженерлік инсти­туты және бірқатар оқу орындары жемісті еңбек етуде. Бүгінде елі­міздегі ең жоғары әскери оқу орны – Ұлттық қорғаныс университеті Қа­зақстан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасының есімімен аталады.

Қазақстан армиясының табыс­тары негі­зінен Елбасының әскери құрылыс сала­сын­дағы сарабдал саясатының, Қарулы Күш­терге де­ген ұдайы қамқорлығының нә­ти­жесі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ­стан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­­зиденті – Елба­сы Н.Ә.Назар­баев төл әскерімізді негізін қа­лау­шы және қазіргі заман талабына сай оның жаңа келбетін қалыптас­тырушы бо­лып табылады.

Бүгінгі күні осы бағыттағы тари­хи сабақ­тастық Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күш­терінің Жоғар­ғы Бас Қолбасшысы Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жіті на­за­рының арқасында әрі қарай жүйелі түрде жү­зеге асырылуда. Әскерлердің барлық түр­лері мен тектерінің жауынгерлік әлеуеті ар­та түсті. Отыз жыл бойы Қа­зақстан Рес­публикасының Қару­лы Күш­тері еліміздің егемендігі мен ау­мақтық тұтастығының кепілі бо­лып келді және алдағы уақытта да бола бермек.

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

Армия генералы, Халық Қаһарманы, “Қарулы Күштер ардагерлері” республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp