«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Егемендіктің теңдессіз жеңісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ядролық қаруға қатысты қандай да бір сөз қозғалса Қазақстан халқының жан жарасы сыздап, Семей полигонының зардабын еске алатыны бар. Қаншама адам жақынын жоғалтқан, әлі тумаған бала денсаулығынан айырылған бұл ядролық сынақтардың қасіреті ешқашан ұмытылмақ емес.

1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында тұңғыш рет атом бомбасы сынақтан өткізілген болатын. Арада тура 42 жыл уақыт өткеннен кейін ғана – 1991 жылы зұлматты сынақтарға нүкте қойған “Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы” Елба­сының Жарлығы шықты. Осынау 40 жылдан астам уақыттың ішінде полигон аумағында мыңдаған Хиросималар жарылды деуге болады.

Семей полигонын КСРО өзінің ядролық қаруының шама-шарқын тексеріп көру мақсатында ашқан болатын. Бұл үшін 18 миллион гектар жер бөлінді. Алғашында сы­нақтар жер бетінде өткізілгенімен, айналаға тигізген зияны ұшан-теңіз болғаннан кейін жары­лыс­тар жер астына көшірілген еді. Сол заманның өзінде радиация­дан зардап шеккендердің саны жарты миллион адамға жеткен.

Полигонда өткізілген сынақ­тардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе ке­ңіс­тігінде жасалған. Осы ашық жарылыстардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп еді. Семей сынақ по­лигонында жүргізілген жарылыс­тардың салдарынан миллион­даған кісі дертке ұшырап, бақи­лық болды. Полигонға жақын ауылдар мен аудандарда, тіпті Семейдің өзінде де адамдар ара­сында бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген ауру, дерт, кесел түрлері көбейді. Ана, бала өлімі жиілеп кетті.

1970 жылдың мамыр айында мемлекет алдындағы борышым­ды өтеуге әскерге аттандым. Ол кезде Торанғұл ауылында трак­торист-машинист болып жұмыс істеп жүрген 18 жасар жігіт едім. Бізді Курчатов қаласының маңын­дағы Дегелең тауларының арасы­на апарып түсірді. Әскерде бол­ған екі жыл ішінде 14-15 жары­лысты өз көзіммен көрдім. Бұл кез­дері қуаты бірнеше килотонна болатын ең мықты сутегі бомба­лары сыналып жүрді. Денсаулығы нашар сарбаздар ауада тараған радиация әсерінен мұрындар­ынан тоқтамай қан кетіп, бастары айналып, есінен танып қалатын болды. Бұл дерттің сыртқы көріні­сі болса, іш-құрылысымызға әсері есейе келе өрши бастады. Бүгін­де полигонда борышын өтеген азаматтардың басым бөлігі 1, 2, 3 топтың мүгедектері. Ең жаманы сол, денемізге тараған радиация біздің ұрпақтарымызға да бері­леді. Солар үшін алаңдап, уа­йымдаймын.

1989 жылы белгілі ақын, мем­ле­кет және қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутат­тығына кандидат Олжас Сүлей­ме­нов ядролық сынаққа қарсы “Нева­да-Семей” антиядролық қоз­ғалы­сын құру туралы үндеу тас­тады.

40 жылдан астам уақытқа со­зыл­ған зұлмат Қазақ ССР Прези­дентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жар­лы­ғымен тоқтады. Құжатта Пре­зидент сынақ жылдары мыңдаған адамның денсаулығы мен өмiрiне нұқсан келгенiн айтып, полигонды жабу туралы бастама жасаған. Сондай-ақ зардап шеккен аза­маттарға өтемақы төлеу тәртiбiн бел­гiлеп, сынақ алаңы мен iрге­лес аумақтардың әлеуметтiк жағ­дайын және медициналық қыз­ме­тiн жақсартуды қаулы еткен. “Бұл ше­шім – Қазақстан жерінде сан­сыз қасірет пен шығынға әкелген жүз­деген ядролық жары­лысқа тоқ­тау қойды. Семей поли­го­нын жа­бу туралы шешім біз Ке­ңес Одағы құрамында болған кез­де қабыл­данған еді. Одан ары сы­нақтар жүр­гізу үшін полигонды қа­лай бол­ғанда да сақтап қалуға ұм­тылған қуатты одақтың әскери ко­манда­лық машинасының қар­сы­лығын еңсеруге тура келді. Де­ген­мен КСРО күйрегеннен кейінгі ке­зең­де біз әлемдегі төртінші зымы­ран­дық-ядролық арсеналға ие бол­­дық”, – деген болатын Ел­басы.

Тұңғыш Президентіміз атап өткендей, сынақ алаңын жабу еліміз тәуелсiздiк алар сәтте қабылданған ең маңызды шешім еді. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда мемлекет аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Бүгінде қазақ елінің бұл бастамасын бүкіл әлем қол­дайды. Елбасымыздың жа­ры­лыстардың үнін өшірген Семей сынақ алаңын жабу туралы Жар­лығы – еліміздің ең басты жетіс­тігі. Тәуелсіздіктің отыз жылында алынған асулардың бар­лығы тек бейбіт өмірдің арқа­сында мүмкін болды. Қазақ елінің Тәуелсіздігі баянды болғай.

Алмағамбет ЖАНБЕКОВ,

“Семей полигоны” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp