«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл күллі қазақ жұрты ата-бабаларымызға арман бол­ған, осынау ұлы бақытқа бүгінгі ұрпақ қол жеткізген Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Осынау уақыт бедерінде ғасырға пара-пар істер атқарылып, еліміз жаһандық қауымдастықта өзінің лайықты орнын еншіледі. Егемен еліміздің жеткен жетістіктері, бағындырған белестері Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, салиқалы саясатының арқасында мүмкін болғанын әр қазақ жақсы біледі.

Мен 1950 жылы бұрынғы Со­вет (қазіргі Аққайың) ауданын­дағы Еркіндік ауылында дүниеге келдім. Ленинский ауылындағы онжылдық орыс мектебін тамамдаған соң, Мәскеуде азаматтық борышымды өтедім. Әскерден аман-есен елге оралып, білім алуды алдыма мақсат еттім. Сөйтіп, 1972 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, агроном мамандығын алып шықтым. Алған білімімді елдің игілігіне жұмсау мақсатында өзімнің туған жерімде алғашқы еңбек жолымды бастадым. Кейінгі жастар “Ленинский” кеңшарының об­лыста ғана емес, республикада алдыңғы қатарда болғанын білмеуі мүмкін. Аты дүркіреген кеңшарда қызмет ету маған да бұйырды. Осы кеңшарда тәжірибе жинақтаған Тілек Сұрағанов, Батыр Баяшев, Қуандық Қасейінов, Беркінбай Ыбыраев және басқа да қазақ жастары аудандық партия комитеттерінің хатшылары, атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің басшылары дәрежесіне дейін көтерілгенін мақтанышпен айтқым келеді. Мен сонда агроном болдым. Кейін Қызыл жұлдыз ауылына қарасты 3-ші бөлімшеге ауыстым. Қызыл жұлдыздағы бөлімшені басқару маған сеніп тапсырылды. Ол жерде он бір жыл бойы табан аудармай қызмет істедім. Кейін жұмыс бабы бойынша аудандық партия комитетіне ауыстым.

Еліміздің өз Тәуелсіздігін жариялаған алғашқы жылдардағы қиындықтары көз алдымда. Шыны керек, халқымыз абдырап қалды. Елдің жарқын болашағына сенбегендер де болды. Өз алдына дербес ел болған соң қиындықтар да кесе көлденең шықты. Мен ол тұста Ленинский ауылдық кеңесін басқардым. Елдің тұтқасын өз қолына алған Тұңғыш Президентіміз тұралап қалған экономиканы көтеру үшін жанын сала еңбек етті. Әлбетте, қиындықтар оңай еңсерілді деп айта алмаймын. Бірақ 90-шы жылдардың басында өз алдына ту тіккен Қазақстан бақуатты келешекке ұмтылды.

Кеңес Одағы тараған бойда республика аумағындағы ірі өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық орын алды. Жарықтың сөнуі, дүкендерде азық-түлік тап­шылығы, жалақы, зейнетақы, жәрдемақының уақытында төленбеуі сынды әлеуметтік-экономикалық мәсе­­лелер – сол кезеңдегі елдегі ахуал­дан нақты хабар бере­тін­дей. Жүдеу тұрмысты жақсарту үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді сабырға шақырып, бақытты күндер әлі алда екенін айтудан жалықпады. Қазір ойласам бұл да бір Елбасының көрегенділігі екен. Сөйтіп, жергілікті жерлерде дүкендер ашылып, тауар айналымы бірте-бірте ретке келтірілді.

Ленинский ауылдық округінің әкімі болып жүрген кезде орақ науқаны тұсында Нұрсұлтан Әбішұлымен кездестім. Бұл 1992 жылдың күз айы болатын. Оның жанында Ресей Президенті Борис Ельцин де болды. Қызылжар өңіріне іссапармен келген меймандарды Аққайың ауданындағы астықты алқапта сән-салтанатпен қарсы алып, қазақтың ежелгі қасиеті – қонақжайлылығымызды көрсеттік. Елбасы астықты алқапты аралады. Жарықтық, сол жылы егін де бітік шықты. Әр гектардан 28-30 центнерден өнім жиналды. Бұл орайда Ленинский кеңшарына қарас­ты бірінші бөлімшенің бірінші бригадасының жанкешті еңбегін ерекше атап өткен жөн. Бригадирі Ленин орденінің кавалері Николай Панфиленко болатын. Мол өнім жинаған бригадаға “Москвич” көлігі берілсе, мен Алматыға екі маусымға шипажайға жолдама алдым.

Сол кезде комбайншылар мен тракторшылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ахуал туралы және алда тұрған ауқымды жоспарға тоқталып, жергілікті халыққа жағдайды түсіндірді. Оларға өз атынан алғыс айтып, одан әрі еліміздің көркеюіне өз үлестерін қосуға тілектестік білдірді. Сонда қандай қиындықтар орын алса да Елбасының өзін сабырлы, байыпты ұстауы мені таңғалдырды. Тұрғындармен де емен-жарқын әңгімелесті. Тұңғыш Президентіміз өз сөзінде тұрды. Елдің еңсесі көтеріліп, әлеуметтік-эко­номикалық ахуал жақсарды.

Тұңғыш Президентпен 1996 жылы шілде айында тағы да кездестім. Бұл жолы Елбасы Алматы қала­сында тұңғыш рет республикалық жергілікті әкімдер мәжілісін өткізді. Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан еліміз үшін де бұл қиын кездердің бірі болатын. Еліміздің әр түкпірінен келген әкімдермен кездесуде Елбасымыз жағдайдың жақсаратынын үлкен сеніммен айтты. Осындай күрделі жағ­дайда мемлекет “алдымен – эко­но­мика, содан соң саясат” стра­тегиясына басымдық беруі тиіс екенін баса атап өтті. Ол үшін әкімдерге халықпен жақын болып, мұң-мұқтажды шешуге бір адамдай атсалысуды тапсырды.

Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің алға қойған мақсаттарын Тәуелсіздік жылдары іске асырды. Соның айқын дәлелі – Қазақстанды әлемдік саясатта өз орны бар елге айналдыруы. Біздің ең басты жетістігіміз – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт елде өмір сүріп жатқандығымыз. Қазіргі уақытта әлемде түрлі қақтығыстар орын алуда. Құдайға шүкір, іргеміз бүтін, аспанымыз ашық. Ұлы дала төсінде 130-дан астам этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқаны Тәуелсіз еліміздің бір жетістігі деп білемін. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті”, – деген болатын. Ата-бабадан мирас болған осынау Тәуелсіз елдің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосып, қазақстандықтарды бірлік пен берекеге ұйыстырып, татулықтың іргетасын қалаған Елбасының сындарлы саясаты халқымыздың игілігіне бағытталды.

Сайын Сарыарқа төсіне елорданы көшіріп, жаңа қала бой көтерді. Бұл мемлекеттің дамуы үшін емес, геосаяси тұрғыдан сауатты шешім болғанын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Аға ұрпақ өкілі ретінде өткен кезеңдерді ой елегінен өткізіп, Құдайға шүкір деймін. Қазір халықтың әлеумет­тік-экономикалық жағдайы дұрысталып келеді.

Бүгінгі ұрпақ “ішкені алдында, ішпегені артында” дегендей тоқшылық заманда өмір сүруде. Ата-бабаларымыз толарсақтан саз кешіп, етігімен су кешіп, тас жастанып, мұз төсеніп жаумен арпалысса, әке-шешеміз де не­бір сұрапыл, алмағайып заманда өмір сүрді. Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын кезеңге тұспа-тұс келді. Ал осындай молшылық, тоқшылық заманда өмір сүріп жатқан ұрпақ бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін білуі керек. Өткенсіз – тарих, бүгінсіз – болашақ жоқ. Сондықтан Тәуелсіз елдің бастауында елдің ертеңі үшін тер төккен Елбасының ерен еңбегі тұрары хақ.

Серік ӘБДІЛМАНОВ,

Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp