«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қастерлі топырақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын аталып өтілетін Тұңғыш Президент күні – біздің отбасымыз үшін үлкен мереке. Себебі әлемге тарыдай шашылған қаракөздердің туған топырағына табанын тигізген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Тұңғыш Президенттің алыстағы ағайындарды елге шақыруының арқасында атажұрттың суын ішіп, ауасын жұтып отырмыз.

1991 жылдың 1 желтоқсанын­да тұңғыш рет қазақ даласында Президент сайлауы өткені белгілі. Бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысына ие болды. Дәл сол күн 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының отырысында мерекелі датаға айналды. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін мейрамның маңызы ерекше. Бұл мереке арқылы жас ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанның тарихын танып, ел болып қалыптасу жолын сезінеді.

Ел шежіресі сан түрлі белестерден тұратыны анық. Тәуелсіз Қазақстанды сындарлы жолдардан, сан түрлі белестерден құ­латпай, сүріндірмей алып шығу үшін де үлкен қажыр-қайрат пен ұлтына деген сүйіспеншілік керек-тұғын. Елбасының бойынан сол қасиеттердің барлығы дерлік табылды десек артық айтқандық емес. Бүкіл әлем мойындаған ел болу мәртебесіне жету үшін көшбасшымыздың аянбай еңбек еткені оның осы күнге дейінгі тарихи жолынан аңғарылады.

Біз Өзбекстанның Фарыш ауданы Шымқорған ауылында туып өстік. Біз тұрған жерде қазақтардың қатары қалың еді. Қазақстан Тәуелсіздік алғанда қатты қуандық. Көп өтпей Елбасы шетте жүрген қандастарды елге шақыра бастады. Біраз ағайын­дарымыз сол кезде көшті, ал біз сәл кейінірек атажұртқа біржола ат басын бұрдық. Бір жыл бұрын қайын ағам көшіп кеткен еді, сол кісілердің артынан Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Мамлют ауданына табан тіредік. Ұлан-ғайыр қазақ даласының бір шетінен екінші шетіне бару оңай емес, әрине. Түрлі қиындықтар кездесті. Бірақ балалардың болашағы үшін белді бекем буғандықтан бәріне шыдадық. Өйткені шетте ұрпақтарымыз өз тілі мен ділінен айырылып қала ма деп алаңдадық.

Көшіп келгендерге жергілікті әкімдік шама-шарқынша көмектесті. Мамлютканың орталығынан баспана бұйырды. Бір жылға дейін азық-түлік, көмір-отынмен көмектесті. Ол кезде ауданды Еркебұлан Мәмбетов деген азамат басқаратын. Ол кісі елім, жерім деп келген қандастардың мұң-мұқтажын тыңдап, барынша жәрдем жасағанын да айта кеткен жөн. Отбасымызда бес жанбыз. Марат, Қанат, Самат есімді үш ұлымыз бар. Жолдасым жүргізуші болып жұмыс істеді. Мен өзім кезінде техникумда есепші мамандығын оқығанмын. Ата-жұртқа келген соң аудан әкімінің аппаратына аудармашы болып жұмысқа кірдім. Еңбектен қол үзбестен Солтүстік Қазақстан университетінде “Мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығын сырттай оқып, жоғары білім алдым.

Білуімше, 2003 жылға дейін Мамлюткаға шеттен 40 шақты отбасы ғана қоныс аударыпты. Уақыт өте тағдырлас бауырлармен қоян-қолтық араласып кеттік. Аңқылдап алыстан жеткенде тұрғылықты жерде қазақша мектептің болмағаны көңілімізге аздап қаяу түсірген еді. Алайда біз бастап, қалғандары қоштап, облыс әкіміне хат жаздық. Жолдасым өңір басшысының қабылдауына барып, Мамлют ауданына көшіп келіп жатқан қандастардың саны жылдан-жылға көбейіп отырғанын, біз тау асып, тас басып келгенде ұрпақтарымызды өзге тілде оқыту үшін келмегенімізді, ана тілінде оқысын, қазақы тәрбиемен сусындасын деген көптің өтінішін айтты. Шындығында, мұнда көшіп келудегі мақсат – ұрпағымызды қазақша оқы­ту еді. Көп өтпей қандастардың өтініші Елбасының құлағына жетіп, сол кісінің тікелей тапсырмасымен Мамлют қазақ мектеп-интернаты салынды.

Нұрсұлтан Әбішұлының сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, шекарасын шегендеп, көр­шілермен достық қарым-қатынас орната білдік, соның нәтижесінде бүгінгідей бейбіт күннің шуағына бөленіп отырмыз. Қазір заман өзгерді. Барлық қиындықтар артта қалды. Еңбек етем деген адамның қолынан ешкім қақпайды. Тек бірлік болса, алынбайтын қамал жоқ.

Жаңылыс БИЖАНОВА,

Мамлют ауданының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp