«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨНДІРІС АЯСЫ КЕҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін республикамыздың түкпір-түкпірінде, оның ішінде облысымызда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен бірқатар ірі өнді­ріс ошақтары ашылып, көптеген кәсіпорындар шаруашы­лықтарын кеңейтті. Тұңғыш Президентіміздің ұйытқы болуымен жүзеге асырылған жобалардың бірі – “Үдемелі индустриялық инновациялық даму” бағдарламасы. Бұл жобаның игілігін көрген іргелі компаниялардың қатарында “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар.

Сонау 1994 жылы ашылған кәсіпорын­ның бүгіндері облыстағы танымал ірі өн­діріс ошағына айналғаны баршамызға аян. Серіктестіктің бірінші басшысы Анатолий Ша­рапаев алғашқы кездері дистрибьютер­лік қызметпен, яғни шетелден ағаш және темір бұйымдарына арналған бояулар тасып, сатумен айналысқан. Нарықтағы бәсекелестік, тұтынушылардың сұранысы табыс табуға деген қызығушылығы бар адамның жұмысын ширата түсері хақ. Араға жылдар салып, бұл азаматтың жо­лын балалары жалғады. Әкесінің ісін жал­ғастырған екі ұл да жылдан-жылға бизнесті кеңейтуге үлестерін қосты. Бүгіндері “Ра­дуга” серіктестігін Дмитрий Шарапаев бас­қарып келеді.

– Біздің компанияның филиалы Қазақ­станның әрбір қаласында бар. 500-ден астам тауар түрін шығарамыз. Шекілдеуік­терден бастап, тұрмысқа қолданылатын қажетті заттар мен сабын және тағамның түр-түрін өндіріп келеміз. Біздің ұжымда 1600-ге жуық адам еңбек етеді, – дейді ол.

Серіктестік дистрибьютерлік қызметті жалғастыра отырып, өңдеуші кәсіпорын ретінде қалыптасты. Сауданың 50 пайызын өз тауарлары құрайды. Кәсіпкерлер биз­несті әртараптандыру арқылы табысты арт­тыруға, экономикалық дағдарысты еңсе­руге болатынына көз жеткізіп, кәсіпорын­ның ішінен жаңа өндіріс ошақтарын ашты. Мәселен, 2014 жылдан бастап полиэтилен қапшықтарын шығара бастады, осылайша нарықтағы сұраныс қанағаттандырылды. Кейін Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында қайта өңдеу цехын іске қосып, пластик бұйымдарды жасайтын шикізатты өздері өндіруге қол жеткізді.

2015 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Үдемелі ин­дустрия­лық-инновациялық даму” бағдар­ламасының екінші бесжылдығы аясында іске қосылатын жаңа жобалар бойынша жалпыұлттық телекөпір өтті. Тұңғыш Пре­зидент ел аумағында жұмыс істеп тұрған инновациялық нысандардың жұмысымен танысып, екінші бесжылдықтың бірінші жы­лында жүзеге асырылатын өндіріс орында­рының іске қосылуына рұқсатын берді. Бұл кезде “Радуга” серіктестігінің “Тез әзірлей­тін азық-түліктер өндіру жөніндегі зауыты” іске қосылды. Жобалық құны 147,7 мил­лион теңгені құрады. Нәтижесінде елімізде теңдесі жоқ жаңа өнім түрлері әзірлене бастады. Жаңа өндірісте құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығару ісі игеріліп, өнімнің 25 түрін өндіру қолға алынды.

– Біз бұл жаңа өндірісті қолға алған кезде қатты қобалжыдық. Елбасымызбен онлайн байланысқа шығып, ол кісінің ізгі тілегін естіген кезде қорқынышымыз су сепкендей басылды. Бұл сәтті естен шығару мүмкін емес, – дейді Дмитрий Шарапаев.

Бүгіндері Елбасы ашқан жаңа өндіріс цехы толық қуатында жұмыс істеп келеді. Тәтті құрғақ таңғы ас пен түрлі қауыздар шығаратын нысанда тәулігіне өнімнің 4 тоннасы әзірленеді. 2017 жылы көпсалалы зауыт облыс орталығында жылдам пісетін ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цехты іске қосты. Ал кейін жылдам пісетін кеспе, құрғақ таңғы ас, жүгері таяқшаларын әзірлейтін екінші цех жұмысын бастады. Жоба құны – 1,1 млрд. теңге. Цехта 48 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл жолы жаңа өндіріс ошағын тұрғызуға “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы көмегін тигізді. Қазіргі уақытта компанияның өнімі “Паста – мама” брэндімен танымал.

Бүгіндері серіктестік сабын өндірісін де бір жолға қойған. Мамандар ай сайын бұл өнімнің 350 тоннасын шығарады. Биыл кә­сіп­орын қағаз өнімдерін әзірлейтін фаб­рика тұрғызуды қолға алды. Жаңа өндіріс ошағы Петропавлдың индустриалды айма­ғында салынып жатыр. Тың жобаның құны 2 млрд. теңгені құрайды. Тәулігіне 15 тонна жарамсыз қағазды өңдеп, 5 тоннаға дейін дайын өнім шығаруды көздеп отыр. Сон­дай-ақ серіктестік басшылығы алдағы уа­қытта заманауи жылыжай кешенін салуды да жоспарлап отыр. Онда көкөністің түр-түрі өсіріліп, тауардың 70 пайызы Қазақ­стан нарығында, 30 пайызы Ресейдің көр­шілес облыстарына саудаланбақшы.

Жуырда кәсіпорын кезекті рет өндіріс көлемін ұлғайтты. Металл-пластик зауыты екі жаңа желіні іске қосты. “Қарапайым зат­тар экономикасы” мемлекеттік бағдарла­масы аясында жүзеге асырылған жоба қазіргі күні тұтынушыларға 120-ға жуық өнім түрін ұсынып келеді. Бір айда зауыт халық күнделікті тұтынатын 200 млн. теңгенің бұйымын шығарады. Енді өнді­ріске қажет пластик бөтелкелердің бұран­далатын бөлшегін де жасауға қауқары бар.

– Бұған дейін бөтелке жасаған кезде қақ­пағы бұрандалатын пішінді өзге кәсіпорын­дардан сатып алатын едік. Жаңа қондырғы­ны сатып алып, өзіміз бұл дайындамалар­ды әзірлей алатын болдық. Бұл, әрине, өнім­нің өзіндік құнын арзандату үшін керек. Оған қоса, бұл желінің іске қосылуының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болды, – дейді серіктестіктің металл-плас­тик зауыты директорының орынба­сары Алексей Воропаев.

Айта кету керек, серіктестік “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы ая­сында 270 млн. теңгенің несиесін ресім­деді. Бұған қоса, кәсіпорын басшылығы қосымша инвестиция құйып, полимерлі люктарды жасайтын қондырғыны да сатып алды. Бұл құрылғының көмегімен жер астындағы коммуникацияларға қажет және кәріз жүйесінің люктарын шығара бастады. Айына шамамен бұл өнімнің 400-500 да­насы дайындалмақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp