«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

БОЗДАҚТАР ЖАЙЛЫ МӘЛІМЕТ электронды деректер базасында сақталады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмыс тобы зерттеушілерінің отырысы өтті. Шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Исахан, тарих ғылымдарының кандидаты, Еуразия ұлттық университетінің доценті Күлпәш Ілиясова, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай қатысты. Жиында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесі сөз болды. Өткен ғасырдың 30-50-ші жылдарындағы қуғын-сүргін орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Қаншама тағдырға балта шабылып, үштіктің үкімімен атылды, тірі қалғандары лагерьлерде азап шекті. Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде қуғын-сүргін тарихынан сыр шертетін сан алуан материал жинақталған. Нақтырақ айтсақ, өңірдегі қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы ақпараттар мен баяндамалардың көшірмесі, 1936-1956 жылдарда облысқа күштеп қоныс аудару туралы хат-хабарлар бар.

Жиында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 11140 саяси қуғын-сүргін құрбаны әлі ақталмағаны айтылды. Мұрағат деректеріне сүйенсек, мүлкі тәркіленген байлар үшін арнайы лагерьлер ашылған екен. Олар қазіргі Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарының аумағында болған.

Отырыста Солтүстік Қазақстан облыстық архивінің директоры Сәуле Мәлікова біздің өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның құрамы бекітілгенін, оның құрамына жергілікті университеттің тарихшы ғалымдары, архив, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіргенін жеткізді. 8 жұмыс тобы жасақталып, олардың әрқайсысын тәжірибелі ғалымдар басқаратынын атап өтті.

– Жинақталған материалдар негізінде алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың электронды деректер базасы құрылды. Онда 7721 адамға қатысты мәлімет бар. Олардың арасында – қазақ мәдениеті мен ғылымының және ағартушылық саласының көрнекті өкілдері, біздің жерлестеріміз – Мағжан Жұмабаев, Үкілі Ыбырай, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Сарғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Жұмағали Тілеулин және басқалардың есімдері бар. Боздақтардың аты-жөндері Петропавл қаласындағы еске алу қабырғасына да жазылған, – деген Сәуле Мәлікова архивтерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған қорлар құрылатынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл жұмыспен айналысу үшін мұрағат қызметкерлерінің қатарына жас мұрағатшылар, оның ішінде магистранттар тартылуда. Олар қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарымен, жерлестерімен, кеудесі қазына қарттармен сөйлесіп, сауалнама жүргізеді. Сонымен қатар саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген орындарды зерттеу үшін экспедиция ұйымдастырылмақ. Экспедиция жұмысына қажет қаражат та бөлінді.

Теріскей өңірге қиын-қыстау жылдары 130 мыңнан астам адам жер аударылған екен. Негізінен поляктар, кәрістер, немістер, шешендер және ингуштар қазақ жерінен пана тапқан. Отырыста қазір облыстық мұражайда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған залдың ашылуына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Көрмеге фото, бейне материалдар және мұрағат құжаттары қойылмақ.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp