«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӨЗ ҚҰДІРЕТІНЕ БАС ИГЕН Қызылжарда халықаралық аламан айтыс өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кешегі Қожаберген жыраудың қол бастап, Мағжан ақынның жыр төккен жеріне, ұлты үшін жүрегін жұлып, кесек-кесек сөз айта білген Шал ақынның өлкесіне, Ғабит пен Сәбиттің ізі қалған топыраққа қазақ айтысының күмбезді күймесі аялдап, 27 қараша облыс орталығындағы Жастар сарайында “Тәуелсіздік – бабалар аманаты” атты халықаралық айтыс өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген от ауызды, орақ тілді ақындар жырдан шашу шашты. Сөз құдіретіне бас иген, айтыс өнеріне сусаған қызылжарлықтар жан-жақтан ағылды. Алайда карантиндік талаптарға сай көрермендер залдың жартысына ғана жайғасты.

Бір айта кетерлігі, соңғы уақытта теріскей – қазақ өнерінің қазаны қайнаған, көшінің бұйдасын байлаған өңіріне айнала бастағаны байқалады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов айтыскерлерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, сәттілік тіледі. Парламент Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан байтақ еліміздің солтүстік қақпасы саналатын, ұлы тұлғалардың бесігін тербеткен киелі жерде аталы сөздің әспеттеліп жатқанына ризашылығын білдірді.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ақындар айтысының халықаралық сипат алуының өзі елді ұйыстыруға, түбі бір түркі жұртының қарашаңырағын биіктете түсуге мүмкіндік ашқандай көрінді. Міне, тағы да айтыстың көшін жетелеп Қызылжарға келіп қалдық. Бұл жақта ақындық, жыраулық өнер, дәстүр-салтымыз сұйыла бастады деп жүргенде, мұнда сең қозғалғаны, ұлтым деп соққан жүректерге екпін бергені рас. Ұлтқа жаны ашитын азаматтар бой көтеріп, өзінің ата-бабадан мұра болып қалған өнерін қайта жаңғыртып, халыққа рухани қуаныш сыйлауды соңғы жылдары дәстүрге айналдырды. Бүгінгі үлкен аламанды ұйымдастыруға пәрмен беріп, қол ұшын созған облыс әкімі Құмар Іргебайұлына алғысымыз шексіз. Түбінде айтыстың туын осы өңірге тігетін шығармыз. Осындағы қаны қазақ, ойы азат, жаны ізгі жандардың көмегінің арқасында қоңыр домбыраны күмбірлетіп отырмыз, – деген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың қара нары Жүрсін Ерман ұлттық өнерге үнемі қолдау көрсетіп жүретін белгілі кәсіпкер Жомарт Омаровқа Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының атынан құттықтау хат табыстады. Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы да белгілі мецанатты 50 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Бұл жолғы айтыстың тізгінін талай аламанда ат оздырған Аманжол Әлтаев ұстады, ал Жүрсін Ерман қазылар алқасының қатарына қосылып, айтыскерлердің өнерін бағалады. Сөз додасына әділ бағасын беретін қазылар құрамында “Алаш” әдеби сыйлығының лауреты Ғалым Жайлыбай, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, қазақ айтысының қайқы қылышы атанған Бауыржан Халиолла, Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, руханият жанашыры Жомарт Омаров және “Қызылжар” телеарнасының директоры Ерлан Тоқшылық болды.

Сөзден маржан сапырған сегіз жұп бірін-бірі сөз безбенге салып, аттан құлатуға тырысып бақты. Біреуі қоғамдағы ащы шындықты астарлы оймен айшықтаса, екіншілері еліміздің осы күнге жетуінің оңай болмағанын, Тәуелсіздіктің қадірін түйсіне білу керектігін тілге тиек етті.

Алғаш болып сахна төріне қазақ айтысының ақтаңгері, 30 жылдан бері төл өнердің туын жықпай келе жетқан Айбек Қалиев пен Абайдың елінен ат арытып жеткен Серік Қуанған көтерілді. Сөз тартыста бірінің кемшілігін бірі бетіне басқанымен, соңында ағалық-інілік бауырмалдықтың қалпын танытып, құшақ қағысып аяқтады.

Екінші жұп болып Моңғолиядағы қаракөздердің аманатын арқалап келген Хабдолла Бейісхан мен астаналық ақын Бекзат Асқаров жыр додасына түсті. Бекзат – айтыстың көшін алға сүйреген, өмірден ерте кетсе де, өнері ұлтқа үлгі болған Ерік Асқаровтың ұлы екенін еске сала кеткен жөн. Әке жолын қуған талантты жас бүгінде айтыс өнерінің қыр-сырын жақсы меңгергенін байқатты. Ал Хабдолла көзайым жұртты шымыр ұйқасқа құрылған астарлы тармақтарымен тәнті етті. “Таңдайыңды жібітсін жауһазын жыр, таңғы шықтай үзілген жапырақтан”, – деген ұйқастарға көрермен еріксіз қол шапалақтады.

“Қызылжар деп ән салған қызырлы елге,

Алтайға ауған елдің көші келсін.

Қарға тамыр қазағым аман болып,

қар асты қарғалдақтай өсіп-өнсін.

Теріскейді мекендеп жатса-дағы,

теуіп жеген жылқыдай несібесін”, – деп бастап, Арқаның көк аспанын көрпе қылып, Алтайдың топырағын төсек еткен қандастардың бүгінгі халін де баяндады.

Қара Ертістің жағасынан, Баянтаудың баурайынан жыр байрағын желбіретіп жеткен Рауан Қайдар мен “Бағаналы ордам – басты ордам” деп Бұқар бабам жырлағандай, елорда төрінен келген әсем үнді Әсем Ережеқызы үшінші болып сахнаға көтерілді. Екі ақын әпке-іні болып, әдемі әзілмен сөз қарымтасын жасады.

Миллиард қытайдың арасында қазақтың дәстүрін өлтірмей, ата-салтын жаңғыртып келе жатқан қандастарымыздың ортасынан атажұртқа сүйіншілеп келген Сұлужан Таубалды мен қызылжарлық қыран Жұмабек Рахимов жел сөзден жеңілген жоқ. Сұлужан шекараның ар жағында қалған қаракөздердің тағдыры мен саясаттың салқыны туралы айтқанда, еріксіз көзге жас үйірілді. Айтыстың соңы әзіл-қалжыңға ұласты.

Жер бетін мекендеген жеті миллиард адамның ортасында айтыс деген ұлық өнер маңдайына дарыған қос ұлт – қазақ пен қырғыз. Құстың қос қанатындай, домбыраның екі ішегіндей болған бауырлас елдерде суырыпсалмалық өнердің сақталуы да тегін болмаса керек. Алатаудың қос етегін қатар жайлап жатқан қазақ пен қырғыздың жыры да, сыры да бір. Қызылжардың төріне Қырғыз елінің аманатын арқалап, айыр қалпағын баса киіп келген Нұр-сұлтан Малдыбаевқа шырайлы Шорман байдың елінен, Жаяу Мұсаның жерінен от тілді, орақ ауызды Аспанбек Шұғатаев қарсы шапты. Аспанбек ақын жақында ғана Қырғызстанда айтысып, қанжығасы майланып қайтқанды. Нұрсұлтанның өрелі ақын екенін оның сөз саптасынан айқын аңғардық. Бастапқыда Ринат Зайтовпен айтысасың деген, кейін белгілі себептермен Рүстем Қайыртайұлына қарсылас боласың депті. Екеуі де аламанға келе алмаған соң Аспанбек Шұғатаевпен шыққан екен.

“Қазағым қырғызыма туған болып,

Дей алмаймын сондықтан елі бөтен.

Жақында біздің елден бас жүлде алып,

Деген жоқсың қырғыздың жері бөтен.

Мендағы қазағыма келіп алып,

Жақын санап термемді төгіп өтем.

Қайта-қайта жұбымыз ауысты ғой,

Нұрсұлтанның терлеген тері бөтен.

Әй, Жүке, мыналарың қалай болды?

Қырғыздың қамын бұлар жеді ме екен.

Президенті жиі ауысқыш бұл қырғыздың,

Жұбы да жиі ауыссын деді ме екен”, – деп ойын әдемі әзілмен жеткізді. Аспанбек те осал емес екенін байқатып, бүйірден бүйідей тиді.

Алтыншы жұпта Жиделібайсынның арғы қанатындағы қаны бір қазақ бауырларымыздың ортасынан, Өзбекстанның төрінен келген Талғат Орынбеков пен Солтүстік өңірмен төскейде малы, төсекте басы қосылған, сексен көлі мөлдіреген, Оқжетпесі маңғазданған қасиетті Көкшетаудың жерінен жеткен Ерлан Дәулет айтысты. Көкшелік шетте жүрген қандасына бауырмалдық танытып, атажұртқа атбасын бұруына тілектестік білдіре сөйледі.

Батыстағы байтақ өлке, жайсаң Жайықтың жағасынан келген суырыпсалма ақын Жансая Мусина мен қызылжарлық Жарқын Жұпарханның айтысы жұртты қыран-топан күлкіге қарық қылды. Жансаяның өткір әзілдері кімді де болса түйреп өтпей қоймайтыны анық.

Соңғы жұпта Қорқыт атаның құт мекенінен домбырасын арқалап жеткен Мейірбек Сұлтанхан мен Сарыарқаның сақи даласының төріндегі ордалы мекен, қара алтынның астанасы – Қарағандының ақыны Төлеген Жаманов өнер көрсетті. Мейірбек жылқышы жездесінің алдына біраз жайды жайып салды. Қарағандылық ақын да балдызына балдай сөздерін арнап, арқадан қақты.

Күн оқ бойы көтерілгенде басталған айтыс ұясына батқан тұста аяқталды. Қалың көрермен айтысты тапжылмай тамашалады. Сөз өнеріне деген елдің оттай ыстық ықыласы осындайда байқалады емес пе?!

Қазылар алқасының шешімімен айтыстың ынталандыру жүлдесін (200000 теңге) Рауан Қайдар, Төлеген Жаманов, Серік Қуанған, Ерлан Дәулет, Бекзат Асқаров және Жұмабек Рахимов иеленсе, Ерік Асқаров атындағы жүлде (250000 теңге) Сұлужан Таубалдыға, Мағжан Жұмабаев атындағы жүлде Талғат Орынбековке, Шал ақын атындағы жүлде Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Үшінші орынға (400000 теңге) Нұрсұлтан Малдыбаев, Айбек Қалиев және Жансая Мусина лайық деп танылды. Екінші орынның жүлдесін (500000 теңге) Мейірбек Сұлтанхан мен Жарқын Жұпархан қанжығаларына байлады. Ал бірінші орынды (1000000 теңге) Хабдолла Бейісхан жеңіп алса, бас бәйге (1500000 теңге) Әсем Ережеқызының қоржынына түсті. Асылдың тұяғы Бекзат Асқаровқа демеушілер 500 мың теңге қосымша сыйлық табыстаса, Дәулеткерей Кәпұлы осыдан 13 жыл бұрын соңғы рет айтысқа шыққанда ұстаған үкілі домбырасын Қабдолла Бейісханға тарту етті. Бас жүлдені табыстаған облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев өлгенді тірілтпесе де өшкенді жандырып, сарғайған санаға сілкініс берген ақындарға алғысын айтып, алдағы аламандарда сәттілік тіледі.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp