«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қызылжардың” тарихи жетістігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жергілікті “Қызылжар” футбол командасы келесі жылы Еуропа төрінде УЕФА-ның Конференция лигасында доп тебеді. Бұл туралы ел кубогының финалынан кейін белгілі болды. Ақтық сында алматылық “Қайраттың” қарағандылық “Шахтерді” жеңгенінің арқасында жерлестеріміз жолдамаға ие болды. “Солтүстік Қазақстан футболы үшін тарихи жетістік. Біздің “Қызылжар” клубы өз тарихында алғаш рет УЕФА-ның Конференция лигасына қатыспақ. Бұл жетістік өңірімізде футболдың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Барлық жанкүйерлерді осы оқиғамен құттықтаймын! Алға, Қызылжар!” – деп жазды облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

Біздің елімізге қарт құрлықтың басты додаларына қатысу үшін төрт жолдама берілетіні белгілі. Үшеуін ел біріншілігінің қорытындысы бойынша жүлдегер атанған үштік иеленеді. Ал төртіншісі кубок иегеріне беріледі. “Қайрат” чемпионатты қола жүлдемен аяқтады және кеше ғана кубок иегері атанды, демек бір команда екі жолдама ала алмайды. Сондықтан ереже бойынша біреуі ел біріншілігінде төртінші орын алған командаға берілуі тиіс. Жуырда ғана аяқталған чемпионатта Андрей Карпович жаттықтыратын “Қызылжар” 39 ұпаймен үздік төрттікке енгені белгілі.

Жалпы биыл жерлестеріміз біріншілік аясында 26 матч өткізіп, соның 11-інде жеңіске жетіп, 6 кездесуде тең түскен. Тек 9 ойында ғана жеңіліп қалған. Қарсылас қақпасын 32 рет дәл көздеп, өздері 24 гол жіберіп алған. “Қызылжар” үшін өз алаңындағы соңғы ойын шешуші рөл атқарды. Сол ойында “Ордабасыға” жеңілгенде немесе тең түскенде бесінші орынға сырғушы еді. Алайда намысқа тырысқан қызылжарлықтар 3-2 есебімен жеңіске жеткен.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp