«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “КҮНІ КЕШЕГІНІ КӨЗГЕ ЕЛЕСТЕТСЕК…”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бейбітшілік пен тыныштық, бүгіндері басымыздан өткеріп отырған экономикалық қауырт шақ және азаматтарымыздың өмірлік құштарлығы, өз күштері мен ертеңгі күндеріне деген сенімдері, біз үшін үйреншікті құбылысқа айналып отыр. Біз оларды, астанадағы биік ғимараттардың үстінен күнде ертемен баяу көтеріліп келе жатқан күн шапақтарын байқамайтынымыз сияқты, жаңағыларды да көбінесе байқай бермейміз. Ал осыдан он жыл бұрын дәл осылай болатынына ешкім сенген жоқ. Әсіресе астананың бүкіл Еуразия құрлығында жаңа рухани, экономикалық және саяси аңсардың орталығына айналарына кім сенетін еді?

Егемен Қазақстанның дүниеге келуі қарсаңында болған кезеңнің тарихи ерекшелігі сол, оны аса ірі мемлекеттік құрылым – Кеңестік социалистік республикалар одағының жан тәсілім кезіндегі жағдайымен салыстыруға болатын еді. Мемлекеттік құрылым экономикалық және саяси дағдарыстардан ес-түссіз талмау күйде болды, сол уақытта бұл ауыр үрдіске қоғамдық ақыл-ой тарихтың қысқаша курсына боямасыз жіті көзбен қарады да, әлеуметтік сана осынау ауыр көріністен біржола сансырап қалды.

Біз “талмау күйдің” өліара жағдайы соншалықты тұрақсыз және екіжақты болатынын, кез келген кешігу мен теріс шешім қабылдаудың зардабы “өліммен аяқталатынын” түсіндік. Бұрынғы өкпе мен әлдеқашан тарихқа айналған өткенді түзетуге ұмтылған әрекеттерге байланысты, қазіргі мен келешек туралы ойлағанның орнына, бізде керексіз даңғазалыққа ұрынудың үлкен қаупі болды. Кеме суға батып бара жатқанда, оның командасы болған жағдайға кім кінәліні іздеп жатпай-ақ қоян-қолтық жұмыс істеуі керек қой. Иә, жағдай оңай болмады. Бірақ ол қандай күрделі болмасын, одан шығу үшін мықты басқарушылық тәртіп пен біздің әрқайсысымыздың күшімізді ширықтыру қажет болды. Ауыртпалықты қоғам қаншалықты қабылдайды, салмағы да соншалықты болады. Кез келген дағдарыс жағдайды ушықтыруға болмайды, өйткені әртүрлі дағдарыстың мәні – жаңа кезеңге қандай жол ашатындығында. Мен бұрын да және қазір де кез келген дағдарыс кезінде, сөз, ең алдымен, даму туралы болмақ деп есептеймін. Ескінің соңы – әрқашан жаңа бір дүниенің бастауы.

Біз үшін Қазақстан экономикасының нарықтық моделін құру кезінде экономикалық шаралардың жан-жақты ойластырылған пакетін жасап қана қоймай, оларды саяси ерік-жігер және дербестігімізді нығайту арқылы соларды дәйекті түрде жүзеге асыру мәселесі тұрды. Жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мәнін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму тенденцияларын алдын ала көре білу, ондаған миллион адамдардың мүддесіне сай келетін неғұрлым тиімді қайта құру стратегиясын таңдап алу қажет болды.

Тәуелсіздік алысымен алғашқы кезектегі маңызды мәселелерді шешуіміз талап етілді. Бірінші кезекте мемлекет ретінде қалыптасуымыз қажет болды. Бұл дегеніңіз биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада танылуға жетудің, әртүрлі дүниежүзілік ұйымдарға кірудің қажеттігін көрсетті. Қазір, өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбіне-көп тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді.

Күшті президенттік билікке құрылған егемен мемлекеттің дамуы стратегиялық мақсат ретінде айқындалды. Жас республикаға мемлекеттілік нобайын айқын белгілеп алу қажет болды. Уақыттан ұтылып қалмауды және дағдарыстың әрі қарай тереңдей түсу қаупін ескере келіп, президенттік билік кезек күттірмейтін мәселелерді шешу үшін топтасуға және ымырашыл-жартыкештердің ақыл кеңестері мен ізденулеріне көңіл аудармай, қысқа мерзімде алғашқы кезектегі реформаларды жүргізуге мүмкіндік берді. Сол кезеңде негізгі міндеттерді шешуді көздеген жаңа министрліктер құрылды. Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет қарулы күштер, дипломатиялық және кедендік қызметтер секілді мемлекеттік институттар құрылды. Мемлекеттік шекараны айқындап, нығайту жөнінде шаралар қабылданды. Мұның бәрі ірі қаржы ресурстары мен батыл әрекеттерді талап етті.

Құжаттың өзімен жұмыс істеу айтарлықтай қиын жүрді. Мен жас экономистердің екі тобы үшін стратегияның мақсаты мен міндетін тұжырымдап бердім. Ол менің қатысуыммен сан қайтара талқыланды. Оған мамандардың түрлі топтарының өкілдері мен шетелдік кеңесшілерімді қатыстырдым. Әрине, біздің мамандарда консерватизм немесе, дұрысын айтқанда, “ойдың тоқырауы” жетіп артылатын. Алайда түптеп келгенде, қажет еткен құжаттың дәл сол мәтіні дайындалып шықты.

Стратегия Қазақстанның жоспарлы экономикадан нарыққа, тоталитарлықтан либералдық саясатқа көшетінін белгіледі. Жұрттың көбі бізді түсінбеді. Жоғарғы Кеңес пен оның басшылығы халық мұндай идеяны қабылдауға дайын емес деген желеумен жекелеген принциптік ұстанымдарды қайта қарауды талап етті.

Мен осы топқа басшылық жасау міндеті жүктелген, сол кездегі Вице-Президент Ерік Асанбаевқа өте ризашылығымды білдіремін. Бұл топқа жас экономистер – С.Аханов, Ө.Шөкеев, О.Жандосов, Г.Марченко және басқалар кірді. Олар Жоғарғы Кеңес (кеңестік Парламент осылайша аталатын) депутаттары алдында құжатты қорғап шықты және өмірдегі болып жатқан өзгерістердің мәнін әлі түсіне қоймаған немесе жаңалық атаулыдан қорыққан көптеген сыншылардың консервативтік ұстанымдарына қарсы тұрды. Жоғарғы Кеңестегі пікірталастар қызу болды.

Былайша айтқанда, Стратегияның түйінді идеялық мәні “жақсы тұрмыс – баршамыз үшін” деген ұғым болды. Бұл идеяның авторы – белгілі неміс экономисі, ФРГ-нің экономика министрі, кейінде канцлері болған Людвиг Эрхард. Оны кереметтей тиімділікке жеткен Германиядағы нарықтық реформалардың “патриархы” деп атайды. Он жыл бойы германдық экономикалық өсу жылына 8 пайызға жуық деңгейде болды, бұл сол уақыттағы әлемдегі ең жоғары деңгей еді. Атап айтқанда, Эрхард реформаларының осындай нәтижесі арқасында “германдық экономикалық керемет” деген ұғым айналымға енді. “Жақсы тұрмыс – баршамыз үшін” деген принципті ұстана отырып, біздің мемлекет кәсіпкерлік еркіндік пен қызметтің кез келген қалаулы саласына күш жұмсау мүмкіндігін ниет еткен әрбіреуді қамтамасыз ету арқылы баршаға қолайлы жағдай туғызатынын мәлімдеді. Мұндай жағдайда неғұрлым қабілетті, еңбекқор және іскер адамдар қоғамда соғұрлым жоғары әлеуметтік мәртебеге жететін болады. Сонымен бір мезгілде біз экономиканың өсуі мен тұрақтануына, оның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануына қарай еңбек кірістерін, зейнетақылар мен жәрдемақыларды көтеруге уәде бердік. Тарихтың өзі көрсеткендей, біз берген уәдемізді орындап шықтық.

Мемлекетіміз бен экономикамыздың тәуелсіздігін қалыптастыру мен нығайту кезеңінде кәсіби шебер кадрлардың жетіспеушілік проблемасы өткір сезілді. Бізге қазақстандық мамандарды – экономистерді, заңгерлерді, әскерилерді, қаржыгерлерді және басқаларды бұрынғы Одақ бойынша іздестіруге тура келді.

Дегенмен оңтайлы экономикалық үлгіні іздестірумен қатар идеялық бағытты айқындап алу да өте маңызды мәселе болды. Мен өз ойларымды 1993 жылы шыққан “Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде” атты шағын еңбегімде жинақтап айттым. Ол кезде жалпы жұрттың санасында түсінбеушілік қатты орын алған еді. Бірақ белгісіздік тұманы арасынан келешектің негізгі үш түрі қылаң берген. Олар: әлі де өте күшті социалистік идея, дәстүршілдік және либералдық идея еді. Бізге түрлі нұсқалардың арасынан таңдау қажет болды. Алайда жағдайды сараптап келгенде қоғам дамуының көптеген елдер сынап көрген дайын нұсқаларының барлығы бірдей бізге сай келмейтініне менің көзім жетті.

Алғашқы табыстарға қарамастан, әлі де шешімін таппаған көптеген проблемалар жинақталып қалған еді. Мені ерекше алаңдатқан соның бірі – адамдардың болып жатқан өзгерістерді қабылдамауы болды. Экономиканың қатаң құлдырауы мен дағдарысы жағдайында мен Жоғарғы Кеңестің отырысында “Президенттік Меморандум” деген атпен мәлім болған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне Жолдаумен шығып сөйледім. Ондағы басты мақсат мемлекеттік биліктің жоғарғы эшелоны, сондай-ақ саяси партиялар мен бірлестіктер Қазақстанда қалыптасқан ахуалға нақтылықпен қарап, дұрыс қорытынды шығарса және ақыр-соңында келісіп әрі сындарлы жұмыс істесе деген ой болды. Бұл Тәуелсіздіктің үшінші жылы еді, халыққа енді өткенге қайтып оралуға болмайтынын ашық айту керек болды.

1994 жыл көптеген аспектілерде бетбұрыс жылы болды. Меморандум ақша-несие және банк жүйелерін түбегейлі реформалауды көздеді. Елімізде жарты жылдан бері Ұлттық валюта қолданылып жатқан. Келесі батыл қадам теңге бағамын тұрақтандыру мен жойқын инфляцияны ауыздықтауға бағытталды. Мемлекет қалыптасқан дағдарыс жағдайынан шығудың жалғыз ғана жолы ретінде қаржыны тұрақтандыруға жетуді негізгі міндет етіп қойды.

Дәл осы уақытта мемлекеттік аппаратты қысқарту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген шаралар жүргізілді. Кеңес өкіметі кезінде облыстар мен аудандар санын көбейту үшін орталықтан ақша қағу сәнге айналған еді. Бұл мемлекеттік шенеуніктер санын тым ұлғайтып жіберді. Республиканың бірінші басшысы Саяси Бюроның мүшелігінен үміткер болу үшін, Украинадағы секілді, облыстардың санын кемінде 20-ға жеткізу қажет болатын. Бізде олардың саны 19-ға жеткізілген. Кезекте 20-шы облыс тұр еді. Бірақ оған үлгермеді. Осының бәрі дотациядағы облыстар мен аудандар санын ұлғайтты. Бірақ та олар экономикалық әлеуеті жағынан да, адам саны жағынан да қойылған талаптарға сай келмеді. Есесіне әр облыста, әр ауданда биліктің барлық құрылымы болды: обком, облатком, облыстық сот, облыстық ІІБ, облыстық халыққа білім беру бөлімі, облыстық денсаулық сақтау бөлімі және солардың аудандық бөлімшелері. Мұндай бюрократтық жеті басты айдаһар кез келген жаңалықты немесе бастаманы оң көрмеді. Дәл сол себепті әкімшілік реформа біз жария етіп, қолға алған реформалар шеңберіндегі алғашқы қадамдардың бірі болды.

1994 жылы оңтайландыруды жүргізудің есебінен біз 19-дың орнына 14 облыс және 230-дың орнына 169 аудан құрдық. 25 мың қызметкер қысқартылып, миллиондаған теңгенің қаржысы үнемделді, мұның бәрі зейнетақы мен еңбекақыны төлеуге жұмсалды. Сол бір Ресейдің өзінде біздің реформадан кейін, тек он жылдан соң ғана, осыған ұқсас әкімшілік реформалауды жүргізуге алғашқы талпыныстар жасалды.

Біз еңбек адамына, өз салықтарының есебінен соншама бастықты асыраудың қажеті қанша деген қарапайым қисынды басшылыққа алдық. Жарайды, егер де оларды ұстауға облыстың кірісі жетіп жатса, бір сәрі. Жоқ, бізде оған керісінше, өзін-өзі қамтамасыз ететін облыстар есебінен ақша аударуға тура келіп отырды.

Төленбеген өтемдер дағдарысын еңсеру кәсіпорындарды “ауру” және “сау” деп бөлу тетіктерін іске қоспай мүмкін болмады. Әлсіз кәсіпорындардан оларды қайта құру немесе банкротқа ұшырату жолымен ғана құтылу көзделді. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру үрдісі әлеуетті меншік иелерінің тобын құруды, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы мен оның ішкі құрылымын қалыптастыруды талап етті. Құқық реформаларын жүргізу міндеті жеке ірі блок болып тұрды. Оған реформаның экономикалық блогының “тіреуіші” және олардың пәрменді жүргізілуі үшін өзінше локомотив болу рөлі берілді.

Бірақ еліміз үшін аса қиын сол кезеңде қоғамдағы психологиялық ахуалдың тепе-теңдігін сақтау ең басты мәселе болды. Өкінішке қарай, кейбір популистер жуық арада тамаша жақсылықтар жасаймыз деп дәмелендірді, ал кейбіреулер алдымызда апат күтіп тұр деп сәуегейсіді. Алайда тек шыншыл ұстаным ғана әділ болуы мүмкін еді. Мен депутаттарға осыны жеткізуге тырыстым.

Жұрттың көбі аталған міндеттер орындалмайды деп санағаны құпия емес. Қарама-қарсы пікірлер де аз болмады, бірақ таңдап алған бағытпен жүру және реформаны аяғына дейін жеткізу керек болды. Менің терең сенімім бойынша, жұмыс істейтін нарыққа көшуде бұл көшу қандай нұсқада жүзеге асырылатынын, қандай нақты және өзара байланысты шаралар қолданылатынын, қандай мерзімге және қандай дәйектілікпен орындалатынын анықтап алу өте маңызды болды.

Реформа барысында біз белгілеген барлық шараларды жүзеге асырдық деген ойдан мен аулақпын. Қателіктер де, жаңсақтықтар да болды. Қазір де ондай қиындықтар бар, сірә, алдағы уақытта да олардан құтыла алмаспыз. Бірақ ең бастысы жасалды. Мемлекеттігіміз құрылды. Саяси жүйенің, демократия мен азаматтық бостандықтың негізі қаланды. Экономика өз табиғаты бойынша нарықтың жаңа заңдық негізінде жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге өмір бір орнында тұрған жоқ. Реформалау сөзсіз тереңдетуді, жаңа көлемді әрекеттерді талап етеді.

(“Қазақстан жолы” кітабынан).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp