«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адам құқығы – басты назарда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға сәйкес 1991 жылы 6 желтоқсанда прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін, дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданған болатын. Бас прокурордың 2004 жылғы 25 ақпандағы бұйрығымен 6 желтоқсан Қазақстан прокуратурасы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленді. Биыл бұл атаулы күн Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы кезең ішінде прокуратура органдарының құрылымы сапалық жағынан жетілдіріліп, заңдылықтың сақталуын қадағалау функциясы құқық қорғау қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдарын қарау мәселесіне қатысты көптеген маңызды шаралар қабылданды.

Ата Заңымыздың 83-бабында прокуратура мемлекет атынан ел аумағында заңдардың, Президент жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асырады. Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық танытады. Сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп айқын жазылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейгенін, прокурорлық қадағалаудың жеделдігі артқанын айта келіп, прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін біртіндеп кеңейтуге, тергеу нәтижелеріне құқықтық баға беру тетіктерін нығайтуға, қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмауға, сонымен қатар алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуге нақты тапсырмалар берді. Балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы түрлі қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуы тиістілігін ерекше ескертті.

1992 жылы облыстық прокуратураның құрамында 11 аудандық прокуратура, бір қалалық прокуратура болды. 1997 жылы Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістерге байланысты Президенттің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығына сәйкес Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының құрамына 8 аудандық прокуратура қосылып, 15 аудандық және 2 қалалық прокуратура (Петропавл және Көкшетау қалалары) кірді. 1999 жылы Ақмола облысы шекарасының өзгеруіне орай Ақмола прокуратурасының құрамына 3 аудан (Зеренді, Еңбекшілдер, Щучье) және Көкшетау қаласы берілді. Тәуелсіздік кезеңінен бері облыстық прокуратураға Иван Гиненко, Геннадий Луценко, Ермек Сағынаев, Ерғали Мерзадинов, Иван Лескевич, Виктор Корчагин, Хамит Бекішев, Асқар Досекенов, Степан Зайтлер, Берік Асылов жетекшілік етті. Өңірлік прокуратура органдарында Кеңес Одағының Батыры Садық Әбдіжаббаровтың, Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновтің, прокуратура органдарының ардагерлері мен құрметті қызметкерлері Сәбит Күрлеуітовтің, Амангелді Шайхудиновтың, Қонысбек Ыбыраевтың, тағы басқаларының еңбек еткенін мақтанышпен айтамыз. Қазіргі уақытта облыстық прокуратура облыстық аппарат, бір қалалық және 14 аудандық прокуратурадан тұрады. Қадағалаушы органды 2019 жылдан бері тәжірибелі заңгер Бағбан Тайымбетов басқарып келеді.

Облыс прокуратурасының қызметі көп қырлы, оның ішінде адам құқығын, мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғауға айрықша көңіл бөлінеді. Қылмыспен күрес процесінің тиімді және оңтайлы модельдерінің құрылуы жалпы қылмыстың төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Бұның қылмыстық істің мән-жайын тереңірек саралап, сот тергеулерін объективті түрде жүргізуге, қылмыстық процестегі талқылаудың барынша ауқымды да терең болуына, кемшіліктерді, ықтимал қателіктер мен сыбайлас жемқорлық желілерін жоюға ықпалы зор.

Прокурорлардың басты міндеттерінің бірі – азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылады. Тұрғындар прокурорлардың араласуымен еңбек, денсаулық, мемлекеттік көмек алу секілді конституциялық құқықтарын қалпына келтіре алды. Мыңдаған жұмысшылардың жалақы бойынша қарызы өтелді.

Біз басқа елдердегі әріптестерімізбен тығыз ынтымақта жұмыс істейміз. Азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды құқықтық тәжірибелер мен ақпараттар алмасамыз. Құқықтық өзара іс-қимыл мәселелерінде көрші Ресей Федерациясы басты серіктес болып қала береді.

Бағбан Тайымбетовтің бастамасы бойынша “Заң керуені” акциялары өткізіліп, қолданыстағы заңнамаларды, Президент Жолдауын, Бас прокуратураның міндеттерін кеңінен түсіндіруге бағытталды. Акция шеңберінде 200-ден астам өтініш түсіп, шешімі ұзақ уақытты талап ететіндері бақылауға алынды. Тұрғындарды жер қатынастары, сапалы ауызсу, құрылыс, жол мәселелері көп толғандыратыны байқалды. Атаулы әлеуметтік көмек алу және рәсімдеу, зейнеткерлер мен мүгедектерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, қалааралық автобус қатынастарын қайта ашу (ауданның елді мекендері бойынша), жарықтандыру, көпбалалы отбасыларды тіркеу және басқа да көптеген мәселелер бойынша жедел шешімдер қабылданды.

Қылмыстық процестерді жетілдіру, сыбайлас жемқорлық көріністерін жою мақсатымен электрондық жүйе енгізілді. Істердің көпшілігі осы жүйеде жүргізіліп, қағазбастылық, бюрократтық кедергілер әжептәуір азайды. Мұның өзі заңды шараларды жедел қабылдауға, азаматтар құқықтарының бұзылмауына, ақпараттың жария әрі ашық болуына, сот талқылауына бөгде адамдардың араласуына жол бермеуге үлкен мүмкіндіктер жасады. Құқық қорғау қызметін цифрландыру – құқықтық саланы жаңғыртудың басым бағыты. Осы жоспарды іске асыру шеңберінде шағымдарды қабылдау, тіркеу және қарау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның мақсаты мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге және прокурорлық қадағалаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Облыстық прокуратура қоғамдық мүдделерді қорғау бойынша сындарлы диалог жүргізуге әркез әзір.

Мұрат ҚОЖАМҚҰЛОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp