«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚТЫҢ ӘР СӘТІ – АМАНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Санаулы күндерден кейін дүйім қазақ халқы қастерлі Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өтеді. Тарих-ананың таразысына салып қарағанда азғантай ғана мерзім болғанымен осы уақыт бедерінде ғасырға бергісіз ғаламат істердің атқарылғанын әрбір адам жүрегімен түсініп, көңілімен ұғынады. Егемендіктің елең-алаңынан еңсесін түсірмей өткен халқымыз әр сәтін азаттық таңының рауандай түсуіне, киелі Тәуелсіздіктің бұғанасын бекітуге, уығын берік шаншып, шаңырағын тіктесуге жұмсады. Мұндай оқиғалар легі 2019 жылда да аз орын алмады.

Бұл жылы біздің облысымыз “Солтүстіктің қақпасы” ғана емес, өзінің үлкен мүмкіндіктер алаңына айналып отырғанын дәлелдей түсті. Облысымызға еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерден қомақты қаржы тартылып, экономикалық өсім қамтамасыз етілді. 2019 жылы облысқа тартылған инвестиция көлемі 13,3 пайызға артқан. Ел үкіметі Солтүстік Қазақстан облысын дамытуға бағытталған арнайы шаралар қабылдады. Жыл басынан бері аграрлық салада өндірілген өнім көлемі – 2,6, өнеркәсіпте 1,1 пайызға өскен. Мал шаруашылығында да ауыз толтырып айтарлықтай табыстар орын алды. Өңірде өнімділігі жоғары заманауи сүт фермалары пайдалануға берілді. Бұған дейін Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша қауіпсіздік жүйелерін, цифрлық теледидар қондырғылaрын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарумен айнaлысып келген С.М.Киров атындағы зауыт көпқабатты платалар, тұрмыстық техникаға қажетті жабдықтар өндірісін қолға алды. Ал Петропавл ауыр машина жасау зауыты тез бүлінетін азық түлік тасымалдайтын термо-вагондар құрастыруға кірісіп кетті. Кәсіпорын заманауи 39 станок сатып алып, барлық технологиялық үдерісті компьютерлендірді. Бұрын бір бөлшекті дайындауға 2 сағатын сарп ететін мамандар бұл шаруаны 20 минуттың ішінде тындыруда. Облыс орталығындағы “Cool infinity” кәсіпорны 2019 жылы изотермиялық вагондар жасауды қолға алды.

2019 жылдың қарашасында өңірімізге жұмыс сапарымен Үкімет басшысы Асқар Мамин келді. Бірқатар әлеуметтік-экономикалық нысандарды аралап, Қазақстан Респбуликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған “Индустриялық-инновациялық даму”, “Қарапайым заттар экономикасы” мемлекеттік бағдарламаларының, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Қазақстан облысын дамыту бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысына қанықты.

Үкімет басшысы өңір экономикасындағы маңызды жаңалық – “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрмыстық химия тауарлары мен жуу құралдарын өндіретін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты. Фабрика жылына 6 мың тонна сұйық және қатты сабын өндіре алады. Сонымен қатар бұл фабрика мал және өсімдік майларынан экологиялық таза өнім – осыған дейін шетелден тасымалданған сабын түйіршіктерін өңдейтін еліміздегі алғашқы өндіріс орны атанды.

Бұл жылы Петропавлда еліміздегі тұңғыш автоматтандырылған топырақ агрохимиялық зертхана іске қосылды.

Кез келген мемлекеттің ұлттық күретамыры руханияттан нәр алады. 2019 жылы өңіріміз мәдени жаңалықтардан кенде болмады. Сайдың тасындай сайып-қырандарды дүниеге әкелген киелі топырақ айтулы тұлғаларының мерейтойларын атап өтіп жатты. Солардың бірі, қазақтың нағыз жанашыры Герольд Бельгер. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жазушы, сыншы, аудармашы, қоғам қайраткерінің туғанына 85 жыл толуына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында “Сауыт киіп, ту ұстап, тұлпар мініп, Жорыққа сан аттанып сескенбеген” – Сүйіндік батырдың басына тас қойылды. “Тұлғасында тоғысқан алуан дарын, Толағайдай танылған тарлан ғалым” – Аманжол Қошанов сексен бес жастың төріне көтерілді. Оқушылар сарайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Мақтай Сағдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай конференция ұйымдастырылды. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында прокуратура саласында абыройлы қызмет еткен соғыс ардагері Сапар Дүйсеновтің 95 жасқа толуына орай салтанатты шара өтіп, ағамыздың өнегелі өмір жолы сыр болып шертілді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, “Ақ қайың тұнған алаптың, Ақ қайнар бұлақ бір ұлы” – Тоқтар Зікірин 70 жасқа толды. Оқушылар сарайында “Азамат. Қаламгер. Қайраткер” деген атаумен ұйымдастырылған конференция жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы – Жарасбай Сүлейменовтің 70 жылдық мерейтойына арналды.

Бұл жылда орын алған мәдени оқиғалардың бірегейі ретінде Уәлиханов ауданына қарасты Береке ауылының маңынан көне қаланың табылғанын айта аламыз. 700 жыл жер астында көміліп жатқан тарихи орынды М.Қозыбаев атындағы СҚУ мен Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ғалымдары анықтады. Бұл ескерткіштер “Қызыл оба” деп аталып, Алтын Орда хандарының жерленген пантеоны ретінде анықталды.

Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардан бастап батыл іске асырыла бастаған ішкі көші-қон мәселесі 2019 жылы қайта жандана түсті десек қателеспеген болармыз. Басынан солақай саясаттың салқынын көп өткерген Қызылжар жеріне еліміздің халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерінен көшіп келушілердің қатары көбейді. Бұл мәселені облыс әкімі Құмар Ақсақалов тікелей өз бақылауына алды, аудандарды аралап бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қанықты. Өңір басшысы ат басын тіреген Қызылжар ауданындағы Чапаево ауылында “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2019 жылы 12 тұрғын үй салу жоспарланған. 2019 жылдың тамызындағы дерек бойынша, облысымызға 1600 адам немесе 518 отбасы қоныс аударған. Жылдың соңына дейін 2 мыңнан астам адам көшіп келеді деп күтілуде. Жұмыс күші көп бес облыстан бөлек, өңірімізге Нұр-Сұлтан қаласынан да қоныс аудару қарастырылған. Мәселен, елордадан 62 отбасы көшіп келді. Өңірімізді таңдаған азаматтар үймен қатар жұмыспен де қамтылды.

Облыс орталығын тұрғындар үшін жайлы әрі әдемі қалаға айналдыру мақсатында билік тарапынан аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. 2019 жылы “Жас өркен” шағынауданы адам танымастай өзгерді. Жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы, заманауи теннис орталығы, аспанмен бой таластырған жаңа тұрғын үйлер Қызылжарға сән беріп тұр. “Береке” және “Юбилейный” шағынаудандары да қарқынды дамуда.

2019 жылы тұтас қазақ халқын алаңдатқан қайғылы оқиғалар да кездесті. Солардың бірі – Арыстағы жағдай. Айдың-күннің аманында әскери қоймада алапат жарылыс болып, бейқам отырған жұртты шошытты. Сын сағатта қалың қазақ елі “қазаны басқаның – қайғысы басқа” деген жоқ. Қабырғасы қайысқан қазақстандықтар жедел көмек көрсету мақсатында жұдырықтай жұмылды. Алғашында оқыс оқиғадан есеңгіреп қалған ел еңсесін тіктеп, Арыс қаласының тұрғындарына барынша қолдау көрсету мақсатында жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсете бастады. Бұл қайырымдылық шараларынан біздің облыс та қалыс қалған жоқ. Біздің өңірден қызылжарлықтардың ыстық ықыласын жеткізер ұн, макарон өнімдері, қарақұмық, қант, консервіленген ет, тұрмыстық химия, төсек-орын, киім-кешек, құрылыс материалдары тиелген 5 жүк көлігі жолға шықты. Бұдан басқа еңбек ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударып жатты. Жарылыс орын алған сәттен бастап шұғыл штаб құрылып, облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев бастаған топ Арыс қаласына аттанды.

Солтүстікқазақстандықтар Арыс тұрғындарына еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып көмек қолын созғанын атап өткен жөн. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен құрылысқа қажетті материалдар Түркістан облысы әкімдігі жанындағы “Түркістан” корпоративтік әлеуметтік даму қорына тапсырылды.

…Тарихымыздың қай бетін парақтамайық, бабаларымыздың қанымен, боздақтарымыздың жанымен келген азаттықты сақтау, қызғыштай қорғау жеңіл болмаған. Халқымыз түрлі қасіреттер мен нәубеттерге бекем бірлігі, берекелі тірлігі арқылы төтеп берді. 2019 жылы орын алған жарылыс, су тасқыны, ұшақтың құлауы сияқты төтенше жағдайларда да жұдырық болып жұмылудың көркем үлгісін көрсетіп, Алла берген Азаттықтың әр сәті – аманат екенін ұқты.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp