«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ҚОҢЫРАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президетіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қым­бат” атты мақаласында: “Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек!” – деген еді. Мен де бүгін ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсаринді өскелең ұрпақ, мұғалімдер, әсіресе жас әріптестерім үшін еске алып, білгеніммен бөліскім келді.

Ыбырай атамыздың есімі халқымыз үшін аса қадірлі! Өйткені бұл есім қазақ халқымен, оның оқу-ағарту саласымен тығыз байланысты. Азан шақырып қойған аты – Ибраһим. Ол 1841 жылы 2 қарашада дүниеге келіп, 1889 жылы 20-шы шілдеде қайтыс болған. Небәрі 48 жыл ғана өмір сүрген. Бірақ осы қысқа ғұмырында артына өшпес із қалдырып, тұңғыш ағартушы, тамаша педагог, белгілі ақын, жазушы, мәдени қайраткері атанып үлгерді.

Әкесі Алтынсары – момын, оқымаған, қарапайым, шаруа адамы болған. Ыбырай үш жасқа толар-толмас кезінде әкесі қайтыс болады. Содан ұлы атасы, ескінің соңы, асылдың сарқыты – Балқожа бидің қолында тәрбиеленеді. Атасы өзі тұрған өңірге аты шыққан, орысша сауатты, Орынбор губерниясындағы орыс шенеуніктерінің алдында беделді адам болады. Балқожаның ұйымдастыруымен Орынбор шекаралық комиссиясы жанынан қазақ баларына арналып, 30 орындық тұңғыш мектеп ашылады. 30 баланың бірі – 9 жасар Ыбырай болады. Жас Ыбы­рай оқуға алғыр болады. 1857 жылы мектепті алтын медальмен бітіреді. Бағдарламадан тыс орыс тілінде шығатын саяси және көркем шығармаларды оқиды. Екінші жағынан қазақтың бай ауыз әдебиетімен танысып, көп нәрсе үйренеді.

Балқожа бидің хатшысы, қолқанаты бола жүріп, тағылымы мол атаның дана мектебінен тәлім ала­ды. Уинстон Черчиль: “Мемлекеттік қайраткердің саясаткерден негізгі айырмашылығы: саясаткер – келесі сайлауын, ойлайды, ал мемлекеттік қайраткер – болашақ ұрпақтың халін ойлайды”, – деп артына терең мағыналы сөз қалдырған. Ыбырай да өзінің алдына екі үлкен мақсат қояды. Біріншісі – халықтың басын біріктіру, екіншісі – мектеп ашып, қазақ балаларын сауаттылыққа, ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу.

1860 жылдан бастап Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жолы басталады. Өз үйінде тұңғыш рет 3 бала оқытып шығарады. Атамыз қазақтың “дала қоңырауы” атанып, тұңғыш рет ағартушылық іске кіріседі. Осы жылы Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуға рұқсат алады. Бұл мектепті басқару Ыбы­рай Алтынсариннің өзіне жүктеледі. Өз қаражатын салып, атасының және нағашы атасы – Шеген бидің, ел-жұрттың көмегімен қазақ даласындағы үшінші ұлттық мектеп есігін айқара ашады. Естеріңізге сала кеткен артық болмас, бірінші мектепті 1841 жылы Жәңгір хан салдырған, екінші мектеп 1850 жылы Балғожа бидің ынтасымен құрылса, үшінші мектепті 1863 жылы Ыбырай Алтынсарин ашады. Бұл мектепте Ыбырайдың өзі және кезінде үйінде оқытқан 3 қазақ баласы сабақ береді. Ішінде ағайынды Қорғанбек пен Әділбек Бірімжановтар бар.

Бұл мектепте оқушыларды тек сауатылыққа ғана үйретпей, еңбекке де баулыған. Барлық іс-шара негізінен ұлттық тұрғыда жүргізілген. Қыз балаларға кесте тігу, шұлық, қолғап тоқу, ас пісіру, киім пішуді үйреткен. Ал ер балаларға қамшы өру, ер-тоқым, сайман жасау, мал бағу әдістерін меңгерткен. Бүгінгі күндері Корея, Жапония балабақшаларында, бастауыш мектептерінде атамыздың осы әдістері қолданылады екен. Балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, айналамен танысуы, үй тіршілігіне қажетті істермен айналысу, еңбекке, өмірге икемдеу ана тілінде жүргізіледі.

Ыбырай Алтынсарин атамыздың: “Туған елге пайдалы ісімізбен үлес қосу әрқайсысымыздың борышымыз!” – деген өсиеті бүгінгі күнмен үндесіп тұр. Тек жаста­рымыз аталарының осы өсиетін сана­ларына сіңіріп, күнделікті істерімен пайдалы үлес қосуды мақсат етуді борышымыз деп түсінсе, Тәуелсіздігіміз де мәңгілік болар еді.

Енді Ыбырай Алтынсариннің отбасы туралы мағлұмат бере кетейін. Ыбырай Алтынсариннің 1868 жылы 1-ші маусым күні Арақарағай болысында Айғаныс ханыммен некелескендігі туралы дерек бар. Жары Айғаныс анамыз – ұзын бойлы, қызыл шырайлы, қой көзді, аққұба, көп сөйлемейтін, өте қарапайым, нағыз қазақ әйелі. Тұңғыш балалары – Абдолла 1880 жылы, екінші ұлы – Әбдірахман 1887 жылы, қызы – Шарипа 1889 жылы дүниеге келеді. Алланың жазуымен Шарипа 6 жасында, ал Әбдірахман 15 жасында дүние салған. 1916 жылы Абдолладан жалғыз қыз Нағима дүниеге келе­ді. Атамыздың тікелей ұрпағы – немересі Нағима апай 1998 жылы 82 жасында қайтыс болды.

Еліміздің заңғар жазушысы – Мұхтар Әуезов: “Қазақта үш мұнара бар: Абай, Шоқан, Ыбырай”, – деген екен. Биыл халқымыздың тұңғыш ағартушысы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері – Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толып отыр.

“Желкілдеп шыққан көк шөптей,

Жасөспірім, достарым.

Қатарың кетті-ау алысқа-ай,

Ұмтылыңыз қалыспай!

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен, достарым.

Сіздерге бердім батамды”, – деп ұлы бабамыз жастарға өз бата­сын беріп кеткен. Алғашқы ағартушымыздың, ұлт ұстазының, “дала қоңырауы” атанған Ыбырай атамыздың қазасы туралы хабарды естігенде Мұстафа Шоқай:

“Ұлы Алтынсарының Ибраһим,

Алдыңнан жарылғасын бір Құдайым.

Қазақтың жүз әйелі толғатса да,

Дүниеге дәл өзіңдей, енді ұл келмес!” – деген екен.

Қымбат ИСМАНОВА,

оқу-ағарту ісінің үздігі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp