«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҒЗЫ АТАУЛАР ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Miras” қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған “Елдіктің жеті тұғыры” қағидаттарының маңыздылығы талқыланып, алдыңғы отырыстарда қабылданып, жолданған ұсынымдардың орындалу барысы туралы жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының есебі тыңдалды.

Жергілікті атқарушы органдарға Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”, “Ұлы даланың жеті қыры” атты бағдарламалық мақалаларын тиімді жүзеге асыру үшін “Рухани жаңғыру” бөлімін “Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ-нен бөліп, жеке коммуналдық мемлекеттік мекеме немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде ашуды қарастыру ұсынылған болатын. Осы мәселе бойынша сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов өзге өңірлердің тәжірибесіне тоқталды. Кемел Қарашаұлының айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы облысында “Рухани жаңғыру” ЖШС-і құрылған. Еліміздің сегіз өңірінде “Рухани жаңғыру” КММ-і жұмыс істейді. Тек бес облыста ғана бұл бөлім коммуналдық мемлекеттік мекеменің ішіндегі бөлім ретінде жұмыс жүргізіп отыр. Соның бірі – Солтүстік Қазақстан облысы.

“Жер-су атауларын орысша­лау – жай әуесқойлық емес, бұл – белгілі саясатпен жасалған шара. Патша өкіметінің тұсында өңірімізде миссионерлердің белсенді жұмыс атқарғаны кей аудандардағы елді мекендер атауларынан көрініп тұр. Ескі атауларды қалпына келтіру – тарихи әділеттілікті орнатумен бірдей”, – деді “Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан об­лыстық филиалы жанындағы “Miras” қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында баяндама жасаған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласбаева. Профессордың айтуынша, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы басып шығарған “Солтүстік Қазақстан облысының тарихи және қазіргі атаулары” деп аталатын материалдар жинағында жеті аудан бойынша статистикалық мәліметтер келтірілген. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында елді мекендер атауларының жалпы саны 71 болса, соның тек 24 пайызы, яғни 17-сі ғана – қазақ тілінде. Мамлют ауданындағы жағдай тіпті сорақы: барлық атаулардың 5 пайызы ғана өз тілімізде. Сол сияқты Тимирязев, Қызылжар, Шал ақын аудандарында да қазақ тіліндегі атаулар некен-саяқ – барлық атаулардың 7-10 пайызы ғана. Есіл, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы жағдай көш ілгері, бұл аудандардағы қазақ тіліндегі атаулар – сәйкесінше 16, 20 және 22 пайыз ғана.

“Туған жеріміздің бағзы атауларын жадымызда қайта жаңғыртып, ғылыми дәйектелген зерттеу жұмыстарын жүргізу және оны қолданысқа енгізу бүгінгі ұрпақтың парызы деп білеміз. Бұл кейінге қалдырылатын іс емес. Әлі де, алды тоқсаннан асып, арты жетпіске таяп қалған көнекөз қарияларымыз бен аға ұрпақ өкілдері баршылық. Олай болса жер-су атаулары жайында ақпаратты тірнектеп жинап, дәлелді фактілермен дәйектеп, ғылыми тұрғыда зерттеп, айналымға түсірген абзал”, – деді Жанар Серкешқызы.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалы­ның өкілі, облыстық музейдің ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзин “Тәуелсіздік – кез келген ел үшін ең қастерлі құндылық” және “Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұ­ғыры” тақырыптарында ой толғап, қауымдастық және “Miras” кеңесі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сағындық Досмақұлы көршілес Ресейде қаракөз қандастарымыздың көп екеніне қарамастан, бірде-бір қазақ мектебі жоқтығын ашына жеткізді. Сондай-ақ ол түрлі хит әндерді қазақшаға аудару туралы мәселе көтерді.

Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті Ека­терина Восипенок “Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті” тақырыбында таза қазақ тілінде баяндама жасап, жиналғандарды сүйсінтті. Екатерина Елбасы жариялаған жеті тұғырды жастар арасында насихаттау бағытында тынбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді.

Кеңес мүшелері ақпараттық-насихат топтарын құрып, оқу орындары мен еңбек ұжымдарында “Елдіктің жеті тұғыры” қағидаттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу және ономастика саласындағы жұмысты жандандыруды, осы бағытта шығармашылық байқаулар ұйымдастыруды, тарихи бейнефильмдерден елді мекендер атауларына қатысты айтылған үзінділерді, аңыз-әңгімелерді жинастыру туралы шешім қабылдады.

Сағындық МАУҒАЗИН

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp