«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫ ЖАЗЫЛУДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тайынша – даму қарқыны бойынша облысымыздағы ал­дың­ғы қатардағы аудандардың бірі. Тоғыз жолдың торабында ор­на­ласқандықтан инвестиция тартуға да қолайлы. Тәуелсіздік жыл­дары тың жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың тұр­мы­сын жақсарту үшін көптеген игі бастамалар қолға алынды. Не­гізгі кәсібі егіншілік болғанымен басқа салаларда да табыс­та­ры толағай. Аудан әкімі Руслан Аңбаевпен сұхбатымыз еге­мендік жылдарындағы жетістіктерді саралаудан басталды.

– Тәуелсіздіктің отыз жылды­ғы­на аяқ басқалы тұрмыз. Бұл – егемен еліміз үшін тарихтың жа­ңа парағы жазылатын тұс. Та­йын­ша ауданы да азаттықтың үш онжылдығы ішінде даму қарқы­нын бәсеңдеткен жоқ, осылайша ортақ Отанымыздың қалыпта­суына өзіндік үлесін қосты. Тә­уелсіздік күні мерекесі – өткенге көз жүгіртіп, жүріп өткен жолы­мызға шолу жасайтын сәт. Қазақ­стан аяғын енді ғана басқан жас сәбидей алға қарай қадам жа­са­ды, түрлі дағдарыстар, қаржы­ның тапшылығы, тұрмыстың тө­мендеуі сияқты қиындықтар кез­дес­ті, соның бәрін бірліктің ар­қа­сында еңсердік. Реформалар өз же­місін беріп, алға қарай қа­рышты қадам жасадық. Осының барлығына тайыншалықтардың да қосқан өзіндік үлесі бар.

– Аудан экономикасының ті­регі – ауыл шаруашылығы. Та­йынша бұл салада өзгелердің алдында екенін білеміз. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев егіс­тік басына бірнеше рет келіп, жо­ға­ры бағасын берген бола­тын. Бү­гінгі аяқалыстарыңыз қалай?

– Иә,Тайыншаның құнарлы то­пырағы несібесін жерден тапқан диқан қауымын ешқашан табыс­сыз қалдырған емес. Қуаңшылық жылдардың өзінде егініміз бітік шығады. Биыл орақ науқанында егіннің орташа түсімі гектарынан 11 цетнерден айналғанымен, жер өңдеуде жаңа әдістерді қолда­натын шаруашылықтар бұдан бір­неше есе көп өнім алды. Майлы да­қылдар алқабы 7,5 цент­нерден түсім берді.

Аудан бойынша егіншілікпен 348 шаруашылық айналысады. Егістік алқаптың жалпы ауданы 665,4 мың гектар, соның 429,7 мың гектарына бидай, 160,1 мы­ңы­на майлы дақылдар, 70,9 мың гектарға мал азығы, 3,9 мыңына картоп және 709 гектарға көкөніс егіледі.

Егемендіктің алғашқы жылда­ры шаруалар кеңес заманынан қал­ған техникаларды жамап-жас­қап жұмыстарын атқарса, соң­ғы уа­қытта тозығы жеткен трак­тор-комбайндардың орнын жаңа егіс кешендері басуда. Жыл ба­сы­нан бергі он айдың ішінде жүз­ден ас­там агрегат жеткізілген, оның 20-сы комбайн, 60-ы трак­тор және тағы басқалар. Ал бұған дейінгі жылдары әкелінгені қан­шама?!

– Егінді өсіріп, ысырапсыз жи­нап алу – үлкен еңбек. Ал қам­бадағы мол астықтың өзін­дік құнын арттыру үшін қайта өңдеу қарқыны қалай?

– Өңдеу кәсіпорындарын са­луда шетелдік инвестицияларға арқа сүйейміз. Аудан инвестиция тарту бойынша облыста екінші орында. Жыл сайын кәсіпорын­дарымыз 28 млрд. теңгенің өнімін шығарса, бұның 90 пайызы қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнім­дері. Бидайды тереңдете өңдейтін теңдессіз компаниялар­дың бірі – “Bio Operations” ЖШС-нің толық циклі іске қосылды. Ең соңғы өнім – биоэтанол алынған­ға дейін жолай крахмал, балуыз, құрамажем шығарылатынын айта кеткен жөн.

“Тайынша май” ЖШС-і майлы дақылдарды өңдеуге кірісті. Қа­зіргі таңда зауыт толық модер­ни­зациядан өтіп, жаңа өнім түрі – күнжара өндіре бастады. “EMC agro” ЖШС-і ет өнімдерінің оннан астам түрін шығарады. Қайта өң­деу саласы туралы әңгіме қоз­ға­ған кезде сүт өнімдерін шы­ғара­тын кәсіпорын жайлы айтпай ке­ту­ге болмайды. “Лера Норд” ЖШС-і биыл қаймақ шығаруға кі­рісті, енді айран өндірісін қолға алмақ ойда.

– Теріскейде ауыл тұрғын­дарының қалаға қарай үдере кө­шуінің бір себебі – ауызсу­дың тапшылығы. Бұл проб­ле­ма Тайынша ауданында өзекті екенін білеміз. Егемендік жыл­дары қыруар қаржы бөлініп, мыңдаған шақырым құбыр тар­тылды. Ауызсу әр ауылға жететін күн жақын ба?

– Президент Қасым-Жомарт То­қаев ауызсуды әрбір ауылға жет­кізу міндетін қойып отыр. Бұл күн­ге де жетерміз. Бүгінде аудан тұр­ғындары таза суды негізінен Бу­лаев топтық су құбырынан ала­ды. Нақтырақ айтатын болсақ, Тихо­океанское, Шұқыркөл, Аққұ­дық, Теңдік, Котовское, Кирово, Ильич, Агроном, Восточное, Кан­темир, Алабота, Чермошнянка ауыл­да­ры мен Тайынша қаласы­ның тұр­ғындары суды орталық­тандырыл­ған құбырдан алады. Ал Дашка-Николаевка, Қарағаш, Ясная По­ляна, Петровка, Зеле­ный Гай, Виш­невка, Драгоми­ров­ка, Аман­дық және Келлеровка жер­гілікті су көздерін пайдалана­ды. 63 елді мекен тұрғындары өмір нәрін ор­талықтандырыл­ма­ған су көздері­нен алады, яғни ұң­ғы­малар мен құдықтарды пай­даланады. 46 тұрғыны бар Тру­довое, Мирное және Восточное ауылдарына су көлікпен тасы­малданады.

2021 жылы Рощинское, Чка­лово және Петровка ауылдарына су тарату желілерін тартуға және Кирово ауылын Булаев топтық су құбырына қосуға республикалық бюджеттен 799410 мың, облыс­тық қазынадан 22532,0 мың теңге бөлінді. Летовочное мен Ма­кашевка елді мекендерінде жер­гілікті су торабын салуға 177 млн. теңге бөлінді.

Ауыл туралы әңгіме қозғаған­нан кейін жолдардың жайын айт­пай кетуге болмайды. Ауданның автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 1042 шақырым. Биыл 52 шақырымы жөнделді, нақты­рақ Степное – Озерное, Красная Поляна – Нагорное – Чермош­нян­ка, Келлеровка – Южное жол­дары және Теңдік ауылына кі­реберіс орташа жөндеу көр­ді. Келер жылы Виноградовка – Ясная Поляна – Тихоокеанское – Шұқыркөл жолы, Көкшетау – Ом­бы бағытының бір бөлігі, Вино­градовка – Ясная Поляна – Ки­ро­во, Тайынша – Кантемир – Ко­товское жолдарын жөндеу және Чкалово елді мекеніне кіреберісті қалпына келтіру көзделіп отыр. Барлығы 144 шақырым жол қал­пына келтіріледі.

– Тайыншадағы аурухана – ауданаралық емдеу мекемесі ста­тусына ие. Яғни, көрші ау­дандардың тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Бұл – еге­мен­дік жылдарында аудан қол жеткізген жетістіктердің бірі екені даусыз. Жалпы ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жо­лын іздеу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Бұл сөзіңізбен толық келі­се­мін. Алайда Тайынша ауданара­лық ауруханасынан бөлек, бес дә­рігерлік амбулатория, төрт фельд­­шерлік-акушерлік пункт жә­не ауылдарда 61 медициналық бекет бар. Дәрігерлік амбула­то­рия­ларда маман тапшылығы жоқ, жалпы аудан бойынша 61 дә­рігер мен 312 орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Әлемді дүрліктірген коронавирус емдеу мекемелерінің жұмысын ауырла­та түсті. Қазіргі таңда ауданда вак­цина салатын үш стационар­лық бекет жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, алты жылжымалы екпе бригадасы күн сайын ауылдарды аралап, вакцина салады.

Денсаулықтың қадірін ауыр­май тұрғанда білу керек. Ол үшін саламатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру және спортпен шұғылданған жөн. Аудан бойын­ша 240 спорт нысаны бар. Төрт стадион, екі шаңғы базасы, төрт ату тирі, 35 ашық хоккей корды жұ­мыс істеп тұр. 28 шағын футбол алаңы болса, солардың бесеуіне жасанды желек төселген. Зама­науи дене шынықтыру-сауықты­ру кешені салынды.

Бұл айтылғандар – еліміз еге­мендік алғаннан бергі жеткен же­тістіктердің бір парасы ғана. Та­йынша ауданы бұл белеске тұр­ғындарының ауызбіршілігі, ең­бек­қорлығы мен туған жерге де­ген шексіз махаббатының арқа­сын­да жетіп отыр. Алда бізді одан да зор табыстар күтіп тұр деп нық сенім­мен айта аламын. Еліміз аман, ба­уырымыз бүтін болсын!

– Сұхбатыңызға рақмет! Тә­уелсіздік тойы құтты бол­сын!

Сұхбаттасқан,

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp