Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысында қоғамдық ұйым өкілдері профилактикалық бақылау, азаматтардың өтініштерін қарау және ақпараттық жүйелер мониторингінің қорытындылары бойынша жүргізілген бақылау іс-шараларының, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін қарады.
Мемлекеттік қызмет істері департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Болат Еңсегеновтің айтуынша, жыл басынан бері 32 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 229 заң бұзушылық анықталған. Былтырғы жылға қарағанда бұл көрсеткіш 66 пайызға азайған. Мемлекеттік қызметтерді көрсету рәсімдері мен мерзімдерін сақтамау жағдайлары сәулет-қала құрылысы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы салаларында жиі орын алады. Мемлекеттік органдардың 52 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 11 әкімшілік хаттама толтырылған. Бақылау іс-шараларының қорытындылары негізінде мемлекеттік органдардың мамандарымен құқықтық оқулар жүргізіліп, кемшіліктерді болдырмау, алдын алу тетіктері жүйелі түрде қарастырылмақ.
Жұмыс тобының төрағасы, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев қызмет көрсетушілер тарапынан болатын кемшіліктердің алдын алуды күшейту қажеттігіне назар аударса, департаменттің бас маманы Гүлнәр Жусалина “Туған жер” үкіметтік емес ұйымы жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижелерімен таныстырды. Үш мыңнан астам солтүстікқазақстандық қатысқан әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қанағаттану деңгейі 90 пайызды құраған. Қызмет алушылар мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуді күшейтуге, кәсіби біліктілігіне назар аударуға, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты пікір білдірген.
Департамент басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев қоғамдық мониторинг ұсыныстарының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Петропавл қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жетекшісі Евгений Зубков мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін жасалып жатқан қамқорлықтар жайлы хабарлама жасады. Жұмыс тобының мүшесі, “Nur Otan” партиясы филиалының заңгер-кеңесшісі Айгүл Мусинова мемлекеттік корпорация филиалының жұмысын, ал облыстық “Азаматтық альянс” бірлестігінің төрағасы Жанат Мұхамеджанов маусымдық мемлекеттік қызметтер сапасын жетілдіруді, құқықтық сауаттылықты арттыруды ұсынды.
Махаббат САМРАТ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы-баспасөз хатшысы.