«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙДЫҢ КЕМЕЛДІК ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменов қазақ ғылымындағы толағай тұлғалардың бірі академик Жабайхан Әбділдинмен өзара әңгімеге құрылған “Абайдың кемелдік жолы” деп аталатын екінші кітабын баспаға тапсырды. Бұған дейін жарық көрген “Өмір-өзен” атты танымдық еңбекте Жабайхан Мүбәрәкұлы Қазақстанда философия ғылымының қалыптасып, дамуы, қазақ ғылымы мен мәдениетінің дара тұлғалары Мұхтар Әуезовпен, Сәбит Мұқановпен, Әлкей Марғұланмен, Ермахан Бекмахановпен жүздесулері, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел болуға ұмтылысы, Тәуелсіздік ризығы туралы ой-толғамдарын ортаға салса, бұл еңбекте ұлы Абай, ғұламаның қазақ қоғамындағы, әлемдік қауымдастықтағы орны, еліне, ұрпағына қалдырған мол мұрасының тағылымы туралы әңгіме желісін тарқатады. Бүгін сіздердің назарларыңызға осы еңбектен үзінді ұсынып отырмыз.

ІV

Білмеймін, кемшілік пе әлде ұлттың ерекшелігі ме, Абай өзінің қара сөздерінде әлденеше рет қайталап жазатынындай, қазақтар сырттан бір ақылды, білімді адамды көрсе – көзін ашып-жұмып, ой жарықтық-ай, сөздері қандай деп жер-көкке сыйғызбай, мақтай жөнеледі. Ал өз елінің азаматы ой, білім жағынан анадан асып тұрса да елемейді, сөздеріне құлақ аспайды. Осы қалай?

Бұл қазақтың қанына сіңген жаман әдет, ерекшеліктері деп айтса да болады. Абайдың заманында да болған, қазір де бар. Айталық, талай жыл ізденіп жүріп іргелі монографиялық еңбек шығарасың, қазақ оны бағаламайды. Ал сол еңбектің бір үзігін ғана ортанқол шетел журналдарының біріне шығарсаң, жерден жеті қоян тапқандай мақтан сөзге жел беріп, даурығады. Ол ол ма, магистранттар мен докторанттарға диссертацияңды қорғау үшін шетел журналдарының біріне мақалаңды шығаруың керек деген талап пайда болды. Осыны пайдаланып кейбір шетелге кеткен өзіміздің алаяқтар – орыстар, еврейлер, тіпті өз ұлтымыздың адамдары түкке тұрғысыз журналдарға біздің докторанттардың мақалаларын жариялайды. Сол үшін олардан әжептәуір ақша алады. Сөйтіп, өз талапкерлерімізді қор қылып жатамыз. Тағы бір жайт, біз Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін, кейбір Батыс елдерінен үлкен академиктерге, ғалымдарға “Лондондағы ірі ғылыми қоғам сізді “Жыл адамы” деп таныды, соның сізге сертификатын жібермекшіміз. Ол үшін мына есепшотқа 200 доллар салыңыз” деген мазмұндағы хаттар түсе бастады. Оны алған біздің кейбір академиктеріміз төбелері көкке екі елі ғана жетпей тұрғандай қуанып, 200 долларын жіберіп жатты. Кейін Ресейдің ғалымдары тексеріп қараса, ондай қоғам жоқ болып шықты. Бізден кеткен алаяқтардың жасап жүргені. Ол алаяқтар біздің психологиямызды, дарақылығымызды, мақтан сүйгіштігімізді, қазақтың бөспе екенін жақсы біледі, соны пайдаланып отыр. Мұндай хатты мен де алғам. Қазақта “бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық” деген сөз бар ғой, соны ойладым да хабарласпадым.

Осы мәселені текке қозғап отырған жоқпын. Мұндай әрекеттердің бәрі де, қисынсыз талаптар, шетелде басылатын арзанқол мақалалар, сол мақалаларға ұсақ-түйек қоқысқа толы журналдарда берілетін мақтан баға, татымсыз, нәрсіз монографиялар мен кітаптардың қаптап кетуі бізге өзіндік намыстың, сана-сезімнің, адамның өзіне, ғылымға деген сенімінің жетіспей тұрғанын көрсететін сияқты көрінеді маған.

Дұрыс айтасыз. Өз заманында Ф. Достоевский өзі шығарған журналда ағылшынның орыстан айырмашылығы туралы мақала жазған еді. Достоевскийдің жазғанындай, орыс сотқа қосшы би болып сайланса, ол көп жағдайда шешім шығарар кезде сезімнің жетегінде кетеді. Оған ер не әйел айыпталушы адам ұнап қалуы мүмкін. Ағылшын болса мұндай жағдайға мүлдем басқаша қарайды. Ол соттың қосшы биі болып сайланған сәттен бастап өзін ешқандай сезімге, әсерге берілмей, мәселені тек заң тұрғысынан шешуі тиіс мемлекет өкілі деп сезінеді.

Мен ағылшын, неміс, француз, дат ғалымдарының өздерінің еңбектерінің шетел оқымыстылары тарапынан бағалануын қажетсінбейтініне нық сенімдімін. Олар өздерінің ғалымдарын, өз елінің азаматтарының пікірін бағалайды. Кеңес үкіметі кезінде біз докторлық диссертацияны бағалау үшін диссертация қорғаушыны бірнеше сатымен жүгіртетінбіз – алдымен бөлімде талқыланады, содан соң ғылыми кеңесте арнайы шақырылған рецензенттер талқылайды. Германияда докторлық диссертацияның тағдырын бес маман ғана шешеді. Олар өздеріне жіберілген диссертацияны қарап, белгіленген мерзімде диссертацияның талапқа сай немесе сай еместігі жайында пікірлерін білдіреді. Бұл ретте ғылыми жетекшінің пікірі аса маңызды саналады.

Жалпы қазір де кеңес дәуірі кезіндегідей, посткеңестік елдерде қоғам мүшелері өздері өндірген өнімге сенімсіздікпен қарайды. Мысалы, коронавирус індетіне байланысты Америкада халықтың жүз пайызы дәрі ектірді. Ал Ресейде осы уақытқа дейін көп адам екпе алған жоқ. Өйткені олар өз елінің дәрісінің тиімділігіне сенбейді. Біздің ел туралы да осыны айтуға болады. Бізде де қазақстандықтар өзіміздің дәріге онша сенбейді. Осының бәрі бізде өз өнеркәсібімізге, өзімізге өзіміз сенбейтінімізді көрсетіп отыр.

Абайдың даналығына, болашақты болжай білген даралығына таңғаласың, “қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман. Мен қорқамын қазіргі жастардан…”, – деп қалай дөп басып айтқан?!

Абай масылдыққа өте қарсы болған. Егер ауру болса, мүгедек болса, зейнеткер болса көмек сұрағаны жөн. Дені сау, тепсе темір үзетін, қол аяғы бүтін адамдардың біреулерден көмек сұрап, алақан жайып жүруі болмаса өз күнін өзі көрудің, бала-шағасын жүдетпеудің орнына нан тауып жеп, аштан өлмеу үшін біреулерге атарман-шабарман болып жүретіндер Абай үшін нағыз надан, нағыз жексұрын адамдар. Ол егер де еңбек жасап, аз ғана малын өсіріп, өз күн көрісін жасап жатса, ол дұрыс адам болар еді. Оның орнына байдың атын мінгеніне мәз болып, оған жарамсақтанып дүние кешу қорлықтың қорлығы. Бірақ ол адамдар оны түсінбейді.

Бізде кеңес өкіметі орнағаннан кейін арамтамақтар мен жағымпаздардың күні туып, солар қазақ халқына орасан қасірет әкелді. Тура Абайдың алдын ала болжап, сезгеніндей болды. Голощекинді Қазақстанға бірінші басшы қылып жібергенде ол, әрине, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз еді. Егер Ресейде кулактың, ауқатты шаруаның бес жылқысы болса бұл бес машинаға тең дүние. Ол сол аттармен егінін де егеді, астығын да жинайды. Ал жер өңдеумен сирек айналысатын қазақ үшін бес немесе он шақты жылқы бірде аш, бірде тоқ дегендей, қарапайым күнкөріске ғана жетеді.

Голощёкин Қазақстанда әлі де байлар көп, сондықтан қазан төңкерісінің үлгісімен тағы бір дүрбелең өткізу керек деген ұран тастады. Бұл науқанды жүзеге асыруға оған қазақ арасындағы жатыпішерлер мен жағымпаздар, белсенділер көмектесті. Олар кімнің малы қай жерде жасырылғанын көрсетіп, бір ғана жылқым бар деген қазақтың он жылқысы бар деп, он жылқысы барларды жиырма не отыз жылқысы бар деп асыра сілтеді. Отыз-қырық жылқылы қазақ жүз жылқы ұстайтын шылқыған бай болып көрсетілді.

Осыдан да Қазақстанда ұжымдастыру өрескел бұрмалаушылықтармен жүргізіліп, халыққа қасірет әкелді. Байлардың ғана емес тұрмысы орташалардың да жылқысын, қара малын тігерге тұяқ қалдырмай жыланша жалмады. Қазақты мемлекетке астық тапсыруға міндеттеді. Сол зобалаңды көзі көргендердің айтуынша, осы аптада ауқатты қазақ жүз пұт астық тапсырса, келесі аптада екі жүз пұт астық беруге тиіс болды. Міндеттеме көлемі үнемі артып отырды. Егін егу ата кәсібінде жоқ қазақ борышын өтеу үшін қолындағы жылқысын, бар малын жұмсады. Осының салдарынан күнкөріске жарар ештеңе қалмады. Барлық жерде жаппай аштық басталды. Халық Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға босып кетті. Бұл жерде сұмдық аштықтың Қазақстанда орын алуының себебі неде деген сұрақ туындайды. Мұның жауабын Кеңес өкіметінің, Голощёкиннің ұрдажық саясатынан ғана емес, қазақ белсенділерінің әрекетінен де іздеу керек.

Рас, белсенділер, Абай айтқандай, байларға жағымпазданып, олардың айтқанын екі етпейтіндей көрініп жүріп іштерінен оларды жек көрген. Олар сол сияқты өз еңбегімен, өз қайратымен күндерін көріп жүрген жай шаруаларды да жек көрген, оларды көре алмаған. Кеңес өкіметі осы сияқты кісілігі, адамгершілігі төмен адамдарға қызмет беріп, оларды өз мақсатына пайдаланған. Біздің әдебиетте қазақтардың қынадай қырылуына себеп болған ашаршылық туралы көп жазады. Бірақ осы ашаршылықта белсенділердің де үлестері, рөлі бар екендігі аз айтылады. Біз ашаршылықтың, біздің халыққа әкелген қасіретін, трагедияның себебін толық, жан-жақты көрсетуіміз керек. Ұлы Абай болашақ қоғамның осындай көлеңкелі жақтарын да дөп басып, үлкен көрегендік танытқан.

Француз жазушысы Эмиль Золя “Париж тұңғиығы”, “Әйел бақыты” сияқты романдарында байлардың жаңа табының пайда болып, ақсүйектер мен бекзадалар қауымының азып-тозып, ыдырап, олардың орнын капиталистер басатын кезін тамаша суреттеген. Бұл орайда байлардың жаңа ұрпағының қағидасы байлықтың есебінен ғана күн көріп, кірістен түскен қаржысын қымбат сарай тұрғызуға, әшекей, киімге жұмсайтын ақсүйектер мен дворяндардың салтынан мүлдем бөлек деген тарихшылардың пікірімен келісуге тура келеді. Жаңа байлар, капиталистер, түскен пайданы зәулім сарайлар мен қымбат әшекейлерге емес, өндірісті кеңейтуге жұмсады. Капитал заңының жалпы қағидасы – Ақша-Тауар-Ақша.

– “Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік? Өзі құрттанып шашылған болыс-билер тұра тұрсын. Енді, әлбетте, амал жоқ, момындығынан “Ырыс баққан дау бақпас” деген мақалмен боламын деп, бергенінен жаға алмай, жарымын беріп, жарымын тыныштығымен баға алмай, ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым”, – дейді Абай Жиырма екінші қара сөзінде.

Абайдың бұл сөздерінде үлкен мағына, тың ой бар. Абай 1904 жылға дейін өмір сүрді. Ол қоғамда болып жатқан жаңа құбылыстарды көрді. Ол құбылыс Батыста 17-18 ғасырда басталса, Ресейде 1980-шы жылдардан бастап зауыт, фабрика, теміржол пайда болды, қаржылық капитал басталып кетті. Ресейде дүниеге жаңа адамдар келді. Егер бұрын аристократтар, графтар, князьдер, барондар, дворяндар атадан келе жатқан дәулеттерін қанағат тұтып, соны ғана пайдаланса, 1880-шы жылдан бастап дүниеге жаңа байлар келді. Олар – тумысынан аристократ емес, дворян емес, қарапайым шаруалардың, купецтердің ұрпақтары. Осылардың тыныс-тіршілігін орыстың атақты жазушысы А.П.Чехов өзінің шығармаларында жақсы көрсеткен. Мысалы, “Степь” деген романында Варламов деген белсенді “жаңа бай” туралы жазады. Варламов аристократ емес, бірақ өзінің еңбегімен, белсенділігімен мықты бай болған. Оның аты ауыздан түспейді. Өйткені, сайып келгенде, дүниенің бәрі Варламовқа келіп тіреледі. Айталық, жүннің бағасы, оның нарықтағы көлемі Варламовтың іс-әрекетіне байланысты. Сол сияқты А.П.Чехов өзінің “Вишневый сад” деген туындысында бай аристократ әйел туралы жазады. Олар ағасы екеуі атадан қалған дәулетке ие болған. Еңбектің не екенін білмейді. “Вишневый сад” және басқа пайда көздері арқылы ештеңеден тарықпай өмір сүреді. Жеті жасар баласы өлгесін әйел көбінесе көңілдесі тұратын Батыста, Италияда болады. Ақыры не керек, ақшаға зәрулік қолын байлап, атадан келе жатқан именияны – “Вишневый садты” сатады. Бірақ оның ағасы бақша мен именияның қанша тұратынын білмейді. Олар осылай қиналған кезде бақшаларын Лопатин деген жігіт сатып алады. Лопатин күні кеше ғана олардың үйлерінде жұмыс істеп күнін көрген кісінің баласы. Бірақ ол өзінің іскерлігінің арқасында тез байып шыға келеді. Лопатинге бақша мен именияның сән-салтанаты қажет емес. Ол осы мүмкіндіктен пайда алу жолдарын іздестіреді. Сондықтанда ол бақшаның орнына саяжайлар салады. Өзінің бұл ісінен көл-көсір пайда табатынына сенімді. Ақыры дегеніне жетеді.

Чехов сияқты осы “жаңа байлар” тақырыбына М.Горький де қалам тартқан. Оның “Дело Артомоновых” деген еңбегіне Артомоновтардың отбасының іс-әрекеті арқау болған. Артомонов – помещиктен өзінің еркіндігін сатып алған бұрынғы басыбайлы шаруа. Өзінің іскерлігінің, қабілетінің арқасында ақша, қаржы жинап бір шағын қалада фабрика салады. Ол өлген соң, үлкен баласы фабриканың жұмысын әрі қарай жалғастырып әкетеді. Артомоновтар да “жаңа бай, жаңа адамдар”. Осы құбылыс Батыста біз айтқандай ерте басталып кеткен. Жаңа байлар туралы О.Бальзак пен Эмиль Золя да өздерінің “Евгения Гранде”, “Отец Горио”, “Гобсек” деген еңбектерінде өте тамаша жазған.

Абай айтқандай – жаңа байлар Қазақстанда да ептеп бой көрсете бастады. Купецтер, саудагерлер, кәсіпкерлер үлкен дүкендердің иесі, тұз шығаратын, жүн жуатын өндірістің қожайындары пайда болды. Олардың тұқымдары, балалары Петербургте, Мәскеуде, Томскіде, Омбыда, Атырауда оқуға ұмтылды. Осы жаңа байлардың өкілдері кадет партиясына мүше болды. Ресейдің географиялық қоғамында қызмет істеді. Оған мысал ретінде біз Ә.Бөкейхановты, М.Шоқайды, Ж.Досмұхаметовті, А.Байтұрсыновты айта аламыз. Алаш зиялылары “Қазақ” деген газет шығарды, қазақ халқына жаңа ой, жаңа пікір таратты. М.Дулатов “Оян, қазақ!” деген еңбегімен жалпы қазақ халқына ұран тастады. Алаш зиялылары партия құрды, оның бағдарламасын жасады. Патша үкіметі құлағаннан кейін 1917 жылы тәуелсіз Алаш орда мемлекетін құрды. Абай олармен тікелей байланыста болған жоқ, бірақ қоғам өмірінде осы сияқты құбылыс бар екенін жақсы сезді. Ал Алаш зиялылары болса, олар Абай шығармаларымен таныс еді. Олардың көп жағдайда өз еңбектерінде Абайға жүгінуі осының дәлелі.

Жәке, Абай өз шығармаларында сұлулық туралы көп жазады. Осыған қатысты сіздің ойыңызды білсем деп едім.

Бұл енді мәңгілік тақырып қой. Сократ пен Платоннан бастап, Гегель, Маркс, Чернышевскийге дейінгі ғұламалар сұлулық ұғымына, сұлулық идеясына қатысты өздерінің ойларын, пікірлерін ортаға салған. Гегель сұлулық дегеніміз – ол идея дейді. Дүниеде сұлу заттар көп, бірақ олардың мәні, түп негізі идея дейді философ. Ал Н.Г.Чернышевский сұлулыққа қатысты өз ойын ол тамаша өмір деп түйіндейді. К.Маркстің ойынша сұлулықтың негізі ол адамзаттың іс-әрекеті, еңбегі және оның жасампаздығынан туатын үйлесімділікте жатыр. Бұл тақырып ұлы Абайды да қызықтырған. Мен әр кез Абайдың сұлулық туралы ойлары, мен пікірлеріне, тәсілдері мен әдістемесіне қатты таңғаламын. Оның себебі, Абайдың ойы К.Маркстің “Капитал”-ды жазғандағы методологиясымен тікелей ұштасып жатыр. Әрине, Абай Марксті оқыған жоқ, бірақ екеуінің ойы бір жерден шығып жатады. Мысалы, Маркс “Капитал”-дың мәнін, қосымша құнын, ұғымын жасағанда ағылшын, итальян, неміс капиталистерінің ортақ сипатына сүйенбейді, өзінің ұғымын тек ағылшын капиталистерінің іс-әрекетін сараптау, тексеру арқылы негіздейді. Оның себебі ағылшын капитализмі – ең дамыған, биік деңгейдегі капитализм. Демек, ол басқа капиталистік елдер таңдайтын жол. Абайдың сұлулық туралы түсінігі мүлде бөлек. Ол сұлулық туралы сөз қозғағанда өлеңге, музыкаға, бейнелеуге, тағы басқа сұлулықтарға ортақ сипаттарға сүйенбейді.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы, – дейді Абай.

Абайдың ойынша сұлулық – қиыннан қиыстырған ұлы дананың сөзі, ойы. Сұлулық – әртүрлі сипаттардың өзара үйлесімділігі. Әсемділік дегеніміз – барлық жағы ғажайып үйлесіп, бірін-бірі толықтырып тұратын тұтастық. Бұл ұғымды Абай өнердің басқа салаларына қатысты да қолданады. Мысалы, ән туралы ол былай дейді:

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй.

Сұлулықты Абай жан-жақты терең зерделеген. Бірақ Абай үшін сұлу жыр ерекше қымбат. Тағы да ғұламаның өзіне жүгінейік:

Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған;

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағына жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл.

Міне, осы ғажайып жолдарда Абайдың сұлулық туралы терең ойлары жатыр.

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар бәһра ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ – ойға олақ.

Абайдың ойынша өлең – сұлулықтың нағыз шыңы, ең биік түрі. Абай сұлулыққа субардинация жағынан қараған. Ешқандай өнер сұлулықты сомдауда нағыз таланттың жазған өлеңіне тең келе алмайды. Қарап отырсақ, Абай сұлулық туралы терең ой айтып қана қоймай, сұлулықтың ғажайып түрлерін жасаған. Абайдың өлеңдерін мағанасын бұзбай, тереңдігін, нақышын сақтай отырып, басқа тілге аудару қиын. Мысалы, Абай өлеңдерін орыс тіліне талай рет аударған, бірақ кім аударса да Абай өлеңінің ғажайып табиғатын бере алмайды. Ақиқаты сол, ұлы ақындарды басқа тілге аудару қиының қиыны. Мысалы, А.С.Пушкинді талай рет неміс, француз тіліне аударған. Бірақ олар Пушкинді оқығанда орыстар сияқты әсер алмайды. Мысалы, Пушкин:

Буря мглою небо кроет,

Вихри снежные крутя;

То, как зверь, она завоет,

То заплачет, как дитя,

То по кровле обветшалой,

Вдруг соломой зашумит,

То, как путник запоздалый,

К нам в окошко застучит.

Немесе:

У лукоморья дуб зелёный;

Златая цепь на дубе том:

И днём и ночью кот учёный,

Всё ходит по цепи кругом.

Тағы бір өлеңі:

Мороз и солнце; день чудесный!

Еще ты дремлешь, друг прелестный –

Пора, красавица, проснись:

Открой сомкнуты негой взоры,

Навстречу северной Авроры,

Звездою севера явись!

Бұл өлеңдерді басқа тілге тек ұлы ақындар ғана аудара алады. Олар екі тілді бірдей жақсы білулері керек. Сол сияқты Абайдың өз ұлтынан басқаның жүрегіне терең бойлай алмай жатқан басқа да керемет өлеңдері бар. Бәрімізге жақсы таныс мына жолдар керемет емес пе!

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға.

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Бұл өлеңді кез келген ақын басқа тілге аудара алмайды. Абай сұлулық ұғымының түрін жан-жақты толық түрде көрсеткен. Ең алдымен, ұлы даланың сұлулығы. Қазақ даласы басқа халық үшін, тіпті орыстар үшін меңіреу, ұсқынсыз дала болып көрінеді. Орыстың өлеңі бар ғой:

Степь да степь кругом,

Путь далёк лежит.

Там, в степи глухой,

Замерзал ямщик.

Ұлы Абай жыл мезгілдері туралы өлеңдерінде қазақ даласындағы керемет сұлулықты ашып көрсетеді. Ол тек сұлулық жөнінде айтпайды, адамдардың, қазақтардың сұлулықтан қандай әсер алатынын жырлайды. Жан-жануарлардың қимылдарымен бірге көрсетеді. Жазғытұрым туралы өлеңін білесің ғой.

Жазғытұрым қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар, адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі.

Абай бұл өлеңінде жазғытұрым даланың масаты кілемдей құлпыратынын, неше түрлі гүлдердің аңқыған жұпар исі…, сонымен бірге жан-жануарлардың шуақтап бойы кеңіп, рахат күйге түсетінін керемет суреттейді. Сол сияқты жаз туралы өлеңінде:

Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының,

Шалғыннан жоны қылтылдап…

Сол сияқты күз туралы:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан.

Білмеймін тойғаны ма, тоңғаны ма,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан?

Абайдың табиғат туралы өлеңдерін Әлихан Бөкейханов өте жоғары бағалаған. Европаның кез келген ақыны осындай өлең жазса, жер мен көкке сыймай кетер еді деп жазған.

Табиғат сұлулығын осылай жырмен өте шебер өрнектеген Абай қазақтың қанаты – жылқыға келгенде тіпті көсіліп кетеді:

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ.

Абайдың қазақтың аруларының ажарын ашуы да өзгеше ғой:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған айды.

Иә, Абайдың сұлулық туралы сұлу жырлары көп. Ол осылай адамзат тарихында сұлулық туралы қалыптасқан ойларды жаңа мазмұнмен байытты. Абайдың бір- ерекшелігі, ол тек сырты сұлуға ғана тамсанбаған, адамның жан дүниесінің сұлулығына терең бойлаған.

 

V

Абай ақын, ағартушы, сонымен бірге ол Аллаға, дінге қатты сенген. Бұл жөнінде кеңес заманында көп айтыла бермейтін. Мысалы, мен өзім бала кезімде Абайдың “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деген сөздерін естімеппін.

Абайдың дін туралы ойы өте күрделі және терең мағыналы. Қазақтың ұлы ойшылының шығармаларында діни сенім, ислам діні, оны дұрыс түсіну, ұғыну мәселелері төңірегінде ой толғау ерекше орын алады. Абай өзінің философиялық ілімдерінде діннің адам өміріндегі маңызына баса мән берген.

Отыз төртінші қара сөзде Абай қазақтың нағыз діни сенімі, қазақтың мұсылманшылығы жайында ой толғайды. Ол жалпы адамдар сияқты қазақтардың да, тірі пенде екенін, мәңгілік өмір сүрмейтінін, жекелеген адамның өмірі ерте ме, кеш пе, аяқталатынын түсінетінін айтады. Өйткені адам белгілі бір уақыт шеңберінде ғана өмір сүреді, осыдан соң ол о дүниелік болады. Сондықтан да ойшыл Абайдың пікірінше, адамдар өз өмірінде екі жолдың бірін таңдайды. Біреулері күнделікті үйреншікті таптауырын тіршілік күйбеңімен күн кешеді, басқалары мәңгілік құндылықтарға, жан дүниенің рухани сұранысына, биік мақсаттарға ден қояды. Соңғылары өздерінің жердегі өмірі өтпелі, қысқа екенін түсініп, о дүниедегі сынақтарға дайындалады, сол арқылы олар өмірде мұсылмандық шарттарын қаншалықты ұстанатынын, қаншалықты Алланың әміріне мойын ұсынып күн кешкенін, бұл өмірде қаншалықты адал, әділ, қайырымды болып, жақындарына қарайласқанын көрсетеді.

Бірақ ұлы ойшыл қазақ қоғамында осындай талапқа сай адамдар аз екенін түсініп аh ұрады. Халықтың көпшілігіне бұл қағидалар белгілі, бірақ әдетте адамдар мәңгілік құндылықтарға бет бұрып, жанның о дүниедегі жайын ойламай, керісінше, қарама-қарсы бағытты таңдайды. Олар кез келген жолмен байлық жинап, билігін күшейтуге ұмтылып, көпірме мадақ сөздерді тыңдағысы келеді, мақтаншақтыққа бой алдырып, өздерін басқалардан жоғары қояды.

Абай айтқандай, қазақтар алдарында қиын таңдау – бұл жалғандағы жайлы, тоқ өмір немесе мәңгілік өмірге дайындалу таңдауы тұрғанын түсінеді. Уақытша, өткінші дүние мен мәңгілік, өшпейтін құндылықтар арасында таңдау жасау туралы айтқанда философ Абай қарапайым пенделердің бұл жалғандағы қызықтарға беріліп, шынайы, мәңгілік құндылықтар туралы ойламайтынына өкініш білдіреді.

Абай сонымен қатар бұл өмірдегі қуаныш пен адамды мәңгілік өмірде күтіп тұрған қуаныш арасындағы айырмашылықты ашып көрсетеді. Абай бұл қуаныш сезімдері өзінің деңгейі мен маңызы жағынан бір-бірінен мүлдем алшақ екенін, бұлар бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі түрлі құндылықтар екеніне де күмән келтірмейді. Осылайша тұжырым жасаған ойшыл Абай жалған дүниенің өтпелі рахаты үшін, бір сәттік ләззат үшін, өзгелердің алдында өзіңнің құдіретті екеніңді сезіну үшін бұл дүниеде ғана емес, мәңгілік өмірде де маңызы зор, бұдан да қымбат қуаныштан теріс айналу ақылға қонымды ма деген сұрақ қояды.

Ислам дінінде Құдай ақиретте үкім кескенде адамдарды екі топқа бөледі делінген. Бір топқа бұл дүниеде тек тіршілік ләззаты мен даңқты аңсап, басқалардан өктем тұрып, бұл өмірдегі өткінші дүниенің құлы болғандар кіреді. Екінші топта мәңгілік жасайтын ізгілік үшін қызмет етіп, Исламның шарттарын саналы түрде орындағандар болады. Ақирет сотында өтпелі құндылықтарға жүгініп қызық қуғандарға, бұл жалғанда атақ-даңққа ұмтылғандарға жұмақтан орын берілмейді. Ал мұсылман дінінің қағидаларын ынта-ықыласымен орындағандарға мәңгілік өмір бұйырады. Өйткені олар – жер бетіндегі өмірінде діни сенімнің мәңгілік қағидаларын есінен шығармаған пенделер. Сондықтан о дүниеде оларды ізгілікті істеріне лайық сый күтіп тұр.

Өз шығармаларында Абай дінге қатысты тағы бір мәселені ой елегінен өткізеді. Құдай адамды сүйіспеншілік сезімімен жаратқаны бәрімізге белгілі. Бірақ Құдай адамды әділеттілік қағидасы бойынша жаратты ма? Нақты өмірде біз физикалық, рухани ерекшеліктері, әлеуметтік жағдайы әртүрлі адамдарды кездестіреміз. Мысалы, бір адам бай, екіншісі кедей, біреулері күшті, басқалары әлсіз, бір адам сау, басқа адам ауру, бірі адал, екіншісі зымиян, біреулері дұрыс жолмен жүреді, басқалары күнаға батады.

Тағы білетініміз, Құдай бәрімізді де әділеттілік негізінде жаратып қана қойған жоқ, сонымен қатар барлық адамға діннің барлық ең маңызды қағидаларын, имандылық қағидаларын орындауды тапсырды.

– Алайда құдіретті жаратушының бар­лық адамға әділеттілік қағидаларын жеткізе отырып, алаяқтың дені сау, бай болуына, наданның дәулеті шалқып өмір сүруіне, ал белін жазбай тер төгіп еңбек ететін, адамгершілік жолынан тай-май адал жүретін пенденің ішер асқа, киер киімге жарымай жүруіне жол беруі қалай?

– Бұл сұраққа Абай тура, анық та қанық жауап береді. Құдай адамды жай ғана емес, сүйіспеншілік, мейірімге бөлеп жаратты, оған тура жолды нұсқады, әрбір ізгі адам бұлжытпай орындауы тиіс қағидаларды ұсынды. Бірақ сонымен қатар Құдай адамға ықылас еркіндігін, яғни таңдау еркіндігін де берді. Адамды жаратқан Құдай пендесіне ықылас еркіндігін берумен қатар байлық пен кедейлікті, әділеттілік пен әділетсіздікті, ізгілік пен зұлымдықты, ауру мен денсаулықты да қатар жаратты. Алайда Құдай нақты бір адамды бай немесе кедей, ауру немесе сау, ақылды немесе топас қылмайды. Басқаша айтқанда, Құдай адамды мейірімге бөлеп жаратады, бірақ ешбір адамның өз кінәсінен болған қателігі, кемшілігі, немесе артықшылығы үшін жауап бермейді. Жаратушының данышпандығы да осында.

Шынында да, әр адамның ақылды немесе ақымақ, бай немесе кедей болуы нақты сол адамның өзіне байланысты. Құдай біздің он екі мүшемізді кемел қылып жаратты, сезімтал жан, түйсік, ақыл берді. Бірақ Құдайдың осы ғажайып сынын қалай пайдалану әр адамның өзіне байланысты. Егер білімге құштар, еңбекққор болсаң, ғылымға талпынсаң, ақылыңды толықтыруға ұмтылсаң, бұған Құдай барлық қолайлы жағдайды жасаған. Саған еңбек етуге қабілет берді, жан дүниеңе түйсік берді, басқа да сыйын аяған жоқ. Егер өз жалқаулығыңнан, ықылас қоймауыңнан, ұшқалақ мінезіңнен, жауапсыздығыңның кесірінен ақылыңды кемелдендіру, белсенділік таныту, қабілетіңді шыңдау мүмкіндігін жіберіп алсаң, бұған Құдай кінәлі емес.

Осыдан Абай әр бір адам өз өмірі үшін өзі жауапты, ол өзінің сәтсіздігі үшін қандай жағдайда да Құдайды кінәламауы керек де­ген тұжырым жасайды. Бұл жерде Құдайдың еш кінәсі жоқ. Ол адамға мейірімді болып, табысқа жетуі, адал жолмен жүруі үшін қажеттінің бәрін берді. Ал адам баласы өз қабілетін пайдаланбай, ізгілік қағидаларын сақтамай, ашуға бой алдырса, жалқаулықтың, надандықтың қараңғы қапасына қамалса, бұған Жаратқан емес, Құдай берген таңдау еркіндігін дұрыс пайдаланбаған пенденің өзі кінәлі. Хақ жолымен жүріп, адал еңбек еткен, білімге ұмтылып, санасын кеңейткен, адамгершілік ережелерін бұлжытпай сақтағандар жұмаққа кіреді, мәңгілік өмірдің рахатына бөленіп, өзіне тиісті мол ризығын алады.

Ал алдамшы ләззаттың, байлықтың, биліктің елесін қуалап, бас пайдасы үшін Алла ұнатпайтын, адамгершілікке жатпайтын істерге барған, жалған дүниенің қызы­ғына елтіп, ақиретте жауап беруге тура ке­летінін ұмытқан адамдар адамшылыққа жатпайтын лас істері үшін о дүниеде әділ жазасын алады. Оларға дайындалған жол то­заққа жетелейді.

Өмір бойы тек баюды, қорадағы малын көбейтуді ғана ойлап, жалқаулық, ұрлық, мақтан сөз, қызғаныш, екіжүзділік, қатыгездік, озбырлық сияқты айықпас кеселге ұшыраған надан пенделерді сынағанда Абай мұндай адамдар ар-ұяттан безген ақылсыз жандар ғана емес, сонымен қатар хақ діннің жолынан тайған, іс жүзінде мұсылман емес пенделер деген ой түйеді. Олардың мінез-құлқы, әдеті, өмір салты Ислам дінінің әрбір мұсылманның жүрегінде иман болуы керек, бір Құдай бар, Мұхаммед және басқа пайғамбарлар Алланың елшісі, оның ілімін таратушы екеніне сенуі керек деген басты қағидасына қайшы келеді. Әрбір мұсылманға үсті-басын, денесін таза ұстап, әділ, адал болу, ар-ұятын жоғалтпау, басқаларды кемсітпеу, қандай жағдайда да өзгелерге қиянат жасамау, адамдарға мейірімді болып, қайырымды істер жасау талабы қойылады.

Абайдың пікірінше, әрбір мұсылман бір Аллаға, оның бар екеніне ғана сеніп қоймай, сонымен қатар Құранда және қасиетті Исламның басқа да қайнарларында тұжырымдалған қағидалардың ақиқат екендігіне де сенуі керек, және осы қағидалар мен шарттарды қорғай білуі тиіс. Мұсылман қандай жағдайда да, тіпті өлім қаупі төнген сәтте де, өз дінінің қағидалары мен адамгершілік қасиеттеріне сай әрекет етуі керек.

Ешқандай мұсылман еш жерде де, еш­қашан да мұсылмандықтың басты қағидалары мен адамгершілік ережелерін бұзбауы тиіс. Абайдың көзқарасымен қарасақ, Исламның негізгі қағидалары мен шартта­рын бұзып, күнәлі іс жасаған мұсылман Алланың рақымы мол болғандықтан мешітке, жамағатқа садақа беріп күнәмнан тазаруға болады деген ойда болмауы керек.

Қасиетті Құранда Алла тағаланың рақымы мол, ол қателесіп, білмей Ислам дінінің шарттарын бұзғандардың, бірақ соңынан шын ниетімен өкініп, жан дүниесімен түзелуге бет бұрғандардың күнәсін кешіреді деп тура айтылған. Бірақ кімде-кім күнәлі істі пайдакүнемдікпен жасап, Ислам дінінің басты қағидаларынан саналы түрде ауыт­қып, зұлымдыққа барса, адамдарды қорлап, зорлық жасаса, оларға ешқандай кешірім жоқ. Ал садақа беріп, күнәні жуып-шаюға болады деу өзін-өзі алдау ғана. Бұлай ойлаудың өзі үлкен күнә.

Абай Алланың рақымды екеніне сенімді. Бірақ адамгершілікке жатпайтын іс істеп, өзге адамға зұлымдық жасаған, зорлыққа, алдауға барған адам Алланың кешіріміне, рақымына үміт арта алмайды. Анығында Алла кешірімді болғанмен ол, жоғарыда айтылғандай, күнәлі істі қателікпен, білмес­тікпен істеп, түзелу жолына түскендерді, өкініп, алдағы уақытта барлық ислам ере­желері мен қағидаларын қатаң ұстануға серт бергендерді ғана кешіреді.

Өз өлеңдерінде Абай біреуге жасаған қиянатына ұялудың, өкінудің орынына со­дан жаны рахат тауып, істеген зұлымдығын мақтаныш көретін кейбір адамгершіліктен безген жандарды сынайды. Мұндай адамдар әдетте бұдан да ауыр күнәлі істер жаса­ғандар бар ғой деп өздерін өздері ақтамақ болады. Дана Абайдың ойынша бұл мүлдем қате көзқарас. Өйткені Құдай адамды жаратқанда оған біреу жамандық жасап, күнәға батса, сен де одан қалыспай зұлымдық жасауыңа болады деген жоқ қой. Ұлы ойшыл Абай ізгі адам, нағыз мұсылман әрқашан өзінің іс-әрекетінде Ислам дінінің ең маңызды қағидаларын қатаң ұстанып, әділдік, адамгершілік жолынан таймауы ке­рек деген көзқарасты берік ұстанды.

Абай шығармаларында өз күнәларын “менен басқалары да күнәлі істерге барып жа­тыр ғой” деген оймен ақтамақ болатын адамдарды сынай отырып, мұндай алдамшы пікірлерге үзілді-кесілді қарсы шығады. Абай философиясы бойынша, адам өзінің іс-әрекеті үшін өзі жеке басымен жауап беруі керек.

Атап айтатын бір жай, Абайдың шынайы діни сенім, дін мен адамгершілік арасындағы байланыс туралы көзқарасы Л.Н.Толс­тойдың “Анна Каренина” романында айтылатын ойларымен үндесіп жатыр. Романда қарапайым мұжықпен әңгімелесіп отырған жас помещик Левин одан “Мына қожайын менен осындай бағамен ағаш сатып ала ала ма?” – деп сұрайды. “Жоқ, ол сізден ағашты бұл бағамен сатып алмайды, өйткені бұл оған тиімсіз, шығынға ұшырап, тақырға отырады”, – деп жауап береді мұжық. “Бұл қалай болғаны сонда? Өткен жылы бұдан бұрынғы қожайынға ағашты дәл осы бағамен сатқан едім ғой!” – деп таңданады Левин. Мұжық оған былайша жауап береді: “Қазіргі қожайын ағашты сіз айтқан бағамен алмайды, өйткені ол Құдайға қараған адам, адалдық жолымен жүреді. Ал өткен жылы сізден осы бағамен ағаш сатып алған бұрынғы қожайын өз пайдасын ғана ойлайтын, құдайсыз адам. Ол өз қарамағындағы шаруаларды сүліктей сорып, жон терісіне дейін сыпырып алып, байып отыр”. Мұжықпен екі арадағы әңгіме Левинді қалың ойға қалдырды. Дін Құдай жолымен жүруге шақырады және бұл қағида адамзат қоғамында жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамгершілік, қайырымдылық қағида­ларымен толық үйлеседі.

Абай адам баласына мейірім сияқты ізгі қасиетті жаратушы Құдай сыйлаған деген ойын қайталаудан жалыққан емес. Ол өз пікірін негіздеу үшін Сократтың даналығына жүгінеді. Жиырма жетінші қара сөзде Абай мынадай мысал келтіреді. Сократ өзімен сұхбаттасып отырған Аристодемнен: “Өмірде біз адамның өнерін, дарынын тым жоғары бағалайтын жағдайлар бола ма?” – деп сұрайды. “Әрине, асқан шеберлігіне тамсанып, жоғары бағалайтын, құрметтейтін өнер адамдары көп қой. Мысалы, бізде халық Гомердің дастандарын, Софоклдың трагедиялық шығармаларын, мүсіншілердің туындыларын, ұлылардың шығармаларын құрметтейді”, – деп жауап береді.

Сонда Сократ тағы бір сұрақ қояды: “Біз суретшілер мен ақындарды шығармашылығы үшін құрмет тұтамыз. Бірақ олардың суреттері, дастандары қаншалықты көр­кем, тамаша болса да жансыз бейнелер емес пе? Ендеше біз адамды жан бітіріп, ақыл-сана, сезім беріп жаратқан құдіретті қалай бағалауымыз керек?”. Бұған Аристодем: “Тірі мақұлықтың бәріне жан бітірген Жаратқан бәрінен жоғары тұруы керек қой”, – деп жауап береді. Оны тыңдаған Сократ: “Ендеше, Жаратқан кез келген дарынды суретшіден де бағалы, өйткені ол адамды жаратқанда жай ғана кездейсоқ жаратқан жоқ, белгілі бір мақсатпен жер бетіне келтірді. Жаратушы хайуандарға, жәндіктерге өмір үшін күреске қажетті қабілет, еркіндік берді. Ал адамды ол ерекше жаратты, оған ай­рықша, кемел қабілет берді. Әрине, жануарларда да жан, сезім бар, бірақ олардың жаны, түйсігі күші, сипаты, сапасы жағы­нан адам жанымен салыстырғанда әл­деқайда төмен тұр. Жануарлар да өз төлдерін сүйеді, бірақ олардың қамқорлығы ұзаққа бармайды. Жануарлар қазіргі уақыт туралы көмескі түсінікпен ғана тіршілік етеді. Оларда келешек, өткен уақыт деген түсінік жоқ. Ал адамды Құдай жан сезімімен, түйсікпен, жүрекпен жаратты. Адам қазіргіні ғана емес, өткендегіні саралап, бо­лашақты болжауға қабілетті”.

Әңгіме барысында Сократ пен Аристодем адам шынында да Құдайдың мейірімімен жаратылған, өйткені Жаратушы оған ерекше қабілеттер сыйлаған деген қорытындыға келеді. Құдай адамға жоғары деңгейдегі сана беріп, оның жанын мінсіз толысып жетілген, рухани күш-қуат пен жан сұлулығы үйлесім тапқан денеге енгізді. Адам жанды мақұлықтың бәрінің қожайыны болып жаратылған, өйткені оның өзге тірі жа­ратылыстан артықшылығы зор. Себебі ол Құдайдың сүйіспеншілігімен жаратылған, сол үшін де ол өзін ерекше қылып жаратқан Құдайды сүюі керек.

Біздің қазақтардың санасында Абай мен үндес емес пікірлер де аз емес. Мысалы, олар бай болмақ, кедей болмақ Құдайдан деп жатады. Тағы да олардың ылғи айтатыны – “мал таппайтын жігіт болмайды, оның құрарын айт. Бала таппайтын әйел болмайды, олардың тұрарын айт”. Осының барлығы олардың ойынша Құдайға байла­нысты. Егер ауырып қалса, суық тигізіп алса, мүгедек болып қалса, осының бәрі Алланын әмірі деп жатады. Жас баласы суық тиіп ауырып, не өліп қалса, Құдай өзі берді, өзі алды дейді. Менің жас кезімде кейбір нашар әйелдер бұзау еміп қойса, “ой, соқыр Құдай” деп Құдайды қарғап жатады. Сонда мен ойлайтынмын, немене, Құдай бұлардың бақташысы ма? Осының бәрінің себебін білмейді, адам хайуан емес, адамның еркі бар, ақылы бар, ойы бар. Соңдықтан көп нәрсеге өзі жауап беруі керек. Абай осыны айтып отыр.

 

– Абай махаббат ұғымын өте жоғары деңгейде зерделеген ғұлама. Әңгіме ба­рысында осы тақырыпты да орап өте алмайтынымызды түсініп отырмын.

– Өз шығармаларында Абай адам махаббаты туралы терең, жан-жақты ой тұжырымдаған. Оның түсінігінде махаббат – ғашық адамның жан дүниесін сүйіктісінің жанымен тоғыстырып, біртұтас қылып біріктіретін сезім. Махаббат – жүректегі құбылыс, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ғашықтар жүрегінің ғажайып үйлесім тауып қосылуы. Махаббат дегеніміз – ғашық адамды қанаттандыратын сезім.

Абайша айтсақ, махаббатсыз бақыт жоқ, махаббатсыз өмір жоқ. Дүниеде еш нәрсе асқақ махаббатпен теңесе алмайды. Махаббатын жоғалтқан адам да, оның ішкі жан дүниесі де бақытты бола алмайды. Махаб­батынан айырылған адам жан дүниесі жалғыздықтан құлазып, өзіне-өзі келе алмайды.

Абайдың пікірінше, махаббат – жан мен сезімнің ерекше жағдайы. Махаббат адамның жүрегі мен жанын ғана жаралап қоймай, бүкіл болмысына әсер етеді. Мұндай сәтте адам өзінің махаббатынан басқаның бәрін көруден, түйсінуден қалады. Махаббат үшін ол қандай құрбандыққа болса да бара алады. Осы себептен де философ Абайдың түсінігінде махаббат – өмірден де, әлемнің бар байлығынан да асқақ, қымбат ұғым.

Біз махаббатты Абайдың көзқарасымен түсінер болсақ, махаббатын жоғалтқан адам үшін ең қымбатты саналатын өмірдің өзі құнын жоғалтады. Бірін-бірі сүйетін адам­дарға сөздің қажеті жоқ, ғашықтар жүрекпен, жанмен ұғынысады. Бұл сезімді ақын мынадай жолдармен жеткізеді:

Ғашықтың тілі – тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

Сүйісер жастар қате етпес,

Мейлің илан, мейлің күл.

Махаббат ғажайып сезім, ғашықтар оның жүректе лап етіп тұтанғанын жаңылыспай түсінеді. Махаббат – ізгі сезім, ол адамды рухани сауықтырады, оны шексіз бақытқа бөлейді. Әлемнің ең қымбатты құндылықтарының өзі махаббатпен теңесе алмайтыны да осыдан. Махаббат – Алланың сыйы.

Абай махаббатты адам бойындағы ең асқақ сезім деген. Дана Абай адам баласы өзінің ғашығы үшін әлемнің барлық бай­лығын тәрк етуге де бара алады, өйткені ол үшін әлемде өзінің сүйіктісінен қымбат ештеңе жоқ:

Айттым сәлем, қалам қас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,

Туса туар – артылмас.

Дүниеде еш нәрсе де асқақ махаббатпен теңесе алмайды. Махаббатынан айырылу – адам үшін орасан қасірет, өйткені жоғалған махаббаттың орынын әлемнің ешбір қазынасы толтыра алмайды:

Жарқ етпес қара көңілім не қылсада,

Аспанда ай менен күн шағылсада.

Дүниеде сірә сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылсада.

Абайдың махаббат туралы жан-жақты терең пайымдары кенеттен пайда болған жоқ. Ұлы ақынға жақсы танымал болған қазақ, жалпы алғанда шығыс мәдени мұраларының тамаша шығармаларында махаббат туралы пайымдардың ғажайып мысалдары келтірілген.

Шығыстың көрнекті ақындары Низамидің, Фердоусидің, Науаи мен Саадидің асқақ махаббат құбылысының сырына тереңдеп үңілуге талпындыратын ғажайып туындыларын, ғашықтардың қасіретін суреттейтін сырлы өлеңдерін білмейтін адам жоқ шығар?!

Мысалы, Низамидің “Ләйлі мен Мәжнүн”, “Хосроу мен Шырын” сияқты тамаша дастан­­дары терең драматизммен, өрттей ыстық құш­тарлық сезімімен ерекшеленеді. Бұл роман­тикалық дастандардың оқиға желісі адамды кейіпкер бейнесінің психологиялық күрделілігімен сиқырлап, баурап алады. Шығыстың ұлы ақыны өз кейіпкерле­рін суреттей отырып, күшті де өршіл махаббат отына шарпылған адам жанының сұлулығы мен күрделілігін ашып көрсетеді.

Саадидің лирикалық кейіпкерлердің жан дүниесіндегі толқыныстардың сырлы әлемін ашып көрсететін ғашықтық ғазалдарының көр­кемдігі мен нәзіктігіне қалай сүйсінбессің! Науаидің махаббат өзіне адамды бағындырып, оны еріктен айыратын асқақ, ру­хани, эротика мен нәзіктік ұштасқан адами сезім ретінде суреттелетін “Ойлар қазына­сы” шығармасы ақынның лирикалық түрде оқырманға жан сырын ақтаруы деуге болады.

Шығыс ақындары өздерінің лирикалық шы­ғармаларында махаббаттың тылсым күшін, ізгілігін, жан сезімінің тебіренісін сурет­теуде көркемдік шеберліктің шырқау шы­ңына жетті.

Махаббат тақырыбына арналған осындай тамаша шығармалардың қатарына біз қазақ әдебиетінің асыл қазынасын, атап айт­қанда қазақтың “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу”, “Қыз Жібек” дастандарын және басқа көптеген туындыларды жатқызамыз. “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” дастанында біз махаббат ұғымының жарқын да бейнелі үлгілерін кездестіреміз.

Халық дастанында адамгершіліктен ада, ашкөз Қарабайдың кесірінен және тексіз, надан құл Қодардың зұлымдығынан сайын дала қабырғаны қайыстырар қайғылы оқи­ғаның куәсі болып, бірін-бірі сүйген екі жас­тың ажал құшуы баяндалады.

Бұл сұмдық оқиғаның өрбу желісі де ерек­ше. Сұлу, ару Баянның әкесі, дүние­қоңыз, тастай қатқан сараң Қарабай өзінің қызымен айттырылған Қозының жетім қал­ғанын естісі­мен көшуге бел буады. Сусыз, елсіз шөл дала­да Қарабайдың көшін қырсық шалып, малы қырыла бастайды. Көз алдында жиған-тергені құрдымға кетіп жатқанын көрген Қа­рабайдың есі шығып, өзінің қара күші тасыған, бірақ ақылы таяз құлы Қодарға жалбарынып, құдық қазып, су көзін табуын сұрайды. Еңбегінің өтеуі ретінде Қарабай Қодарға өзінің қызын, Баян сұлуды әйелдікке бермек болады.

Осы кезде жетім Қозы көптеген қиындықтардан өтіп, өзінің сүйіктісі Баянмен кездеседі. Екі жастың бірін-бірі сүйетінін сезіп, қызғаныштан көзіне қан толған Қодар опасыздыққа барып Қозыны өлтіреді. Ауыр қай­ғы есеңгіреткен Баян Қодар мен туыстарынан Қозының моласының басына тастан ма­зар ор­натуды өтінеді. Мазар құрылысы аяқ­талған күні Баян Қозының моласына келіп, жүрегіне қанжар сұғып өледі. Есімі бей­мә­лім ақынның баяндауынша, Баян үшін Қо­зы­сыз өмірдің еш мәні мен бағасы болмай қалады.

Асқақ та қайғылы махабатты бейнелейтін тағы бір шығарма – “Қыз Жібек” дастаны. Мұнда да Төлегеннің дөрекі және өзімшіл әкесі Базарбайдың және Төлегеннің бақ­таласы Бекежанның жауыздығынан асыл ер Төле­геннің және оның сүйген қызы – көр­кем, ару Қыз Жібектің өмірі қиылады.

Төлеген ата салтын сақтай отырып, уә­де­лес­кен уақыт келгенде құдалыққа арналған сый-сыяпатын алып, жанына жақын адамдар­ды ертіп, өзінің сүйіктісі Жібектің ауылына аттанбақ болады. Алайда туған ұлына қарғыс төндіруден тайынбайтын қатыгез Базарбай Төлегеннің Жібекке баруына қарсы болады. Сүй­ген қызынан бас тар­туға көнбеген Төле­ген әкесінің қарсылығына қарамастан, Жібек ауылына жалғыз аттанады. Оны Қособа деген жерде бақталасы Бекежан нөкерлерімен күтіп тұрады. Төлегенді кездестірген ол жігітті опасыздықпен өлтіреді де, Төлегеннің атына мініп, Жібектің ауылына келеді. Төлегеннің атын қалайша, қалай алғанын сұрап таңдан­ған қызға Бекежан ашық жекпе-жекте Төлегенді өлтіріп, атын тартып алдым деп мақтанады. Бұл сөздерді естіген Қыз Жібек өмірден баз кешеді. Төлегенсіз өмір сүре алмаған ару биік жардан асау өзенге құлап өмірмен қоштасады.

Абайға дейін қазақ поэзиясында ғашықтықтың ғаламат құдіретін Біржан сал, Ақан сері Қорамсаұлы сияқты ақындар мен сазгерлер жырлаған болатын. Олар махаббат туралы нәзіктік пен әсемдікке толы сырлы сөздер, көркемдігімен таңғалдыратын өлең жолдарын қалдырды. Біржанның “Ләйлім Шырақ” әнін, Ақан серінің хас сұлу аруға де­ген махаббат сезімінен туған, нағыз ғашықтықтың сұлулығын, адамның ішкі жан толға­нысын дәл беретін “Қараторғай”, “Сырым­бет”, “Балқадиша” әндерін тыңдағанда тебірен­бейтін жан жоқ шығар. Ақындық, сазгерлік дарыны ерекше біткен Ақан сері асқақ махаббаттың сұлулығын ғана жырлаған жоқ. Ол сонымен қатар ғашығынан айырылып қал­ған пенденің қайғы-мұңын, зарын тамаша бейнеледі.

Абай да өз шығармаларында қазақ және шығыс лирикасының дәстүрін жалғасты­рып, дамытумен ғана шектелген жоқ. Абайдың өш­пес туындылары оның өзінен кейінгі шайырлар мен сазгерлердің шабытын қанаттандырып, биікке жетеледі. Абайдың ғашықтық се­зімі, махаббат жайлы қанатты сөздері оның ізін басқан жыраулар мен ақындардың туынды­ларына қатты әсер етті. Мұ­ның терең іздерін Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұраларынан көре ала­мыз. Шәкәрімнің “Еңлік – Кебек”, “Қалқа­ман – Мамыр” дастанда­ры махаббат таби­ғатына терең бойлаудың тамаша үлгісі емес пе!? Шәкәрімнің көзқарасымен па­йым­дасақ, махаббат адамның жаны мен жү­регін тербеп қана қоймайды, адамның ада­ми қасиеттерін де өзгерте алады. Абайдың А.С.Пушкиннің тамаша шығармасы “Дуб­ров­ский­ді” қазақ тіліне аударуы кездейсоқ­тық емес. Жалпыға белгілі, Пушкиннің хи­каятында Владимир Дубровскийдің Марья Кирилловнаға махаббаты кейіпкерге қатты әсер етіп, ақырында ол жанға нәр беретін се­зімнің күшімен біртіндеп бұған дейін қалып­тасқан көзқарасын өзгертеді.

Әуелде бойын кек кернеген Дубровский помещик Кирилл Петрович Троекуровтан өш алу үшін оны жазаламақ болып, помещиктің үй-жайын өртеуге, өміріне қастан­дық жасауға бекінсе, Марья Кирилловнаға ғашықтық сезі­мі оянған ол зұлымдыққа дөрекі күшпен жауап беріп, өш алу үшін қаталдыққа бару райынан қайтып, бір кезде ақыл-өрісінің тарлы­ғынан әкесіне жамандық жа­саған помещиктің күнәсін христиан дінінің іліміне бой ұсынып кешіруді ұйғарады.

Бұдан көретініміз, Шәкәрім махаббатты адамның өзінің ғашығына деген асқақ, нәзік се­зімі деп қана қарастырмай, махаббаттың адамгершілік тәрбиесіне әсер ететін ғажа­йып құдіретін тани білген. Шәкәрім нағыз кіршіксіз, таза махаббат адамның жан дүниесін өзгерте алатын, адами ізгі қасиет­терді оятып, са­насын жаңғырта алатын, адам жанына қайырымдылық, мейірім нұрын таратып тәрбиелей алатын ғаламат күш деп бағалайды.

Абайдан кейін өз шығармаларына махаббат тақырыбын арқау еткен Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов сияқты сөз зергерлері де ғашық­тық деген ұлы сезім төңірегінде ой өрбітті. Олардың туындыларында махаббаттың терең мазмұны, адам табиғатын қалыптастыруда­ғы маңызы анық байқалады.

Нақтылап айтсақ, Мағжан Жұмабаев махаббатты әлемдегі ең асыл құндылық дейді. Ол ғашықтық сезімге тең келер сезім жоқ екеніне сенімді болатын. Шынында да ма­хаббат дүниедегі қарапайым пенде жоғары бағалап тамсанатын небір байлықтың, құндылықтың қайсысынан болса да жоғары тұр ғой. Ақынның махаббаттың қасиетін те­рең пайымдайтын мына өлеңіне назар аударайықшы:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләзаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Ақынның осы сөздерінен асырып махаббат туралы не айтуға болады?!

Махаббат жайында тамаша жыр жолдарын мұра етіп қалдырған дүлдүлдердің бірі жырау, ақын әрі сазгер Естай Беркімбайұлы еді. Өзінің “Қорлан” деген әйгілі өлеңінде Ес­тай ақын әлемде сұлулығына жан тең келмейтін Қорлан арудың Алланың өзі сыйлаған көркемдігін мына жолдармен бейнелейді:

Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,

Табиғат берген екен күн мен айын.

Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,

Дариға арманым көп не қылайын.

А-хау, арман,

Құсни, Қорлан,

Екі-ай бағлан,

Екеуі туған екен бір анадан.

Жігіттің арманы жоқ сүйгенді алған.

Естай ақынның сөзімен айтсақ, мұндай сұлуға қол жеткізген жігіт – шексіз бақытты жан. Өзінің жүрегі аңсаған ғашығын тауып, өз тағдырын, өмір соқпағын сүйген аруы­ның тағдырымен, өмірімен тоғыстыра алған жі­гіт­те арман жоқ. Тағы бір дарынды ақын, сазгер Үкілі Ыбырай да махаббат тақыры­бын айналып өткен жоқ. Оның халық ара­сын­да кең таралған “Гауhартас” де­ген өле­ңіндегі мына жолдар кез келген адамды көр­кемдігімен баурап алады:

Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай.

Қорыта айтсақ, қазақ жерінде нәр алып биікке көтерілген ақындар мен сазгерлер­дің қайсысын алсақ та олардың ұлы Абайдан мирас болып қалған асқақ махаббат сезімі жайлы өшпес сөздерден терең ой түйіндеп, өткен дәуірде де, бүгінгі күні де бұл дәстүрді байытып, жалғастырп келе жатқанын көре­міз.

Абай да бір кезде адамның өз жеке басындағы махаббат сезіміне толық хұқы бар екенін айтқанда әлемдік әдебиеттің ең озық дәстүрін жалғастырған еді. Шекспирдің әлем­ге әйгілі “Ромео мен Джульетта” тра­гедиясын алайық. Шекспир еуропалық мә­дениет кеңістігінде алғашқылардың бірі бо­лып жастардың жеке басының махаббат еркіндігіне хұқын қорғады. Сөз болып отырған шығармада екі отбасының жауласуы сал­дарынан асыл армандарының жібі үзіл­ген өрімдей екі жастың өмірі қиылады. Сон­дағы қыз бен жігіттің бар айыбы – бірін-бірі сүйіп, жүрек әмірімен өз таңдауларын жа­сап, бір-бірімен қосылмақ болғандығында. Бірақ атадан келе жатқан өшпенділік, кер­тартпа дәстүр олардың ажа­лына себепші болды.

Шекспирдің жастардың махаббат еркін­дігіне хұқы бар деген әдеттен тыс пікірі сол кездегі еуропалықтардың санасын дүр сілкіндірді. Осы сәттен бастап, адамның жеке басының махаббат еркіндігіне хұқы, сүйген адамын өз еркімен таңдау хұқы адамдардың санасына тамыр жайды.

Еуропада Шекспирдің пайымын қолдап, осы ойды жалғастырған жазушылар, ақындар, сазгерлер аз болған жоқ. Олардың шығармашылық еңбегінің арқасында адамның жеке басының махаббат хұқына еркіндігі Еуропада қиялдан шындыққа айналды. Жас­тар сүйген адамдарын өздері таңдап, өз тағдырларын ата-аналарының араласуынсыз өздері шешуге көшті.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, А.С.Пушкин “Евгений Онегин” деген өлеңінде қоғамның айыптауынан қорықпай, қатып қал­ған дәстүрдің құрсауын бұзып, өз еркімен сүй­ген адамына мөлдір, көркем ғашықтық сезімін ақтаратын Татьяна Ларинаны жырлайды. Пушкиннің ғажайып шығармасы Абайды да тол­ғандырды. Пушкинге зер сала үңілген ол көзқарасы өзінің жүрек түкпіріндегі ой сарынымен үндесіп жатқан ұлы ақынды көрді. Ша­быт қанат бітірген Абай Татьянаның хатын қазақ тіліне аударып қана қоймай, Пушкин өлеңіне тамаша ән де жазды. Осылайша Татьянаның әні қазақтың сайын даласында қанатын кең жайып қалықтады.

Абайдың ойынша, әлемде екі ғашық жүректің қосылуына әлдекімдер бөгет болып, айы­рып жіберуінен өткен ауыр қасірет жоқ. Сондықтан да ол шығармаларында қыздарды еркінен тыс сүймейтін адамына күйеуге беретін ескішіл қазақтың тозығы жеткен, күні өткен салтын батыл сынады. Ол кезде тіпті сезімі жетілмеген ер балаларды да атасты­ратын.

Дәстүрді мықты ұстанатын қазақтар мұн­дайда мәтелдеп “ұлымды – ұяға, қызымды қияға қондырдым” деп, балаларының тағды­ры бақытты болуын тілейтін. Бірақ “қияға қонып”, дәулетті үйдің табалды­рығын атта­ған қыздың жеке басының қалауы, жан сезі­мі ескерілмейтін. Абайдың ойынша, мұндай жағдай сол кездегі санасы артта қалған қазақтың махаббат, жеке адамның нәзік сезімі, сүйгендердің жан дүниесінің үйлесуі, ғашық­тардың жүрек лүпілі деген сияқты адами ұғымдарды мүлдем түсінбеуінен туындаған. Оларға махаббат сезімінен де балаларын ебін тауып, ауқатты үйге сәтті орналастыру, мол қалыңмал алып, дәулетті адамдармен құдандалы болу сияқты қарабайыр пендешілік есеп жақын болды.

Абайдың тың ойларынан сусындаған оның дарынды шәкірті, рухани мұрагері – Шә­кәрім Құдайбердіұлы әйелдердің өз қалауымен жар таңдауға хұқын қолдайтын бірнеше шығармалар жазды. Оның қаламынан шыққан “Еңлік – Кебек”, “Қалқаман – Ма­мыр” дастандарында және басқа көптеген туындыла­рында әйелдердің жеке басының махаббат еркіндігі, жастардың өз жолын өзі таңдап, өз тағдырының тізгінін өз қолына алу хұқы өзекті мәселе ретінде көтеріледі. Шәкәрім де шы­ғармаларында жастардың жеке басына қатысты махаббат мәселелерін ата-аналары шешетін қазақтың ескі салт-дәстү­рінің адам­гершілік қағидаларымен үйлеспейтін тұстарын ашып көрсетті.

Шәкәрімнің “Еңлік – Кебек дастанында ескі дәстүрдің шырмауына түсіп, сәби кезінен жат адаммен атастырылған балғын жастағы сұлу Еңліктің ащы тағдыры сөз болады. Бой жетіп, есейген Еңлік өзінің ата-анасы бала кезінен атастырған адамды сүймейтінін сезініп қинала­ды. Өмір түйісінде ол жас батыр Кебекті кезіктіреді. Ғашықтық жалынына шарпылған жастар бір-бірінсіз тұра алмайтынын түсінеді. Алайда туыстарының ешқайсысы олардың қосы­луын қаламайтынына көзі жеткен екі жас елден кетіп, тағдырларын жасырын түйістіруге бел буады.

Жастардың қашып кеткенін естіген Еңлік­тің атастырылған адамының жұрты қыздың руынан жастарды тауып, қолдарына бе­руін талап етеді. Олардың ойынша, Еңлік пен Кебектің әрекеттері үлкен қылмыс болып саналады. Кебектің руластары қалыңмал мен басқа да шығындарды өтеуге келіскенімен бұдан жағдай өзгере қоймайды. Жұрт Еңлік пен Кебек ата-бабадан ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрден ат­тап өтіп, ру намысын қорлады деген айып таға­ды. Екі тарап та билердің ара ағайындығына жүгінеді. Рулар арасындағы қантөгістің алдын алуды көздеген атақты би Кеңгірбай Еңлік пен Кебекті жазалау туралы үкім шығаруға мәжбүр болады. Сонымен надан тобыр батыр Кебек пен оның жас қосағын асқан қатыгездікпен өлтіріп тынды. Қазақ даласына тағы да сұмдық қасірет бұлты үйірілді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы осындай қылмыс­­қа барғандарды ғана айыптап, әшкерелеумен тынған жоқ. Ол ескі салт-дәстүрдің адамгершілік ұғымына қарама-қайшы келетінін де қоғамға паш етті. Бұл мәселені ол “Қалқаман – Мамыр” дастанында анық көр­сетті. Бұл шығарманың желісі де екі ғашықтың, Қалқаман мен Мамырдың махаббатына тосқауыл болып, тағдырларын күйреткен ескі рулық салт-дәстүрді сынауға құрылған.

Жеке адамның махаббаты, жастардың өз теңін табуға еркіндік алу мәселесі, әсі­ресе әйелдердің өз жүрегінің әмірімен жүру хұқына байланысты мәселелер қазақ әдебиетінің барлық өкілдері тарапынан қолдау тапты. Анығында, сол кездегі қазақ қоғамын­да әйелдер халықтың ең езілген, ең хұқысыз тобына жататын.

Қазақ қоғамындағы әйелдердің ауыр жағдайы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар Сұлу” атты шығармасында жақсы суреттелген. Бұл тақырыпқа Міржақып Дулатов та өзінің “Бақытсыз Жамал” романымен үн қосты. Әйелдердің жеке басының махаббат хұқы жайында жазылған туынды­лар қатарында Спандияр Көбеевтің “Қалың мал” романы, Мұхтар Әуезовтің “Қаракөз” пьесасы, Мағжан Жұмабаевтың, Бейімбет Майлиннің шығармалары және басқа туын­дылар тұр.

Бүгін біз өндірістің әр саласында белсенді еңбек етіп, үкімет, парламент құрамында, ғылым, білім беру салаларында өзінің да­рыны мен қабілеті, жаңашыл ой-өрісі, шығармашылық шабыты жағынан ер азаматтардан қалыспай биіктен көрініп жүрген қазақ әйелінің бойынан еркіндік рухын көрсек бұған сол дәуірдегі қазақтың ұлы жазушы­ларының, ақындары мен ойшылдарының қосқан үлесі зор деп білуіміз керек.

Ұлы Отан соғысы жылдары қазақтың қос аруы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мә­ме­това Кеңес Одағының Батырлары атан­ды. Қазақ қыздарының бойында сол жылдардың өзінде еркіндік рухы болды, ол өзі­нің заңды хұқын біліп, өз өмір жолын өзі таң­дап, өз шешімін өзі шығарып, өз тағдырын өзі айқындау хұқына ие болған еді. Қазақ әйелінің тағдырындағы, оның өміріндегі осындай орасан жетістіктерді еске алғанда біз Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбер­диев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Міржақып Дулатов, Спандияр Кө­беев, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин және басқа қазақтың та­нымал өнер қайраткерлерінің, зиялыларының қажырлы күресі мен ерен еңбегін ұмытпауымыз керек.

Қазақ мәдениетінің өкілдері, қазақ ғылы­мының, әдебиетінің, өнерінің қайраткерлері қазақ әйелінің азаттығы ісіне, жеке адамның махаббат еркіндігі салтанат құруына, әр аза­маттың өзіндік дербестік хұқы сақталуына өлшеусіз зор үлес қосты. Қазақ мәдение­тінің барлық танымал өкілдері бір кісідей күні өткен ескі салт-дәстүрді өлтіре сынады, өз еңбектерінде әйел азаттығын, әр адамның махаббат еркіндігін, таңдау ер­кіндігін жырлады. Бұл ретте олар жаңашыл көзқарасты атадан бергі Ислам дінінің негізгі адамгершілік қағидаларынан бұрыс кету емес, кері­сінше, шынайы адамгер­шілік, нағыз әділет­тілік, шынайы ізгілік деп тү­сінді. Өйткені бұ­рынғы ескірген салт-дәстүр, әдет-ғұрып адам­ды кемсітуге, әйелдер­дің адами намы­сын таптап, оны махаббат сезімі хұқынан айыруға негізделген болатын.

VІІ

– Жәке, осы уақытқа дейін біз көбі­несе Абайдың бес нәрсеге асық бол деген ойын талдадық. Сол туралы өзіміздің пікірімізді айттық. Абай сонымен бірге бес нәрседен қашық бол дейді – өсек, өтірік, мақтаншақ, бес зала нәрсені көрсеңіз. Енді Абайдың осы ойларына тоқталып көрсеңіз.

– Сұрағыңыз өте орынды. Ең жаман нәр­се – ол өтірік айту. Өтіріктің жаман екенін жұрттың бәрі біледі, бірақ оны түсіну қиын. Өйткені өтірік деген жалғыз ауыз сөздің ауқымы өте кең. Оның түрлері көп, ол бұрында болған, қазір де бар өмірде. Қазіргі заман­да өтіріктің бұрын белгісіз жаңа қырлары пайда болды. Былай қарасаң, өтірік түсінікті сияқты. Бірақ халық шындықты жақсы көре бермейді. Мысалы, “Аппология Сократа” деген Платонның еңбегін алайық. Сократ жұрттың көбіне – софистерге, биліктің адамдарына, байларға ұнамаған. Олар Сократқа ежелгі дінді мойындамайды, жастарды бүлдіріп жатыр деп кінә тағады. Сократ өзін айыптаушыларға – Анитке, Милетке “мен бұрынғы дінді мойындаймын, ешкімді оқытып жатқан жоқпын”, – деп тиянақты жауап береді. “Тек мен білемін деп жүрген адамдарға сұрақ қоямын. Бұлардың көбі білемін деп жүрсе де білмейді, менің олардан артық жерім, мен не нәрсені білмейтінімді білемін”. Көріп отырмыз жұрт шындықты жақсы көрмейді. Олар шындықты ашып берген ғұламаны өлім жазасына бұйырады. Сол сияқты В.Шекспирдің “Король Лир” де­ген тамаша еңбегі бар. Король Лир бір сыпыра жасқа келгесін, барлық байлығын, даулетін үш қызына бөліп бермек болады. Ол екі үлкен қызынан: “Сендер әкелеріңе қалай қарайсыңдар?” – деп сұраса, олар: “Сізді біз барлық өмірімізден, тіршілігімізден, жан дүниемізден артық көреміз”, – деп өтірікті соғып жібереді. Король риза болып әрқайсысына үш бөлік байлықтың екі бөлігін береді. Кезек ең жақсы көретін кіші қызына келеді. Ол: “Әке, мен сізді жақсы көремін, бірақ бар тіршілігімнен, жан дүниемнен артық көремін деп айта алмаймын. Себебі жақсы көретін жолдасым болуы мүмкін”, – деп шындықты айтады. Кіші қызының жауабы корольге ұнамайды. Ол оған ренжиді, оған тиесілі дәулетті бермей, оны да екі үлкен қызына бөліп береді. Бірақ көп уақыт өтпей үлкен қыздарының өтірігі ашылып қалады. Олар корольді сыйламауға айналады, одан шамалары келсе, құтылуға тырысады. Басына қиын-қыстау жағдай туғанда, тек кіші қызы жанын аямай көмекке келеді. Сол сияқты Герцогтың асырап алған баласы оның туған баласын “әкем қашан өледі деп тосып жүр”, – деп герцогқа жамандайды. Герцог оның өтірігіне сеніп, жалғыз баласын қаңғытып жібереді. Артынан Герцогтың басына күн туғанда, оның өгей баласы емес, өз баласы білдірмей әкесіне қол ұшын береді. Осы сияқты өтіріктің адамдарға ұнайтыны Шекспирдің “Гамлет” деген еңбегінен де көрінеді. Өтіріктің адамдарға ұнайтыны жөнінде Мольер де жақсы жазады. Ол Тартюф деген өтірікші алаяқтың бейнесін сомдайды. Өтірікті судай сапыратын Тартюф қожайынға ұнайды, жағып, әбден сеніміне кіріп алады. Қожайын тіпті “Тартюф жаман адам деп” зар қаққан әйелі мен балаларының сөзіне құлақ асудан қалады. Тіпті өзінің қызын бергісі келеді. Бірақ бір күні Тартюфтың қандай адам екеніне көз жеткізу үшін ол жасырынып жатады, осы уақытта Тартюф үй иесінің әйелімен жақындасқысы келеді. Оны өз көзімен көрген қожайын өкініштен бармағын тістегендей болады. Өтіріктің жұртқа, әсіресе бай мен биліктегілерге өте ұнайтынын орыстың тамаша жазушысы Грибоедов өзінің “Горе от ума” деген шығармасында терең көрсетеді. Фамусов деген байдың көмекшісі қожайынның өзіне ғана емес, жұрттың бәріне – оның қызы Софьяға, үлкен аристократ әйелге де, оның неме­ресіне де ұнайды. Ол олардың кішкентай иттерінің басынан сипайды, қандай тілек білдірсе де көзді ашып-жұмғанша орындайды. Осы кезде шетелде оқу оқып жүрген Чацкий деген жас жігіт, дворянин, еліне оралады. Ол жас кезінен Софьямен бірге өскен, Софьяда оны жақсы көретін, сүйетін. Сол Софья өзгеріп қалыпты. Молчалинді жақсы көретін сияқты. Чацкий оқыған, өмір­ге көзқарасы қалыптасқан көзі ашық жігіт болғандықтан Фамусовқа да, басқа аристократтарға да ұнамайды. Оның оқуға, білімге қатысты айтқан ойлары жұртты шо­шытады. Мысалы, Фамусов “осы дүниедегі барлық жамандық кітаптан”, – дейді. Оның ойынша, кітап оқыған адам бүлінеді. Сондықтан барлық кітапханаларды өртеп, жою керек. Бір бал өткеннен кейін Чацкий Мол­чалин жұртқа қандай қасиетімен, мінезімен ұнап жүргенін білмек болып, Фамусовтың үйінде қалып қояды. Софья өзінің күтуші­сіне: “Молчалинді шақыр”, – дейді. Күтуші қыз Молчалинді шақырса, ол әлгі қызды құшақтап, аймалап, “мен сені жақсы көремін, Софьяны сүймеймін, ол бір кезде Чацкиймен жақын болған, қазір мені жақсы көреді, ертең тағы біреуді ұнатып қалуы мүмкін” де­ген сияқты неше түрлі сөздерді айта бастайды. Молчалиннің жаңағы сөздерін Чацкий де, Софьяда естиді. Софья долданып, Мол­чалинді осының бәрін әкеме айтамын деп қорқытпақ болады. Молчалин осы арада жата қалып, Софьяның аяғын сүйе бастайды. Осыдан қандай ой түюге болады. Молчалин ешкімді жақсы көрмейді. Ол – көп адамдардың өтірік сөзге алданып қалатынын біліп алған алаяқ.

Кейбіреулердің өтірік пен шындықты ажырата алмай жататынын Гоголь мен Салтыков-Щедрин де жақсы көрсеткен. Гогольдің “Мертвые души” деген атақты шығармасында суайттың суайты Чичиков деген кейіпкер бар. Ол – кедей адамның баласы. Әкесі оған 3 сом ақша беріп тұрып, “сен сабақта жауап бергенде үнемі мұғалімнің көзіне қара, оған ұнауға тырыс”,– дейді. Чичиков әкесінің айтқанын екі етпей мұғалімдердің көзіне қарайды, айтқандарын мұқият тыңдайды. Осыдан кейін мұғалімдері оны жақсы көріп, зейінді оқушы деп, жақсы бағалар қоя бастайды. Осылай Чичиков жақсы аттестат пен жақсы мінездемеге қол жеткі­зеді. Осыдан кейін Чичиков қызмет істеп жүргенде де өзінен жоғары тұрғандарға ұнаудың жолдарын іздеумен болады. Олар оны қызметінде жоғарлатуға тырысады. Чичиков адам ойына кірмейтін өтіріктің неше түрін ойлап табады. Ол помещиктерден олардың өліп қалған басыбайлы жалшыларын сатып алады. Ол кезде әрбір помещиктің байлығы, оның қанша басыбайлы шаруасы болғанымен есептелетін. Ақыры Чичиков тиісті құжатын алып, ірі деген байлардың қатарына қосылады. Осыдан кейін жұрт оны бай адам деп сыйлайтын болады. Тіпті генерал-губернатордың қызына үйлене жаздайды. Салтыков-Щедрин де өзінің “Господа Головлевы” деген еңбегінде өтіріктің табиғатын тамаша ашып көрсеткен. Өте іскер, қабілеті мол бай әйел қартаяды. Ол өзінің дүниесін үш баласына және қызына бөледі. Оның Порфирий деген баласы бар. Ол тек шешесінің көзіне қарайды. Ол шешесінің әрбір айтқан сөзін, пікірін библияның сөзі сияқты қабылдайтынын білдіреді. Оны үлкен баласы “Иудушка” деп келемеждейді. Бірақ шешесі үшін Порфирийден асқан ақылды, жақсы адам жоқ. Сондықтан көп ойланбастан оған ең тамаша, құнарлы поместьені береді. Қалғанын басқа балаларына үлестіреді. Поместьенің заңды қожайыны болғаннан кейін Порфирий тізгінді қолына алып, барлық дүниені есептей бастайды. Тіпті шешесінің шығындарын да назарынан тыс қалдырмайды. Енді ол бұрынғыдай шешесіне жалтақтамайды, оның айтқандарын жүре тыңдайды, бәрін өзі шешеді. Порфирий нағыз өтірікші, пайдакүнем адам болып шығады. Ешкімге жақсылық жасамайды, ол балаларының жайын ойламайды. Оның осындай өзінен басқаны ойламайтындығының кесірінен екі баласы да өледі. Ол тіпті інісінің қашан өлетінін күтумен болады. Ондағы ойы – оның поместьесін заңды түрде өзіне қосып алу. Помещиктің кемпірі өзінің қатты қателескенін енді ғана біледі.

Өтірік деген тек қана жеке адамдарда емес, тіпті мемлекет деңгейінде де болады. Мысалы, Екатерина ІІ, бүкіл Еуропаның, оның ішінде Францияның философтары мен энциклопедистерін алдаған. Ол Дидро­мен, Вальтермен хат жазысып тұрған. Ресейдің басыбайлы шаруаларының тұрмысы өте жақсы деп өтірік айтқаны былай тұрсын, өзін “білімді монарх” деп көрсеткісі келген. Мемлекет деңгейіндегі өтірікті Сталин де жақсы пайдаланған. Андре Жид, Бернард Шоу, Фейхвангер сияқты Кеңес еліне келген батыстық көрнекті жазушы­ларға өзінің таланттарды, мәдениет саласы­ның айтулы тұлғаларын сыйлайтынын көрсеткісі келген.

Өтірікті Брежневтің кезінде оның айналасындағы шенеуніктер де судай сапырды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Брежнев соғысқан “Малая земля”-ны жеңістің шешуші шебі болды деп кітап шығарды. Кеңес заманында көптеген ғалымдар, философтар, тарихшылар, әлеуметтанушылар, заңгерлер, әдебиетшілер марксизм-ленинизм ілімі ғылымның ең биік шыңы, дүниеге көзқарастың ең жоғарғы үлгісі деп жазды. Оның аяғы не болды. Кеңес өкіметі құлап, жаңа тәуелсіз мемлекеттер пайда болған кезде сол оқымыстылар, кешегі ком­мунистер басқаша сөйлей бастады. Марксизм-ленинизм шындыққа қатынасы жоқ, қате пікір деп дәлелдеп жатты.

Нарық заманында жемқорлық деген жаңа ұғым пайда болды. Биліктегі адамдар үлкен лауазымды шенеуніктер, министрлер, әкімдер, т.б. қолдарындағы шексіз билікті пайдаланып, бай болуға ұмтылуда. Ол үшін олар шетелден келген инвесторлардан және өзімізде пайда болған “жаңа байлардан” пара алады, соның арқасында маңдай терін тамшылата төкпей, аяқ астынан байып жатыр. Байқап отырсаңыз, нағыз өтіріктің заманы жаңа туды. Өтірік айту, істемеген нәрсені істедім деп есеп беру әдеттегі іске айналды. Мұндай келеңсіздік ғылым саласына да дендеп еніп кетті. Айталық, кейбіреулер халықаралық конференция өткіздік деп даурығады, ал шын мәнінде тексере келгенде оған бір ғана Қырғыз елі­нің өкілі қатысқан болып шығады.

– Халқымыз “Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам” демеуші ме еді?

– Қазір оны елеп, ескеріп жатқан кім бар?! Бұрын өтірік айтатын, шындықты мойындамайтын адамдарды “беті қалың” деуші еді. Қазіргілердің бетінің қалыңдығы бес елі, одан да асып кетті.

– Тереңірек пайымдайтын болсақ, өтіріктің өзі елдің қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған сияқты ма қалай? Дәл қазір кеңес заманындағы өтірік шаң қауып қалған сияқты. Сонда өткеннен сабақ алмағанымыз, ұлы Абайдың ақылына құлақ аспай отырғанымыз айдан-анық. Осының арты не болар екен? Оның үстіне бізде өсек те жанған оттай лаулап, өршіп тұр.

– Түбі бір “өтірік орға жығады”. Оның дәлелдері көп. Ал енді Абай сақтандырған өсекке келсек, ол көбінесе көреалмаушылықтан туады. Оған Пушкиннің “Моцарт и Сольерри” деген тамаша туындысын оқыған адам анық көз жеткізеді. Сольерри – орта ғана қабілеті бар композитор. Бірақ еңбекқор. Ол бір нәрсе жазу үшін көп тер төгеді. Ал Моцарт болса – нағыз дарын иесі, музыкадағы гений. Небір жауhар шығармаларды қиналмай-ақ жазып тастайды. Моцарттың ұлы таланты, жасампаздығы Сольерри жағынан қызғаныш, көреалмаушылық туғызады. Ақыры ол Моцартты у беріп өлтіреді. Таланттарды көре алмау, оларға қастық жасау, дүниеде бар нәрсе. Шекспирдің “Отеллосын” алайық. Яга – қаскүнем адам, нағыз жексұрын. Ол Отеллоның бақытын көре алмайды, ол өзін “Дездемонамен көңілдеспін” деп өсек таратады. Аңқау, әр нәрсеге тез сенетін Отелло, Дездемонаны қызғанып, тұншықтырып өлтіреді. Көреалмаушылықтың тағы бір түрін Пушкин өзінің “Капитан қызы” деген шығармасына өзек еткен. Онда Гринев деген жас офицер, қызмет бабымен шалғайдағы әскери бөлімге келеді. Оны басқаратын капитанның сұлу, өзі ақылды қызы Гриневке ұнап қалады. Сол бөлімде әскери міндетін атқарып жатқан Швабрин деген офицер де бар. Ол офицерлер арасында капитанның қызы туралы әңгіме таратады. Швабриннің айтуынша, капитанның қызы нашар адам. Артынан Гринев білсе, оның да капитанның қызында көңілі болған екен. Бірақ ол Швабринге қарамайды. Капитанның қызымен Гринев бірін-бірі сүйеді. Швабрин Гриневті көре алмайды, онымен жекпе-жек атысқа да шығады. Кейін сол бөлімге Пугачевтың жасақтары келгенде капитан қақтығыс кезінде мерт болады. Осы кезде Швабрин Пугачевтың жағына шығып кетеді де, Пугачевқа ол капитанның адамы деп Гриневті жамандайды, Гринев өлім жазасынан құтылады, себебі Пугачев көтеріліс басшысы болмай тұрғанда, қыстың суық күні оған өзінің қоян терісінен тіккен тонын сыйлаған екен. Пугачев Гриневты танып, оны өлімнен алып қалады. Кейін Пугачевтың көтерілісі басылып Швабринді сатқын деп айыптағанда, Гриневті тағы да өзімен бірге ала кеткісі келіп, жазалаушыларға берген жауабында ол Пугачевтың досы деп көрсетеді.

Көреалмаушылық жөнінде қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов та өзінің “Плаха” деген романында жақсы жазды. Ол романда Уркинчиев деген жаңаша ойлай­тын, іскер кейіпкер бар. Ол – абыройлы, өз ісіне тыңғылықты озат шопан. Ал оның Базарбай деген әріптесі жұмысқа жүрдім-бардым қарайды. Ол Уркинчиевті көре алмайды. Оның ойынша, Уркинчиев “дүниеқоңыз”, жолы болғыш адам. Сөйтіп, оны жүрген жерінде жамандаумен болады. Қызғаныштан іші күйіп, тіпті қастық жасауға дейін барады. Қасқырдың інінен бөлтіріктерін алып, Уркинчиевтің үйінің жанына әкеліп тастайды. Осыдан кейін қасқырлар Базарбайдың ізімен шопанның үйін торуылдап, түні бойы ұлып, маза бермейді. Онымен қоймай Уркинчиевтің кішкентай жас бала­сын алып кетеді. Қасқырды атқан Уркинчиевтің оғы өзінің баласына тиеді. Қандай қайғылы жағдай?! Көреалмаушылықтың да зардабы аз емес.

Таланттарды көреалмаушылық қазақтарда да бар. Біржанның ұлы талантын көре алмағандар оны жынданды деп қорлайды, байлап қояды. Бәрімізге Біржанның ұлына айтқан өлеңі таныс:

Ал, дүние, өтеріңді біліп едім,

Білдірмей серілікпен жүріп едім.

Бұл күнде арық қойдан бағам кейін,

Үш жүзді сайран қылған Біржан едім.

Қара су есік алды ылайланды,

Бай қылмақ, кедей қылмақ Құдайданды.

Қамзолдай қысқа пішкен дөңгеленіп,

Дүние өтерінде шыр айналды.

Ақан серіні де көре алмағандар болған. Сағынайдың асында ұйымдастырылған бәйгеге Құлагерді қосуға келеді. Кұлагердің бәйге басын бермейтінін білетін Батраш-Қотраштың байы көре алмағандықтан, өзі­нің қарақшысына сәйгүлікті өлтірткізеді. Сол сияқты Ақан серіні көре алмайтын адамдар өзіне де жала жауып, ол жын­данды деп өсек таратады. Ақан сері тек Омбыға қашып, бұл жауыздықтан құтылады. Іші тар, өсек құмар адамдар Кеңес заманында Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов сияқты қазақтың асыл перзенттерін ұлтшылдар деп аяқтан шалып, ұстатып жібергісі келген. Олар тек Мәскеуге қашып кетіп, жандарын сақтап қалды.

– Осы өтірік-өсектің тамыры мақтаншақтықта жатқан жоқ па?

– Абай ел-жұртын мақтаншақтықтан бекерден-бекер сақтандырмаған шығар. Мақтаншақтық – жақсы нәрсе емес. Өкінішке қарай, біз нағыз мақтаншақ халықпыз. Ал мақтаншақтықтың астарында ысырапқор­лық сияқты неше түрлі келеңсіздіктер жатыр. Ертеде ірі бай өлгенде, қазақтар бір жылдан кейін ас берген. Қазақ даласында Бөжейдің асы, Шорманның Мұсасының асы, Сағынайдың асы, Нияздың асы берілгенін білеміз. Оған бүкіл елі, руы дайындалады. Осыны көрген орыстың саяхатшысы Мұсаның жылын бергенде 100 жылқы сойылғанын, еттің тау болып үйіліп жатқанын жазыпты.

Біз осы күнге дейін басқа тәуелсіз елдермен салыстырғанда даму жағынан асып кеттік деп кеуде қағамыз. Соған сенсек, ел экономикасына инвестиция тартуда біздің алдымызға түскен ешкім жоқ. Саммит, ОБСЕ-нің жиналысын, ЭКСПО өткіздік. Олардың бәрін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ өткен 30 жылдың ішінде біз мүмкіндігіміз бола тұра талай нәрсені жасай алмадық. Мысалы, Қытай мемлекеті осы 30 жылдың ішінде бүкіл әлем денгейіндегі Америкадан кейінгі, екінші мемлекет болып шықты. Технологиясы, теміржолдың жылдамды­ғынан Қытай мемлекеті тіпті екінші орын алады. Біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” деген мақаласында адам капиталына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты. Расында да, дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін біздің отандастарымыздың жауапкершілігі жоғары болуы керек. Не жасасақ та сапасының жоғары болуын қам­тамасыз еткеніміз жөн. Менің есімде, қысты күні ОБСЕ-нің жиналысына қатысу үшін Вена қаласына бардым. Сол күндері өзіме бір жақсы пәлте сатып алғым келді. Бір пәлте ұнады, бірақ ойланып қалдым, соны байқаған сатушы: “Не ойланатыны бар, бұл пәлте Венада тігілген”, – деді. Оның ойын­ша, зат Венада жасалса, оның сапасына күмәнданбау керек. Венада жасалған заттың сапасына кепілдік беруге болады. Сол сияқты, Павлодар облысында аудандарға талай рет уәкіл болып бардым. Сонда байқағаным, Геллер басқарған “Қазақстан” деп аталатын кеңшар болды. Онда кілең немістер тұрады екен. Қайда барсаң да тап-таза, көшелеріне асфальт төселген, дүкендері жайнап тұр. Түйе, асыл тұқымды сиырлар сауады. Сауыншыларының киімдері де мұнтаздай, сауын аяқталғаннан кейін душқа түсіп, үйлеріне қайтады екен. Ал орыстың, қазақтың шаруашылығына бара қалсаң, көшелері ойқы-шойқы, үйлері бірі тәуір болса, бірі нашар. Орталықтан келген уәкілді көрсе, орыстар шағым айта бастайды. Ал қазақтар болса, келген адамды қонаққа шақыру, дастарқан жаю қамына кірісіп кетеді.

Менің түсінігімде жауапкершілігі төмен адамдар мақтаншақ келеді. 2012 жылдары бізде Білім және ғылым министрі болды. Оның айтуынша, біз оқуда, ғылымда реформа жасап жатырмыз, Назарбаев мектебін аштық, осы реформадан кейін еліміздегі білім мен ғылым Гарвардтың деңгейіне көтеріледі. Бізде Нобель сыйлығын алатын лауреаттар шығады. Көріп отырмыз, біздің университеттердің Гарвард деңгейіне көтерілуі таяудағы отыз жылда неғайбыл. Осы жөнінде ойланғанда Қожа Насырдың бір сөзі есіме түседі. Қожекең бір танысымен бәстеседі. “Мен есегіме тіл үйретемін”, – дейді. Ал танысы: “Үйрете алмайсың”, – деп қарсы уәж айтады. Қонақ кеткесін, Қожанасырдың әйелі, “сен босқа таластың, есекті сөйлете алмайсың ғой”, – дейді. Сонда Қожекең: “Мен онымен жиырма бес жылға бәстестім, осы уақыт ішінде не мен өлемін, не есек өледі, не менімен дауласқан, бәстескен адам өледі”, – дейді. Сол айтқандай ол министр қазір басқа қызметте. Егерде біздің жоғары мектеп Гарвардтың деңгейіне көтеріле алмаса, біздің ғалымдар айтылған уақытта Нобель сыйлығына ие болмаса, кімнен сұраймыз?

– Көп жағдайда қазекеңнің еріншектігі де етектен тартып, ілгері басқан қадамымызды кері кетіріп жатқанын білеміз. Өз заманында Абай осыдан да сақтандырып еді ғой. Сірә, дананың сөзіне қоғам болып құлақ аса алмадық-ау?

– Абайды тыңдасақ, еріншектікті адамның бойындағы ең нашар қасиеттердің бірі екенін түсінер едік. Қазақтардың еріншек, жалқау екендігі әмбеге аян. Біз ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, күн көретін халықтардың қатарына жатамыз. Әрине, сөзіне, ісіне берік, жауапкершілігі мол, елгезек, бір нәрсені қолға алса, тиянақты жасайтын азаматтар бар. Сонымен қатар ерін­шек­тер де көп. Осы жайында Абай былай дейді: “Менің жас кезімде қазақтар өзбекке күлуші еді, сартқа күлуші еді, татарға күлуші еді және орысқа күлуші еді. Сонда тексеріп қарасам, өзбектер, сарттар бір нәрсені жасауға ыңғайлы, ал татар болса, ол жұмысты жасай біледі, әскерлік міндетін де өткізе алады, орыс болса ол көп нәрсені жасай біледі. Біз тұтынатын көп нәрсені, малы­мызды сатып, сол орыстардан сатып аламыз”. Бұл жерде Абай қазақтың малмен ғана жан сақтап отырғанын айтады. Басқаға қыры жоқ. Қазақ көп уақыттан бері “Есім салған ескі жолмен, Қасым салған қасқа жолмен” келе жатыр. Жаңалыққа, тұрмыстың жаңа түріне, еңбекке қазақтар нашар бейімделген. Осы еріншектігінен қазақтар бұрында, кейін де, тіпті осы заманда да кемшілік, қорлық көреді. Біз 1921, 1932 жылдары өте қатты ашаршылыққа ұшырадық. Бұның негізгі себебі – Кеңес өкіметінің солақай саясаты десек те өз қандастарымыздың еріншектігі, жалқаулығы, малдан басқа күн-көрісінің болмауы ауыр соққы болып тиді. Соғыс кезінде, мен өзім көрдім, қазақтар нау­рыз айынан бастап сиырлары бұзаулағанша ашыға бастайтын. Оның себебі бидайды, тарыны, тағы басқа дақылдарды үкімет алып кететін. Бірақ орыстар ашыққан жоқ. Тіпті Омбы жақтағы қазақтар да аштыққа сирек ұшырады. Өйткені олар бидай, тарымен бірге картоп та өсіретін. Дұрыс күтіп, баптасаң, бір қап картоптан отыз қап өнім алуға болады. Олар аштықтан аман қалатын.

Әлі күнге дейін есімде, Ертістің жиегінде орналасқан біздің ауылмен Ертістің арасында айрық өзен бар еді. Жазды күні тоғайда мойыл, қарақат, бүлдірген, қымыздық, жуа өседі. Ала жаздай біздің бригада ақсақ көк өгізді ғана сойды. Үшінші сыныпты ғана бітірген кезім, қасымда Ерсайын деген досым бар, Мейірхан онда 5 жаста, таң атысымен өзен жағалап, балық аулаймыз. Кіш­кентай ғана қармағымыз болды, суда балық өте көп. Үйге жарты шелектей балық әкелеміз. Қармақ салып жатқан жерде тіпті балықты пісіріп жейтін кездеріміз де болды. Әжем басында біздің бұл кәсібімізге көңіл аудармайтын, кейін балықты пісіріп, қуырып тамақ қылатын болды. Жұрттың көбі осы мүмкіндікті де пайдаланбады ғой. 1932 жылы халық ашаршылыққа ұшырағанда, өзен-көлдерде балық көп болатын, бірақ қазақтар балық аулаған жоқ.

Осы арада қазақтың еріншектігі туралы Асқар Қонаев айтқан тағы бір әңгіме ойыма оралып отыр. Оның шешесінің әкесі татар болған. Ол кісі пысық, дүкен ұстапты. Сол кісіде Сөн деген қазақ жұмыс істепті. Үлкен кісі болуы керек. Сөн ақырын келе жатса, татар бай: “Сөн аяғыңды жылдам бассайшы”, – дейді екен. Сонда Сөн: “Қожайын, маған төлейтінің үш сом, сол үшін жүрісімді өзгерте алмаймын”, – деп қиқарланады екен. Қазіргі нарық заманы адамдардан жауаптылықты, іскерлікті, бәсекеге лайықты болуды талап етеді. Осы талапқа сай болып, тұрмысын жақсартып, тіпті байып кетіп жатқан қазақтар бар. Ал талапқа бейімделе аламай, еріншектік пен жалқаулықтан арыла алмаған қазақтарда аз емес. Мысалы, кезінде оларға үкімет жер берді. Сол жерді уақытында өңдеп, пайдаланбағаннан кейін қурай басып кетті. Қазір үкімет солардан жерді қайта алып кояйын деп жатыр. Олар, әрине, оған ренжиді. Бірақ осыған кім кінәлі? Әрине, өздері. Баяғыдан келе жатқан еріншектік пен жалқаулық…

– Жоғарыда ысырапқорлық туралы да айттыңыз. Осы мәселені тарқата түссеңіз.

– Абай ысырапқорлықты да қатты сына­ған. Қазақ даласында, қазақ рухани мәдениетінде Қарынбай, Шықбермес-Шығайбай сияқты өте сараң адамдардың образдары жақсы берілген. Сол сияқты берекесіз, малын, дүниесін, атадан қалған дәулетін шашып алған адамдарда бар. Ертеде аталарымыз “бай бір жұттық” деп отыратын. Егер ұқыпты болмаса, тебінге шыққан жылқыларды бағатын жылқышыларға мұқият қарамасаң, оларды жақсы, жылы киіндірме­сең, тіпті жүз жылқы, мың жылқыдан айырылып қалуға болады. Сараңдық жөнінде әлем мәдениетінде де жақсы жазылған. Мысалы, Пушкиннің “Скупой рыцарь” деген тамаша еңбегі бар. Сол еңбекте рыцарьдың бірнеше сандық толған алтыны болады. Ол жертөлесіне түсіп, сандықтарын ашып, алтындарын көріп мәз болады, рахаттанады. Оның сараңдығы сондай, тіпті жалғыз баласына да дәнеңе татырмайды. Тіпті турнирге қатынасу үшін баласына киім керек, соны сатып алуға да ақша бермейді. Бір күні герцог оны шақырып алып, “балаңыз дворянин ретінде турнирге қатысуы керек, оған әдемі киім керек, соны сатып алуға неге ақша бермейсіз”, – деп сұрайды. Сонда сараң рыцарь баласын жамандай бастайды. Тығылып тұрған баласы шығып, оның сөздерінің бәрі өтірік екенін айтады. Сол кезде рыцарьдың жүйкесі сыр беріп, өліп кетеді. Барлық жинаған дүниесі оның баласына қала­ды. Дүниені бекер шашу осы заманда да көрініс беріп жүр. Ол – бүкіл әлемде бар нәрсе. Мысалы, нарық заманында үлкен бай адамдар пайда болды. Олар іскерліктерімен байыды, кейбіреулері ұрлық-қарлық, инвесторлардан пара алу арқылы байып жатыр. Бірақ олардың балаларына осы үл­кен байлық пайда келтіре ме, келтірмей ме ол жағы белгісіз. Мол ақшаға ие болу үшін олардың балалары, ұрпақтары ешқандай әрекет жасамаған. Оларға байлық тіпті көктен түскен нәрсе секілді көрінеді. Олар байлықтың, дүниенің парқын білмейді. Сон­дықтан кейбір байлардың балалары, ұрпақтары маскүнем, нашақор болып жатыр. Осыны түсінген Батыстың кейбір байлары балаларына байлығының аз ғана мөлшерін бөліп, қалған жиған-тергенін жетім балалар, қарттар, мүгедектер үйлеріне беріп жатыр.

– Жәке, Абай 1845 жылы туып, 1904 жылы дүниеден өтті. Көріп отырмыз, қартайып өлмеген. Тіпті алпысқа да кел­мей өмірден озды. Осының себебіне үңілген кездеріңіз болды ма?

– Жарасбай, сен үлкен мәселені қозғап отырсың. Менің ойымша, Абайдың өмірден ерте кетуінің басты себебі ол өз кіндігінен тараған, жанындай жақсы көретін бала­ларын мезгілсіз жер қойнына тапсырды. Осыдан кейін ол қатты күйзеліске ұшырады. Әбіш пен Мағауиядан айырылу – Абай үшін рухани келешегінен, өмір бойы жиған-терген рухани ілімін әрі қарай дамытатын, тарататын ұрпақтарынан айырылу еді. Осы екеуінің өмірден өтуі, ұлы ғұлама үшін үлкен қасірет болды. Әрине, Абайдың ілімі, оның терең ойлары, көрінбей қалған жоқ. Оның ойын, оның ұлы ақылын әрі қарай дамытатын ұрпақтар дүниеге келді. Олардың басы болып, Мухтар Әуезовті, Әлихан Бөкейхановты, Ахмет Байтұрсыновты, Мағжан Жұмабаевты, тағы басқа зиялаларды айтсақ болады. Қазіргі заманда Абайды түсінетін, Абайдың ойларын үлкен қазына деп білетін ұрпақ миллиондап дүниеге келді. Абайдың ойлары бүкіл әлемге тарай бастады десек, ол артық емес.

– Сіз тектілік деген ұғымға қалай қарайсыз?

– Тектілік деген ұғым – бүкіл әлем мәдениетінде, қазақ мәдениетінде бар нәрсе. Себебі тектілік ұғымын қазіргі замандағы ғылым, психология жоққа шығармайды. Қазіргі психология ғылымында дарынды адамдарда мықты жады, айтылған сөзді жылдам түйсіну қабілеті, қорытындылауға бейімділік сияқты ерекшеліктер болатыны туралы айтылып жүр. Мұндай ерекше қабілеті барлардың бәрі өздігінен дарынды тұлға болып кетпейді. Бірақ тәрбие, қажырлы еңбек, кітапқа құмарлық, әлемдік мәдениет қазынасының жауһарларынан сусындауға ұмтылыс барысында мұндай адамдардың көрнекті тұлға болып қалыптасуына қолайлы жағдай жасалады.

Қазақ мәдени мұрасында Бұқар жыраудың тамаша ойлары көпшілікке мәлім. Атақты жырау былай деген еді:

“Жал құйрығы қаба деп,

жабыдан айғыр салмаңыз.

Қалыңмалы арзан деп,

жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

жауға мінер ат тумас.

Жаман қатын алсаңыз,

топқа кірер ұл тумас”.

Бұл шумақта Бұқар жырау тектілік мәселесін қозғап отыр. Мысалы, Абайдың өзінің жолын қуған ең жақсы балалары, ол Ділдәдан туған – Әбіш, Мағауия, Ақылбай. Ол Әуезовтің жазуынша, Әйгерімді өте жақсы көрген, бірақ одан туған балалар – Тұрағул, т.б. орташа ғана адамдар болған. Ділдә – өте атақты, Қаракесектен шыққан Алшынбай деген белгілі байдың немересі.

– Теңдесі жоқ, керемет шығармаларды дүниеге әкелген ғұлама сонымен бірге ұлы ақындардың шығармаларын аударумен де айналысқан. Сіз Абайдың аудармаларымен де таныс шығарсыз?

– Расында да, Абайдың ойы мен қаламы­нан туған ғажайып өлеңдерді қанша оқысаң да сусының қанбайды. Оның жыр әлемі – түпсіз терең. Сол тұңғиыққа бойлай бергің келеді.

Алыстан сермеп, жүректі тербеп,

Шымырлап бойға тараған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Керемет емес пе! Пушкинді Батыста, әсіресе француз тіліне талай рет аударған. Бірақ Батыс оны осы күнге дейін бағалай алмай жүр. Олар Толстойды, Достоевскийді, Чеховты, Горькийді өте жоғары бағалайды. Оның себебі Пушкин өлеңдерінің құдіретін, ғажайып үйлесімділігін әлі де болса бере алмай жүр. Бұл жағынан қарағанда Абай – ерекше құбылыс. Ол – үлкен үлгі, орысша айтқанда образец. Абай аударған Татьянаның әнін бүкіл қазақ айтып жүреді. Татьяна қазақтар үшін бөтен емес, қазақтың төл туындысы іспетті. Сол сияқты Абай Лермон­товтың “Теректің сыйы” деген өлеңін аударған. Абайдың аудармасы Лермонтовтың өлеңінің бар болмысын, ғажайып көрінісін Лермонтовтың өзінен бірде-бір кем қылмай көрсеткен. Абайдың аудармасында:

Асау терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.

Абайдың аудармасы мәні, көркемдігі, ғажайып сұлулығы жағынан Лермонтовтың өлеңінен асып түспесе, кем емес. Абай Гетенің “Горные вершины…” деген өлеңін де қазақшаға аударған. Абайдың аудармасында бұл өлең:

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жолдағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

Өте тамаша аудармашы неміс тілін, орыс тілін, қазақ тілін білетін Герольд Бельгер: “Абайдың аудармасы түпнұсқаға, Гетенің өлеңіне жақынырақ”, – деп жазған болатын. Осы айтылғандардан мынадай қорытынды жасау­ға болады. Үлкен талант иесі – ұлы ақындарды кім болса сол аудармауы керек. Аударатын адамның ақындық қабілеті өзі аударғалы отырған ақынның талантына жақын болуы керек. Ол екі тілді де жақсы білетін ақын болуы шарт. Егер ұлы ақындарды ортанқол ақындар аударса, олар екі тілді жақсы білмесе, ұлы ақынды, оның құнын кетіреді. Ондай ақындардың аудармасын оқыған басқа халықтардың оқырмандары ол ақынды ұлы екен деп қабылдамайды. Мысалы, Пушкин Абайдан кейін өз деңгейінде, қазақ тілінде әлі берілген жоқ. Абайдан кейін Шекспирдің “Укрощение строптивой” деген туындысын М.Әуезов өзі аударған. Оның аударма­сы­ның аты “Асауға тұсау”. Мен Ш.Айманов­тың – Петрушаның, Хадиша Бөкееваның – Катеринаның рөлінде ойнағандарын көрдім. Аударманың тілі де, актерлардың ойыны да менің жүрегіме керемет әсер етті. Кейбір бі­летіндер Әуезовтің “Толстойды маған қалды­рың­дар, өзім аударамын” деген сөздерін келтіреді. Бұл ұлы Әуезовтің ұлы жазушыны аударудың қиындығын жақсы түсінгенін көрсетеді.

– Қазіргі аударманың жайы туралы не айтар едіңіз?

– Біз тәуелсіз мемлекет болып, нарық эко­но­микасына көшкеннен бері Батыстың талай әдебиетін, талай пікірлерін, ұғымдарын қазақ тіліне аударып жүрміз. Біз көп жағдайда Батыс экономикасына, бизнесіне тән ұғымдарды, терминдерді қазақ тіліне аударғанда қателіктерге жол береміз. Мысалы, конкуренция дегенді, біз “бәсеке” деп аударамыз. Ме­нің ойымша, бұл дұрыс емес. Бәсеке – ерте заманнан келе жатқан ұғым. Бір бай мен бір бай бәсекелеседі, бір ақынмен бір ақын бәсекелеседі, ал конкуренцияның мағынасы басқа. Ол тек капитализмнің уақытында капи­талистердің конкуренцияға түсетінін көрсетеді. Конкуренцияға түскендер өзінің мерейін жаңа технология қолданып, сапалы затымен үстем етеді. Сол ұғымды бәсеке деп аударудың аяғы тек капитализмде болатын құбы­лысты түсінбеуге әкеліп соғады. Сол сияқты спонсор дегенді “демеуші” деп аударады. Демеуші – ерте заманнан келе жатқан сөз, ал спонсор дегеніміз – ол тек демеу емес, бір келешегі бар компанияны қаржылай істе қолдау. Терминдерді аударған кезде нағыз ұғымнан, идеядан айырылып қалмау жағын ойлаған жөн. Ракты “қатерлі ісік” деп аударамыз. “Қатерлі ісік” деген сөз орысша “опасная опухоль” деген ұғымды білдіреді. Рак болса, ол ерекше ісіктің түрі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Менің ойымша, капита­лизмнен алатын, бізде бұрын болмаған құбылыстарға мұқият қарау керек. Егерде ол құбылыс біздің өмірімізде, іс-әрекеттерімізде бол­маса, онда сол қалпында қалдырып, қа­зақ халқының грамматикасына бейімдеп жі­бе­ру керек. Мысалы, орыстың “самовар” де­ген сөзін, қазақ тіліне “самауыр” деп аударып алдық қой. Ол баяғыда өзіміздің төл сөзіміз болып кетті. Сол сияқты шеттен алған сөздер қазақ туындысы болып кеткен жайттар өте көп. Осының арқасында тілдер дамып жата­ды. Мұны тіліміз шұбарланды деуге келмейді. Бұрын аудару туралы ғылым болмаған кезде қазақтар арабтың, парсылардың мемлекет, дәулет, мұғалім, махаббат деген сияқты терминдерін алған. Бүгінде халық бұл сөздерді басқа елдерден ауысты демейді. Бұл тамаша ұғымдар қазақ тілінің төл ұғымы болып кеткен. Олар оқшау тұрмайды, олар қазақ тілінің грамматикалық жүйесіне сай аударылған.

– Біздің жоғары мектептер Балон процесіне өтті. Халық арасында осы жөнінде әртүрлі пікірлер бар.

– Жалпы жоғары мектептердің Балон процесіне өткеніне мен қарсы емеспін. Бірақ Балон процесінің нағыз талабы қандай, соның ішкі сырын, мақсатын, мәнін түсінген жөн. Біз Балон процесіне өткенде, ол процестің тек сыртын, сыртқы көрінісін ғана алып жүрген сияқтымыз. Ол бакалавр, магистратура және докторантура. Мысалы, емтиханда тест бо­йынша сұрақтар беріледі. Тесттерді жан-жақты ойланып жасау керек. Балонның талабы бойынша сұраққа жауап беру үшін оқушы, студенттің ойлау қабілеті жақсы болу керек. Балон процесінің мақсаты – студенттерді ой­лауға, мәселені шеше білуге тәрбиелеу. Ақпарат, дайын білім, оның бәрі интернетте бар. Біздің беріп жүрген сұрақтарымыз таза ақпаратты, мәселені жаттап алуды талап етеді. Сондықтан менің ойымша, тесттерді жасау үшін кафедралар жан-жақты ойлану­лары керек.

Бізде қолданылып жүрген жағдайлар шәкірттерді ойға жетелемейді. Емтихан тапсырушы тек дайын үш жауаптың біреуін таңдауы керек. Мұндай сыннан маймыл да өтіп кетуі мүмкін. Кейбір мемлекеттер Америка, Жапония Балон процесіне өткен жоқ. МГУ-дың ректоры Садовничий де Балон процесіне сын көзімен қарайды. Бакалавр, магистратура, докторантура Ресейде революцияға дейін болған. 1930-шы жылдары арнайы комиссия осы мәселені қарап, университетте оқу процесі 5 жыл болу керек, университет және институт бітіргендер жоғары дәрежедегі маман деген диплом алады. Олардың көбі аспирантураға бармайды. Тек ғылыммен шұғылданамын деген, ғылымға қабілеті бар балалар ғана аспирантураға түседі. Докторантура ол – ең жоғары дәреже беретін орын. Ғылым докторы болу үшін 6-10 жылдай ғылыммен шұғылдану керек. Докторлық диссертацияда міндетті түрде келелі тың жаңалықтар болуы керек. Ал қазіргі оқу түрі бакалаврды бітіргендерді толыққанды жоғары білімі бар деп есептемейді. Сондықтан да көбі магистратураға түскісі келеді. Магистратураға түскендердің ғылыммен шұғылдануға дайындығы бар ма, жоқ па, ол ескеріліп жатқан жоқ. Магистрлық диссертацияда жаңа­лықтарды талап етеді. Бірақ олардың жаңалығы, шын мәнінде, жаңалық емес. Қазіргі докторантура, бұрынғы докторлық дәреже­мен үш қайнаса, сорпасы қосылмайды.

– Жәке, сіз бүкіл ғұмырыңызды білім мен ғылымға арнаған жансыз ғой, қазір де осы ортада жүрсіз. Бұл саладағы жағдайға қанықсыз. Біз бірнеше жылдан бері орта мектепте 12 жылдық жүйеге көшеміз деп талпынып жатырмыз. Осының аяғы не болар екен?

– Менің ойымша, орта мектепті 12 жылдық жүйеге көшіруде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жан-жақты ойлану керек. Неге дейсіз ғой. Орта мектеп оқушыларын 12-14 жыл оқытсаң да бәрі бір білімі, дүниеге көз­қарасы, өзін-өзі тануы, жауапкершілігі сол орта мектептің деңгейінде қалады. Оқушы мен студенттің психологиясы, жауапкершілігі екі түрлі. Егер мектеп мұғалімі сабақта бір тақырыпты оқулыққа сүйеніп түсіндірсе, ертеңіне сол айтқанын оқулықтың айналасында оқушымен пысықтайды. Ал студенттер болса, оларға жоғары мектептің мұғалімі, профессорлар, доценттер 2 сағаттық лекция оқып кетеді. Олар студенттерден өз бетімен оқып, конспект жасауды, білімін әрі қарай кеңейтуді, тереңдете түсуді талап етеді. Бұл – мәселенің бір жағы. Оның екінші жағы бар. Адам өмірі шектеулі, қысқа десе де болады. Эпикур айтқандай, әрбір күніңді шамаң келгенше бағалай білуің керек. Осы тұрғыдан алғанда орта мектеп үшін 10 жыл жеткілікті сияқты. Менің байқап жүргенім, 11, 12 жыл оқыған оқушылардың 10 жыл оқыған балалардан білімі артық емес. Осыған орай бір жайтқа көңіл бөлгім келеді, кезінде КСРО-ның Ғылым академиясының президиумында Понтрягин деген, үлкен академиктің сөзін тыңдадым. Ол кісі 1970-1980 жылдары белең алған бір келеңсіздікке тоқталды. Оның айтуынша, жоғары мектептің оқытушылары өздерінің лекцияларының қорытындыларын мектеп оқулықтарына кіргізіп жіберген. Содан да ол оқулықтар мектеп балаларына түсініксіз. Академик Понтрягиннің ойынша, Кеңес өкіметінің математика оқулықтарының ішінде Киселевтің жазған оқулығынан артық оқулық болған жоқ. Кеңес өкіметінің дайындығы мол, ұлы математиктерінің бәрі сол орта мектепте Киселевтің оқулығын оқып, жақсы білім алған. Енді мен өзімнің көргенімді айтайын. Ке­ңес өкіметінің кезінде “Ғылыми коммунизм”, “Қоғамтану” деген оқулықтар болды. Оларды тексеріп қарасам, бәрін жоғары мектептердің мұғалімдері жазыпты. Нақты айтсақ, жандарын қинамай, өздерінің бәлен жылдан бері оқып жүрген лекцияларын ықшамдап, оқу­лыққа енгізе салған. Мысалы, мемлекет де­ген, ұлт деген күрделі ұғымдар бар. Балалар оны түсіну үшін бұл құбылыс қашан пайда болды? Қалай дамыды? Қазіргі жағдай қалай? Мұғалімдер осыны түсіндірулері керек. Ал жаңағы оқулықтарды қарап отырсаң, әр ұғымның сипаттарын, белгілерін тізбелеп шыққан. Оны жаттап алған оқушы ұғымның ішкі сырын, мәнін түсінбейді.

– Тілге оралып отырған тағы бір сұрақ. Қазір біз кириллицадан латын әліпбиіне көшуді бастап кеттік. Осы туралы сіз не ойлайсыз?

– Латын әліпбиіне көшуді мен барынша қолдаймын. Осы үдерісті жеделдету керек деп ойлаймын. Оның үш себебі бар. Бірінші, латын әріпптері қазақ тілінің дыбысын бейнелеуге жақынырақ. Әріптердің саны азаяды. 1940-шы жылға дейін біздің елімізде латын әліпбиі болды. Бұл – бірінші жағы. Екінші, айтып жүргендей, латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін жылдам игеруге көмектеседі. Қазіргі заманда барлық ғылыми жаңалықтар, технологиядағы өзгерістер, ең алдымен, ағылшын тілінде шығатын журналдарда, кітаптарда жазылады. Әлемнің барлық өркениеттері халықтары ағылшын тілін біледі. Тіпті ұлы Қытай мемлекетінің өзі бұл мәселеге зор маңыз беріп, ағылшын тілін үйренуде. Бұл – екінші себеп. Үшінші себеп, латын әліпбиіне көшу түркі тілдес халықтардың, түрік этносының бір-біріне жақындасуына, бір-бірінің рухани дүниесін, құндылықтарын жақсы білуге, жақсы түсінуге жол ашады. Кеңес өкіметі өзі билік құрып тұрғанда түркі халықтарының бірінен-бірі алшақтағанын қалады. Пантуркизм деген ол бір жаман айып болатын, ол түбі ұлтшыл дегенге саятын. Біздің талай зиялыларды, әсіресе Мағжан Жұмабаевты, пантуркист, ұлтшыл деп айыптаған. Кеңес өкіметінің осы саясаты алфавитке де әсер етті. Мысалы, біз қырғызбен, өзбекпен, қарақалпақпен, ноғаймен тікелей сөйлесе береміз, бір-бірімізді түсінеміз. Бізге ешқандай аудармашының керегі жоқ. Бірақ біз қырғыз, өзбек, ноғай тілінде жазылған газеттерді, журналдарды, кітаптарды оқи алмаймыз, оқыған күннің өзінде қатты қиналамыз. Мысалы, біз “тау” десек, қырғыздарда “тоо” деп жазылады. Осындай жайттар өте көп. Ал Қытайды алсақ, әр өлкеде тұратын екі қытай бір-бірімен ауызша сөйлесе алмайды. Бірақ жазғандарын, газет-журналдарын, кітаптарын оқып түсіне береді. Оған Қытайдың алфавиті, иероглиф көмектеседі. Осыдан-ақ алфавиттің саяси астары бар екенін аңғаруға болады. Сондықтан да біз латын әліпбиіне көшкенде негізгі мына мәселелерге көңіл аударуымыз керек. Әріптеріміз, оларды бейнелеу түркі халықтарының бәріне жақын болуы керек. Ол үшін түркі халықтарының өкілдері, тіл мамандары бірге отырып, бейнелеудің түрін өте жақындатуға күш салулары керек. Өкінішке қарай, әзірше мұндай ұмтылысты байқай алмай отырмын. Менің тағы бір айтайын дегенім, қазақ зиялылары, мемлекет басындағы азаматтар түркі елдерінің бір-бірімен мейлінше жақындасуын қамтамасыз етулері керек. Себебі Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда т.б. шағын мемлекеттер, олардың әрқайсысында өзіне ғана тән бай­лығы, жері бар. Қазақстанда мұнай, газ, көмір бар, жер байлығы жеткілікті. Қырғыздардың да гидроресурстары, жеміс-жидегі, бақшалары, атақты Ыстықкөлі бар. Өзбекстан болса, газға, мақтаға, алтынға, жеміс-жидекке өте бай мемлекет. Біздің барлығымыз алдымызға Мәңгілік ел боламыз деген ұлы мақсат қойдық. Мәңгілік ел болу үшін, қауіпсіз болу үшін мықты болуымыз керек. Қуатты ел болғанда ғана бізге кім көрінген көз аларта алмайды. Біз түрік халықтарының басын қоссақ, үлкен одақ боламыз. Ол одаққа Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, тағы басқа мемлекеттердің кіретініне сенімім зор. Сонда біз сан жағынан да, ресурс жағынан да қарулы күш жағынан да мықты мемлекеттер боламыз. Бір ерекше атап көрсететін мәселе мұндай жағдайда әрбір Түркі мемлекеті өз тәуелсіздігін сақтап қалуы керек. Бірақ бұлардың түркі бірлігіне жатамыз деген ұғымдары, саналары болуы керек. Осыны түсініп, түркі мемлекеттері көп созбай, бір-бірімен келі­сімшарт жасаса нұр үстіне нұр болар еді.

– Абай туралы сөз қозғағанда, білім, ғылымға қатысты мәселелерді орап өте алмасымыз анық. Осы ретте соңғы жылдары үш тілді меңгеру міндеті қойылып отырғанын білеміз. Тіпті бұрынғы оқу министрі Сағадиев ағылшын, орыс тілдерін бірінші сыныптан бастап оқытуды талап етті. Мұндай көзқарасты қоғам тұтастай қолдап отырған жоқ.

– Мен негізінде үш тілді білу керек және оны ерте қолға алу керек дегенді қолдаймын. Бұл – 21-ші ғасырдың, уақыттың талабы. Қазір мемлекеттер, әлем халықтары мидай араласып кетті. Басқаны былай қойғанда, кәсіпкер болсаң, өз бизнесіңді жақсы дамыту үшін сен ағылшын тілін білуің керек. Бүгінгі таңда ағылшын тілін білмейтін адамның ғалым, білікті маман болуы өте қиын. Жалпы үш тілді білу қиын емес, тек тілді үйретудің тиімді жүйесі болуы керек. Кеңес өкіметінің кезінде осы талап ескерілмеді. Тілді өздері жақсы меңгермеген мұғалімдер грамматикамен көп айналысты. Содан да мектепте 10 жыл оқып, неміс не ағылшын, француз грамматикасын жақсы меңгерген балалар тілді білмей шықты. Ол – ол ма, жоғарғы мектепте бес жыл, одан кейін үш жыл аспирантурада ағылшын, француз, неміс тілдерін оқисың, емтихандарды өте жақсы бағаға тапсырасың, бірақ сол тілдерде сөйлей алмайсың, кітап та оқи алмайсың. Қазіргі кезде тілді үйретудің жаңа тәсілі қолданылуда. Ең алдымен, бала сөйлеуге үйренуі керек. Басында аз сөз білсе де, оларды құрастыруға, сөйлем құруға баулыған жөн.

– Расында да сондай жағдай өз басымыздан да өтті. Австриядан туған немереміз әке-шешесі қызмет бабымен елге оралғанда тек немісше сөйлеп келді. Біз оны түсінбейміз, ол бізді түсінбейді. Соған қарағанда, бала ең алдымен, сөйлеп үйренуі керек деген пікіріңізге қосыламын. Бірақ көңілімде ана тілін меңгермеген баланың миын басқа тілдермен ашыту қалай болар екен деген күмән де бар. Енді бұл мәселеде кімнің дұрыс, кімнің таңдауы бұрыс болғанын уақыт көрсете жатар, әңгімеміздің негізгі тақырыбына оралып, ұлы Абай жайлы әңгімемізді түйіндесек.

– Абай – жоғарыдағы әңгімеден аңғарған шығарсыз, гений! Ол – түпсіз терең мұхит, шегі жоқ кеңістік. Абайдың терең ойына үңіліп, оны жүрекке тоқу оңай емес, екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Жалпы Абайды ғана емес, басқа да генийлерді түсіну қиын. Мысалы, Платонды бүкіл дүние жүзінің фи­лософтары, ғалымдары, дін адамдары 2400 жылдан бері зерттеп келе жатыр. Платон олар үшін тек қана ғұлама философ қана емес, ол – батыс мәдениетінің өзегі. Сол сияқты Абай да тек ғұлама философ қана емес, ол – бүкіл қазақ мәдениетінің, бүкіл қазақ рухани болмысының негізі, өзегі. Немістің ұлы философы И.Канттың “Басыңда қандай ой болса, сол деңгейде ғұламаны көресің және бағалайсың” деген сөздері бар. Сондықтан да Абайды да жұрт өзінің білім деңгейіне қарай түсінеді, бағалайды. Мысалы, оқушылар, студенттер Абайдың өлеңдерін жатқа біледі. Оны өлең ретінде сахнада айтады. Одан кейін философтар, тарихшылар, әдебиетшілер Абайдан әртүрлі диссертация қорғайды. Абай жөнінде кітап жазып жүрген мамандар бар. Олар да әр уақытта заманның талабына, өздерінің өресіне қарай Абайды талдап, бағалап жатады. Кеңес заманында біз Абайды тек ағартушы деп қарадық. Оның дінге сенетінін, Аллаға сенетінін ауызға ал­мадық. Сол кезде Абайдың 38-ші қара сөзі орыс тіліне де аударылмады. Кеңес үкіметі құлады. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Осыған орай, кейбір абайтанушылар оны тек хакім деп бағалай бастады. Оның діни көзқарасын аспандатып, ағартушылық қызметін жоққа шығарғысы келетіндер де бар. Бұл – бір жақты көзқарас. Абай тек қана хакім болса, ол халқының болашағына дәл бүгінгідей әсер ете алмас еді. Айталық, Абайға дейін де үлкен хакімдер, әулиелер болған. Бірақ оларды Абаймен салыстыруға болмайды. Абай – ағартушы, сонымен бірге ол хакім. Менің ойымша, біз Абайды қазіргі заманымыздың, қазіргі мәдениетіміздің деңгейінде қарастырып жатырмыз. Келешекте жаңа ұрпақ келеді. Олар да Абайдың ақылы мен біліміне жүгінеді. Сол кезде Абай тек қазақ мәдениетімен шектелмей, бүкіл әлем мәдениетіне, рухани өміріне толық ене бастайды. Ол Платон, Аристотель, Гегель сияқты бүкіл әлемнің рухани құндылығына айналады. Оның ойлары әлем ғұламаларының ойларымен сабақтасады.

Сұхбаттасқан

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp