«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕДЕЛДІ ЕДІ БАХЫТЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданынан сол жердің мәдениеті мен эко­но­микасының дамуына өз үлестерін қосқан азаматтар аз шықпаған. Аудан тарихының шежіресінде қолтаңбасын қалдырған азаматтың бірі – Бахытжан Рамазанов.

Ол 1951 жылы Жамбыл ау­да­нының Киров ауылында (қа­зір­гі Б. Ізтөллин ауылы) дүниеге келді. Жетінші сыныпты бітір­ген­нен кейін Баян орта мекте­бін­де оқыды. Мектеп қабырға­сында жүргенде-ақ оның сурет­шілік, мүсіншілік өнеріне ел таң­данатын. Кейінгі жылдары ол Сергеевка қаласында тұрды. Осы ауданның мәдени да­муы­на өзінің үлесін қосып қана қой­май, көпке өнерімен, еңбегімен танылды.

Өнер екінің бірінің маңдайы­на бұйырмаған қасиет қой. Оны дамыту, абыроймен алып жүру үлкен еңбекті қажет етеді. Өзі­нің іс-әрекетімен, жүріс-тұры­сымен абырой биігінен көрінген Ба­хытжан Тайлақұлы көзі тірі­сінде аудандағы іс-шаралардың басы-қасынан табылып, үнемі ізденісте жүретін.

Қылқалам арқылы бір дәуір­дің тағдырын суреттеген өнер­паздың қолынан шыққан туын­дылар аудан тұрғындарының мақта­нышына айналды. Ол – тек су­ретші ғана емес, шебер мүсінші. Оның әр еңбегі шы­ғармашылық ізденіске құрыл­ған. “Бақ баға­ла­ғанның ғана басында тұрады” деген қанатты тәмсілді Бахыт­жан өз өмірінің өзегіне айнал­ды­ра білді. Сон­дықтан барын­ша қарапайым болуға тырысты. Ол өзінің аза­маттық болмысын, ар-ожданын сағат сайын өзге­ріп тұратын сая­сатқа құрбан қыл­май, адалдық абыройынан айнымады.

Қоғам мен заман өзгерсе де, ел шежіресі өзгермейді. Аудан­дық мәдениет ошағында отыз жылдай қызмет атқарып, елдің алғысына бөленген Бахытжан Тайлақұлы тірі болса – 70 жасқа толар еді. Өзі орта­мыз­да бол­маса да артында за­йыбы Гүл­жан, ұлдары Берік, Се­рік, Бах­тияр, ұрпаққа өнеге бо­лар бай мұрасы қалды. Әрине, көзден кетсе де, арда азамат­тың асыл бейнесі көңілден кет­пейді. Ен­дігі қолдан келетін іс оның ру­хына тағзым етіп, аруа­ғына Құ­ран бағыштау.

Ғарышкер Викторенко, Со­циалистік Еңбек Ері Есім Шай­киннің мүсінін жасаған Бахыт­жанның қолынан шыққан тама­ша туындылар жетіп артылады. Есағаның музейін ұйымдас­тыруда да Бахытжанның еңбегі зор болғанын атап өту қажет. Бахытжанның қолынан шыққан басқа да тарихи тұлғалардың мүсіні аз емес. Уақ руынан шыққан Батыр Баян мүсінінің Нұрсұлтан қаласында бой көте­руіне оның қосқан үлесі зор.

Бахытжан Тайлақұлы ауда­ны­мызға Шал ақынның атының берілуіне байланысты өз зама­нының дүлдүлінің мүсінін жа­сап, Қаратал ауылының мекте­бі­не тарту етті. Сондай-ақ Қы­зылжар қаласындағы Әбу Дос­мұхамбетовтің ескерткіш бюсті және Жамбыл ауданының орта­лығы Преснов орта мек­тебінің алдындағы қолбасшы батыр Қо­жаберген жыраудың тастан қа­шалып жасалған мүсіні Бахыт­жанның қолынан шыққанын бі­реу білсе, біреу білмес.

Бірде ол маған: “Аға, мен өзім­нің қолтаңбамды ауданда ескерткіш ретінде қалдырсам деймін. Сергеевка – Петропавл бағытындағы жолдың бойына “Қазақстан барысы” монументін орнатуды ойластырып жүрмін”, – дегені бар. Кейінгі жылдары Тимирязево – Сергеевка жолы­ның қиылысында үлкен мону­мент бой көтеріп, аудан еңбек­керлерінің мақтанышына ай­налды.

Сәбит РАМАЗАНОВ.

Қостанай қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp