«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мектептегі қауіпсіздік — маңызды мәселе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылы аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстық басқарманың қарамағына өтті. Яғни Петропавл қаласы мен он үш ауданның білім бөлімдерін қаржыландыру облыстық бюджетке ауысты. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков білім беру саласы бойынша 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен келесі жылға арналған жұмыс жоспары туралы баяндама жасады. Білім беру саласының бюджеті үш жылда 1,5 есе ұлғайып, үстіміздегі жылы 99 млрд. теңгені құрады. Басқарма басшысының айтуынша, облыста 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызды құрады. Қазіргі уақытта үшке толмаған сәбилерді балабақшамен қамту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 238 орын ашылды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Бұл үшін мемлекеттік стандарт өзгертіледі және “Ойын арқылы оқыту” қағидаты негізінде үлгілік оқу бағдарламасы қайта қаралады. Мектепке дейінгі ұйымдарға даму бағытын өз бетінше айқындау мүмкіндігі берілетін болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейі тәуелсіз бағалау жүйесі бойынша тексеріледі, – деген Нәзір Азаматұлы орта білім берудегі басты міндеттерге де тоқталды. Биылғы оқу жылында мектеп бағдарламасына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделген “Әліппе” оқулығы қайта оралды. Орта білім берудегі тағы бір жаңалық – типтік оқу жоспарына “Экология”, “Парасаттылық және этика”, “Эмоционалды интеллект және сыни ойлау”, “Медиасауаттылық”, “Зайырлылық және дінтану”, “Кәсіпкерлік және бизнес негіздері” бағыттарын қамтитын “Жаһандық құзыреттер” курсының енгізілуі.

Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуы керек. Бұл орайда үш ауысымды және апатты мектептерді жоюдың маңызы зор. Биыл 1 қыркүйекте облыс орталығында 900 орындық заманауи мектеп ашылды. Апатты мектептер мәселесін шешу үшін үстіміздегі жылы Тайынша ауданының Вишневка ауылында 120 орындық жаңа білім ошағының құрылысы басталды. Алдағы уақытта облыс орталығында 1200 орындық және Тайынша қаласында 600 орындық жаңа оқу ордаларын салу жоспарлануда.

Баяндамашы биыл 52 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Соның тең жартысына қаржы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша бөлінді. Брифингте өткен жылдан бастап барлық толық жинақталған қалалық мектептерде (47 мектеп) жан басына қаржыландыру тетігі енгізілгені айтылды. Бұл бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға, үнемдеуге, оны неғұрлым маңызды қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік берді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де елеулі өзгерістер бар. 2021-2022 оқу жылының басынан бастап 57 мамандық бойынша 1-курста оқытудың кредиттік-модульдік технологиясы енгізілуде. Жаңа білім беру бағдарламаларымен 8 мыңға жуық студент қамтылды. Ал “Жас маман” жобасының арқасында екі жыл ішінде 2,5 млрд. теңгеге 9 колледждің материалдық базасы жаңартылды.

Соңғы уақытта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарына баса назар аударылуда. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Он екі мыңнан астам камера орнатылды.

– Биылғы жылы білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен қамтамасыз ету және жедел басқару орталығына қосу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл іске 65,8 млн. теңге бөлінді. Келесі жылы Петропавл қаласы мен аудан орталықтарының барлық толық жинақталған мектептерінде дабыл түймелері орнатылып, оларды мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Нәзір Жәшібеков.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp