«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕРГЕН ДЕГЕН АУЫЛ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздіктің бергені мол ғой. Азаттығымыздың арқасында қазіргі таңда кейбір елді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып жатыр. Мысалы, Мамлют ауданындағы Ленин ауылы Бике деп өзгергенін газеттен оқыдым. Ал мен туып өскен Шал ақын ауданындағы Чапаев елді мекені қазір Мерген ауылы деп аталады.

Белгілі өлкетанушы, марқұм Қайролла Мұқанов өзінің “Ын­тымақ ауылы” кітабында көрші Чапаев елді мекені туралы бір­қатар деректер келтіреді. 1935-1941 жылдары Мерген аңшылар қоғамы құрылады. Бұл өңірде қа­лың орманда қасқыр, түлкі, қар­сақ, қоян, борсық сияқты аңдар көп болса керек. Артель мүше­ле­рі Кәли Бектұров, Тасқожа Си­бан­баев, менің әкем Ержан Ар­қаев үкіметке аң терілерін өткі­зіп, жоспарларын артығымен орын­­даған. Бұл ауылдың Мер­ген ата­луының бір себебі осы болуы мүмкін.

Сергеев (қазіргі Шал ақын) ау­дандық архивін ақтарып көп де­ректер тапқан Қайролла Мұқа­нов 1941 жылдың аяғында аң­шы­лар артелі Веренка хуторы­мен қосы­лып, Чапаев атындағы кеңшар құ­рылды деп жазады. Оның ал­ғашқы төрағасы болып Қайыржан Ақаев есімді тәжір­биесі мол адам сайланады. Со­ғыс жылдары бұл қызмет Қара­қоржын Сибанбаев деген мінезі қатал, талапшыл адамға тапсы­рылғанын көнекөз қариялардан естігенмін. Әрине, қиын-қыстау кезеңде ауылда, тылда қалған жетім-жесір әйел­дерді, жасөс­пірімдерді басқару оңай шаруа емес қой. Майданға ауылдан 40-тан астам адам ат­танса, солар­дың тең жар­тысы туған то­пы­раққа оралмай қайтыс бол­ған. Кейбіреулері ха­бар-ошар­сыз кеткен.

Соғыс ардагерлері зоотехник Нұрмағамбет Атымтаев, бас­қар­ма Қазымбет Бірімжанов, інісі орманшы Әлкен Бірімжа­нов, есеп­ші Қабдолла Мусин, мал дә­рігері Қосман Нұрпейісов сын­ды азаматтар бейбіт өмірде қызу ең­бекке араласты. Осы есімдері аталған азаматтар оқыған ма­ман­дар, кейбіреулері әртүрлі шен­­дегі офицерлер болатын. Ауылдағы бір көшенің аты “Офи­церская” деп аталуы да сон­дық­тан. Соғыстан аман оралған жер­лестеріміз жылқышы Есма­ған­бет Көпеев, көмекшісі Тоқтар, қырманды басқарған Кузьма Еремута мен тағы басқалары әлі есімізде.

1955 жылы Марьев кеңшары құрылып, Чапай, Жалтыр, Баға­наты деген ауылдар бөлімшеге айналды. Бір айта кететіні бұл кеңшарға 25 жастағы жігіт, Мәс­кеудегі Тимирязев академиясын бітірген болашақ Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбеков ди­рек­тор болып келді. Оның іс­кер­лік қабілетін, ұлтжанды қасиетін ауылдағы замандастары бізге жыр қылып айтатын. Дүниеден озарынан бір-екі жыл бұрын Ча­пай, Жалтырға келгенде тұрғын­дар жақсы қарсы алып, таныста­рымен қауышып, бір жасап қал­ған еді. “Soltüstık Qazaqstan” га­зетінің қоғамдық тілшісі Ғабит Қо­нарбаев Еркін Әуелбеков ту­ра­лы көлемді мақала жазды. Онда мемлекет қайраткерінің тың иге­руге Кубаньнан келгендерге са­ман­нан үй соқтырып, тастан қа­лан­ған астық қоймасын салдыр­ғаны туралы жан-жақты айты­ла­ды. Сол көше, қойма әлі де бар. Көшенің “Кубаненкая” аталуы­ның себебі сол.

Елді мекенде Дайра Акуров деген азамат басқарғанда ау­дандағы озат шаруашылық бол­ды. Ауы­лы­на қарап азаматын таны де­гендей, механизаторлар Сей­қазы Аманжолов, жүгері өсіруші Кәрім Бірімжанов, Нұр­лан Му­син, атағы облысқа тара­ған са­уыншы Мария Борисова ауыл­дың мақтанышы болатын. Кезін­де ғалым, жер­лесіміз Ев­ней Бө­кетовті оқытқан, респуб­ликаға еңбек сіңірген мұ­ғалім (Марьев­када оқытқан) Дарья Карга­поль­цева да осы ауылда қызмет ет­ті. Атағы Одақ көлемі­не тараған, ұлты иран, емші Мәм­бет Құ­сайынұлы осы ауылда тұрды. Ауылдағы клуб­та, ұмыт­пасам, 1970 жылдары “Халық­тар дос­тығы” атты концерт бол­ды. Орыс, татар, неміс, украин, беларус, тағы басқалары өз дәс­түрлерін насихаттап, ана тіл­де­рін­де ән салғанда таң-тамаша бол­ған едім. Ауылда армян, лит­валық, удмурт, мордва сынды этностардың да берекелі тірлік кешіп жатқанын сонда білдім.

Туған ауылыма жиі барып тұрамын. Елді мекеннің мерейін үстем қылған Окуневтер әуле­тіне ризамын.

Ысқақ АРҚАЕВ.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp