Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Жаттығу жоспары бойынша Жамбыл көшесі, 49 “Б” мекен-жайындағы тұрғын үйдің 13-ші қабатындағы пәтерлердің бірінде өрт шықты. Жергілікті тұрғындар қызыл жалынды ауыздықтау үшін дереу өрт сөндіру қызметіне хабарласып, оқиға орнына Петропавлдың өртке қарсы қызмет гарнизонының құтқарушылары жіберіледі. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан орын алды.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, отты ауыздықтау үшін 3 учаске назарға алынды. Ең алдымен, құтқарушылар 100-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге шығарды. Оқу-жаттығу желісі бойынша қызыл жалын 48 шаршы метр аумақты шарпып үлгерді. Оны сөндіруге 36 қызметкер мен 8 арнайы техника жұмылдырылды.
Кейін тактикалық оқу-жаттығу жиынының қатысушылары облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшылығына ғимараттың ерекшеліктері жайлы айтып, өртті қалай ауыздықтағанын көрсету мақсатында экскурсия ұйымдастырды.
Айтуған БЕКЕНОВ,
№2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары.