«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сын-қатерге толы жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік жылнамасында 2020 жыл сын-қатерлерге толы болды. Қазақстан ғана емес, бар әлемді дүр сілкіндірген коронавирус пандемиясының кесірінен экономика шатқаяқтап, халық үйреншікті өмір салтынан жаңылғандай болды. Індет өршіген үстіне өршіп, жоспарлардың көбінің күл-паршасы шыққаны да өтірік емес. Біздің елімізде “COVID-19” вирусын жұқтырғандар алғаш 2020 жылы 13 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тіркелсе, 3 сәуірге дейін елдің барлық аймағына таралып үлгерді.

Германиядан ұшып келген Қазақстанның екі азаматы – 1974 жылғы ер адам мен 1984 жылғы әйелден “COVID-19” табылды. Олардың біреуі елге 10 наурызда, екіншісі 12 наурызда ұшып келгені мәлім болды. 13 наурыз күні тағы да бір жағдай расталды – Мәскеу арқылы Миланнан (Италия) Нұр-Сұлтан қаласына ұшып келген әйелден де коронавирус індеті анықталды. Осылайша қауіп пен үрейге толы кезең басталды. Осы жайтқа байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан елімізде төтенше жағдай енгізілді. “Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенмен бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз. Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді. Ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылады. Оқушылар демалысқа жіберілді. Студенттер қашықтан оқыту жүйесіне көшті”, – деді Мемлекет басшысы.

Осы жағдайға байланысты Солтүстік Қазақстан облысында да кешенді шаралар қолға алынды. Комиссия шешіміне сай сауда орындары мен ойын-сауық орталықтарына шектеу қойылып, оқушылар мен студенттер қашықтан білім алуға көшті, бір сөзбен айтқанда, қауіпсіздік шаралары теріскейде де күшейді. Ал сәуірдің бірінен бастап облыс орталығында карантин күшейтіліп, қалаға кіріп-шығу шектелді. Петропавлдың айналасына блок-бекеттер қойылып, арнайы құжаты жоқтарға ары-бері өтуге тыйым салынды.

Солтүстік Қазақстан облысы астықты аймақ болғанымен, өнеркәсіп саласы да экономиканың өзегі саналады. “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ 2020 жылы елімізде алғашқы болып компьютер мен ноутбук шығаруды қолға алды. Кәсіпорын соңғы жылдары Қор­ғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша қауіпсіздік жүйелері, цифрлық телевидение қондырғы­ларын, мұнай-газ кешендеріне арналған өнімдер мен байланыс құралдарын шығарып келгенді. Зауыт басшылығы 2019 жыл­дың қараша айында ноутбук шығаратын желіні іске қосып, қазақстандық брендпен компьютерлік техника өндірісін игеруді қолға алған болатын. Өзгенің тісі батпаған бұл бастаманы сәтті жүзеге асыруға кәсіпорындағы көпқабатты баспа платалары және интегралды шағын сызбалар өндірісі серпін берді. “Ноутбук пен компьютер өндірісі – біздің еліміз үшін тың сала. Сондықтан жаңа бағытты игеру мақсатында нарықты зерттеп, шетелдік компаниялар арасынан әріптес іздедік. Таңдауымыз ноутбук және компьютер шығарып жүрген қытайлық “Сhina greatwall technology group co.Ltd” компаниясына түсті”, – деген болатын зауыттың маркетинг басқармасының басшысы Мәди Бектенов. Бір қуантарлығы зауыт өнімі пандемия кезінде онлайн оқыған оқушыларды компьютермен қамту үшін үлкен демеу болды.

Пандемия кезінде жергілікті кәсіпорындардың бір қатары нарық сұранысына бейімделе бастады. Соның бірі – Радуга ЖШС-і. Қазақстанда коронавирус дертінің таралуына байланысты нарықта аталған антисептиктерге сұраныс күрт артқанын ескерген кәсіпорын басшылығы зарарсыздандыруға арналған сұйықтық өндірісін бастап кетті. Серіктестік мамандары ДДҰ-ның бекіткен талаптарына сай ан­тисептиктің алғашқы сынама үлгі­лерін жасап шығарды. “Біз айына 30 тонна антисептик шығара аламыз. Қазіргі кезде дезинфекциялық құралдардың кез келген түріне сұраныс жоғары. Тіпті тауардың бұл түрі тапшы деуге де болады. Біздің өнімнің бағасы қолжетімді. Қарапайым халық үшін бұл аса маңызды”, – деген болатын “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Дмитрий Ша­рапаев. Кәсіпорын өнімі індет өршіп, шетелдерден әкелінетін тауар көлемі шектелген кезде, осы проблеманы шешуге көмектесті.

Өткен жылы өңірімізде “Өндіріс” мемлекеттік бағдарламасы аясында полипропилен қаптарын өндіретін зауыт іске қосылды. Бұл істі “SMBGROUP Family” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алды. Жүк тасымалдауға арналған вагон қаптарының әрқайсысына бір жарым тоннаға дейін өнім сияды. Өнімді кез келген температурада тасымалдауға және сақтауға мүмкіндік беретін полипропилен қаптар сыртқы ортаның әсеріне төзімді келеді. Сұранысқа ие тауар болғанымен Қазақстанның небәрі 4 қаласында ғана өндіріліп келген. “Өңірдегі ірі кәсіпорындар карантинге қарамастан жұмыс істеп жатыр. Карантин талаптары қатаң сақталған. Жұмысшылардың дене қызуы өлшенеді, үйден жұмысқа автобустармен тасымалданады. Ғимарат үнемі санитарлық және дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Облыста орта және шағын бизнес субъектілері мен шағын кәсіпорындар ғана уақытша жұмысын тоқтатты. Өйткені оларда келіп-кететін халық көп болғандықтан қадағалау мүмкін емес”, – деді Құмар Ақсақалов.

Пандемия кезінде жанданған өндірістің бірі – термос-вагон шығаратын зауыт. Ресей – Қазақстан бірлескен жобасы аясында нарықта сұранысқа ие ет, балық, көкөніс секілді тез бүлінетін өнімдерді тасымалдауға арналған изотермиялық вагондар шығару қолға алынған болатын. 16-1807-04 модельді изотермиялық вагондарды өндіруге бағытталған тың жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 4470 млн. теңге инвестиция құйылды. Нарық сұранысына сай жұмысын бастаған кәсіпорын табысты еңбек етуде. Вагон өндірісін жандандырғандардың бірі – “ЗИКСТО” АҚ. Аздаған үзілістен кейін өз жұмысын қайта жандандырып, өнім өндіру көлемін 8 млрд. теңгеге дейін жеткізді. Мұнда еліміз үшін аса қажетті вагон құрастырылады. Зауыт басшылығы “Қазақстан темір жолы” ҰК” акционерлік қоғамымен 45 млрд. теңгенің екі мың вагон-платформасын шығару жөнінде келісімшартқа отырды. 250 адам жұмысқа алынып, жұмысшылардың еңбекақысы 20 пайызға өсті.

2020 жылы өңір диқандары үшін табысты болды. Несібесін жерден терген шаруалар қамбаға 4,5 млн. тонна бидай құйды. Әр гектардан ор­та­ша есеппен 15,1 центнерден өнім алды. Бұған мемлекет­тік қолдаудың және агротехни­калық шаралар кешенін уақытын­да жүргізудің арқасында қол жет­кізілді.

Қараша айында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 200 орындық жаңа модульдік инфекциялық аурухананың ашылу рәсіміне қатысты. Аталмыш медициналық мекеме үш айдың ішінде салынған болатын. Жұқпалы аурулар ауруханасы әлемдік талаптарға сай, заманауи қондырғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, нысанда өкпені жасанды тыныстандыру, УЗИ, рентген аппараттары және компьютерлік томограф орнатылған. Әр палатадағы науқастар жататын орын оттегі құрылғысына қосылған. Мамандардың айтуынша, емдеу мекемесіндегі желдету жүйесінің арқасында ауа палатадан дәлізге өтпейді. Сәйкесінше, дәрігерлердің денсаулығына ешқандай зиян келтірілмейді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа ауруханада науқастарға тиімді әрі сапалы ем-дом көрсетіледі.

Індет өршіген тұста теріскейліктер ауызбіршілік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Рестораторлар қауымдастығы өкілдері “Жедел жәрдем” қызметкерлеріне түскі асты тегін жеткізіп, алғы шепте жүрген ақ халаттыларға қолдау көрсетті. Кәсіпкерлер де осындай игі істен шет қалған жоқ. Тыныс алу аппараттарын, дәрігерлерге қажет қорғаныш құралдарын тарту етіп, игі іске атсалысты.

“Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады” демекші, коронавирус індеті өршіп тұрғанда Қызылжар өңірі тағы бір вирустан соққы алды. Өңірде құс тұмауы құтырып, жеке қосалқы шаруашылықтарда 26547 бас, үш құс фабрикасында – 860306 бас құс қырылды. Арнайы комиссияның тексерісінен кейін иелеріне толықтай өтемақы төленді.

2020 жыл мерейлі-мерейтойлы жыл болды. Абайдың 175, әл-Фарабидің 1150 және Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтті. Мерейтой аясында Абай шығармалары шет тілдеріне аударылып, жинақтары қайта жарық көрді. Сериалдар түсіріліп, байқаулар ұйымдастырылды. Ұлы ақын бюсті мен ескерткіштері әлемнің түрлі елдерінде орнатылды. Ал Абай атындағы көшелер Иордания астанасы Амманда, Болгарияның Варна қаласында, Аргентинаның Росарио қаласында ашылды. Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туралы да ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылды. Жаңа кітаптар жарық көріп, деректі фильмдер түсірілді. Қазақ Ұлттық университетінде әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын құру жөніндегі бастама қолға алынуда. Түркістан облысындағы әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қалашығын ірі туристік кластер ретінде қалпына келтіру бойынша бірқатар іс-шаралар кешені өткізілген. 19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық форум онлайн тәртібінде өтті. Оған БҰҰ, ЮНЕСКО өкіл­дері, Иран, Түркия, Әзірбайжан, Ұлы­британия, Мысыр, Израиль және т.б. елдер­дің билік өкілдері, министрлер, дипломаттар, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ғалымдар қатысты.

Қазақ әдебиетінің классигі, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 120 жылдығын мерекелеу аясында өңірде тұңғыш рет “Қызылжар аламаны” атты телевизиялық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Үш айға созылған жыр додасының ақтық кезеңіне жолдама алған Есіл ауданының қос жүйрігі Жұмабек Рахимов пен Абзал Жұмабектің өнеріне көрермендер дауыс беріп, “Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының” төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Қазылардың шешімімен Абзал Жұмабек жеңімпаз атанды.

Өңір баспасөзінің қарашаңырағы “Soltüstık Qazaqstan” газетінің алғашқы санының жарық көргеніне бір ғасыр толды. Бұл да – руханият үшін айтулы оқиғалардың бірі. Өткен ғасырдың басында қоғамда үлкен өзгерістер жасалуы қажеттігін түсінген қазақтың оқығандары, білім мен ғылымға құштар жастар елдің сауатын ашуға ұмтылды. Оның бір тиімді жолы – үнжариялар шығару еді. Осылайша Ұлы далада “Айқап”, “Тіршілік”, “Жас азамат”, “Қазақ” сияқты газеттер бүршік жарып, оқырманға жол тарт­қанын тарихтан білеміз. 1920 жылдың 22 ақпанында Омбы қаласында “Кедей сөзі” жарық көрді. “Кедей сөзінің” Омбыда өмірге келуі тектен-тек емес. Ол кезде Омбы губернияның ғана емес, исі қазақтың игі жақсылары тоғысқан, әдебиет пен ғылымның да орталығы болатын.

Заман ағымына сай газеттің атауы бірнеше рет өзгергенімен, Мағжан секілді қайраткерлер қазығын қаққан ұлт басылымы өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып келеді. “Soltústik Qazaqstan” газеті қазіргі заман талабына сай жаңғырып, ғасырлық мерекесін толайым табыстармен қарсы алды.

Тарих қойнауына енген 2020 жылдың басты оқиғалары осындай. Жыл сайын елмен бірге қарыштап дамып келе жатқан Солтүстік Қазақстан өңірінің жетістіктері де орасан. Ең бастысы, індет кезінде тұраламай, даму жолынан тайған жоқ. Алда алар асулары әлі де мол екеніне сенім зор.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp