Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды”, – деп қазақ халқының батырлары мен билерінің орасан зор еңбегіне лайықты баға берді.
Қазақ тарихының әрбір белесінде халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғалардың басында жүрген, ұйымдастырушы болған, асқан ерлік көрсеткен батырлары аз болмаған. Қазақ жері солардың арқасында жаудың қолында кетпеді. Осылайша қазіргі кең-байтақ өлкемізді, құтты қоныс, атамекенімізді батыр бабаларымыз ұлы жорықтарда білегінің күшімен, найзасының ұшымен қорғай жүріп, бізге аманаттап қалдырды.
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелегелі отыр. Ешкімге тәуелді болмау – қай халықтың болса да арманы ғой. Атқа мініп, арда жүріп, кең даламен, орман-көл, тау-тасты аралап, тұмса табиғатпен етене араласқан қазақ үшін егемендіктен асқан бақыт та, арман да жоқ. Тәуелсіздік жолында талай ерлер ел мүддесін жоғары қойып, ауыртпалықты мойымай көтерді, тіпті өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Бүгінгі әңгіме арқауы Арғын ішінде Атығайдың Қойлы тарапынан шыққан Андықожа Әлмәмбетұлы туралы өрбиді. 1672 жылы туған Андықожа Әлмәмбетұлы 80 жылдық ғұмырының көп бөлігін ат үстінде өткізіп, елін қорғауға арнады.
2013 жылы “Қазақ энциклопедиясы” баспасынан шыққан “Абылай хан” энциклопедиясының 44-ші бетінде Андықожа Әлмәмбетұлы туралы мынадай мәлімет бар: “Андықожа батыр Әлмәмбетұлы Орта жүз Арғын ішінде Атығай руынан шыққан. Солтүстік Қазақстан облысы бұрынғы Бейнетқор ауданы “Үшқызыл” колхозының шығыс жағында “Қаршыға ұстаған” бауырында 1672 жылы дүниеге келген. Андықожа батыр Абылай ханның бас қолбасшысы болған Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлармен достығы берік, үзеңгілес жолдас болған көрінеді. Олар Андықожа батырдың табандылығын, ерлігін зор бағалаған. Абылай хан Қызылжарға алғаш келгенде, Андықожа өзінің 40 сарбазымен күндік жерден Жолдыөзек бойында қарсы алып, жол бастап отырған”.
Солтүстіктің үскірік аязына, жаздың аптап ыстығына шыныққан жаужүрек сарбаздарды басқарған Андықожа батырға жаугершілік заманда Абылайдың қолбасшысы Бөгенбай батыр күні бұрын хабар беріп, шақыртып алып, ұрыстың ең қиын, ең жауапты тұсына жұмсайтыны туралы деректер бар. 1726 жылы Бұланты өзенінің бойындағы шайқаста қазақ жасақтарының оң қанатын басқарған Андықожаның сарбаздары жаудың тасталқанын шығарған. Андықожаның өзі ұрысқа алдымен кіріп, соңында шығатын. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленгендердің жалпы саны – 121 адам, соның ішінде сақталған 41 құлпытас қайта орнатылған. Сол тізімнің орта тұсында (Ақсарай қабырғасындағы үлкен планшетте) үш батырдың аты-жөні жазылған. Олар: Қанжығалы Бөгенбай батыр (1690-1775), Шақшақұлы Жәнібек батыр (1693-1752) және Атығай Қойлы Андықожа батыр (1672-1752).
2020 жылы “Ел шежіресі” баспасынан шыққан жерлесіміз, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Талғат Мұсаев құрастырған “Қазақтың хас батырлары” ғылыми-танымдық энциклопедиялық жинағының 377-378 беттеріндегі “Бұланты шайқасы”, 378-381 беттерінде жазылған “Аңырақай шайқасы” туралы оқиғаларының бел ортасында болған атақты батыр Андықожа Әлмәмбетұлының туғанына келер жылы 350 жыл толады.
Бұланты шайқасы 1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығында жоңғар басқыншыларымен болған. 1723-1725 жылдары қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірін басып алған жоңғарлар Ұлытауға қарай бет бұрды. Осы қауіпті кезеңде Ордабасы жиынында біріккен бүкіл қазақ бас қолбасшылыққа Әбілқайыр ханды сайлайды. Бұл жоңғарларға ұйымдасқан түрде тойтарыс беруге мүмкіндік туғызды. Соның нәтижесінде Ұлытау өңіріне енуді көздеген жоңғарлар 1726 жылы Шұбартеңіз шайқасында қазақ жасақтарынан ойсырай жеңіліс тапты.
1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Бұланты өзенінің жағасында “Қарасиыр” деген жерде қазақ әскерлерінің жоңғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сарбаздары қалмақтарға есеңгірете соққы берді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айырылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат-жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ даласына лезде тарап кетті. Өз заманының аса көрнекті қолбасшылары Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың басшылығымен ынтымақты қимыл жасай отырып, қалың қолды ұрысқа бастады.
Алайда шайқас мұнымен біткен жоқ. Аттылы жоңғар қолының бір бөлігі Бұланты өзенінің жоғары ағысына қарай өтіп кетеді. Бірақ бұл жерде оларды қазақ атты әскерінің жасақтары қуып жетеді. Сол жерде жоңғарлар тағы талқандалды, тек жекелеген топтары ғана Ұлытау жағына Майтөбе мен Қурайлыдан арғы тауларға өтеді. XVIII ғасырдың 20-шы жылдарының аяғына қарай жоңғарлар Ұлытау аймағынан ығыстырылды. Мұндағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғары ағысына жапсарлас жатқан аудандағы Қарамолда деген жерде болды. Жоңғарлар тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл аймақ “Қалмақ қырылған” деген атпен белгілі.
Аңырақай шайқасы (1730ж.) – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысындағы ең ірі жеңісі. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жыдан бастап Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың онтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды.
Аңырақай шайқасының ұрыс қимылдары болған алқап 200 шақырымдай жерді алып жатты. Оны ғасыр шайқасы деуге болады. Аңырақай шайқасы далалық Қазақстанның және Қазақстанның онтүстігінің таулы әрі шөлейт аудандарының шекарасында өткен. Мұндай жер кездейсоқ таңдап алынбаған. Шайқас өтетін жер дұшпанды талқандау жөніндегі ойдың жалпы айла-тәсіліне орайласады, ол жеңіліс тапқан жағдайда Іле өзенінің басына дейін тоқтаусыз шегінуге мүмкіндік береді. Шайқасқа қатысқан бүкіл үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді Тама Есет, Шекті Тайлақ батырлар басқарып, асқан ерлік көрсетті.
Ұрыс батырлар жекпе-жегімен басталды. Шәкәрім Құдайбердіұлы оны былайша суреттейді: “… қазақ пен қалмақ екі төбеге жиылып, ортасында қалмақтың Қалдан-Церен ханының күйеу баласы Хоңтажы деген әскербасының баласы Шарыш деген батыр қазақтан жекпе-жекке батыр сұрап жүр екен. Әбілмансұр Әбілмәмбет ханға барып: “Тақсыр, бата берсеңіз мынаған мен барайын” дегенде, хан бата берген соң, Шарышқа қарай “Абылай, Абылай!” деп ұран салып барып, Шарышты өлтіріп, басын кесіп алып, жау қашты деп айғай салған соң, қалмақтар қашыпты. Бір мезгілде Әбілмәмбет Әбілмансұрды қасына отырғызып: “Шырағым, сен кімсің, Абылайлап шапқаның қалай?” – десе: “Мен қанішер Абылайдың немересі едім, соғыста жолы болған атамның атын ұран қылдым”, – дейді. Шарышпен болған жекпе-жектегі жеңістің құрметіне халық оны Абылай атап кетті”.
Бұл жеңістен соң Андықожа бабамызды Абылай хан Бурабайдағы ордасына жақын жерге көшіріп алған. Андықожа батыр Бәйімбет Құлеке, Құдайберді Құлсары Бөріұлы батырлармен бірге хан ордасында ақылшы, көмекші, елші болып қызмет атқарған. Андықожаның Абылайдан 39 жас, Шақшақ Жәнібек Қошқарұлынан 21 жас, Қаракерей Қабанбайдан 20 жас, Құлсары батыр Бөріұлынан 33 жас, Атығай Бәйімбет Құлеке батырдан 28 жас, Қанжығалы Бөгенбай Қожеқұлұлынан 28 жас үлкендігі бар. Бұл жерде айтпақ болып отырғаным – бабамыздың кімнен қанша жасқа үлкен екенін емес, жасының келіп қалғанына қарамай өзінен көп кіші батырлармен тізе қосып, жоңғар мен қалмақтарға күйрете тойтарыс берудегі табандылығын атап өткім келеді. Әсіресе Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы екеуінің арасында қимас достық пен сыйластықтың бір мысалы ретінде жорық кезінде қоналқаға тоқтағанда Жәнібек өзі мінген тұлпарды атқосшыларына сеніп тапсырған, ал Андықожа мінген тұлпардың суытылуы, суарылуы мен отқа қойылуын өзі қадағалаған. Бұл арадан аға мен іні арасындағы риясыз достық пен қарым-қатынасты көреміз. Тағы бір мысал ретінде, жорықтағы кешкі тыным кезінде Жәнібек Андықожаға: “Андеке, бар өміріміз желдің өтінде, жаудың бетінде өтіп келеді, алда-жалда ажал құрығы жеткендей болса, тіріде шыққан төбеміз бір еді, өлгенде көріміз қатар болсын”, – деп айтқан екен.
Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы 1752 жылы күз айында қайтыс болып, сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің Әзірет Сұлтан зиратына жерленген. Қаралы хабарды естіген Андықожа батыр: “Ажал құрығын менен бұрын Жәнібекке салған екен, маған да енді көп қалған жоқ”, – деп айтыпты. Андығожа атамыз Жәнібектің қырқына жетпей қайтыс болып, сүйегі 1753 жылдың мамыр-маусым айларында бал толтырылған өгіз терісіне оралып Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жанындағы Әзірет Сұлтан зиратына жеткізіліп, үзеңгілес досы Жәнібектің қасынан мәңгілік орын тапты. Аманатты орындаған өзінің туған інісі Жабағы би еді.
Осы әңгімені жасөспірім шағымда біздің үйде қонақта болған нағашым Қосым Пайзоллаұлы мен Аралағаш орта мектебінде көп жыл оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп директоры болған, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, белгілі өлкетанушы, шежіреші Молдахмет Сұрағанұлы екеуінің арасында болған әңгіме кезінде естіген едім.
Андықожа батыр Әлмәмбетұлы сынды даңқты бабамыздың 350 жылдығы аудан, облыс көлемінде лайықты атап өтілсе, Петропавл қаласы мен Аққайың ауданының көшелеріне немесе жаңадан салынған ғимараттарға батыр есімін берсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қайрат БАБАҚОВ,
Аққайың аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.