«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМІСТІ ЕҢБЕККЕ — ЖОҒАРЫ МАРАПАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Н.Погодин атындағы орыс драма театрында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, облыс әкімі Құмар Ақсақалов және мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Мәжіліс спикері Нұрлан Зайроллаұлы Қазақстан халқы Тәуелсіздік жылдары барлық қиындықтарды еңсеріп, экономикалық әлеуетті, демократиялы елдер қатарына жеткенін атап өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салып кеткен сара жолды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев одан әрі жалғастырып, саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатқанын айта келіп, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының да еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесі барын жеткізді. Қызылжар өңірі агроөнеркәсіп саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жыл сайын жаңа кәсіпорындар іске қосылуда, көптеген жұмыс орындары пайда болуда. Өңірде шығатын өнімдер әлемдік нарықта сұранысқа ие.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өз баяндамасында Тәуелсіздіктің тартулары мен толағай табыстарын кеңінен сөз етті. Ежелден еркіндікті аңсаған қазақ халқының ұлы мұраты орындалды. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін нығайтуға, Қазақстанның айдай әлемге танылуына ерекше еңбек сіңірген Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күні кеше ғана жарық көрген “Тәуелсіздік тағылымы” мақаласында “Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды”, – деп тебірене жазды. “Келешекті өз қолымызбен жасау – біз үшін тарихи міндет. Олай болса Қазақстанның гүлденуі жолында аянбай еңбек ету – бүгінгі ұрпаққа бабалар жолдаған аманат”, – деді өңір басшысы.

Облыста жалпы өңірлік өнім соңғы 30 жылда долларлық мәнде 15 есе, жан басына шаққанда 23 есе өсті. Аграрлық сала жаңаша серпін алды. Мұндағы еңбек өнімділігі тек соңғы 10 жылда 7 есе көбейді. Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 890 млрд. теңгеге жетіп, 2017 жылғы көрсеткіштен 2 есеге артты. Елді индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, 2010 жылдан бастап облыс өнеркәсібін, оның ішінде өңдеу секторын дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды.

Соңғы 10 жылда бұл сегменттегі өсім 38 пайызды құрады. Осы кезеңде тау-кен өнеркәсібінің өнімі 6 еседен астам өсті. Жыл аяғына дейін өнеркәсіптегі өндіріс көлемін 360 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Тәуелсіздік жылдары өңірге 2,2 трлн. теңге инвестиция тартылды. Соңғы 5 жылда инвестиция көлемі 2 есеге жуық артып, 167 млрд. теңгеден 320 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Шағын және орта бизнесте өнім шығару 5 жыл ішінде 2 есеге өсті. Тәуелсіздік жылдары облыс бойынша 5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алда үлкен жоспарлар тұр. Тек 5 жылдың ішінде 21 мың пәтер салынады. 70 мыңнан астам адам қоныстойын тойлайды. Тәуелсіздік жылдары өңірде ондаған мектеп, балабақша, аурухана және мыңнан астам спорт нысаны салынды. Алдағы уақытта өңірде тағы 15 жаңа мектеп пен 47 медициналық нысан бой көтереді. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті әлемде жетекші орынға ие АҚШ-тың Аризона университетімен ынтымақтастық орнатты. Көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде.

Солтүстікқазақстандықтардың есімдері тәуелсіз Қазақстан тарихынан өз орындарын алды. Бәйкен Әшімов, Мақтай Сағдиев, Геннадий Зенченко, бүкіл әлемге Ботай мәдениетін танытқан профессор-археолог Виктор Зайберт, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов сияқты жерлестеріміз – елдің мақтаныштары. Облыс экономикасының өркендеуіне зор үлес қосып жүрген Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Шарапаев, Біржан Шаймерденов, Серік Малаев, Геннадий Зенченко, Анатолий Рафальский, Сүйіндік Жолдаспаев, тағы басқаларды да ерекше атап өткен жөн.

Салтанатты жиында еңбек ардагерлері Құдайберген Қалиев пен Анатолий Башмаков құттықтау лебіздерін арнады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин Президент Жарлығымен марапатталған солтүстікқазақстандықтарға мемлекеттік наградаларын табыс етті. Жоғары марапатқа ие болғандардың арасында ғалымдар, диқандар, мұғалімдер мен дәрігерлер, құтқарушылар мен кәсіпкерлер, әртістер мен спортшылар бар. “Парасат” орденімен археолог Виктор Зайберт марапатталды. Ол – бірнеше ғылыми жаңалықтың, көптеген кітаптар мен мақалалардың авторы. Жылқы қолға үйретілген ең көне орын – энеолит дәуіріне тиесілі Ботай қонысын ашқан. “Құрмет” орденіне Петропавл қалалық балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Елена Кислякова, еңбек сіңірген мемлекеттік қызметші Нұрсадық Барақаев, шаруашылық басшылары Екпін Әбиев, Ғалым Данияров пен Әбдірахым Нұқаев, Ақан Сері атындағы облыстық филармонияның вокалисі Дәмеш Құрманкина, “Радуга” ЖШС-нің директоры Дмитрий Шарапаев ие болды. III дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденімен механикалық жинау цехының токарі Сергей Каретов, краншы Фархан Сафаргалиев марапатталды. Салтанатты жиында “Ерлігі үшін” және “Ерен еңбегі үшін” медальдары да өз иелерін тапты.

Мәжіліс төрағасы өңір тұрғындарын мерейлі мерекемен және жоғары наградаларымен құттықтап, еліміздің дамуының маңызды кезеңінде жаңа табыстарға жете беруге тілектестік білдірді.

Марапат иелері атынан Виктор Зайберт пен Екпін Әбиев алғыстарын білдірді. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp