«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ымырасыз күрес

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жарқын Ғалымов, қоғам белсенділері, мемлекеттік емес ұйым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Жарқын Ғалымов адамдық парасатты, ар-ожданды биік қойған кез келген жан қоғамдық індетке қарсы ымырасыз күресті абзал борыш, азаматтық міндет санайтынын тілге тиек ете отырып, “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген бабалардан қалған асыл сөзді ұлағат еткен ведомстволық қызметтің жұмыстарына тоқталып өтті.

– Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық заманауи қоғамның өте өзекті мәселесіне айналып отыр. Ол үнемі терең зерттеуді, әрдайым белсенді іс әрекет пен қимылды қажет етеді. Заман ағысымен бірге жойылмай келе жатқан кеселмен ымырасыз күрес – баянды болашағымыздың кепілі. Агенттік пен оның құрылымдары өз қызметін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оған қарсы иммунитет қалыптастыру және құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, тергеу бағыттары бойынша жүргізеді. Қоғамда жемқорлықтың барынша төмен болуы мемлекеттік аппараттың жоғары кәсібилігі мен адалдығына да көп байланысты, – деді Жарқын Сайлауұлы.

Ғани Сақтағанұлы өркениетті мемлекетті дамыту, оның ішкі тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өз ортасын құрметтейтін әр азаматқа зор жауапкершілік жүктейтінін, бұл кеселге қоғам болып тосқауыл қоюдың, бұл орайда ұйымдастырушылық, ақпараттық-түсіндіру шараларын жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі Жанкелді Тәжин, “Ауыл” демократиялық партиясы жергілікті филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжінов жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және осы мерекемен тұспа-тұс келген халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнімен құттықтады.

Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовке, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі департаменттің басшысы Ләзім Мияшеваға, облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Мафруза Науанова және тағы басқа қызметкерлерге департаменттің грамотасы табыс етілді. Мұндай құрмет жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне де көрсетілді.

Басқосуда сыбайлас жемқорлық тақырыбы бойынша журналистер арасында жарияланған конкурстың қорытындысы шығарылды. “Үздік басылым” аталымы бойынша облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бөлім меңгерушісі Өмір Есқали, “Үздік интернет” аталымында 7152.kz ақпараттық сайтының бас редакторы Алена Хан, “Үздік телевизиялық жұмыс” аталымында “Qyzyljar” телеарнасының тілшісі Наталья Аитова жеңімпаз деп танылып, грамота мен ескерткіш сыйлық табысталды.

Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp