«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Ақиқатқа айналған арман

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы! 1991 жыл еліміздің халқы үшін жаңа дәуірдің басы болды. Егемендігіміздің елең-алаң шағында журналистерге берген сұхбаттарының бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау. Бұл мақсат жүзеге аспайынша, азаттығыңыз баянсыз. Бәрін толық қолға алдық, сонымен дербес болдық деп айтуға болмайды, аяғымыздан тік тұрып кеттік деп айтуға да ерте. Саясаттың тізгіні өз қолымызға көшті, Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап дүниежүзілік ұйымдардың барлығына дерлік мүше болдық”, – деп атап көрсеткен еді.

Бұл – ұлт болашағын айқындар ең негізгі, өзекті, тамырлы мәселе-тұғын. Елдігімізді, тұтастығымызды сақтай алатын мемлекеттік идеологияның басты мұраты тәуелсіздігімізді баянды етуге бағдарланып, шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өтуге, өрісі кең әлемдік өркениетке ұласты. Шыны керек, тәуелсіздігіміз жарияланып, көгімізде көк туымыз желбірегенде қазақтардың ел болып кетеріне күмәнмен қарап, миығынан кекесінмен күле қарағандардың қатары аз болған жоқ. Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай, 30 жылдың ішінде еңсемізді тіктеп, дамудың даңғыл жолына түскеніміздің басты қорытындысы – дербес ел болғанымыз, ұлттық мемлекет құра білгеніміз. Ата-бабалар арманы ақиқатқа айналды деген осы! Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында жазғандай қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылы – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл тұрғыдан алғанда үшінші онжылдықтың соңғы 2021 жылында да ауыз толтырып айтатын саяси-экономикалық, рухани жетістіктеріміз көп. 1991 жылы 16 желтоқсанда әлем картасында жаңа, жас Қазақстан мемлекеті пайда болғаннан бергі уақытта шапса – тұлпардың тұяғы тозатын, ұшса – қыранның қанаты талатын кең-байтақ жеріміз гүлденіп, көркейіп келеді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің төл мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Осындайда ұлы ойшыл әл-Фарбидің: “Тарихын білмейтін жұртты бұлыңғыр болашақ күтіп тұр”, – деген даналық сөзі ойға оралады.

Осы жылы қаңтарда еліміздің басты басылымы “Egemen Qazaqstan” республикалық газетінде Президенттің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы жарияланып, жұртшылық оны Тәуелсіздік туралы терең ойтолғау, Отанымызды жаңа белестерге жетелейтін, ішкі саясатымыздың басты бағыттары белгіленген бағдарлама ретінде қабыл алды. Әділетті мемлекет құрудағы ордалы ойлар көңілдегіні дөп басты. Қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші – жастарға үлкен сенім артылды. Қазақстан Республикасының 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында Президент тиісті орындарға тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шаралар аясында тәлімдік, тәрбиелік мәні зор ақпараттар ұсынып, тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарап, керісінше, қаржыны оңды-солды шашып, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеттігі жоқтығын қадап айтты.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде түркі өркениетін жаңғыртуға қатысты бағалы ұсыныстар ортаға салынды. Саммиттің “Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы” деп аталуы бекер емес. Алқалы басқосуда сөйлеген сөзінде Президент түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Яссауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырды. Осы жылы елордада “Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы” тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХIХ сессиясы өтіп, татулықтың қазақстандық моделі қалыптасқаны паш етілді. “Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу уақыты. 30 жыл бұрын көпұлтты, көпконфессиялы халқымыз еліміздегі бірлікке, бейбітшілік пен келісімге қарай жылжу үшін тағы бір іргелі таңдау жасады”, – деді Елбасы. Жиында Нұрсұлтан Назарбаевқа “Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрметті Төрағасы” мәртебесі берілді.

Облыс аумағында да айшықты өзгерістерге бастайтын бағалы бастамалар ауқымы кеңейе түсті. 1966 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген теміржол вокзалын қалпына келтіруге 2,8 млрд. теңге жұмсалып, эскалатор орнатылды. Премьер-министр Асқар Мамин Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келіп, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Оған “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында салынып жатқан электртехникалық зауыттың, сондай-ақ 510 орынға арналған көпбейінді аурухананың жобалары таныстырылды. Соңғы нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Жалпы құны – 115 млрд. теңге. Солтүстіктегі соны серпіндердің біріне Үкімет отырысында облыстың 2021-2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының қаралып, бекітілуін жатқызуға болады. Президенттің арнайы тапсырмасына орай тиісті республикалық ведомстволар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 4 бағыт пен 87 іс-шарадан тұратын әлеуеті жоғары бағдарламалар әзірледі. Жаңартылған кешенді жоспарды жүзеге асыруға бағытталатын инвестициялар мөлшері 2 трлн. теңгені құрайды. Әлеуметтік салаға ерекше басымдық беріліп, 2025 жылға дейін 97 мың жаңа жұмыс орнын ашу белгіленді.

“Солтүстік Қазақстан облысының топонимдері” атты тұңғыш жинақтың жарық көруі жер-су атауларын ғылыми түрде зерделеудің айтулы жаңалығы деуге негіз бар. Қазақстан топонимикасының 3D электронды картасын әзірлеу мақсатында құрастырылған кітапта екі мыңнан астам жер-су аттары топтастырылған. Теріскейліктер қыстың ызғарлы суығына қарамастан 10 қаңтар күні сайлау учаскелеріне барып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауында өз таңдауларын жасады. Облыс сайлаушыларының 12,51 пайызы – Қазақстанның халық партиясын, 73,31 пайызы – “Nur Otan”-ды, 2,73 пайызы – “Ауыл”, 10,14 пайызы – “Ақ жол”, 1,31 пайызы “ADAL” партиясын жақтады. “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасы аясында қабылданған жол картасындағы іс-шаралар дәйектілікпен орындалуда. 1134 шараның төрттен бірі жүзеге асырылған.

Қанша зерделенді десек те, қазақ тарихының “ақтаңдақ тұстары” аз емес. Солардың бір парасы 1932-1933 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын және ашаршылық туралы ақиқатты толыққанды ашу жөніндегі іргелі қадамдар еді. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін бұл бағытқа шынайы бетбұрыс жасалып, толыққанды ден қойыла бастады. Мәселенің жан-жақты зерттелуіне Президенттің “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласы үлкен қозғау салды. Қазақ халқының сұм ажал шеңгеліне көбірек ілігіп, қынадай қырылғаны жергілікті архив құжаттары арқылы айғақталып, тарихи деректер мен мәліметтер жинақталған бірнеше кітап оқырман қолына тиді. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті бірігіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында “Солтүстік Қазақстан және Алаш” тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды, оған белгілі тарихшылардың, ғалымдардың, саясаткерлер мен әлеуметтанушылардың қатысуы рухани-мәдени саладағы айтулы оқиға ретінде есте қалды. Жұртшылық Жамбыл ауданында 1918 жылы Алаш Орданың бас болуымен Алаш әскерін құру мәселесі талқыланған қоныста Барлыбаевтар әулетіне арналған мазардың ашылуының, Әлти байдың қыстауында ескерткіш белгі орнатылуының куәсі болды.

Осы жылы облыс республикада көшбасшылар қатарынан көрінді. Ол туралы өңір басшысы Құмар Ақсақалов онлайн форматта өткен есеп беру кездесуде жан-жақты баяндап берді. Осы уақыт аралығында өңірлік ішкі өнім көлемі – 34, инвестициялар – 50, өнеркәсіп өнімін өндіру – 14, ауыл шаруашылығы 54,3 пайызға өсті. Мұның өзі тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал етті. “Президенттің және Үкіметтің қолдауымен облысты дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа жоспарының жобасы мақұлданды. Жан-жақты ойластырылған кешенді бағдарлама негізінде ауыл шаруашылығында 52 сүт фермасы, 8 мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы, өнеркәсіпте 10 жаңа кәсіпорын салынады. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35,3 пайызға дейін жетеді. 590 мың тонна сүт өндіру, ет жоспарының 5 пайыздық өсімін қамтамасыз ету, 340 мың шаршы метр үй тұрғызу немесе 3500-ден астам пәтер салу жоспарланған. 125 мыңнан астам тұрғыны бар 160 елді мекен арасында жол қалпына келтіріледі”, – деді өз сөзінде Құмар Іргебайұлы.

Әлемді дүрліктірген пандемияға қарамастан облыс экономикасында тұрақты өсім сақталды. 2019 жылы жалақы қоры 173 млрд. теңге болса, 2021 жылы 207 млрд. теңгені құрады. Орташа айлық жалақы 20, салық түсімдері 34 пайызға көбейді. Жаңа жұмыс орындары жыл аяғына дейін 12 мыңға ұлғайып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 350 млрд. теңгеге дейін жеткізілді. 115 ауылды жаңғыртуға 17 млрд. теңге қарастырылды. Еліміздегі астықтың төрттен бірі, майлы дақылдардың үштен бірі, жұмыртқаның 11, сүттің 10, еттің 5 пайызы өңірге тиесілі. “Бизнестің жол картасы – 2025”, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламалары арқылы соңғы 3 жылда 675 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Бүгінде экспортқа бағдарланған 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында “Bio Operations”, “Тайынша Май”, “Масло Дел”, “Евразиан Милк” сияқты қуатты серіктестіктер бар. 1682 шаруашылыққа 50 млрд. теңгенің қаржылық қолдауы көрсетілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қызылжар өңіріне келіп, күзгі егін орағының барысымен танысты. Аграршылармен, ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторлармен кездесіп, тиісті міндеттер жүктеді. “Субсидия саласындағы саясатымызды жетілдіретін боламыз. Бәрі айқын, ашық болу қажет. Біз қосымша құнының деңгейі жоғары дайын әрі өңделген өнімдерді экспорттауға тиіспіз”, – деді Президент. Мемлекет басшысы “Alageum Eleсtric” электротехника зауытында болып, жұмысын жоғары бағалады. Бұл – жоба құны 15 млрд. теңге болатын, жылына 13 мың электр қондырғысын құрастыратын кәсіпорын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауы жарияланып, болашақтың бағдары айқындалды. Маңызды құжатта жаңа талаптар айтылып, тұрғындар тарапынан қызу қолдау тапты. Біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құру басты жетістігіміз екені айтылды. “Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы”, – деп атап көрсетті Президент.

“Партияны ел Президентінің басқаруы маңызды”. “Nur Otan” партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Кеңес барысында мемлекеттік бағдардың сабақтастығы мен тұрақтылығына негіз болатын партияның ұзақмерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету маңызды екеніне назар аударылды. Саяси салмағы басым саяси ұйымның алқалы басқосуында Елбасының “Елдіктің жеті тұғыры” атты қағидаттар жиынтығы ұсынылды. Басты құндылығымыз – Тәуелсіздік екені, оның рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, бұдан да биік асуларға жетелейтін, жөн сілтейтін темірқазығымыз, бойтұмарымыз екені ақиқат.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp