«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Қайсар тұлға, қажырлы қайраткер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көкшетаудан шыққан жеңіл көліктер кортежінің алған бағыты – әуежай. Облыс басшылары Сарыарқаның інжу-маржаны – Бурабайға демалысқа келген СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы Леонид Брежневті шығарып салуға келе жатты. Облыстық партия комитетінің бюро мүшелері көліктерінен түсіп, құдды бір әскерде жүргендей, ұшақтың жанына барып, сап түзеп тұра қалды.

Леонид Ильич облыс басшы­ла­рымен қоштаса бастады. Ол, неге екені белгісіз, обкомның екін­ші хатшысы Василий Никоноро­вич Загорскиймен амандаспай, бір­­ден Еркін Әуелбековтің жаны­на барды да:

– Еркін Нұржанұлы, тамаша де­ма­лыс ұйымдастырғандарыңа рақ­­мет. Ризамын. Жұмысыңа сәт­тілік тілеймін, алған бағытыңнан тайма! – деді.

Ерекең Леонид Брежневті шы­ға­рып салысымен жұмыс орнына келді. Кабинетке обкомның ауыл шаруашылығы саласын басқа­ра­тын хатшысы Евгений Михайлович Золотарев та ілесе кірді.

– Еркін Нұржанұлы, терең ойға шомып отырған сияқтысыз, мен сізге кедергі жасаған жоқпын ба? – деді сұраулы жүзбен.

– Евгений, мен Леонид Ильич­тің Василий Никоноровичпен аман­даспай өте шыққаны туралы ойланып отырмын.

– Еркін Нұржанұлы, оған басы­ңызды қатырып қайтесіз. Оның се­бебін білгіңіз келсе екінші хатшы­ңыз Загорскийден сұрасаңыз бо­лады. Бәлкім, жауабын сол айтар. Ол сіздің қай ауданға бара­тыны­ңызды, қай жерде жүргені­ңізді аңдып отырады. Сіз жоқ кез­де ол демалып жатқан Леонид Ильич­тің мазасын алумен болды. Менің ойымша ол “сарбазыңыз” Бура­байға сізді мадақтау үшін барды деп ойламаймын. Арғы жағын өзіңіз де сезіп отырған шы­ғарсыз.

Золотаревті шығарып салысы­мен Ерекең өзіне тән тез шешім қа­­былдауға дағдыланған әдеті­мен Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наевты байланыстыратын қызыл теле­фон­ға қол созды. Димекең де Әуел­б­ековтің қоңырауын тосып отырғандай, Ерекеңнің дауысын бірден танып:

– Еркін, жағдайларың қалай? Леонид Ильичті шығарып сал­дың­­дар ма? Көңіл күйі қалай екен, – деген мәтіндегі сұрақтарды жау­дырта бастады.

– Көңіл күйі жақсы. Менің сіз­бен ақылдасатын бір шаруам бар еді.

– Тыңдап тұрмын, айта бер.

– Екінші хатшы Василий Ника­но­ровичті басқа жұмысқа ауыс­тырсаңыз, ал олай болмаса мен жұмыстан кетемін.

Мән-жаймен танысқан Диме­кең сабырлы дауысымен:

– Еркін, Загорскийдің мәселе­сін ертең шешемін. Ол респуб­ли­ка­­лық кәсіподақтар Кеңесіне хат­шы­лыққа ауысады. Бұдан бы­лай жұ­мыстан кетемін дегеніңді мен ес­тімейін. Сен сияқты іскер де ба­тыл обкомның бірінші хат­шы­ла­рын дереу даярлап шыға­ратын мен­­­де инкубатор жоқ. Екін­ші хат­шы бо­латын адамды өзің таңдай бер.

…Ерекеңнің есіне Солтүстік Қа­зақстан облысындағы “Марьев­ский” совхозы түсті. Сол кездегі бас­шылар Ерекеңнің Мәс­кеудегі Тимирязев академиясын қызыл дипломға тамамдағанынан ха­бар­­дар еді. Арада көп уақыт өт­пестен оны шаруашылықтың бас агрономы етіп тағайындады. Ал егін орағы кезінде совхоздың ди­ректоры басқа жұмысқа ауысып кетуіне байланысты аудан бас­шы­лығы Еркін Нұржанұлына ди­ректордың міндетін қоса атқару­ды тапсырды. Дәл сол кезде Ере­кең бар-жоғы 25 жаста болатын. Ол бірден шаруашылық жұмысы­на қы­зу араласып, өзінің білімі мен біліктілігін көпшілікке таныта біл­ді. Егін орағы табысты аяқта­лып, шаруашылық жұмысын қо­ры­тын­дылаған облыс және аудан басшылары Еркін Әуелбековті совхоз директоры етіп бекітті.

Директорлық қызметке кірісісі­мен Ерекең халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуды қолға ал­ды. Тың игеру жылдары жаңа са­лынған үйлер сол кезде одақтас республикалардан келген басқа ұлт өкілдеріне бірінші кезекте бе­рі­ліп, өзіміздің қазақтар шетқақ­пай қалатын. Сол жағдайды бай­қа­ған Ерекең, ауылдастары­мен ақыл­да­са келе асарлық әдіске көпші­лікті жұмылдыра білді. Бүкіл ауыл болып, сенбі, жексенбідегі бос уақыттарын үй тұрғызуға ар­нап, лай илеп, саман құйған жігіт­тер­ге бас болып жүрген соң, қал­ған жұрт та тыс қалмай, ұйым­шыл­­­­дықтың ар­қасында бір мау­сымда баспа­наларын жақсар­тып алды.

Еркін Әуелбековтің лауазымы­ның тез өсуі аға ұрпақ өкілдерінің көз алдында. Оған бірден бір се­беп, Еркін Нұржанұлының өзі же­текшілік ететін совхоз тұрғында­ры­ның әлеуметтік тұрмыстарын көтере білуі, өнім өндірудің қо­сым­ша көздерін іздестіріп, еңбек адамдарының күш-жігерлерін сон­дай ұрымтал тұстарға жұмыл­ды­ра білуінде еді. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұйымдас­ты­ру қабілеті бар, қай қызметте болсын өзін жақсы қырынан көр­сете білген адамдардың жолдары әрдайым ашық болатын. Ерекең Солтүстік Қазақстан облысында қызмет атқарған қысқа уақытта өзін сондай қырынан көрсете білді. Болмысындағы алғыр мінез де, жан-жақты іскерлік те, өжет­тілік пен ерлік те, міне, осы тұста жас Еркіннің азаматтық тұлғасын ерекшелендіре түсті.

Бар-жоғы сегіз жылға жетер-жет­­пес уақытта Ерекең осы об­лыс­­­­тағы лауазымды қызметтер­дің бәрін жемісті атқарып шықты. 1961 жылы ол Солтүстік Қазақ­стан облысы атқару комитеті төр­аға­сының орынбасары қызметіне та­ғайындалды, содан соң Ерекең об­лыстық партия комитетінің екін­ші хат­шылығына жоғарыла­тыл­ды, көп ұзамай облыстық ат­қару ко­ми­тетінің төрағасы болып бе­кітілді. Осыншама лауазымды қыз­мет­тер­­ді мінсіз атқарып, са­лиқа­лы қал­пынан айнымайтын Ере­кең­нің тұл­ғасынан парасат па­йы­мы және ба­йыпты іскерлігі се­зіліп тұратын. Об­лыс жұртшы­лығы да Еркін Әуел­бековті осын­дай қыры­нан тани біл­ді. Еркін Нұр­жанұлы­ның басшы­лық­тағы та­бан­дылығы мен дарын­дылығы, адамдармен тез тіл та­бы­сып, оларды ортақ іс­ке жұмыл­дыра бі­летін іскерлігі рес­публика бас­шы­лығына да жетті. Орда бұ­затын отыз жасқа жаңа тол­ған Ер­кін Әуелбеков сол жыл­да­ры Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесінің төр­аға­­сы болған Мәсімхан Бейсе­баев­тың ұсынысымен Ауыл ша­руашы­лығы министрінің бірін­ші орынба­сары болып тағайын­дал­ды. Осын­дай жауапкершілігі зор респуб­ли­калық көлемдегі қыз­мет­ті атқаруға Еркін Нұржанұлы тас түйін дайын еді. Өзіне де, бас­қа­ларға да қатаң талап қоя білетін Әуелбеков бұл жұмысты үйіріп әкетті.

Тың игеру жылдары, әсіресе солтүстік облыстардағы кадр сая­сатының өрескел бұрма­лануы, келімсектердің лауазымды қыз­меттерге оңды-солды жаппай та­ғайындалуы кезінде, оның тегеу­рінді іс-әрекеті мен азаматтық жі­гер таныта білуі екінің бірінің қо­лы­нан келе бермейтін батыл­дық болатын. Өзінің бастығы ми­нистр Моторикамен иық қағысты­ра жү­ріп, Ер-аға қиқар мінезді министр­ді өз дегеніне көндіре білді. Оның бір дәлелі министр еңбек дема­лы­сына кеткен кезде, міндетін ат­қара жүріп, министр­ліктегі жетек­ші екі басқарманың басшылығы­на қазақ кадрларын тағайында­ды. Әуелбековтің бұл батыл қада­мы кезінде Қазақ ССР Жоғарғы Ке­ңесі Президиумына төраға бо­лып сайланған Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің аппаратқа бірден се­гіз қазақ маманын қабылда­уын қайталау еді. Ж. Тәшенев пен Е.Әуелбековтің қазақ маманда­ры­на осылайша жоғары лауазым­ға жол ашу әре­кеті сол жылдары министр және облыстарды басқа­рып отырған қазақ басшыларын ойландырса керекті. Алайда олардың дені осындай батыл қадамға бара алмады.

Еркін Әуелбековтің кадр сая­са­тына батыл араласуы министр Моторикаға ұнай қойған жоқ. Ашық тартысқа бармаса да ара­ларына бір сызаттың түскені бай­қалып тұрды. Е.Әуелбеков тео­рия­лық үздік білімін санаулы жыл­дарда озат тәжірибемен ұш­тас­ты­рып, іс жүзінде рефор­матор еке­нін дәлелдеп үлгерді. Қай жер­де жүрсе де, қандай басшылық қызметте болса да әкесі Нұржан­ның өсиет етіп айтып кеткен: “Ба­лам, қолыңда билік бола қалса, қарапайым адамдарға қамқоршы бола біл, ұлтыңның намысын еш­кімге таптатпайтын бол”, – деген нақылын ешқашан естен шығар­майтын. Министр Моторика қазақ мамандарына менсінбей қарай­тын. Әйтсе де ол Еркін Нұржан­ұлының білімпаздығы мен қиын­нан қиыстырып сөйлейтін ше­шен­­дігінен сескенетін еді. Сон­дық­тан ол Д.А. Қонаевпен кез­дес­кен са­йын Әуелбековке қамқор­шы бол­ғансып, оны қызметте өсі­ру керек екендігін жиі-жиі айтып жүретін. Екі басшының арасын­да­ғы тар­тыс­тың тамыр жаюын қа­ла­маған Дінмұхамед Ахметұлы бо­лаша­ғынан үлкен үміт күттіретін Еркін Әуелбековті Моторикаға жығып бермей, оны Қазақ КСР-і Ас­тық өнімдері және құрама жем өнер­кәсібі министрі етіп жоғары­латып жіберді.

Тың игеру жылдары Қазақ­стан­­ның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі зор қарқынмен дами бастады. Осыған орай Ресей мен басқа республикалардан елімізге ағылған кадрларда есеп болма­ды. Алайда солтүстік облыстар­да­ғы жағдай сын көтермейтін хал­ге жетті. Мұндай келеңсіз көрініс сол жылдардағы республиканың бірінші басшысы Д.Қонаевтың назарынан тыс қалмады. Көкше­тау облыстық партия комитетіне бірінші басшыны тағайындау ке­зін­де, Дінмұхамед Ахметұлы жас та болса басшылық қызметтің түр­лі сатысында ысылып үлгерген Әуелбековке ұсыныс жасады. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау облысында бірінші басшының басқа ұлттан болуына байланыс­ты, жергілікті кадрлардың үнемі назардан тыс қалатынын, жас қа­зақ мамандарын өсіріп, шаруа­шылықтың түрлі салаларына орналастыру керектігін, оларға қолдан келгенше жағдай жасау қажеттілігін ескертті. Шынында, Е.Әуелбеков осы облысқа келген­ше Көкшетауда лауазымды қыз­меттегі қазақ кадрларының үлес салмағы жоқтың қасы еді.

Бірінші басшылық қызметте жүріп Еркін Нұржанұлы облыстың экономикасы мен ауыл шаруа­шы­­лығын республикадағы ал­дың­ғы қатарлы аймақтардың қа­тарына қосты, ұлттық кадрлар­дың білім алып, қызметтерінің өсуіне үнемі қамқорлық танытып отырды. Ди­қан­дар арасынан үз­дік жетістік­терге жеткен қазақ жі­гіттерінің Социалистік Еңбек Ері ата­ғын алуларына жағдай жа­сады.

Ер-ағаның осындай адал ең­бе­­гін облысқа демалуға ара-тұра ке­летін Леонид Ильич Брежнев те, республиканы ұзақ жылдар бас­қарған Д.Қонаев та байқады. Қы­рық беске келген шағында Ер­кін Әуелбековке ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Осындай жас­та мұндай атаққа республи­кадағы обком хатшыларының бірде-бірі жетпеген еді.

Халқымыз “әркімнің өзі шығар биігі бар” деп бекер айтпаған. Бұл нақылдың Әуелбековке тікелей қатысты екенін өмірдің өзі дәлел­деді. Ерекеңе Еңбек Ері атағы бе­рілісімен, әсіресе Алматыда оның артынан пыш-пыш сөз айту­шы­лар көбейді. Қазақтың “жақсы бай­қап сөйлер, жаман шайқап сөй­лер” дегені шындыққа айналды.

Қонаев төңірегінде жүргендер жай сөйлеп емес, шайқап сөйлей бастады, “елуге жетпей Еңбек Ері атағын алған Әуелбеков, енді бір екі жылдан соң екінші жұлдыз ал­са, өзіңді тағыңнан кетіреді” де­генді Димекеңе жеткізуге асықты, соған бар күштері мен қулық-сұмдықтарын салып бақты. Ақы­ры сөз тасушылар өз ойлаған­дарына жетті.

Әуелбеков алдымен артта қал­ған Торғай облысын көтеруге жі­бе­рілсе, екі жыл толар-толмастан соң “Қызылорда облысының эко­но­­микасы мен әлеуметтік са­ла­сын кө­теру үшін” деген ұсы­ныс­пен Сыр өңіріне аттандырылды. Қиын­дықтан қаймықпайтын Әуел­бе­ков­тің жігерін мұндай “тағайын­дау” жа­сыта алмады. Ол екі об­лыс­­­тың да қордаланған проб­ле­ма­ларын ше­шудің жолдарын та­уып, бүкіл рес­публикаға жария етті.

Қазақстан Компартиясы ХVI съе­зінде сөйлеген сөзінде Әуел­беков Қызылорда облысының не себепті үнемі артта қалып келге­нін, оған республика басшылығы тарапынан жеткілікті көңіл бөлін­бегенін, халқының басым бөлігін қазақтар құрайтын аймаққа ерек­ше назар аудару қажеттігін ашы­на жеткізді.

Әуелбековті білетіндердің ай­туынша, Еркін Нұржанұлы пара­сат­ты, адал азамат, алғыр тұлға. Оның өнегелі өмірі, намысшыл азаматтық бейнесі ел жадында ұзақ уақыт сақталатыны сөзсіз.

Мейрам БАЙҒАЗИН,

Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp