«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІГІ БЕКЕМ ОЗАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – өткенді қорытындылап, болашағымызды саралайтын уақыт. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында жазғандай: “Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты “Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?”, “Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?”, “Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?” деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет”. Республика тұрғындарының экономикалық өсімнің игілігін сезіне алуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ел ретінде іргесін бекемдеуіне егемен­дігіміздің әр жылы өзінің сүбелі үлесін қоса білгені талассыз шындық. Осы кезең ішінде атқарыл­ған іс аз емес. Тәуелсіздік қадасы қадалған күннен бастап алдымызға елдің жаңа келбеті мен ұлттың соны болмысын қалыптастыру міндеті қойылғаны баршаға мәлім. Түсіне білген адамға Тәуелсіздік тағылымынан түйетін пайымдар, алатын тағылымдар көп.

Қас-қағым сәтке балайтын үл­кен белес, асқаралы асу астарына үңілетін болсақ, тарихи сабақтастықтың өне бойы жалғасып келе жатқанын байқаймыз. Солардың бірі – ұрпақтар арасындағы байланыс. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Тәуелсіздік тағылымы” мақаласында “Президент ауысады, бірақ тәуелсіздік мәңгілік болуы керек”, – деп барша қазақстандықтарға қарата айтқан сөзі азаттыққа барар жолдың қаншама азапқа толы болғанын, небір ауыр сынақтардан өткенін айғақтайды. Осы себепті аға ұрпақтың ізін басып, жасампаз құндылықтарын жалғастырып келе жатқан буынға үлкен сенім артылуы заңды. Бүгінгі күні өскелең ұрпақтың креативті экономика құрудағы рөлі ерекше белсенді. Қарап отырсақ, әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент – индустрия. 30 жылдың беттерін парақтасақ, қай саланы алсақ та, ауқымды жұмыстар ұшан-теңіз. Енді төртінші онжылдыққа қадам басқалы отырмыз. Алдыңғы кезеңдерге қарағанда мұның да маңызы бір мысқал кем емес. Бәрі, айналып келгенде, Тәуелсіздік игіліктеріне қалтқысыз қызмет етуге келіп тіреледі. Аудандағы еңбек жолымды 2019 жылы бастағанда бірден бюджеттен бөлінетін қаржылық тапшылыққа кезіктік. Қазынадан барлығы 2,2 млрд. теңге бөлінсе, соның 2 млрд. теңгесі білім саласына жұмсалды. Оның дені жалақы мен жөндеу жұмыстарынан артылмады. Биылғы бөлінгені – 5 млрд. теңгеге жуық. Білім саласын қоспағанда. Бүгінде 10 ауданаралық жолдың 8-і, бастысы Тимирязево – Сергеевка арасындағы автомобиль жолы жөнделді. Бір сөзбен айтқанда аудандық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде тек қана Тимирязев кентіндегі ішкі жолдарды қалпына келтіруге 218 млн. теңге қарастырылды.

Су айдайтын мұнара аудан орталығында ғана орналасқан. Басқа елді мекен тұрғындары резеруарға толтырылған суды қажетке жарататын. Былтыр осы мәселе арнайы талқыланып, ауқымды жоба қабылданды. Екі жылдың ішінде су айдайтын 10 мұнара іске қосылмақ. 7,4 мың адам тұратын 6 елді мекенде сумен қамту жақсарды. Биыл төрт ауыл кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында 143 млн. теңгеге төрт мектеп жөнделді. Айрықша атап өтетіні, спорттық-мәдени үлгідегі кластер үрдісі қолға алына бастады. Оның бірі Дружба ауылында бой көтерсе, екіншісі аудан орталығында өз жалғасын тапты. Жыл аяғына дейін спорттық инфрақұрылымдар толықтай жаңартылады. Ақжан, Ақсуат, Степное, Дмитриевка ауылдарында мәдени-сауықтыру орталықтарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, келесі жылы жүзеге асатын болады. “Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша 13 жоба­ға қолдау көрсетілді. Соңғы үш жылда агроөнеркәсіптік кешенге 10,1 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды.

Алдымызда өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың жергілікті жерлерде заманауи сүт фермаларын көптеп салу жөніндегі тапсырмасын мүлтіксіз орындау міндеті тұр. Өкінішке қарай, ауданда бірде-бір сүт кешені жұмыс істемейді. Биыл бұл проблема өз шешімін тауып, сең қозғалған сыңайлы. Атап айтқанда, “Байкен Агро” ЖШС-і Интернационал ауылдық округінде 400 басқа шақталған сүт фермасының құрылысын жүргізеді. Жоба құны – 716 млн. теңге. 130 млн. теңге жеке кәсіпкердікі болса, қалған қаржы “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және екінші деңгейлі банк арқылы қаржыландырылады. Бүгінгі күні 5,3 гектар жер телімі бөлініп, 170 млн. теңгеге жабдықтар әкелінді. Сол сияқты осы үлгідегі тағы бір жобаны “Ишимское Агро” шаруашылығы да қолға алып отыр. Жоба құны 680 млн. теңгені құрайды. Асыл тұқымды сиырлар жыл аяғына дейін жеткізіледі. Сүт өндірумен айналысатын “К.Сүлей­манов” жеке кәсіпкерлігі мал санын жүз басқа дейін молайтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұқсатып өңдеу де – маңызды мәселелердің бірі. “М.Ж.Байкен” жеке кәсіпкерлігі сүтті қалдықсыз өңдейтін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Осылайша ауданда сүт өндіру мөлшері 18,45 мың тоннаға дейін ұлғаяды.

Атақты жазушы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың атажұрты қонған аудан аумағында тарихымызды баяндап, шежіресін шертетін киелі жерлер біршама. Сәбең өмірбаяндық үш томдық кітабын­да жазғандай балалық шағы Дос көлінің жағасында өткен. Ел мен жердің киесі іспеттес ұлттық жәдігерлердің біріне – Сары мен Сүйір батырлар кесенесін атауға болады. Орналасқан жері – Докучаев ауылдық округінің аумағы. Қос батыр жерленген жерге тәу етушілер қатары қалың. Бұл тұлғалар ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен. Сегіз сері бабамыз жайлы деректер жеткілікті болса да, қайда жерленгені осы кезге дейін белгісіз еді. Жергілікті өлкетанушылар көп жылғы зерттеулер нәтижесінде Дос көлі жа­ғалауындағы зираттардың бірі­нен қорымын тауып, тарихи-мә­­де­ни мұраны қорғау және пай­далану орталығы өз қорғауына алды. Зираттың басына белгі қою, мазар салу ісіне белсене ат салысамыз. Осы маңайда Сегіз серінің жайлауы болған деген сөздер де аз айтылмайды. Бұл да – көңіл қоятын мәселе. Қара қыл­ды қақ жарып, әділ билік жүргізген Құртай бидің есімі Тәуелсіздік ке­зінде ғана ұлықталды. Кеңес өкі­меті қанша ұмыттырғысы келсе де, халық жадында жақсы сақтал­ған. Степное ауылдық округіне есі­мі беріліп, қайта жаңғырды. Қазір ол жөнінде жастар жақсы біледі.

Бұл – 30 жылдағы жетістіктің бір парасы. Төртінші онжылдық асулары тіпті биік. Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Кеңестік заманда шөміштен қағылып, қағажу көрген аудан тұрғындары өкпенің артынан өкініш айтып, құр даурығудан аулақ. Керісінше, бүгінгі бет-бейнесі де, даму жолы да өзгеше. Ең басты ұстанымы – бірлік. Бірлігі бар елдің озатынын, бірлігі жоқ елдің тозатынын тимирязевтіктер жақсы түсінеді.

Нұрлан КЕҢЕСОВ,

Тимирязев ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp