«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір үйдің баласындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тимирязев ауданы облыс орталығынан шалғайда жатыр, со­нау Қостанай өңірімен шектесе орналасқан. Ауылдық округтері өте шағын, көбінің тұрғындарының саны бес жүздің маңайында ғана. Кеңестік кезеңнен бертінге дейін қаражат “қалдық принципімен” бөлініп келгендіктен аудан “болашағы бұлыңғыр” деген желеумен жабылып қала жаздағаны да белгілі. Қашан ат басын тіреп, жағдаймен жете танысқанша көз алдымыздан берекесі азған, ынтымағы тозған күйкі тірліктің кетпегені рас.

Жолбасшымыз – аудан әкімінің орынбасары Үмітжан Нұртазина. Бағытымыз – Интернационал ауылдық округінің орталығы Дружба. Елді мекен қарасы көрінгенше қолымыздағы деректерді әрлі-берлі ақтарып, көз жүгіртіп келеміз. Округ пен ауыл атынан-ақ тың игеру жылдары ірге тепкені бірден аңғарылады. Ауылдық округ әкімі Қанат Иманжанов құшақ жая қарсы алды. Сегіз жылдан бері осы ауылдың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген азамат.

– Үй саны 87 десек кейбіреулер сенбегендей бас шайқайды. Шынында да солай. 287 тұрғынның 39-ы – зейнеткер, 7-уі – мүгедек, 48-і – оқушы. Қалғаны – жұмыспен қамтылған ересек адамдар. Тың игеру кезінде қалыптасқан достық қарым-қатынасымызға сызат түскен жоқ. Аудандағы­лардың сырттай “бір ауыл – бір бауыр” деп мақтан тұта атауында осындай сиқырлы сыр жатыр. “Тонның ішкі бауындай” аралас-құраластығымыздың терең тамыр жаюы ерлік пен елдікті ту, жасампаздықты жалау еткен тәуелсіздік жылдары одан әрі жарасым тауып, бір қолдың саласындаймыз, бір үйдің баласындаймыз. Қуанышымыз да, қайғы-мұңымыз да, ке­рек десеңіз қазан-ошағымыз да ортақ, – деген Қанат Серікұлының ағынан жарыла айтқан сөзіне еш күмән келтірмеген күйі күнделікті тіршілігі қыж-қыж қайнап жатқан тұрғындармен тілдескенше асықтық.

Интернационал орта мектебінің директоры Рахима Сәрсенова барлық мәліметтерді алдымызға жайып салды. Мектеп ауыл өмірінің шежіре-дастаны іспеттес. 1967 жылы ашылғаннан бергі ғұмыр тарихы тұтас дәуір жылнамасымен астасып, Тәуелсіздік шежіресінен де сан алуан сыр шертеді. Әу баста 150 орынға жобаланған білім ошағында бүгінде оқитын 50 оқушыға 9 мұғалім сабақ береді. Былтыр өңір басшысы Құмар Ақ­сақаловтың ұсынысымен тар бөлмеден мектептің холына көшірілген мұражайға қазақтың белгілі азаматтары арнайы бас сұғып, қолтаңба қалдырыпты. Солардың ішінде ғарышкер Талғат Мұсабаевтың орны бөлек.

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Аягөз Нұрайдарова жалақыларының көбейгенін жеткізді. Оның айтуынша, жас мамандардың еңбекақысы 200 мың теңге төңірегінде, өзі 300 мың теңгені шытырлатып санап алады. Любовь Аяжанова осы мектепті 1984 жылы бітіріп, химик-биолог мамандығын алған соң туып-өскен жеріне оралған. Содан бері саналы ғұмыры бала тәрбиесімен тығыз сабақтас. Туыстары Ресейде тұрады. Бірнеше рет шақырыпты. Бірақ көшу ойында да жоқ.

– Ол жақта мені кім күтіп отыр дейсің? Оның үстіне күйеуім қазақ. Үш қызымның екеуі ұстаздық жолды таңдады. Ресей түгіл ауданның өзге жеріне қоныс аудару өңім түгіл түсіме кіріп шықпайды. Әбден бауыр басып қалғаным соншалық, жолаушылап кетсем, қашан оралғанша елегізіп тұрамын,– дейді Любовь Михайловна.

Аядай ғана Дружба келешегі кемел елді мекендердің санатына енгізілгенін естіп, таңданысымызды жасыра алмадық. “Интер-Контад” шаруа қожалығының жетекшісі Николай Усенковпен тілдесе келе ауылдың қолдаушысы бар екенін білдік. Ол ауылды түгелдей өз қамқорлығына алған. Төрт бөлмелі фельдшерлік-акушерлік пункт, интернационал жауынгерлерге арнап ескерткіш тұрғызған. Мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, компьютерлер, ноутбуктер, интерактивті тақталар, домбыра­лар тарту еткен. Тоғыз оқушыны тегін тамақтандырады. Клубты қалпына келтіріп, тренажер залын ашқан. Спорттық жабдықтар сатып әперген. Ауданның құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың төрт мәрте депутаты Николай Алексеевичтің ендігі арманы – қазақ батырына арнап бедерлі белгі тұрғызу.

– Ұлы даланың төсіне ел қондырған бабалар бейнесі жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпейді. Кесек мінез, ер тұлға, досына құшағы ашық, жауына айбарлы, жүрегі кең, жүзі нұрлы образдың эскизі дайын. Еңселі ескерткіш орнатылар күн де алыс емес. Бүгінгі жас ұрпақ азат өмірдің қадір-қасиетін жете ұғынулары тиіс, – дейді ол. Бұл – алты айлығынан қазақ жерінің ауасын жұтып, суын ішкен, дәмін татқан ел азаматының бізбен қоштасар кезде айтқан сөзі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Sоltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp