«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРДАҒЫ СОНЫ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы саласында 48 млрд. теңгенің 34 жобасы жүзеге асырылды. Жыл соңына дейін агроөнеркәсіпке құйылған инвестиция 140 млрд. теңгеге жетпек. Нұр-Сұлтан қаласында Президент жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов осылай мәлімдеді. Журналистермен болған кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысы туралы айтылды.

Облыс экономикасы пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан қарқынды дамып келеді. Негізгі салалар бойынша өсім бар. Халықтың табысы артып, еңбекақы қоры ұлғаюда. Жыл басынан бергі 9 айда барлық солтүстікқазақстадықтардың еңбекақысы 178 млрд. теңгеге жетті. Былтыр осы кезеңде 151 млрд. теңге болған еді. Бір жылда еңбекақы қоры 18 пайызға көбейді. Облыста орташа жалақы 19 пайызға өсті. Тиісінше, зейнетақы қорына түсетін қаржы көлемі 22 пайызға артып отыр. Құмар Іргебайұлы жыл басында 12 мың жаңа жұмыс орнын ашу міндеті қойылғанын, бүгінде жоспар толық орындалғанын айтты.

Өңір басшысының айтуынша, облыстың бюджеті соңғы бір жылда 22 пайызға өсіп, 393 млрд. теңгеге жетті. Осының арқасында әлеуметтік маңызы бар көптеген жобалар жүзеге асты. Әсіресе ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға көп қаржы бөлінді. Биыл 132 ауылды жаңғыртуға 22 млрд. теңге бағытталды. Елді мекендерде мектептер, емдеу мекемелері, жолдар және су желілері жөнделді.

Солтүстік Қазақстан облысы аграрлы аймақ болғандықтан, осы саланы әртараптандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілу үстінде. Осыдан 30 жыл бұрын өңірдегі майлы дақылдар алқабының көлемі небәрі 51 мың гектар болса, қазір 1 миллионға жетті. Бұл майлы дақылдарды өңдеу жұмысына да серпін берді. Қазір облыста 370 мың тонна майлы дақыл өңдейтін Қазақстандағы ең қуатты зауыт салынуда. Жаңа кәсіпорында 200 жұмыс орыны ашылып, облыстағы майлы дақылдардың 90 процентін қайта өңдеуге мүмкіндік тумақ.

– Қазір ел бойынша сүт өндірісімен 500 шаруашылық айналысады, оның 90-ы біздің облыста орналасқан. Яғни, әрбір бесінші ферма солтүстікте. Солтүстік Қазақстан облысы республика бойынша сүт фермаларын салудан көш басында келеді. Қазақстанда биыл 29 сүт кешені салынуда, соның жартысы біздің облыстың үлесінде. Биыл 16 ферманың құрылысын бастадық, жыл соңына дейін 10 кешенді іске қосамыз. Тек осы фермаларда ғана 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа фермалар қосымша 45 мың тонна өнім бермек. Осы жобалардың арқасында бір жылдың ішінде сүт өндіру көлемі 598 мыңнан 630 мың тоннаға дейін өседі, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі журналистерге азық-түлік өндірісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да баяндады. Ет өндіруді 60 мыңнан 100 мың тоннаға дейін өсіру жоспары бар. Бұл мақсатқа жету үшін 13 мың малға арналған екі бордақылау алаңы салынуда. Қазір еліміздегі құс етінің 40 пайызы – импорттық өнім. Оны қысқарту үшін Қазақстанда 11 құс фабрикасы салынады. Тек біздің облыста 2 жаңа құс фабрикасының құрылысы басталып кетті. Біреуі Аққайың ауданында бой көтеруде. Қазақстандық компания бройлер құс фабрикасының құрылысына 5,4 млрд. теңге инвестиция құйып отыр. 168 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа кәсіпорын жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін болады. Осылайша облыстың құс етіне деген қажеттілігі толық өтеледі. Қой шаруашылығын дамыту үшін өңірлік бағдарлама қабылданды. Облысқа 13 мың бас қой жеткізілді. 3 асыл тұқымды репродуктор құрылды.

Өңірде өнеркәсіп саласы да дамып келеді. Өміршең жобалар қолға алынып, салаға соны серпін берді. Ламинатталған фанералар комбинаты мен жұмсақ контейнерлер фабрикасы іске қосылды.

– Биыл елде құрылыс материалдары қымбаттап кеткенін білесіздер. Облыста салынып жатқан кірпіш зауытының өнімдері бұл мәселені шешуге сеп болатынына сенімдіміз. Бұл зауыт өңірдегі кірпішке деген сұранысты 30 пайызын қамтамасыз етеді. Құрылысқа аса қажет тағы бір өнім – автоклабты газ блоктары мен бетон плиталар шығаруды бастадық. Жылына 13 мың тонна құрғақ қоспалар өндіретін зауыттың құрылысын қолға алдық. Бұл да осы саладағы олқылықтардың орнын толтырмақ. Бұған қоса қағаз өндірісін дамытқалы отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы.

“Қызылжар” еркін экономикалық аймағындағы кәсіпорындар да табысты еңбек етуде. Ірі өндіріс ошақтары – өңірдегі тұрақтылық пен дамудың кепілі болып отыр. Осының арқасында инвесторлар да көптеп келуде. Бұған тағы бір себеп – облыста инфроқұрылымның дамуы. Нәтижесінде биыл өңірге 360 миллиард теңге инвестиция тартылды.

2021 жыл Солтүстік Қазақстан облысының құрылысшылары үшін қарқынды өсу кезеңі болды. Облыста 53 көпқабатты үй салынып жатыр, соның 23-і – жеке құрылыс компаниялары есебінен бой көтеруде. 3,5 мың пәтер пайдалануға беріледі. Жаңа баспананы 12 мың солтүстікқазақстандық алады. Биыл 340 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Алдағы жылға 400 мың шаршы метр үй салу жоспарланып отыр. Облыс орталығында “Жас өркен”, “Береке” және “Орталық” шағынаудандарындағы құрылыс жалғасуда. Петропавлда барлығы 1,7 мыңнан астам ескі және апатты үй сүріліп, 6 мыңнан астам қала тұрғынының баспаналық жағдайы жақсарды.

– Жеке тұрғын үй құрылысы да дамып келеді. “Солнечный-2” және “Южный” шағынаудандарына барлық қажетті инфрақұрылым жүргізілуде: су құбыры, жолдар және электр желілері тартылды. 3 мың дайын жер учаскесі берілмек. Алдағы 5 жылда 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспары бар. Бұл – 21 мыңнан астам пәтер. 70 мың адам баспанаға ие болады. Тәуелсіздік жылдарында облыста 5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді Құмар Ақсақалов.

Білім беру саласында да оң өзгерістер көп. Биыл 4 миллиард теңгеге 52 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтті. “Мектептерді жаңарту жұмысын үшінші жыл атқарып келеміз. Біз осылайша облыстағы барлық мектептердің 64 процентін жаңарттық. Балалар мен мұғалімдерге барынша жағдай жасалды. 84 мектептің материалдық-техникалық базасы жақсарды. 18 автобус алынды. Облыс орталығында 900 балаға арналған қазақ тілді мектеп ашылды. Ауылдарда екі білім ошағы салынады. Қалада 1,2 мың орындық тағы бір мектептің құрылысын бастаймыз. Жалпы алдағы жылдары өңірде 15 мектеп салынбақ”, – деді өңір басшысы.

Қай салада болмасын алға басушылық байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда жүктеген міндеттері мен Солтүстік Қазақстан облысын 2025 жылға дейін дамытудың кешенді бағдарламасына сай өңірде көп жұмыс атқарылуда.

Баспасөз мәслихатының соңында облыс әкімі журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp